• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2016

Дәуіт

Дәуіт – түр құрамы өте көп (1,5 млн-ға жуық түрі бар) жәндіктер (орысша – «насекомые», латынша «Insecta», немесе «Hexаpoda» - «алтыаяқтылар») класының ерекше дәуіттер отрядына жатады. Ес­кертетін бір жайт, Қазақстан Республикасы жа­нындағы терминологиялық комиссия орысша «насекомое» терминін қазақша «жәндік» деп бекіткені белгілі. Бірақ та «Атамұра» баспасынан шыққан биологиялық еңбектерде бұл термин бірде «бунақденелілер», бірде «құжынақтар» деп мүл­де қате беріліп жүргендігін атап айтуға болады. 

Ғалым мамандардың ресми дерек­тері бойынша дүниежүзінің түрлі аймақ­тарында дәуіттің 2 мыңнан астам түрі кездессе, ал Қазақстан аумағында 20-ға жуық түрі таралған. Қазақстанда кездесетін дәуіттердің қысқақанатты дәуіт (Bolivaria brachyptera Pallas, 1773) және ағаш дәуіті (Hierodula tenuidentata Saussure, 1869) деген екі түрі Қазақстанның омыртқасыз жануарларға арналған Қызыл кітабының 2006 жылғы соңғы үшінші басылымына тіркелген. Ағаш дәуітін кейде «ақтеңбіл дәуіт» деп те атайды. Қысқақанатты дәуіт Қазақстанның ауқымды аумағында таралғанымен барлық алқаптарда саны аз болғандықтан сирек кездеседі. Ал ағаш дәуіті еліміздің тек Оңтүстік Қазақстан облысының шағын тораңғы және жиде ағаштары өсетін тоғайлы алқабында ғана таралған. Аяқтары ұзын әрі бірнеше буыннан түзіліп, қорегін ұстауға және жүруге бейімделген. Дәуіттің алдыңғы жұп аяқтары басқа аяқтарынан ірі, әрі өте қозғалмалы болып қорегін қармап ұстайды, әрі осы аяқтарының көмегімен дыбыс шығарады. Алдыңғы аяқтарын көбіне бүгіп, қорегін ұзақ уақыт бір орында тапжылмай аңдып отырады. Дәуіттің өз қорегін аңдып отырған бейнесі Құдайға құлшылық етіп отырған көрінісіне сәйкес орысша атауы «богомол» деп аталған. Бунақталған жіп тәрізді жіңішке екі мұртшасы болады. Мұртшаларының пішіні тарақ немесе қауырсын тәрізді болып келеді. Аузы қорегін кеміруге бейімделген. Алдыңғы жұп аяқтары әрі жуан, әрі оның сирағының екі бүйірінде үш қатар үшкір ұстараның жүзіндей өткір тікенекке ұқсас өскіндері бар. Солардың көмегімен қорегін мықтап ұстайды. Алдыңғы аяқтарының кенеттен шұғыл қимылы жыланның көзін бірден ойып түсіреді. «Дәуіт» деген атау ескі аңыз-әпсаналарда көбіне темір ұстаның пірі – Дәуіт пайғамбардың есімімен тығыз байланысты айтылады. Мысалы, Дәуіт пайғамбардың тұсында Ғайдуна деген қаланы ордалы жылан қаптап кетеді, тіпті оның көптігі сонша аяқ басар жер қалмайды. Жыланмен күресуге шамасы келмеген патша елінің ақсақалдарын жиып алып, олардан қалай құтылудың жолын сұрайды. Сонда қариялардың бірі Дәуіт пайғамбардан көмек сұрауды өтінеді. Дәуіт пайғамбарға хабаршы жіберіп, болған жайды хабарлайды. Дәуіт пайғамбардың негізгі кәсібі ұсталық екен. Ол кеудесіндегі жейдесінен бір түймені үзіп алып төске қойып үш рет ұрғанда түйменің ұсақ бөлшектерінің бәрі де дәуітке айналып кетіпті. Осы жәндікті Дәуіт пайғамбар келген хабаршыға бере отырып, оларды қалаға кіргенде босатып жібер депті. Солай істеген кезде дәуіттер тез арада жыландардың көздерін алдыңғы аяқтарымен ойып, қаланы ордалы жыланнан тазартқандықтан Дәуіттің жәндігі – «дәуіт» деп аталып кетіпті. Осындай пайдалы дәуітке байланысты айтылған аңыз бойынша дәуіт қасиетті, әрі киелі жәндік аталып кетіпті. Бұған қоса ана тілімізде «Дәуіт бар жерде жылан жүрмейді», «Дәуітке көзінен айырылар жылан кездеседі», «Жылан дәуіттен қорқады», «Дәуітке тәу еткен құр қалмас», «Дәуітті жер тәуір жер», «Өрмекшіні өлтірме, дәуітті дәріпте», «Дәуіт үйге келсе, пәле-жала есіктен кетіп, құт-береке төбеден келеді» және т.б. сөз тіркестері, тыйым сөздер, айшықты нақылдар дәуіттің пайдалы жәндік екендігіне нақты мысал бола алады. Дәуіттің тіршілік әрекеттерінің адамға жақын бекзадалық қасиеттері үшін және басқа жануарларды жыланнан қорғауға бейім тұратындығына байланысты дәуіттің адам тұратын үй-жайға келуін жақсылыққа жориды. Дәуіт шөпке жабысып отырып бір нәрсеге айбат шегу кезінде немесе қорегін бірден бас салып ұстау үшін алдыңғы үлкен екі аяғын бүгіп, сәл жоғары көтеріп тұрады. Бұл көрініс дәуіт бір нәрсеге тәу етіп (құлшылық етіп) тұрғандай көрінеді. «Тәует» сөзі «тәу ету», «тәует – дәуіт» сөзінен өзгерген дегенде пікірлер бар. Тәу ету сөз тіркесі дәуіттің орысша «богомол» деген сөзімен де мағыналас екендігін аңғартады. «Қарлығаш пен дәуіт», «Дәуіт пен жылан» және т.б. аңыз әңгімелерден де дәуіттің пайдалы жәндік екендігін бірден аңғаруға болады. Қазақстанның Оңтүстік өңірінің тұрғындары дәуітті көбіне «биесау» деп атайды. Оның мәні дәуіттің қорегін аулау кезіндегі алдыңғы аяқтарын бүгіп тұрып екі аяғын алма кезек қозғауы бие сауып отырған адамның кейпіне (бейнесіне) ұқсағандықтан осылай аталған. Дәуіттің екі жұп жарғақты қанаттарының алдыңғы жұбы жіңішке, әрі қатты болып келсе, ал жұп артқы қанаттары жалпақ жарғақ тәрізді, бірақ жұқа оларды алдыңғы қатты қанаттары жауып тұрады. Дәуіт қанаттарының көмегімен жақын жерге ұшып бара алады. Дәуіттің ұзынша келген құрсақ бөлімі 10 бунақтан тұрады. Дәуіт бұта не өсімдіктің сабағында не жапырағында ұзақ уақыт тапжылмай отырып қорегін аңдиды, оқта-текте қозғалмалы басын жан-жағына бұрып, қорегін іздейді. Қорегін көрген кезде, ақырын жылжып барып алдыңғы аяқтарымен бірден шап беріп ұстап, аяқтарымен қысып өлтіреді. Қорегінің басы мен аяқтарын жемейді. Дәуіт көп қорек талғамайды, әрі ол өте қомағай жәндік, кейде дәуіттің ағзасына нәруыз жетіспеген кезде аналығы аталығымен, ұрпақтарымен де қоректене беретіндігі дәлелденген.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Құрметті профессоры

13117 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы