• Тіл
  • 17 Қараша, 2016

Телеарналар жат атауға неге жармасып жүр?..

Бүгінде телеарна – әлемді жаулаған ғаламтор серіктесі, тіпті кейде оған бәсекелес болуға жарарлық қызмет атқарып келе жатқан бірден-бір ақпарат құралы болып табылады. Кез келген елдің, мейлі мемлекеттік немесе жеке телеарналары болсын, халық үшін, сол елдің мүддесі үшін қызмет ететіні айқын. Оның ішінде тілге жасалған қызметін ерекше атаған жөн. Өйткені телеарналар ұлттық сипаттағы бағдарламаларды дәстүрге сай етіп көрсете білгенде ғана олардан алар тәрбиеміз көп болмақ. Ал егер де мазмұны мен мақсаты айқындалмаған бағдарламалардан құралса, онда оның әсері қандай болары айтпаса да түсінікті.   

Міне, осындай бағытта құрылған бағ­дар­ламалардың көптігін біздің телеар­на­ларға қатысты да айтар едік. Өйткені бүгінде қазақ тіліндегі телеарналарда олардың атауынан ұлттық ұстанымды сипаттайтындай бағдарламаларды көре алмай келетініміз таңдандырады. Тіпті олардың саны да біршама артып бара жатқандай әсер қалдырады. Еліміздегі кез келген телеарна­лардағы бағдарламалардың атауына назар салсаңыз не қазақша емес, не ағылшынша емес, әйтеуір бір қазақша-орысша мен шетелдік тілдің араласқан кейпінде болып тұрады. Мүмкін шет тілін осылай дәріптеу тәсілі ме екен, әлде бұл тілімізді масқаралау ма? Солардың бірқатарына назар ау­дарсақ, телеарналардағы шоу іспетті бағдарламалардың атаулары мынадай: КТК телеарнасындағы «ТОЙ BESTSTAR», Хабар арнасындағы «Қызық Times», «Бенефис-шоу», бір кез­дері көрсетілген «Шіркін, Life!», «Фобия», енді әзіл-қалжың сипатындағы «Бурабай әзіл фест» және жуырда пайда болған «МузАрт Life», Қазақстанның бірінші арнасындағы «Той заказ» және т.б. Бұл жобаларды жүргізушілердің барлығы өз азаматтарымыз. Мақсаттары да көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін құрылған болса керек. Бірақ бұл бағдарламалардан ана тілімізге тән нақышты көрмейсіз. Мүмкін өз тілінен шоши ма, әлде оны құбыжық көріп, өзін әлемдік деңгейде танытқысы келе ме? Белгісіз! Олар енді орысшаны былай қойып, шет тілінде атауды дұрыс көретін сияқты. Бір қарағанда атауларына қарап, бұл қазақша болмаса керек-ті дерсіз. Алайда барлығы толығымен қазақтілді телеөнімдер. Айталық, «ТОЙ BESTSTAR» бұл не қазақы кәдеге сай «Той бастар» емес. Қазақтың той бастары кәде сыйға толы, құрмет-қошеметке негізделген. Білген жанға онда тәрбиелік мәні бар жоралғыларды да тануға әбден болады. Мұндағы тойы жарайды, түсінікті болар. Ал Beststar ағылшын тіліндегі best сөзі мен star сөзінің тіркесуі арқылы жасалған. Best – лучший – ең жақсы деген күшейткіш мәндегі сөз ретінде қолданылады. Бұл сөздің шет тілінде тағы үш түрі қолданылады: етістік, есім сөз және үстеу мағыналарында келеді. Бірақ олардың барлығының арасында мағыналық байланыс бар. Ал star сөзінің мағынасы звезда – жұлдыз, знаменитость – атақты, танымал мағыналарда қолданылады. (Англо-русский словарь. – Москва: «Русский язык», 1987. – 608 с. 498-стр.) Демек, ең атақты жұлдыз, ең танымал-лучшая звезда мағыналарын берсе, оны тоймен байланыстырсаңыз ең танымал той болып шығады. Сонда танымал тоймен қазақы «той бастар» арасында қандай байланыс болғаны? Түсініксіз. Мүмкін біз бүгінгі ағымды дұрыс ұғына алмаған болармыз. Айтқанға қызық болар. Әлде қазақы «той бастарды» мазақ еткені ме? Жа­райды, аудармасын ұғындық делік, сонда бұлай атаудың себебі неге негізделген? Хабар арнасындағы «Қызық Times». Қызық сөзі түсінікті, ал time сөзі – время – уақыт, период – кезең, срок – мерзім мағыналарын береді. (Англо-русский словарь. – Москва: «Русский язык», 1987. – 608 с.) Ал times үлгісі қолданыста жоқ. Бұл сонда нені мақсат етті. Осыны қазақшалап дұрыстап қоюға болмас па еді? Тағы да түсініксіз. Әлде жаңарған түрі ме? Белгісіз. Ол жаңашыл дүние емес. Ондағының барлығы ойын-күлкі, қалжың. Қызықтаймыз деп жүріп, қызық times болып жүр ме? Бұл қазақтағы мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағымыздан айырылыппыздың кебі болды. Тағы да айта кететін жайт «Қызық Times» бағдарламасын жүргізетін жігіттердің бұрынғы бағдарламаларының да қазақшасы мардымсыз еді. Ол «Ду қол шоколад!» деп аталды. Бұл сайқы мазақ па, әлде басқа ма? Түсініксіз. Соған қарағанда жігіттер қазақша атауды аса дұрыс көрмесе керек. Жөні түзу нәрсеге көрермен де қызығар еді-ау. Ал бұлардың бағдарламасы не «Тамаша», «Шаншар», «Алдараспан», «Нысана», «Екі езу», т.б. сияқты театр емес немесе «Жайдарман» сияқты әзіл тапқыш клубы емес. Бағдарламаны қызықтаймыз деп жүріп тіліміздің де көрермен үшін маңызды екенін ұмытпаған жөн болар. «Бенефис-шоу» бағдарламасы туралы айтар болсақ, тұлғаның жеке өмірінен бастап, қоғамдағы орны мен шығармашылығына дейін толық қамтылып, оның әріптестері, достары, туған-туыстары өнерпаздың азаматтық және кәсіби ерекшеліктері турасында сыр шертеді. Ал әнші болса, бағдарлама барысында өз репертуарындағы хит әндерін орындайды. Жобаның басты мақсаты – табиғи дарыны мен ерен еңбегінің арқасында кәсіби біліктілікке қол жеткізген тұлғаның игі қасиеттерін көпке үлгі ету, жұртқа беймәлім қырларын таныту делінген (www.khabar.kz). Бағдарламаның мақсаты жақсы. Біраз жайға көрермен қанық болады. Ол да керек шығар. Десе де, атын қазақша қойып, мақсатына затын, атауын неге лайықтамасқа. Себебі бенефис сөзі француз тілінде bénéfice – пайда (орыс тілінде доход, польза, прибыль) деген мағынаны береді. Сонда бағдарламаның атауы «табысты шоу» не «пайдалы шоу» да болуы мүмкін болған сияқты. Ал енді мазмұны мен мағынасы сай болуын қарастырсақ онда атауына толық үйлесіп тұр деуге келмейтін тәрізді. Өйткені мұндай bénéfice-бенефис шоулардың тарихта біршама даулы тұстары да болғандығы жасырын емес. Сондай-ақ орыстілді бенефис бағдарламасының (РТР, Юмор) мазмұны да біршама өзгеше. Олар толығымен әзіл-қалжыңға құрылған. Ал сөздіктегі бенефис сөзінің мағынасы – спектакль в честь одного из участников его – қатысушылардың бірінің құрметіне арналған қойылым деп берілген С.И.Ожеговтың сөздігінде. (Ожегов С.И. Словарь русского языка. – Москва: «Издательство Оникс»; «Мир и Образование», 2005. – 1200 с. 53-стр.) Бүгінгі таңда жаңа үстеме мағынаға ие болған бұл сөзді біздіңше қазақша бала­масымен берсе де бағдарлама өз мазмұндылығы мен маңыздылығын жоғалтпас еді-ау. Фест сөзінің де бірнеше мағынасы бар. Оның ішінде әзіл-қалжыңға да сәйкесетін мағынасы кездеседі. Ал бүгінде көп ретте тіркесе қолданылатын life – өмір, өмір салты, өмірбаян, сергектік мағыналарын береді. (Англо-русский словарь. – Москва: «Русский язык», 1987. – 608 с. 307-308 стр.) Міне, осылай жалғасып кете береді. Алайда осылармен қатар телеарналарда қазақша атауға ие «Айтуға оңай», «Бетпе-бет», «Ду-думан», «Біздің үй», «Айбын», т.б. бағдарламалар көрсетіледі. Көтерген мәселелері, қонақтар мен тақырыптың маңыз­дылығы, бастысы атауы өз үйлесімін тапқан деуге болады. Көрермені де күн санап артып келетінін айту керек. Неге жоғарыда айтылған бағдарламалардың да атауын осылай атына затын сай етіп қазақша қоймасқа!? Неге ана тіліміздің аясын кеңейтуге үлес қосып, қазақы болмысымызды телеарналар арқылы қолғабыс жасамасқа? Бірде белгілі тіл маманы, А.Байтұр­сынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымының докторы Нұргелді Уәлиұлы қазақ тілі қолданысының бүгінгі деңгейі қандай деген сауалға берген жауабында: «Қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесі, қоғамдық беделі тілдің үш тұғырының дамуына тікелей байланысты: бірінші, басқару жүйесі, екінші, ғылым-білім саласы, үшінші, бұқаралық ақпарат құралдары деп атап өткен болатын. Егер осы үш жүйеде тіл дұрыс, яғни өз деңгейінде қолданылмаса, тілдің беделі төмендей береді» деген еді. Бұл пікірдің өзінен бұқаралық ақпарат құралдарының тілге қосар салмағының қаншалықты маңызды екендігін аңғаруға болады. Ал оның жағдайы жоғарыда келтірілген мысалдарға қарағанда қандай екендігін өзіңіз бағамдай беріңіз. Әрине, әртүрлі сылтау айтып, анау еді, мынау еді деп уәж табармыз-ау. Бірақ саналы азаматтар ондай сылтаудың арғы жағында қазақша рухтың жоғалып бара жатқанын біле бермесе керек. Бір ғана атаумен барша жұрттың көңіліне қаяу салып, ана тілі – қазақ тілі деп шырылдаған қоғамның жүрегіне демеу бола қоймасы анық. Сөз жоқ, жастар жағы қолдайтын шығар, бәлкім мақтап та қояр. Ал елдің елдігін қадірлейтін, алдыңғы буын ағалар, ақсақалдар мен тіл жанашырлары, қазақ қоғамына жанашыр азаматтар мұндай бастамаларды қолдайды деп айту қиын. Шындығына келгенде, өзге ұлтқа дәл осы үлгідегі сөздер қолданысын ұсынсаңыз тілді қорлау, бір ұлтты масқаралау деп кімді болса да сотқа тартар еді. Кезінде терминология саласында еңбек еткен Қ.Жұбанов терминнің өзіндік өзгешелік сипаттарын дұрыс түсінбеушіліктен кеткен қателерге назар аудара келе олардың аударылуын қате санайтын. Оның негізгі себебі терминдердің терминдік мағынасы емес, лексикалық мағынасына мән беру керек дегенді айтқан болатын. Мүмкін осы ретте бұл аталған терминдерді аударуды бағдарлама ұйымдастырушылары қажет деп таппаған болар. Сөз жоқ, әр халықтың тілдік танымы мен ұлттық болмысы өзгеше. Ана тілімізді неге өзге тілдің көлеңкесінде қалдыруымыз керек? Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте дегеннен артық ештеңе айта алмаспыз. Бастысы, қай ұлттың болмасын тәуелсіздігі тілінің тәуелсіздігінен бастау алады дегіміз келеді. Мүмкін сіздің бүгінгі таңдағы елге қосқан үлесіңіз осымен өлшенер. Мұны да өзіңіздің назарыңыздан таса қалдырмассыз деп білеміз, құрметті оқырман!

Нұрлан МАНСҰРОВ Астана

3790 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы