• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Ұлы жеңіс – ұрпаққа ұлағат

d0b6d0b5d2a3d196d181-d0bad2afd0bdd196-d0bad0bed0bbd0bbd0b0d0b6-d0bd-d0b0d181d0b0d0bdd0bed0b21

Жеңіс – ұшқалақ мінезбен қабылдай салатын ұғым емес. Астарына үңіліп қараңыз. Осы бір ғана сөз үшін талай боздақтың төгілді қаны, талай жанның тапталды ары, сан әйелдің опат болды жары, өмірдің артты мәні, соғысқа арналды сол заманның әні, қыршыннан қиылды жаны, ақыры... Жеңістің атты нұрлы таңы.Аналарды аңыратқан, жас баланы жамыратқан, қарашаңырақты қаңыратқан соғыс бұл. Қорлық көріп фашист-жаттан, ерлер салған ұран – «Аттан», айырылмау үшін бастағы бақтан, қар төсеніп, мұз жастанып, бір сүйем жер үшін соғысып, әр төбе үшін алысып, жауды жеңуге жарысып, жанын аямай, елді аялай, серттен таймай, сырын жатқа жаймай батырлар өткен өмірден. Сөзімізді Сырбай ақынның жырымен жалғайық: «Көрдің бе ұлын ананың?», «Көрдің бе жарын арудың?», «Көрдің бе оның көкесін?», «Соғыстан қайтқан қайтқан солдаттар!». Қанға құмар, соғысқа жерік болған фашистік Германиямен со­ғысқа Алаш атырабынан 1 миллион 700 мың қазақстандық аттаныпты. Сол кездегі халық санына шаққанда бұл – әрбір төртінші адам майдан даласында мылтық асын­ған деген сөз. Соғысқа аттанған азаматтар­дың жартысына жуығы ұрыс даласында қалды. Елге оралмады. Шаһид болды. Елге оралғандардың өзі қол-аяғын беріп келді. Туған топыраққа бір мүшесінен айырылып оралған батыр ұлды Әбу Сәрсенбаев былай суреттейді: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Сенің келешегің үшін берді ол, Азаттық жолында аяғын!». Зұлматтың зілбатпан жүгін, оның жүйкеге түсірген салмағын, қан жұтқызған қасіретін, көл боп аққан көз жасын, аяқ-қолы тілім-тілім болған тылдағы адамдардың еңбегін айтып тауысу, жазып біту мүмкін емес. Әрі-беріден соң оны бүгінгі бейбіт заманда туған ұрпаққа сезінудің өзі қиын. Өйткені олар қырғынды көзбен көрген жоқ. Жан жүрегімен сезінбеді. Сондықтан болса керек, Ұлы Отан соғысына қатысты әртүрлі пікірдің айтылып жатқаны. Әгәрәки, аталар аманатын толық түсінген адам болса, онда «бұл біздің Отанымыз үшін болған соғыс емес» деген сөз айтылмас еді. Көлеңкесіне ғана серік болатын кейбіреулер көки берер. Оған бола сөз шығындап қажеті жоқ. Біз Жеңіс күні қарсаңында екі нәрсеге баса назар аударуды жөн санап отырмыз. Бірінші мәселе мынау: «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні». Күнтізбеңізге қараңызшы, қандай түспен боялып тұр екен? Мейрамдардың тізбегіне көз жүгіртіңіз, қай тұста тұр? Әрине, түсі қызыл емес. Қызыл болмағаннан соң, мемлекеттік мерекелердің де санатына ілінбеген. Өз қолымызбен қабірін қазған Кеңес өкіметі тұсында «23 ақпан – Кеңес армиясының құрыл­ған күні» дейтін мейрам болатын. Өске­лең ұрпақты патриоттық сезімге бау­литын, Отанның оттан да ыстық ұғым еке­нін санасына сіңіретін, туған топырақты жат пиғылды жаулардан қорғауға үгіттейтін мереке еді ол.

Біздің ой айтады: неге осы 7 мамырды мемлекеттік мейрамдардың тізбегіне қоспасқа?! Баяғы 23 ақпан мерекесінің деңгейіне жеткізбеске?! Болашақ ұр­пақ­тың бойына ұлттық-патриоттық сезімді ұялатуға, ұлан-ғайыр жер мен ел тұтастығын көзінің қарашығындай сақтауға, мемлекетінің тыныштығын қорғауға үндейтін мерекеге айналдырсақ, қандай ғанибет болар еді. Ойланатын, қолға алатын дүние емес пе? Екінші мәселе, қазақ жерінде әскери оқу орындары жетерлік. Аз да емес, көп те емес, онға жуық әскери оқу орны бар екен. Соның жартысынан көбі атсыз тұр. Енді соны санамалап көрейік. Ал­матыдағы Бауыржан Момышұлы атын­дағы әскери оқу орнын жұрттың бәрі біледі. Ал басқа батырдың атына беріл­ген оқу орны бар ма? Осыдан бастайық. ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы бар. Шучье қаласында. Мұнан кейін Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебі білім беріп жатыр. Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты жұмыс істеп тұр. Қазақтың атын иемденген әскери оқу орындары осылар ғана. Ал қалғанында ат жоқ. Мысалы, ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық қорғаныс университеті. Білетіндердің айтуынша, бұл Қазақстандағы әскери оқу орындардың ішіндегі ең үлкен ордасы екен. Бұл университет Бурабайда орналасқан. Енді дейміз ғой, қазақтың азаттығы үшін басын пида еткен (тура мағынасында қабылдасаңыз да болады – Е.Б.) Кенесары ханның атын неге осы оқу орнына бермейміз?! Бұл біздің айбынымызды асырып, айбарымызды танытпай ма? Онан кейін Алматыда Құрлық әскерлерінің әскери институты бар. Бұрын училище кезінде бұл оқу орны Дінмұхамед Қонаевтың атында болған екен. Кейіннен институт атағын алғанда, атсыз қалған. Қазақта қолбастаған батыр көп. Ел бірлігінің тұтастығы үшін жанын аямаған, барын салған бір батырдың атын беруге әбден болады ғой осы институтқа?! Ақтаудағы Әскери-теңіз күштерінің әскери институты да дәл қазір ешкімнің атын иемденбеген. Алматыда орын тепкен Радиоэлектроника және әскери инженерлік институтының маңдайшасы да бір қазақтың атына зәру. Қорғаныс министрлігінің әскери институтына да бір батырдың атын беруге болады. Бұл өзі – іргелі оқу орны. Өйткені мұнда болашақ әскери дипломаттар мен аудармашыларды даярлайды. Осыдан-ақ аталған институттың қазақ үшін қаншалықты маңызды екені көрініп тұрған шығар. Сондықтан мұның да атсыз тұрғаны жарамайды. Біз бүгін қазақ топырағындағы әскери институттарды көктей шолып шықтық. Атүсті айттық. Орайы келгенде айтылған сөз ғой. Дегенмен осы мәселе әрбір ұлтын сүйген жүректің түкпірінде жатуы керек. Қазақтың жерін, елін, халқын қор­ғайтын ұландар, ел тыныштығын кір­пік ілмей күзететін азаматтар, біздің ұй­қымыздың тыныштығын сақтайтын сарбаздар қазақ батырларының атындағы оқу орнын тәмамдаса деген тәтті тілек бар. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

P.S.  Сөз арасында тағы бір ой қалып барады. Ол – қазақтың батыр ұлдары атындағы орден-медаль тағайындалса деген ой. Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Қарасай, Райымбек, Байғозы батырлардың аты медальға айналып, бүгінгі баһадүрлердің кеудесінде жарқыраса, өршіл рухты өр Махамбеттің жарқын бейнесі намысты ұлдың жүрек тұсында тұрса, бір керемет емес пе?..

Ержан Байтілес

8530 рет

көрсетілді

102

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы