• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2016

Ұлылар кез келгенді дос қылмайды...

Ғалым ӘРІП

Әбіш Кекілбаевтың рухына

Алыстан азалы үн талып жетті, Арқаны суыт хабар қарып кетті. Ақырған желтоқсанның боранындай – Суық сөз естіртіп тұр қасіретті...

Өмірден шейіт кетті-ау небір текті, Кім жеңген ажал менен ақиретті?! Қара сөз, дана сөзде дес бермеген, Нар Әбіш бұл пәниден бақиға өтті...

Сумаң жел тыныштықты түре келді, Ел мен жұрт түнгі ұйқыдан түрегелді. Иманғали бастаған игі жақсы Түнжарымда жағдайды біле келді...

Ауыр қайғы кеудені жаншып-ақ тұр, Жүрек, шіркін, жай таппай қан жылап тұр. Күннің көзі бейне бір тұтылғандай, Жанарлардан жас ыршып тамшылап тұр.

Ұмтылып ешкім алға белсенбейді, Кім-кім де іштей күйреп, кемсеңдейді. Ғұлама дүниеден өтті деген «Жел сөзге» туған дала, ел сенбейді.

Тұнса да бойда жалын, дауыл іште, Амал не, тағдыр салған ауыр іске. Әбекең рухына басын иіп, Енеді үнсіз ғана бәрі де ішке.

Ерлердің көрінгенде пішіндері, Ақтарды шерін жеңгей ішіндегі... Егіліп мейлі қанша босаса да, Еңсесін төмен қарай түсірмеді.

Бұл өзі неткен сұмдық азап еді, Дүние күңіренген азалы еді... – Замананың заңғары Кекілбаев, Тау тұлғасын жоқтайды Қазақ елі! –

Осылай азаматтар көңіл айтты, Сырларын көкейдегі төгіп айтты... Мәңгілік – Кекілбаев феномені, Өшпейтін айта білсек ақиқатты.

Жоқтайтын Әбекеңді күллі Алаш бар, Зиялы, қайраткерлер, тұлғаластар... Сүйектің иесі боп саналатын – Бас қосып ақылдасты тумаластар.

Келісті ой, келелі іске жиын жиды, Кеңесіп кешетіндей қиын күйді... Ақыры келіп ортақ пәтуаға, Еліне әкетуге түйін түйді...

Маңғыстау – киелі өңір атың дардай, Туған жер – атамекен шақырғандай... Қамысбай, Сисем ата қауымында – Тектілер тегіс күтіп жатырғандай... * * * Қазақта сарқылмайды-ау мәнді ғұрып, Сақталар дәстүр барда мәңгілік ұлт. Кідірмей бұл киелі шаңыраққа, Елбасы Назарбаев келді кіріп.

Нұрағаң – дарқан дала, ел тірегі, Халқының қайсар мінез ер түлегі. Жиналған ағайынға басу айтып, Қайғыны ақылына жеңдіреді. – Мен үшін, деді Елбасы, – Ол – аяулы Адам, Ел үшін ешқашан да аянбаған!.. Сол жерде әңгіменің орайында Ағайын жерлеу жайын баяндаған...

Елбасы сөзді бөлмей тыңдап алып, Отырды терең-терең ойға қалып... Тәуелсіздік жылдары көз алдынан Кинолента секілді зырлап ағып...

Ел болу – үкілі үміт, қатаң сынақ, Қай ел де өздік бағын жатар сынап. Есінде,Тұңғыш рет ант бергенде, Марқайды қарияның батасын ап. Есінде, Әбіш айтқан төре билік, Алғаны ақылманды Төбе би ғып. Тәуелсіздік көтеріп туын көкке, Танытқаны тарландар өрелілік.

Жақсылар жымдасқанда жасқанар ма, Бағынар бас біріксе бас қамал да! Саяси серіктерін саралаған – Елбасы елін еркін бастады алға! Ер еді Ол айдарынан жел есетін, Ғаламдық ұлылармен теңесетін: Елбасы елдік мұрат-мақсат үшін – Әбішпен кемел ойлы кеңесетін.

Ұлылар кез келгенді дос қылмайды, Сенген дос бір-біріне қас қылмайды. Сенімді серігі еді Кекілбаев, Сырласқан елдік рух-дәстүр жайлы!..

Хан-патша көсем болса, Би де көсем, Хан-патша шешен болса, Би де шешен. Қазақтың шаңырағы шалқақ болып, Туған ел бөленген-ді күйге әсем...

Таусылмас елдік күрес, ұлы майдан, Қазаққа туар енді ұлы қайдан? «Бақұл бол, беу, арысым» деген іштей, Елбасы бас көтеріп қалың ойдан:

– Ағайын, маған да енді құлақ түрің, Жүректің басайықшы бір аптығын. Әбішті елге апарсақ деген дұрыс, Басқа да мәнісі бар бірақ мұның:

Бұл Әбіш елден озған қазанат тым, Көтерген бар ғаламға Қазақ атын. Алматы, Астанада өмірі өтті, Елім деп еңіреген азаматтың!

Есімін ерек тұтып елеулі ердің, Кескінін көркейтейік кемеңгердің! Егемен елдің «Ұлттық пантеоны» – Мекені – шыңыраудай тереңдердің!

Қазақтың мәңгі туыс баласы да, Атасы, анасы да, данасы да. Бөлмейік, бөлінбейік, Ұлы Әбішті Жерлейік Сарыарқаның даласына!

Қыранды қиядағы қыр асырмай, Арулап аттандырсақ шын асылды-ай. Еліне ерлер тұрмақ рух беріп, Ұлттық пантеон – елдіктің мұрасындай!

Білемін, Маңғыстау бұл киелі жер, Күн кешер Пір Бекетке сүйеніп ел! Бас ием құдіретті бабаларға, Әйткенмен, ер Әбіштің сүйегін бер!

Сөзіме менің айтқан сенерсіңдер, Бабалар, елді желеп-жеберсіңдер. Әбіштей әулиені сағынғанда, «Ұлттық пантеонға» келерсіңдер!..

Жүйелі сөзге ағайын құлақ асты, Айтпайды Президент ұнамасты. Қабанбай қалмақтарды қалай қырса, Әбіш те қорғай білген күллі Алашты!

Ер Әбіш – бүгінгінің баһадүрі, Жетеді бір басына дара қыры. Суреткер, философ, тарихшы, Мемлекеттік қызметтің нар алыбы!

Елбасы ұлағатты ой ұсынды, Ағайын уәжіне бой ұсынды. Клара жеңгей бір сәт батылданып, Өзін бір толғандырған жай ұсынды:

– Нұреке, – деді ол сонда, – ойға қалам, Жан едім өлім жайлы ойламаған. Арқада қалар болса Әбіш досың, Айтсаңыз, мен өлгесін қайда барам?

Жан-жары болып мәңгі туған едім, Белімді бір болмаққа буған едім. Мәпелеп тумысынан тұлғалы ерді, Жырын да шаттық кернеп жырлап едім.

Ескертіп дүние-жалған келте екенін, Ерлерді ерек тұту салт екенін, Елбасы асыл жарға алғыс айтты, Танытып қай істе де мәрт екенін:

– Клара, – деді сонда, шешім алып, Бұл жайды уайымдама есіңе алып. Кекілбаев қасында – Пантеонда, Орының бар Арқаның төсінде анық...

Әуелі қиналған-ды уайымдап ел, Көсемнің кісілігін мойындады ел. Пантеон-бейне даңқ тұғырындай, Патшаның парасатын пайымдады ел.

...Қағынып қара дауыл екіленді, Пантеон – қырат-қырда жел үдерді... Қара жер де сезгендей күңіреніп, Құшағына алғанын есіл Ерді!..

АҚТАУ

15602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы