• Мәдениет
  • 08 Қаңтар, 2009

Дана-дидар

Зейнолла Қабдолов — сексен жылға жуық ғұмырында тек жақсының жақсылығын асырып, жаманның жамандығын жасырып, жұртқа жылы сөзін ғана арнаумен өткен адам. Сұлу сөзбен сурет салып, саналыға сәуле құйған Зекеңнің бүкіл болмыс-бітімі осы күнделіктен де айқын көрінеді. Ғибраты мол ғұламаның ақ пейілін, дархан көңілін, жайдары жүзін, мәрт мінезін, салиқалы сөзін, тосын тіркестерін сағынсаңыз — Сәуле апайдың түн қатып отырып жазған осы күнделігіне зер салыңыз. Сәуле ҚАБДОЛОВА ЕМЕН ДАҒЫ, ҚҰЛАСА, БЕТЕГЕ ЕКЕН, ДАРА ТУҒАН ТҰЛҒА ДА ӨТЕДІ ЕКЕН... 21 желтоқсан. Бұл күні Зекеңнің қасынан қыл елі шықпадым. Астрокүнтізбе бұл күнді «Опасный день» депті. Сенбесең де, бір түрлі көңілге келеді екен. 22 желтоқсан. Жұма. Кеше «Атамұраның» жігіттері хабарласып, бұзау етін әкелетінін, басын не істеу керек екендігін сұрады. Мен бастан гөрі миы керектігін айттым. Бақыт жұма намазында, Зекеңе қарау менің меншігімде. 26 желтоқсан. Дүйсенбі. Туған күнім. Құттықтаулар баршылық. Алдымен Серікбай келді. Ол «Қазақстан Заман» газетіне мақала беріпті (16.12.05). Түс қайта Құралай, Қарлығаш, Райгүл, Серік, Орын, Құдағай-құда, Күләш-Кенжетай, Сардар-Ақмарал, Санжар, Арай, Абай, Абылай, Жанна, Ернар келді. Айдар телефон соқты. Зекең екеуіміз кәдімгідей шаршадық. Орын екі соғымның ақшасын беріп кетті. 27 желтоқсан. Дәрігер Гүлжан Жақыповна кардиограмма жасап, «Өзгеріс аз, жақсы», — деп қуантты. 28 желтоқсан. Серік хабарласып, Имаштан құттықтау және сыбаға (жылқы еті) бар екенін айтты. Бұл — жаңа жылға тарту. Жылы сөз, ізгі тілек. 29 желтоқсан. Бейсенбі. Таңертең Зекең қатты ашуланды. Көзі шатынап, қолы селкілдеп, ызаға булықты. Менің зәрем ұшты «Басына қан құйылып кете ме» деп. Әйтеуір, сабасына түсті. Уролог дәрі жазды. 30 желтоқсан. Жұма. КазГУ-ден ректор Төлегеннің атынан Жанғара, Зинол бір корзина жеміс, жүз мың ақша әкеліпті. Жанғара қайта-қайта «көкелеп» отырып алды. Не десін, бәрін көріп отыр. Көз үйренген соң, бізге онша білінбейді. Бұрынғы айдынды Зекең қайда?! 31 желтоқсан. Сенбі. Жаңа жылдың қарсаңы. Сағат 23.45-те Президент екі тілде құттықтады. Үй-іші болып, «Мартини» шарабын ырымдадық. Құттықтаулар көп болды. Соның ішінде Бекет ініміздің келіні Ләззат ұл тауыпты. Соны айтып, Зекеңнен сүйінші сұрады. 2006 жыл 1 қаңтар. Жексенбі. Артынып-тартынып, Райгүл келді. Осы қызды бізге Құдекең құлатып қойған. Құттықтаудан бір шаршамайды, жаңылмайды. Күн керемет, жайлап қана аппақ, ұлпа қар жауып тұр. Айнала — жым-жырт. Есік алдына шығып, әдет бойынша қар күредім. Шіркін-ай, Зекең екеуміз қыдыратын күн болар ма екен? Дарыным тірі болса, бүгін елуге келер еді... 2 қаңтар. Дүйсенбі. Сағат алтыда ояндым. Зекең ұйқыда. Былтыр (2005 жыл) осы уақытта аурухананың он сегізінші палатасында жатып едік. Құдайға шүкір, биыл өз үйіміздеміз. Әбе хабарласып, «Бұл күнге де жеттік, бүгін екісі (жаңа жылдың)», — деді. Мен ішімнен Дарынымды ойладым. Бүгін — оның туған күні, тірі болса елуге келер еді. 3 қаңтар. Сейсенбі. Он екіде жаттым. Зекең тыныш ұйықтады. Таңертең шақырған. «Топырақ басып жатқандаймын», — деді. Көп жатқаннан болар. Екеуміз де түс көріппіз. Зекеңнің түсі: «Алтын жұлдыз» алыпты. «Шын алтын ба?» деп сұраймын», — дейді. Өткен түнде де соны айтқан. Менің түсім: Әбіш, Клара, мамасы бар, бізге көп тамақ әкеліпті. Басқа үйде отырмыз. Беретін ештеңем болмады-ау деп қысыламын... Зекең түсін айтып, қайтадан ұйықтап кетті. Түскі тамағын дайындауым керек. Түсте Мұхтар, Рахым келіп, Зекеңнің таңдамалы бес томдығын шығарамыз деп кетті. Енді материал іріктеу керек. 4 қаңтар. Сәрсенбі. Дәрігер Гүлжан Жақыповна келіп, Зекеңді қарап, тыңдап кетті. Жағдайы бір қалыпты. Уролог Сағи хабарласып, кеңес берді. 5 қаңтар. Бейсенбі. Бүгін анализ тапсырамыз. Қан алуы керек. Алда — Құрбан айт. Бақыттың құрбан шалу ойында бар. Ауылға барып шалғысы келеді, дұрыс та болар. Өткен түнде Зекең түсінде қасқыр соғып алыпты. Бақыт екеуміз оны жақсыға жорыдық. Аяғынан тік басып тұрып кетер дедік. 6 қаңтар. Дәрігер (на дому) Пак келіп қарап: «Күтімі жақсы екен, жыл жарым жатқан адам дейтін емес», — деп қоштау айтты. Зекең өзі аскет, көңілдің адамы, рухы биік. Бір-бірімізді сөзбен болса да, демеп қоямыз. 8 қаңтар. Зекең ерте оянды. «Көп ойлаймын, кітабымды ойладым», — дейді. Кеше Серік пенсиямды әкелген. Он бес мың. Зекеңе көрсеттім «Еңбегім ғой», — деп. Зекең: «Маған да беріп қой», — деді. Қуанып кетіп, тұсындағы ілулі тұрған костюмінің ішкі қалтасына бес мыңды көзінше салдым. Қайран көңіл, бірақ, ұмтылысы жақсы. Бір үміт, күдік те жоқ емес. 9 қаңтар. Дүйсенбі. Зекең түнгі үште оянды. Бірақ, сегізге дейін жақсы ұйықтады. Аздап теледидар қарады. Онда викториналық сұрақтар беріп жатқан. Крыловтың «Аққу, шортан, шаянын» кім аударған?», — деген сұрақ болды. Зекең бірден: «Ахаң Байтұрсынов қой», — деді. 10 қаңтар. Сейсенбі. Төртте оянды. Зекеңді тазартып, төсек орнын жаңартып, тамағын бердім. Қайта ұйықтап кетті. Газеттен Асекеңнің (Әшімов) күнделігін оқыған адамдар пікірін айтып жатыр. Мен де оқып келемін. Пікір айту қиын ғой. Біздікі тек оқу. Екі баладан айырылып дағдарып қалғанда, Зекең көңіл айтып, еңсесін көтеріп еді. Күнделікте Зекең де аталады. Қайран дүние-ай, кәзір Зекең туралы кім не айтады деп жаутаңдайтын халге жеттім. Тек Зекем қарайып отырса екен. 11 қаңтар. Сәрсенбінің сәті. Президентті ұлықтау рәсімі болатын күн. Бұл кісі қазақтың кең даласынан шығып, дүниені шарлап кетті. Біз өмір сүрген әлемнің, ғасырдың ең үздік адамы болды. Қазақ елінің ең бақытты тұсы осы болар. Соны адамдар көтере алса... Президент заңды түрде тұғырына қонды. Жер-жерден елбасылар келді. Ішінде Ельцин де бар. Әрі айт күндері болған соң, біздерді де құттықтайтындар баршылық. 12 қаңтар. Бейсенбі. Абзал баламыздың туған күні. Жас кезінде талай тойлап, «шалқып» та жүрді. Енді жасы қырық төртке келді. Қалай тойласа да өз еркі. Жасына сай ақылы болса, қамал бұзатын шақ. Атырау әкімшілігінен Сәрсенбай хабарласты. «Құрметті азамат» атағына байланысты облыстық газетке суретімен мақала шығыпты. Зекеңді сұрап, «Тұра ма, жүре ме, өзі тамақтана ма, сөйлей ме?», — деушілер көбейді. Енді бір-екі сағат уақыт тауып, қаладағы үйден үшінші-төртінші томдарға беретін материал іздеуім керек. 13 қаңтар. Жұма. Зекең үште оянды (түнгі). Бақыт екеуміз де тұрып кеттік. Қол-аяғын уқалап, анализге дайындап қойдық. 15 қаңтар. Жексенбі. Шудағы құдағай дүние салыпты. Оған Гүлбарам баратын болыпты. Демек, Бақыт екі-үш күнге үйіне баруы керек. Мен Зекеңнің қасында жалғыз қалатын болдым. Байқаймын, Зекеңнің отыруға шамасы бар. Тек, тәуекел жетпейді. Әбе хабарласып, мұрнынан су ағатынын айтқанда, мен шошып, Зекеңе тұтқаны бермедім. Ендігі еркінситінім осы шал ғой. Шәмша Көпбаевнаның «Бекзат» атты мақаласы Гүлзада Рахмановнаға арналған. Оқып шықтым. Шынайы достық көңілмен жазылған екен. 17 қаңтар. Сейсенбі. Қаладағы үйге барып Зекеңнің кітабына керекті материалдар іздедім. Таппадым. Өзі өте мұқият адам, қайда қойғанын... Өмірінің бұлай боларын білсе ғой, айтар еді. Содан, Зекеңнің жетпіс жылдығына арналған жинақты алып келіп, әр адамдардың ой-пікірін оқыдым. Ол бір өмір. Көбі бұл фәниде жоқ адамдар. Сөздері қалған. Дүние — осы. 19 қаңтар. Сардарымыз ертең қорғайды. Оның дайындығына көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Балам өз күшіне сенеді. Бірақ, өзі тез жасып қалады. Алдыңғы жылғы күнделікті (2004 жыл ) қарап отырып, Маяға (секретарь) берген материалды көрдім (үшінші томға). «Жебеден» алып, компьютерге берген ғой. («Шеберлік мектебі»). Маямен хабарластым, ол келісті. Сардар қорғады, Зекең сыйлық алды 20 қаңтар. Жұма. Сардар қорғады. Тақырыбы «Модернизация территориально-производственных систем: приоритеты и механизмы» (Аймақтық-өндірістік жүйелерді жаңалау: басымдықтары мен тетіктері). Академик Аманжол Қошановтың жалпы басшылығымен өтті. Ғылыми жетекшісі — экономика ғылымдарының докторы Нәйла Нұрланова. 21 қаңтар. Сенбі. Күтпеген жаңалық болды. Сардарға тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы комиссиясынан хабарласты. Зекең сағат беске «Риц-Паласқа» мәжіліске баруы керек. Содан Сардар мен Ақмаралды жібердім. Сол сыйлықты аларда Сардар сөз сөйлепті. Оның жүріс-тұрысына, өзін ұстауына, сөзіне риза болған Гера Бельгер маған хабарласты. «Зекеңнің немересіне көңіліміз толды», — дейді. Сыйлық — үш мың доллар. Қуанып, қадіріміз кетпегеніне шүкірлік еттік. Менің ойымша, мұнда да тоқпақтың ықпалы бар. 22 қаңтар. Жексенбі. Зекең таңғы алтыда оянды. Бақыт 1988 жылы Фрунзе қаласында болғанда, Зекеңнің тілші Тэнтеге берген сұхбаты жазылған касетаны қойды. Бір сағаттай Зекең көсіліп сөйлепті. Тақырыбы — «Шыңғыс — биіктік, тереңдік, кеңдік». Бұл Шықаңның алпысқа келген жылы болуы керек. Шықаңның елу жылдығында сөйлеген сөзі «Мерей» деп аталатын. Керемет. 24 қаңтар. Сейсенбі. Зекең ерте оянды. Үстін сүртіп, тазалап, жаңа көйлек кигізіп, коляскаға отырғыздық. Бақыт айналайын, қабырғасы майысып, әкесін көтеріп алады. Залға әкеліп, тамағын бердік. Мұзағаң (Әлімбаев) «Әдебиеттің тарланы, құтты болсын алғаны», — деп құттықтады. 25 қаңтар. Сәрсенбі. Түні тынышсыз болды. Енді он жарымда ұйықтап жатыр. Әлия апайдың «Мұғалім — мектептің жүрегі» деген кітабын кеше Смағұл әкеп берген. Бірден оқып шықтым. Егер жастау кезі болса, кандидаттық қорғауға да материалы жетіп жатыр. Смағұл өзінің романдарын трилогия етіп біріктіріп шығарыпты. Алғы сөзі — Зекеңдікі. Бұрын оқығанмын. Енді уақыт тауып, қайта оқуым керек. 26 қаңтар. Бейсенбі. Зекең жетіде оянды. Қымыз бердім. Қайта ұйықтап кетті. Смағұлдың «Ақбоз үйін» оқып жатырмын. Әбе хабарласып, жолдан келгенін, енді больницаға жататынын айтты. Әзағаң (Нұршайықов) хабарласты. Бір кездері Әзағаң: «Зейнолла Қабдолов кей сәттерде бұрынғы ауылдас достарын қимай, қипақтағанымен, олардан азаматтығы әлдеқайда биікке көтерілген, бүкіл халықтың кемеңгері болды», — деп жазып еді. 28 қаңтар. Сенбі. Зекең тағы ерте бесте оянды. Мен сыртқа шығып, есік алдының қарын күредім. Бұл біздің бала кезімізден қалған дағды. Күртік қардан малға ықтасын жасайтынбыз. 2 ақпан. Бейсенбі. Зекең де көңілді. Тұруға ниеті бар, бірақ, әлі жоқ, буыны бос. Бүгін «Ана тілі»газетіне Смағұлдың «Ай сәулесі алысқа түседі» деген мақаласы шықты. Смағұл баламыз ағынан жарылып, «Ақбоз үйдегі» басты кейіпкерлерін Зекең мен менен алғанын да айтыпты. 5 ақпан. Жексенбі. Алтыда оянды. Зекеңді бір сағат төсегінде отырғыздық. Бір банан бердім. Сегізге қарай тамағын дайындап әкелсем, ұйықтап қалыпты. Оның алдында көзін ашып жатқан. «Нені ойладың?», — десем, «Сені ойлаймын», — дейді. Мен күлдім. 6 ақпан. Дүйсенбі. Зекең сағат алтыда оянды. Мен тұрып жеңіл тамақ бердім. Сағат сегіз шамасында Бақыт Зекеңді отырғызып еді, судорогі басталды. Көзі де бір түрлі ауып кетті. Дереу қан қысымын өлшесек, 170/80 болды. Жарты престариум беріп, «Жедел жәрдем» шақырдық. Ол келгенше сағат он болды. Кардиограмма жасады, өзгеріссіз. Қан қысымы — 140. Уколдан мен бас тартып едім, Зекең өзі сұрады. Сөйтіп, димедрол, аналгин салды. Аздап жүрегі айныды. Бірақ қорқыныш жоқ. Сөйтіп жатып, өлең жолдарын айтады... Алтын айдай ақ Сәулешім қасымда, Жүріп келем өзен бойын жағалап, — дейді Зекем. Мен «Зекем-ау, үйдің айналасын жағаласақ та жетеді», — деймін. Күндізгі үште тағы капотен бердім. Тамақ ішпеді, шөл де шөл. 7 ақпан. Сейсенбі. Бір қарбалас күн болды. Алдымен дәрігер Мәдина келіп қарады. Өкпе, жүрегі жақсы, қан қысымы — 140/80. Одан Әбе, Ажар келді. Одан Ермек пен Айгүл келді. Олар отырмай, есік алдында тұрды. Зекең тесіле, ұзақ қарады. Үндемеді. 10 ақпан. Жұма. Таңғы алтыда шай бердім. Түнгі екіде оянып, жуындырып, қайта жатқыздық. Қазір ұйқыда, сағат сегіз кезі. «Ана тілі» газетіне Маржанның (Ершуова) екі өлеңі шығыпты. Зекең мен Имашқа арналған. Қыздың өзі сондай сұлу көрінді. 11 ақпан. Сенбі. Үйде Зекең екеуміз. Аяқ астынан қан қысымы көтерілді. 190/100 болды. Дереу «Жедел жәрдем» шақырдым. Укол салып, жүз елуге түсірді. Өлу деген онша қиын емес екен. Бір қатерден өттік. 13 ақпан. Дүйсенбі. Дәрігер Мәдина келіп, қан қысымын өлшеді. 150/70. Тамағын ішті. Шпрот, салат, крес салат, каша (пшено), екі тілім қазы жеді. Мармелад, зефирмен шай ішті. Еш жеріне мазасызданбайды, демек ауырмайды. Бірақ, қимыл жок. Түнімен Туриндегі Олимпиада ойындарын қарады. Таңғы төртте ұйқыға кетті. Қан қысымы — 140/80. 16 ақпан. Бейсенбі. Сағат күндізгі он екі. Зекең әлі ұйқыда. Түнде Туриндегі шайбалы хоккейді көрген, содан болуы керек. 17 ақпан. Жұма. Бақыт жұма намазында. Зекеңнің қасында ертеден түнгі онға дейін отырдым. Қалжырап барып жаттым. Осы күйімізге де шүкіршілік, тәубе. 19 ақпан. Жексенбі. Зекең ұйқыда. Бір оянғанда газет сұрады. Бере алмадым. Биылғы газеттерді Ғарифолла қолға тигізбеді. Үйдегі екі үш газетті («Ана тілі», «Жас Алаш», «Ақшам») Серік әкелмеді. Сөйтіп, Зекеңнің бұл талабын орындай алмадым. Күн қар аралас жаңбырлы. Соған қарамастан қан қысымы — 130/70. 20 ақпан. Дүйсенбі. Зекең түнгі үште оянды. Содан беске қарай ұйықтап, он бірде оянды. Қысымы — 140/80. Дәрігер Гүлжан Жақыповна, одан реанимация дәрігері Ахат Әминович арнайы келіп, Зекеңді қарап кетті. Риза болды. Бірақ өзі қозғалуын қадап тұрып айтты. 21 ақпан. Сейсенбі. Зекең ерте оянды. Тамағын ішті. Қазіргі рационының түрі: балық (судак), қара уылдырық (осетра), кілегейге шылаған талқан, банан, крес салат, қазы, зефирмен шай, қымыз, аздап сыра. Ыстық сорпаны сараң ішеді. Түсте Әбе келіп, Зекеңнің сөзіне де, көзіне де риза болып кетті. Екі аяқтының бәрі осы кісідей болса ғой... 23 ақпан. Бейсенбі. Бәрі дұрыс келе жатыр. Атырауға Амангелді Селбаев інімізге хабарластым (Зекең алдында рұқсат етпеген. «Сәуле апай сұрамсақ екен» деп қалады ғой деп). Беретін судак таусылды. Әбекең де телефонда жайымызды сұрап, қуанып қалды. Жайсаң адам. Сардардың координатын біледі екен, тез арада самолетпен жіберетінін айтып, қуантты. Ғажап адам! Екі аяқтының бәрі осы кісідей болса ғой... 24 ақпан. Жұма. Бақыт жұма намазында. Өткен түнде Сардар Әбекеңнің (Амангелді Селбаев) салған посылкасын аэропорттан алып келді. Он килограмм судак филе, он жартылық (100 гр.), жаңа қара уылдырық. Рахметімді жаудырып жатырмын. Келе сала көксеркені Зекеңе қуырып бердім. Дәмі қандай шіркіннің. 25 ақпан. Сенбі. Зекең кеше сүйреме сұрады. Өз аяғымен әжетханаға барғысы келді. Мен осы ұмтылысын Әбеге (Нұрпейісов) айтып едім: «Басқа ешкімге айтпа, қашан тұрып кеткенше, бұл жақсылық екен», – деді. Смағұлдың «Ақбоз үйін» бітіріп, бетін жаптым. Бірақ бәрімізді тірі қалдырмайды бұл бала, ішінде өзі де бар (Пахрадин, Сырға, Едіге). 27 ақпан. Дүйсенбі. Зекеңнің ажары жақсы (тіфә-тіфә!). Таңертең беті-қолын жуып, аузына, мұрнына өзі су тигізді. Жиырма минут отырғыздық. Қан қысымы — 120/60. Зекеңе қалам, қағаз ұстаттым. Бірақ жазбады. Ғарифолла (Әнес) хабарласып, енді он бес газет-журналға жаздырғанын, оны бірінші наурыздан алатынымды айтты, бізді қуантып тастады. 28 ақпан. Сейсенбі. Абылай немере «Алтын сақа» сайысына қатысып, сыйлыққа магнитофон, сағат, шай алыпты. Атасына арнап Бауыржан Жақыптың өлеңін жатқа айтып берді. Бәріміздің жүйкеміз босады. Баламызға дәстүрлі ырымын жасап, Бақытты да үйіне жібердік. 1 наурыз. Сәрсенбі. Зекең жақсы ұйқыда. Түнгі он екіде ұйықтағаннан таңертеңгі сағат сегізге дейін оянбады. Есік алдына бес- он минут шығуға да уақыт таба алмай отырмын. Түнде Президенттің сөзін тыңдаған. 2 наурыз. Бейсенбі. Түн ұйқысы тыныш. Жетіде оянды. Төсегінде бір сағаттай отырды. Содан басы айналды ма, «Мені жатқызыңдар» деді. Кеште Атыраудан Сүйіншібек келді. Санжар хабарласып, «Бекең (Берік Қорқытов) әл үстінде» деді. Оны Зекеңе білдірмедік. Сүйіншібекке Арынды (Дарынның тұңғышы) қатты тапсырдым. Қолдан келгені осы болды. 5 наурыз. Жексенбі. Сегізде оянды. Тамағын тоғызда ішті. Бақыт көтеріп, төсегіне отырғызды. Мен қолына су құйдым. Өзі аузы-мұрнын шайып, бетіне су тигізді. Кәдімгі алғашқы адамдай қолдары жұғыспайды. Тұрғысы келеді, киінгісі келеді, талпыныс бар. Бар арманы — өз аяғымен әжетханаға бару. 7 наурыз. Сейсенбі. Таңғы бесте оянып, мені шақырды. Бір сағат отырып, қол-аяғын уқаладым, бір банан жегіздім. Содан ұйқыда. 8 наурыз. Сәрсенбі. Әйелдер мейрамы. Құттықтауға Имаш келді, қасында Жүнісбек, Серік Сейдуманов бар. Қаладағы «Француз үйінен» сыйлық әкеліпті, оны Клараның атынан ұсынды. Бір құшақ ақ гүлді беріп жатып айтқаны: «Зекең кәзір гүлге бара алмайды, сондықтан, апайды құттықтау үшін гүлге мен бардым», — деді. Біраз отырғаннан кейін кетерінде Зекеңе қарап: «Не тапсырыс бар?», — деді. Мен тұрып. «Тапсырысты өзі айтсын, ең бастысы деніңе саулық тілеудемін», — дедім. Зекең де соны айтты. Бәрі күліп, жеңілденіп қалды. Сірә, жүздеріне қарағанда бір күрделі іс тапсырады деп ойлады ма, білмедім. 9 наурыз. Бейсенбі. Балалар қалада, екеуміз үйдеміз. Оқитын газеттер көп, бірақ сапасы аз. Соның ішінде «Жас қазақ» тәуір сияқты. Редакторын біле алмадым. Құттықтаушылардың бірі де бірегейі де Сафи (Өтебаев) аға тоқсаннан асса да тың, сөзі ширақ. Зекеңе дәрігер келді. Қысымы — 110/70. Есік алдына жиырма минут арбаға отырғыздық. Сорпадан басқа тамақты жақсы ішеді. 15 наурыз. Күн бұзылып, алдымен жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Зекеңнің рұқсатымен калаға тіс дәрігеріне қаралдым, оған екі сағат уақыт кетті. Келсем, Зекем жоқтап жатыр екен. Мені көріп, балаша қуанды. Неге екенін білмеймін, екеуіміз де жыладық. 17 наурыз. Жұма. Екеуміздің де қан қысымымыз көтерілді. 180/80. Престариум ішіп жаттық. Түні тыныш. Атыраудан келген Мұсекең хабарласты. Көзіне операция жасатып кеткелі жатыр екен. Бізге соға алмады. Хатиманы да аядым. Баяғы Дарын қайтыс болғандағы жағдай бұлардың да басына түсіп тұр. Ойым Хатимаға сәлемдеме беру еді, оның да реті келмеді. 18 наурыз. Сенбі. Зекеңді дәрігер қарап, жақсы деп кетті. Бірақ, өздігінен қимыл жоқ. Сол ойландырады. Кешкі сегіз шамасында «тұрамын» деп киімін сұрады. Дереу Бақыт екеуміз киіндіріп, коляскаға отырғыздық. Столға жақындатып, тамақ бердік. Әсіресе, шайды жақсы ішті. Түнгі ұйқы да тыныш. 20 наурыз. Дүйсенбі. Арын Қабдолов үйленетін болып, Атыраудан келіншегімен бірге атасының батасын алуға келе жатыр. Соған байланысты қаладағы үйге барып, керекті нәрселерді алып келдім. (неке сақинасы сияқты). Гүлфара келін пысықтау екен, бұлар дұрыс тұрмыс құрып кетер деп ойлаймын. 21 наурыз. Сейсенбі. Зекеңді бүгін жуындырып, төсек орнын жаңалап, жылды қарсы алғалы отырмыз. Ескіше жыл басы. Құдайым бір жақсылығын берер. Кеше Имаштан, Бақытжаннан құттықтау алдық. Қала әкімшілігі мені жаңа алаңға, думанға шақырыпты. Арнайы шақыру жіберіпті, рахмет. Бәрі тоқпақтың ықпалы ғой. Жүріс-тұрысы — аумаған Зекең 22 наурыз. Сәрсенбі. Бұл күн — Ұлыстың ұлы күні. Зекеңнің көңіл-күйі де көтеріңкі. Ауа райы құбылып тұрған соң, екеуіміз де дәрі іштік. 31 арнадан тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының алтыншы рет берілу рәсімін көрсетті. Мұхтар Мағауин Зекең туралы лебізін білдірді. Сыйлық алу үшін Сардар жұрт алдына салмақпен шықты, салмақты сөз сөйледі. Жүріс-тұрысы — аумаған Зекең. 24 наурыз. Жұма. Күн жақсы. Қан қысымы қалыпты. Зекеңнің бүкіл ойы арманы — әжетханаға бару. Аяқ киімін, шалбарын сұрап, тұруға әлектенеді. Оған денесі көнбейді. Бірақ, ұмтылыс бар. 26 наурыз. Жексенбі. Күн бұлыңғыр. Зекеңді далаға шығара алмадық. Газеттер келді. «Егемен Қазақстанға» Сауытбектің Президентпен сұхбаты жарияланған. Түгел қарап, Зекеңе оқып бердім. Бұл кісі сұңғыла адам ғой, тыңдаушысын иландыра біледі. Бір мақалын жазып қояйын; «Тоқсан тоғыз пәле бар, жүз жақсылық және бар» дейді Нұрекең. Тың мақал! 27 наурыз. Дүйсенбі. Дәрігер келіп қарап, Зекеңді жақсы деп кетті. Біз де қуандық. Кешке қарай Әбе мен Амангелді (Селбаев) келді. Әбекеңнің баласы Исатай үйленеді, тойға шақыру. Жақсы ниет. Олардың көзқарасы: «3екең оңалған. Ажары, көзқарасы жайнап жатыр» деді. Біз де мәз болдық. 28 наурыз. Сейсенбі. Қан қысымы дұрыс, ұйқысы жақсы, бірақ, ауа райы қолайсыз болып тұр. Қан қысымы — 130/70. Бірақ, сөзі өте баяу. Басын ылғи сол жағына бұрып жатады, бірдеңе тартып тұрғандай. 29 наурыз. Сәрсенбі. Түс кезінде Әбе хабарласты. Қан қысымы көтеріліп (170/80), келе алмайтынын, одан термен түсіргенін тәптіштеп айтып жатыр. Сұңғыла адам ғой, «Беларан» деген жерде қауым бар, соған өзіме белгі қойып едім, жері құмды екен, соған енді бір машина тас өргізем, барар жерім сол болады», — деді. Осыны Әбекем сонша ықыласпен айтып отыр. Бір машина тасты Қырымбекке айтып, Ақтаудан алдырмақшы. Өзі жолға, Россия жаққа бара жатыр. «Майға қарсы келемін», — деді. Мен осы Беларан туралы бұдан бұрын Мырзанның жазған өлеңінен оқығанымды айтқанда Әбе қатты ренжіді. «Ешкім білмесін деп едім, ол не істеп жүр?», — деп қалды. 31 наурыз. Жұма. Зекең ұйқыда. Бақыт мешітте. Аяғым өте ауыр қозғалады, тас байлап қойғандай. Зекең оянып, газет қарап жатыр. Онда Қ.Жұмаділов пен С.Тұрғынбековтің мақаласы бар. 1 сәуір. Сенбі. Президенттің «Қазақ әдебиеті» газетіне (№12. 24.03.06.) берген сұхбатында қаламгерлердің аты, шығармасы аталады. Зекең туралы еш жерде айтылмайды. Бұндай жазушы бұл дүниеде болмаған сияқты. Қатты налыдым, Зекеңе білдірмедім. Ол газетті де бермедім. Жалған дүние-ай. 2 сәуір. Жексенбі. Зекең бүгін көңілді. Залға шығардық, столда тамақ ішті. Күн жауып тұр. Қан қысымы қалыпты. 3 сәуір. Дүйсенбі. Көп түс көрдім. Соның бірінде Ғалым немере жайсыз көрінді. Сорлы бала бірдеңеге ұрынған жоқ па деп ойлап отырмын. Түсте Оралдан Ақұштап хабарласты. Асау да тентек қыз, Зекең жатқалы хабарласуын үзбейді. «Таң-Шолпан» журналының бірінші санының бесінші бетінде Хамитбек Мұсабаевтың «Зейнолла Қабдоловқа» деген өлеңі шығыпты. Мынадай жолдар бар: Сан қиқарды түзетті ғой тезіңіз, Елге мұра – сіздің асыл сөзіңіз. Жазушы да, ғалым дасыз Бірақ та, Нағыз ақын, абыз ақын өзіңіз!.. 6 сәуір. Бейсенбі. Таңғы төртте ояндық. Атыраудан келген Қадырды (Жүсіпов) Сардар әуежайдан күтіп алды. Зекеңмен амандасып, таңдамалы шығармаларының 3, 4, 5 томдарына кіретін материалды реттеу үшін келген екен. Дереу қаладағы үйге бардық. Зекеңнің кабинетіндегі кітаптарды қарап, «Сырды», «Жебені» алып, өзінің дайындап, белгілеп қойған жерлерін тауып, көп томдыққа жарайды деген материалды іріктедік. Уақыт тығыз. Зекеңе асығып, Қадырды қалдырып келсем, дәрігер Гүлжан Жақыповна қарап жатыр. Жағдайы жақсы, қан қысымы — 120/70. 7 сәуір. Жұма. Түсімде Әбе (Нұрпейісов), Гераға (Бельгер) Ақмаралды (келін) мақтап жатыр. «Сондай инабатты, Сәуленің алдынан қия өтпейді, не айтса да, мөлдіреп қарап тұрады», — деп. Қуанып кетіп, таңғы жетіде осы жолдарды жазып отырмын. Қадыр «Санат» баспасындағы Серікпен (Әбдірайымов – баспа директоры) кездесіп, сол жерге Рахымжан да (Отарбаев, жазушы) келіп, 3, 4, 5 томдарды шығаратын болып келісіпті. Қадыр материалды іріктеп апарған. 9 сәуір. Жексенбі. Таңертең Мереке, Рахымжан келді. Тағы кітап жайлы сөз болды. Зекең біраз сөйлесті. Мереке массаж жасайтын жігітті әкелетін болды. 10 сәуір. Дүйсенбі. Сағат жеті. Зекең ұйқыда. Түнде қайта-қайта оянып, мені шақырды. Ойына әлденелер келген болуы керек. Оны күлімсіреп Зекем айтты да. Серік баламды туылған күнімен құттықтадым. Түс... Таңғы түсімде Имашты, Клараны, мамасы Ділдәні, тіпті, баласын да көрдім. Имаш маған духи ма, вино ма, бірдеңелер беріп жүр. Ал Ділдә екеуміз біздің үйдің балконын босатып, жиыстырып жүрміз. Қар жауып тұр. 11 сәуір. Сейсенбі. Аяғым өте ауыр қозғалады, қысқасы жүргісі келмейді. Зекеңе дәрігер, массажистка келді. Кеше Гүлбараш (Байтоғаева – Базарбаева) хабарласып, көрген түсін айтып жатыр. Түсінде Зекең екеуі келе жатыпты. Бағыты — Мүсекеңе (Мүсілім Базарбаев) бару. Бірақ Гүлбараш өз үйін таба алмапты. Зекең Мүсекеңе жолыққысы келіп іздейді. Бірақ екеуі кездесе алмапты. 12 сәуір. Сәрсенбі. Сағат төртте Зекеңді есік алдына шығардық. Көршіміз Райхан келіп, Зекеңді көріп, жылап, бүлініп қалды. Зекең де көзіне жас алып, Өмірзақты (Сұлтанғазин) еске түсірді. 15 сәуір. Сенбі. Зекең түнгі үште оянып, қымыз сұрады. Мезгілсіз уақыт, аяғым бастырмайды. Сүйретіліп зорға тұрып, жылытып, қымыз бердім. Су қосылса да Розаның қымызын сүйсініп ішеді. 16 сәуір. Жексенбі. Зекеңді коляскамен есік алдына шығардық. Зекең жан-жағына қарап, үнсіз отырды. Мен сампылдап көршімді атап, үйлерін көрсетіп, сөйлеп отырмын. Зекең не ойлады екен? Осы есік алдында кешкі салқынмен екеуміз талай отырып едік, соны ойлады ма екен?! Кешке қарай Бақытжан (Жұмағұлов), Төлеген (Қожамқұлов) ректор келді. Зекең екеуімен жарқын әңгімелесті. Төлеген биыл алпысқа толады екен. Бақытжан оның жаңа кітапхана жасатып жатқанын айтып, «достойный» деді. Зекең тұрып, «ол аз, в надежных руках» деді. Екеуі де риза болып, аздан соң кетіп қалды. Зекең делебесі қозып: «Тойға бізде барайық!» деді 17 сәуір. Дүйсенбі. Зекеңді есік алдына жарты сағатқа шығардық. Күн жылы, 26 градус. Әбе келді. Бір күнге Атырауға Селбаевтардың тойына барып қайтатынын айтты. Зекең де делебесі қозып, Әбеге: «Біз де барайық» деп қалды. Қайран көңіл-ай, ішімнен жылап отырмын. Әбе сібірлеу адам ғой, жай күлді де қойды. Содан біздің үйдің айналасына гүл егуге келген қызға жабысты. Жарты сағатқа өз үйіне гүл егуге кеңес сұрады, қайта алып келетінін айтты. Әбе алдында тамақ ішуге келдім деген соң Ақмарал судак пісіріп, шәй дайындап қойған. Әбе қызбен кеткеннен қайтып оралмады. Баяғы күндеріміз болса, Зекең екеуміз біраз әңгіме құрастырып, күлкіге батар едік. Ол әңгіме Имашқа жетсе, одан әрі құрастырып, біраз әңгіме жасар еді... Өмір-ай, әттең... Осы күні дүниеге тағы бір шөбере келіпті. Ол — Айдын Арынұлы Қабдолов. Атыраудан Санжар хабарласты. 21 сәуір. Жұма. Қол тимейді. Зекеңнен сәл босай қалсам, жатқым келеді. Газет оқу да бір «ауру» болды. Кеше дәрігер Гүлжан Жақыповна келіп, «Өкпесінде сырыл бар» деді. Сондықтан, қимыл керектігін айтты. Күн жылы. Зекеңді күнде есік алдына жарты сағатқа шығарамыз. Еңсесін көтеріп, жақсы отырады. Неше күн ойланып, Зекеңнен сұрап алғандай сөздерді жазып, Атырауға телеграмма жібердік: Ардақты Амангелді, Сәния! Исатайдың тіккен жас отауының босағасы берік, іргесі мықты, іші құтты болсын! Ағаң Зейнолла, апаң Сәуле Қабдоловтар. 23 сәуір. Жексенбі. Кенжетай мен Күләшті шақырдық. Бұлар Эдинбургтен артынып-тартынып келді. Сардар айналайын алып келді және үйіне апарып салды. Осындай қас-қабағыңа қарайтын балаңның болғанына да шүкір. 24 сәуір. Дүйсенбі. Күн желкем. Зекеңді сыртқа шығармадық. Төсегінде аз-маз отырды. «Ақшамда» Имаштың жиырмасыншы сәуірде университеттегі Студенттер сарайында сөйлеген сөзін беріпті. Соны және Зекеңе де тиісті жерін оқып бердім. Зекеңді аузынан тастамайды-ау. Зекең көзі жасаурап, риза болды. 25 сәуір. Сейсенбі. Зекең ерте оянды. Төсегін жаңалап, бір қырынан жатқыздык. Осы түнде тағы да түс. Зекең екеуіміз құмды кешіп, теңіз суында келе жатырмыз. Смағұл кездесіп, бір қолжазбасын сұрайды. Дауысы естіледі, ал өзі көрінбейді. Кемшілігін сақалымен жауып жатты... 27 сәуір. Бейсенбі. Зекең жетіде оянды. Түс көрді ме, бірден Абзалды әңгімеледі. Одан, кімдер бар, кім қалды деп сұрады. «Тахауи кетті ғой. Табытта жатқанда кемшілігін сақалымен жауып жатты», — деді. Одан, кейін Хамаң, Мұсекең, Әбекеңді есіне алды. Көңіл-күйі әрі-сәрі, соған қарамастан Бақыт Зекеңді төсегіне отырғызып, арқасын сипады. Кешке есік алдына шығардық, бір сағаттай отырды. Осы күні (21-27 сәуір) «Қазақ әдебиеті» газетінің 16-шы санында Шериаздан Елеукеновтың «Әттең, дүние» деген филологиялық романы шыққан. Шекең: «Зейнолла Әуезовтің дәрісін тыңдаған, көп жылдар бойы ұлы адаммен университетте, педагогикалық қызметте бірге істеген. Сол уақыттағы көрген-білгені, сырласқан сәттері арқылы заңғар суреткердің кемел шағындағы келбетін көз алдыңа әкеледі. Роман-эссенің поэтикасы ұтырлы жаңалығымен көзге түседі. Ол жайында пікірлескісі келгендер кітабым басыла қалса, содан оқи жатар», – депті. 28 сәуір. Жұма. Шаршап ерте жаттым. Көп газет келген, оқи алмадым. Түнімен түсімде Жаңылды (Шекең Елеукеновтің әйелі) үш рет көрдім. Бірінші ретте, бірге суға түсіп жүрміз. Екінші рет, оқуға түсетін қызды Шекең арқылы тапсырып жүрмін. Үшінші рет, есігінің алды қап-қап тары, сол тарыдан маған бергелі жүр. Жарықтық Жаңыл желеп-жебеп жүрген болар деп ойладым. Бүгін күн жұма, нан пісірдім. Жаңыл өзі асқақ, өр әйел. Бірақ, маған келгенде сызылып: «Сәке» деп тұрушы еді. Он алты түрлі газет аламыз. Көбін шала қараймын. «Алматы ақшамы» қала әкімінің студенттермен кездесуі туралы жазыпты. Онда Имаш айтқан тәмсіл: «Бір күні Эйнштейннен сұрапты: «Сіздің интелектіңіздің басқа адамдардан ерекшелігі неде?» – деп. «Ел бір мая шөптің ішінен ине іздеп тауып алғаннан кейін, көбі іздеуді доғарады. Мен болсам, жалғастыра берем, сөйтіп, екіншісін, үшіншісін тіпті, ұнап бара жатса, төртінші, бесіншісін тапқанша тыным таппаймын», — депті. Меніңше, бұл Имаштың өз ойы. Қазақта «Оқу-білім инемен құдық қазғандай» деген сөз бар ғой. Имекең соны айтып отырған сияқты. Ұтымды сөз. 30 сәуір. Жексенбі. Кешке қарай Әбе мен Смағұл келді. Әбе Зекеңді шаршатып аламыз деп бәйек болады. Сәкен серінің өліміне қиналдық. Осының алдында ғана сұхбат беріп отырған. Тың болатын.

Зейнолла Қабдолов — сексен жылға жуық ғұмырында тек жақсының жақсылығын асырып, жаманның жамандығын жасырып, жұртқа жылы сөзін ғана арнаумен өткен адам. Сұлу сөзбен сурет салып, саналыға сәуле құйған Зекеңнің бүкіл болмыс-бітімі осы күнделіктен де айқын көрінеді. Ғибраты мол ғұламаның ақ пейілін, дархан көңілін, жайдары жүзін, мәрт мінезін, салиқалы сөзін, тосын тіркестерін сағынсаңыз — Сәуле апайдың түн қатып отырып жазған осы күнделігіне зер салыңыз.

4834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы