• Тұлға
  • 24 Қараша, 2016

Қазақ боксының атасы

Алпыс сегізінші - мешін жылының шілде айы болатын. «Лениншіл жас» газеті редакциясында жұмыс істеп жүрген кезім. Іссапардағы әріптесім Өмірзақ Жолымбетов­тен нөмірге салатын хабар күтіп отырған сәтім еді. Кенеттен алдымдағы қара телефон шыр ете қалды. Көтерсем республикалық «Спорт» газетінің редакторы Сматбек Төребеков екен. Сәкеңнің кейде ойдағы-қырдағыны сұрап, ұзақ амандасатын әдеті бар-ды. Бұл жолы да біраз аман-саулық сұрасып, шер тарқатқан соң: – Жүсіп пайғамбар (Кейде мені ­солай атайтын. Ж.Х.) сүйінші. Сүйінші бересің бе? – Аға, әуелі айтсаңызшы? Не үшін? – Жо-о-оқ, сүйінші бересің бе, бермейсің бе? – Мақұл, ағаның-ақ айтқаны болсын, беремін. – Ай, айналып кетейін ақылың бар ғой. Сен ертең түсте «Спорт» кафесіне кел. Сол жерде бір ағаңмен таныстырамын. Ал сүйіншің бар болғаны түскі ас. – Аға, айтсаңызшы құпиялап отырған бейтаныс жаныңыз кім? Қай­дан келді? – Айтпаймын. Жаңағы келіскен уә­деңде тұр. Оңай құтыласың, қу бала. Кез­дескенше сау бол, – деп трубканы қоя салды. – Бұл кім болды екен? Өз ағала­рымның ешқайсысы Смекеңді танымайды. Әрі келсе ең әуелі менімен хабарласады ғой. Не болса да Алматы қаласында тұратын зиялылардың бірі шығар деген ойға тоқтап сабама түстім.

Келіскен уақыттан екі-үш ми­нуттай ерте келсем, ашық алаң­ның көлеңкелеу жа­ғындағы столға Смекең мен қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы жайғасыпты. Амандасып болған соң тапсырыс беріп, әңгімелесіп отырмыз. Танысатын ағам қашан төбе көрсетер екен, – деп жан-жағыма жалтақтап, қайта-қайта қарап қоямын. – Шоқа, мынау Жүсіп деген жігіт. «Лениншіл жас» газетінің қызметкері. Біраздан Алматыда тұрады. Сізге інішек болып келеді, – деді бір кезде Семкең. Мен іштей «Смекеңнің ағаң дегені Шоқаң екен-ау. Бұл кісіні бұрыннан танимын ғой» – деп таңдандым да қойдым. Шоқыр Бөлтекұлын біреулер Маң­ғыстаудан, біреулер Түрікмен­стан­нан деп айтып жүретін. Осы жағын анықтап алудың мүмкіндігі туған соң: – Ағасы, қай жерде туып өстіңіз, – дедім. – Жүсіп, менің өскен жерлеріме тоқ­талсақ, ол бір-екі күндік әңгіме. Туған жерім Гурьев облысының Маңғыстау ауданындағы Сарықауақ деген шағын ауыл. Әке-шешеден ерте қалып, аз-маз оқыдым, – деді де қайтадан ойға шомды. Қанша іштартып суыртпақтатсам да бұдан әрі әңгімелесуге зауқы соқпай отырғанын байқадым да, «тағы бір реті болар» деген ниетпен ағамызды мазалаған жоқпын. Түстенгеннен кейін стадионның оңтүстік бетіндегі «Спорт» газеті редакциясына келдік. Шоқаң көп кідірген жоқ. Сәлден соң үйге барамын деп кетуге ыңғайланғанда Смекең: – Машина шақыртайын, апарып салсын, – дегенде Шоқаң: – Рахмет, әуреленбе Сматбек. Өзім ба­рамын, – деп қош айтысып шығып кетті. Смекең маған: – Көрдің ғой ағаңды. Өте қа­рапайым. Мәй­мөңкелеп сөйлеп, қандай лауазым иесіне де жағым­паз­дануды білмейді. Атақ-даңққа, мақтау сөзге, шен-шекпенге қызыққан емес. Ондайға мән бермейді де. Сен дұрыс істедің, о кісі үсті-үстіне сұрақ қойып, мазалағанды жақтырмайды. 1950 жылдан бері бірге жүрген шәкірті менімен де, ағыл-тегіл әңгімелесе бермейді. Айға жуық соңы­нан қалмай жүріп, бір мақалалық деректі әрең аламын. Бокс әлеміндегі даңқы күндей күркіре­ген ағамызбен алғашқы дәмдес болуымыз осылай өтті. Енді қазақ боксының атасы Бөлтекұлын көрген жерде сөзге тартып, бірер сұрақтан беріп дерек жинау тәсіліне көштім. Бірақ онымен де тындырғаным шамалы еді. Тоқсан бірінші – қой жылы Қа­зақ­стан Республи­ка­сының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Әбденәлиевтің бокстан Ел құрама­сының бас бапкері болғанын естігенде, әрбір сөзі шыңырау түбінде жатқан ағамыз ерекше толқып, қуанып, әдеттегі тұйықтық бұлтын сәл-пәл ыдыратып, шешіле сырласты. – Өмір бойғы темірқазығым – біреудің ала жібін аттамау, адалдық пен тәртіптің құлы болу. Қолғап киген бар шәкірттерімді баулығанда «олай ұр, былай ұр» деумен шектелген емеспін. Қолымнан келгенінше саналарын сәулелендіріп, ізгілік шарапатымен де сусындатып, бойларына тереңірек сіңіруге тырыстым. Олардың әрқайсысын тәрбиелеуге бар қуатымды, ынта-жігерімді, алтын уақытымды сарп еткен жанмын. Оған ешқашан өкінбеймін де. Осындай қағидаларды зердесіне мықтап тоқығандардың бірі, өзімнен тәрбие алған тұңғыш спорт шебері Серік Әбденәлиев. Шәкірттерімнің ішінен Ескендір Хасановтан кейін құрама тізгінін ұстаған Серікке ризамын. Тағы бірдеңені сұрағың келіп отыр-ау, – дей келіп, ерекше толғаныспен өмір жолы жайлы біраз әңгімеледі. Шоқыр тоғыз жасында қазіргі Форт-Шевченко қаласында мектеп табалды­ры­ғынан аттапты. Бес-алты шақырымдай жерден қатынап оқығанына қарамастан, үлгі­лілер қатарынан көрінеді. Ол сонымен қатар, сурет салуға деген ерекше икемдігін танытқан. Қазанның түп күйесін пайдаланып жартасқа қайықшыларды, қаламмен кластастарын, құм үстіне жануар­лар суреттерін айнытпай салады. Жас баланың осындай талантын байқаған мұғалімдер, оған суретшілер даярлайтын арнаулы оқу орнына бару жөнінде кеңес береді. Ұстаздар ақылымен Ш. Бөлтекұлы 1932 жылы Баку қаласындағы суретшілер училищесіне түседі. Училищені тәмам­дауға екі айдай қалғанда Мәскеуден Петров ­деген ұстаз келеді. Ол математика маманы, әрі боксшы екен. Жаңа өнер Шоқырға бір­ден ұнайды. Бірақ оқуды аяқтағалы жат­қан балаларды секцияға қатыстырмай қойған. Қазақтың қаршадай баласы салған суреттер, ұстаздар көңілінен ­шы­ғып жүрді. Олар таңдаулы үш шәкіртке ­ше­берліктерін ұштай түсу үшін, оқуларын Мәскеу немесе Киев қалаларының бірінде жалғастыру жөнінде ұсыныс жасайды. Сол таңдаулылардың қатарына іліккен Шоқыр Киевті қалады. Украина астанасына келіп көр­кемсурет институтына орналасты. Бакудегі жоғары бағалары мен комиссияға тапсырған суреттері қабылдаушылар көңілінен шықты. Ол алғаш сабаққа барған күннен бастап, бокс бапкерін іздеді. Ақыры осындағы бапкер И.Ивановтың секциясына жазылады. Аптасына үш рет жаттығу, Шоқыр үшін ешқандай қиындық туғызған жоқ. Бес айдан кейін жаңадан үйренген­дер арасында жарыс ұйымдасты­ры­лады. Шоқыр үш қарсыласпен шығып, бәрінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жас талапкердің аяқ алысын байқаған бапкер, енді оны үшінші және екінші разряды бар спортшылармен шайқастырып көрді. Мұнда да қазақ жігітінің тегеуріні мықты екендігі байқалды. Иван Конс­тантиновичтің шәкірттері Киев, Львов, Харьков қалаларындағы жоғары оқу орындары студенттерімен көптеген жолдастық кездесулер өткізді. Соның бәрінде де Шоқыр Бөлтекұлы жеңіске жетіп, ұстаз мерейін өсіре түсті. Шеберлігі күн санап өсіп келе жатқан шәкіртінің оқуын бітірер сәті жақындаған сайын Ивановтан маза кете бастады. Бірде кезекті жаттығудан соң Шоқырды жеке шақырып алып: – Салған суреттеріңді Матвей ­Никифорович Петренко мақтады. Ол талабы өте жоғары ұстаз. Осы айтулы әріптесімнің өзің жөніндегі пікіріне қуанып қалдым. Рингтегі шәкірттерімнің арасында сенен асқан спортшы жоқ екенін көріп жүрсің. Киевте тағы екі-үш жылдай еңбек етіп, рингтегі шеберлігіңді ұштай түссең дұрыс болмай ма? – деді. – Сіздерден үйренгенім көп-ақ. Өздеріңізге әрқашанда қарыздармын. Бо­йымдағы бар өнерім үлкен бұл­қы­ныста. Сол байлықты қазақ балала­ры­ның бойына дарыту арманым, – деді. – Жарайды, саған өкпем жоқ. Боксқа өзіңнен әлдеқайда бұрын келген жігіттердің талайын жолда қалдырып, менің еңбегімді де елге паш еттің. Жаңағы айтқандай ізгілікті арманың болса, іске сәт, бірақ бізді ұмытпа, – деп аса мейірімділікпен шәкіртінің арқасынан қақты. Маңғыстаулық жас жігітке Баку де, Киев те жасыл қала ретінде көрінген болатын. Украина астанасындағы көздің жауын алатын гүлзарлар ерекше әсер берген еді. Ал Алматы жасыл желегі жағынан аталмыш қалалардың екеуінен де асып түсті. Аспанмен таласқан зәулім теректер, көше бойы өсіп тұрған алма, алмұрт, өрік, шие ағаштары. Қаласаң үзіп ал да жей бер. Тура ертегілер еліндегідей. Арықтардағы мөлдіреп аққан бұлақ суының үні, бейне бір арулардың жанға нәр құятын күлкілеріне ұқсас. Бәрі-бәрі жігіт көңілін самғау биікке көтеріп, арманның тәтті нәрімен сусындатты. Сол кездегі қала халқының жиналып қымыз ішіп, әңгіме-дүкен құрып, көңіл көтеретін орыны жергілікті базарлар еді. Біреулер барын бұлдап сатқанына қуанса, екіншілері қажетін тапқанына, әрі оны арзанға алғанына мәз. Сөйтіп, сатушы да, алушы да бір-біріне деген ризашылықпен қол алысып жатқаны. Сырттай қараған кісіге бұл бір, адамдар арасындағы қарым- қатынастың ғажайып көрінісі. Шоқыр да бұрын-соңды көрмеген құбы­лыс­тарды тамашалап, базар аралап жүрген болатын. Кенеттен бейжай кө­рі­ністі тіліп өткендей, шаң-шұң бола қалды. – Көмектесіңдер, ақшамды төлемей барады, – деп жан ұшырған әйел дауысы шықты. Жанайқайды құлағы шалған Шоқыр жүгіріп келіп: – Апа, не болды? – дегенде, әйелдер жарыса аптыққан күйі: – Мына пісте шағып бара жатқан екі жігіт қаймағымды ішіп, ақшасын төлемей кетті, – деді. Шоқыр оларға дереу барып ақшасын төлеңдер деген бойда, ұзындау сары қол жұмсауға ыңғайлана берді. «Шегінгені қошқардың жақсылықпен тынбайды» демекші, қас қағым сәтте не боларын сезген Шоқыр иектің астынан сақ еткізді. Ұзынтұра мұрттай ұшып, картоп толтырылған қапшықтың үстіне гүрс етті. Екіншісі қол жұмсап үлгерді. Бірақ жалт бұрылған Шоқыр соққы дарытпай, мұны да шықшыттан бір соғып, кескен теректей болып жатқан досының үстіне сұлатты. Осының алдында ғана одырайып жүрген базар «еркелері» бейшара күйде орындарынан тұра сала ақшаларын төлеп, таланған күшіктей мүсәпірсіп қақпадан шығып бара жатты. Шоқырдың айналасына бала-шаға, маңайдағы сатушылар тауарларын тастай салып, топырласып жиналып қалыпты. Бәлендей алып бара жатқан ерекшелігі жоқ жігіттің, еңгезердей екі дәуді шыбын құрлы көрмей жапырғанына елдің бәрі аң-таң. Туғалы бері мұндай ғажапты көрмеген қауым, бейтаныс жігіттің қолының аруағы бар ма деп тамсанады. Базардағы оқиға ауыздан-ауызға тарап, бокс бапкері Владимир Беля­ниннің құлағына жетеді. Ол ел арасындағы алыпқашпа сөзді жұрт не демейдіге жорымай, таусоғарды кездестіру мақсатында базар жаға­лайды. Ақыры Шоқырмен табысып, танысады. Белянин Санкт-Петербург бокс мектебінің түлегі болса, Шоқыр Киевтен. Сөйтіп, олар бірден тонның ішкі бауындай болып, Алматыда бокс мектебінің іргетасын қалай бастайды. Шоқыр жаңа әріптесінен бес жас кіші болып шықты. Белянин үш жылдан бері педагогтік жұмысқа ауысқан екен. Шоқыр болса әзірге қол «қышуын» қандырмаған, мейлінше жас спортшы. Сондықтан да жаттықтырушылықпен қатар, рингте де өнер көрсетті. Бірақ мұнда оған қарсы тұрар жан табылмады. Салмағы 63 келі болғандығына қарамастан, жаттығу кезінде өзінен әлдеқайда ауыр боксшылармен қолғап түйістірді. Қырық бірінші – жылан жылының күзінде Санкт-Петербург қаласында боксшылар жарысы өтуге тиіс еді. Нева жағалауындағы бәсекеге алматы­­­­лық былғары қолғап шеберлері де даярланды. Олардың арасында Ш.Бөлтекұлы,­­ ­А.Линник, ­­­С.Әубәкіров, Д.Баймұратов, ­­­­В.Пугачев бар болатын. Бірақ маусым айында неміс фашистерінің соғыс өртін тұтатуына байланысты, бұл жоспар жүзеге асқан жоқ. Боксшылар рингті тастап, майданға аттанды. Шоқаңның айтуына қарағанда сол соғыста, өзіне таныс бес боксшы мерт болыпты. 1943 жылы оқ пен өрттің ортасынан екінші дәрежелі мүгедек болып оралған Шоқыр, суретшілікпен қатар, жаттықтырушылықпен де айналысты. Жастарды үйрете жүріп, өзі де ептеп жаттығады. Бар мақсаты ринг төріне спортшы ретінде шығып, ел намысын қорғау болатын. Ал дәрігерлер болса, екі-үш жылсыз мүлдем айығу мүмкін еместігін кесіп айтты. Әйтсе де өзіне деген сенімі мол Шоқыр алға тартқан үміттің жетегімен, жаттығуды үдете түсті. Әрі әріптестерімен ақырындап қол­ғап түйістіріп қоюды да естен шы­ғар­ған жоқ. Бірақ жан алысып, жан берісіп шайқасқа түсу сәті ертелеу сияқты. Ол жылдары Қазақстанда Одақтық жарыстарға қатысатындай дәрежедегі спортшылар тапшы еді. Сондықтан да кейбір сорпа бетіне шығатындар бірде «Динамо», бірде «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының жарыстарына қатыса беретін. Шоқыр аталған екі спорт қоғамының туы астында да сынға түсті. 1944 жылы «Спартак», ал 1947 жылы «Динамо» ерікті спорт қоғамы орталық кеңесінің біріншіліктерінде күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар 1945-1947 жылдары қатарынан үш рет Қазақстан чемпионатында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 1947 жылы қазақ жастары арасынан ең бірінші болып КСРО спорт шебері деген күміс значокты иемденді. Бөлтекұлы спортшылық сапта жүріп 223 рет рингке көтеріліп, 199 рет жеңіске жетті. Осыншама шай­қас­тың жүзден астамын майданнан жарақаттанып келгеннен кейін өт­кізіпті. Ол 1947 жылдың күзінде бокс қолғабын шегеге іліп, біржола бапкер­лікке бет бұрды. Шоқаңның шәкірті Мақмұт Омаров алғаш рет КСРО чемпионатында (1947 жылы) құрмет тұғырының үшінші сатысына көте­рілді. Қазақстандықтар бұл жолы коман­далық есепте алтыншы орынға шықты. Даңқты боксшының бапкерлік қадамына ел сүйсінді. Талантты жастар томағасын сыпырған қырандай, бұрын алынбаған биіктерге самғап, жанкүйерлер қауымын қуанышқа бөледі. А.Үсенов, Е. Хасанов, ағайынды Омаровтар 1948-1956 жылдар аралығында бірнеше рет Орта Азия мен Қазақстанның чемпионы атанды. Мақсот Омаров 1957 жылғы КСРО чемпионатында қола, 1959 жылғы КСРО Халықтарының ХІ спартакиадасында күміс алқа тақты. Бұлардан басқа М.Хайрутдинов, Н.Титов, ағайынды ­­­­­Г.Р. Рехерт, А.Кадетов, К.Қалдыбеков, С.Әбденәлиев, Х.Ахметов, Х.Нұрсейітов, К.Нәдірқұлов, Е.Сұлтанбаев сынды шәкірттері бокс өнерін сүйетін қауымға жақсы таныс. Ұстаз жолын кәсіп еткендермен қатар, белгілі сазгер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халық артисі Н.Тілендиев, қоғам қайраткері, академик А.Құлыбаев, журналшы С.Төребеков сынды елге танымал азаматтар да Шоқырға шәкірт болған. 1964 жылы бапкерлік саласындағы жетістіктері үшін қазақ боксының пионері Ш.Бөлтекұлына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Шоқаң өзінің өте қарапайымды­лығына қарамастан ұлтжанды патриот, үлкен жүректі азамат еді. «Айтқаныма көнесің, айдағаныма жүресің» заманының өзінде ешкімнен қаймықпай, толқынға қарсы жүзді. «Қазағым, қазағым» деп, құр даңғаза айғайға салмай-ақ, қандастары үшін қолымен от көсеуге даяр жан екенін талай рет дәлелдеді. Шоқаңның тектілігі мен адамгер­шілігін, өз ісінің шебері екендігін баға­лап, құрметтеген зиялы қауым өкіл­дері де баршылық. Соның айғағы ретінде қазақ әдебиетінің негізін салу­шы­лар­дың бірі Б.Майлин, халық қаһар­ма­ны Б.Момышұлы, белгілі сазгерлер М.Төле­баев, Б.Байқадамов, Н.Тілендиев, қазақ теат­ры мен кино­сының жұлдыз­дары Ш.Айманов, Е.Өмірзақов, Ә.Өмірзақо­ва, К.Кенжетаев сынды арыстармен сый­лас­тықта болғанын атап өту парыз. Бұған қоса танымал жазушылары­мыз Б.Соқпақбаев, С.Бердіқұлов, С.Бақбер­генов­термен де сәлемі дұрыс еді. Аталмыш аза­маттардың алтын мен мысты ажырата білетін жандар екеніне ешкімнің күмәні бол­маса керек. Демек, Шоқыр Бөлтекұлы да сол асылдардың қатарында тұр деген сөз. Шоқыр Абай атындағы опера және балет театрында суретші бола жүріп, қазақ би өнерінің жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен танысып, 1954 жылы үйленіп, отау тігеді. Өнер иелерінің отбасында Ақсұлу мен Ақтоты есімді қыздар өсіп жетілді. Жиендері Санжар мен Бауыржан болса, халық арасындағы «тұңғыштар жұбы» атанған атасы мен әжесін мақтан етеді. Бұлай аталу себебі – Шоқыр қазақтан шыққан тұңғыш боксшы болса, Нұрсұлу тұңғыш балет бишісі. «Сабақты ине – сәтімен» деген бар емес пе? 2006-шы- ит жылының мамыр айында Шоқыр Бөлтекұлының кіндік қаны тамған ауылда болып, Маңғыстау жақтағы ағайындарымен кездесуге мүмкіндік туды. Жергілікті мектептің суретшісі, әрі кезінде бокспен айналысқан ұстаз Сәттіғали Шәдібаев Бөлтекұлының ең жақын туыстарының бірі болып шықты. Бірақ ол боксшы атасын көрмепті. Көңілге медет тұтқанымыз, өмір бойы Шоқыр жайлы баспасөзде жарияланған мақалалардың түп-түгел тігулі тұрғандығы болды. Белгілі боксшы арамызда жүрсе, биыл 100 жасқа толар еді. Бірақ Жаратқан Иеміз әркімге санаулы ғұмыр береді емес пе? Сөйтіп, қазақ спорты саласындағы айтулы тұлға Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы жарық дүниемен қоштасты. Төрт жылдан кейін жұбайы Нұрсұлу қайтыс болды. Екеуі де Алматыдағы Кеңсай зиратына қатар жерленген болатын. Кезінде еліміздің спорты мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бейіті он жылдан астам уақыт жұпыны күйде жатты. Мұндай келеңсіздік мерзімдік баспасөз беттерінде көтеріліп, ел құлағына жетті. Жайсыз хабарды естіген бойда маңғыстаулық бокс бапкері Марат Жақиев дереу іске кірісті. Ол жанұшыра жүріп, демеушілерді де тапты. «Жұмыла көтерілген жүк жеңіл» демекші, дереу бейіт тұрғызылып, мәрмәр тастан белгі қойылды. Ендігі бір жүзеге аспай тұрғаны, Шоқыр Бөлтекұлының атындағы спорт мектебінің, спорт кешенінің болмай тұрғандығы. Сонымен қатар көшенің аты беріліп, таңдаулы боксшыларға атаулы стипендия тағайындалса да артық емес. Бұл айтылғандар тек Маңғыстау облысы төңірегінде шектелмей, еліміздің өзге аймақтарында да қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жүсіп ХИСЫМОВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Құрметті спорт қайраткері Астана

4455 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы