• Тұлға
  • 24 Қараша, 2016

Ұлтының бағына туған

Әбіш. Әбіш Кекілбайұлы. Бұл есімді білмейтін қазақ кемде-кем болар. Біз бақытты халық екенбіз. Тек бір ұлттың ғана емес, адамзатқа ортақ перзент бола алатын дана, дара тұлғаны өмірге әкелдік. Әбіш – ұлт мақтанышы еді. Ол «Міне, қазақ деген осындай! Біз осындай халықпыз!» деп төрткүл әлемнің қай түкпіріне де кеудемізді кере, шаттана көрсете алатын асылымыз, ардақтымыз еді. Алла Тағала Әбекеңе мол қасиет берген. Жазушы десеңіз жазушы, тарихшы десеңіз бұл саланың да білгірі, ойшылдығы қандай ғажап! Саңлақ саясаткер екендігіне ешкім күмәнданбас.

Әбіш ең алдымен халық перзенті бола білді. Оған мына сөзі де куә: «Аттан түскен ақырет емес, тақтан түскен тақсырет емес. Өз басыңнан бақ ауса да халқыңның басынан бақ аумасын». Мұндай сөзді кез келген адам айта бермейді. Кім жеке басына сорлылық тілейді дейсің? Азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Алайда бәрінен бұрын халықтың, елдің амандығы керек екен. Әбіш осыны айтып тұр. Осындай ұлы жүректен қалай айналмассың! Анасы Айсәуле көз жұмар алдында, «Әбішті ренжіт­пеңдер» деп жайдан-жай айтты дей­місің. Баланың қандай адам екен­дігін анадан артық кім білетін еді. Әбіштің жүрегінің тазалығын, сезімінің тұнықтығын, ойының тереңдігін, Кекілбайдың ұлы болып қана жаратылмай, халық үшін туған перзент екендігін өзі де кемел, өзі де көреген жарықтық Айсәуле апамыз сезген ғой. Әбіш ағамыздың қолына қалам алып жазғандағы сөзі де, қағазға қарамай сөйлеген сөзі де сүйсін­дір­мей, риза етпей қоймайтын. Қазақ сөзінің кере­меттігін, құдіреттілігін танытқан бір адам болса – ол Әбіш шығар. Әбіштің сөзі жай сөз емес, даналыққа, ойға толы. Өшпейтіндей тәлім алатын сөздер. «Тағдырға төтеп бере алған пенде кісілікке жетеді. Тарихқа төтеп бере алған жұрт елдікке жетеді», «Азаттық қадірін азап ұқтырған. Азаптың сынына бойламаған азаттықтың бағасын ойламайды», «Кешегіміз түгелделмей, бүгінгіміз бүтінделмейді», «Бесігі бостың төрі қайдан толы болсын?!», «Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз»... Осылай жалғаса береді. Әбіштің осы сөздерін ғана құлағымызға құйып, бойымызға сіңіре білсек елдіктің де, ерліктің де талай биіктеріне көтерілетініміз айдан анық. Талай жылғы арманымыз, аңса­ры­мыз Тәуелсіздікке қол жеткенде жазушы, қаламгер Әбіш саясатқа араласты. Мемлекеттік кеңесші, Мемлекеттік хатшы, Жоғарғы Кеңес төрағасы болды. Дұрыс істеді деп ойлаймыз. Егемендікке енді ие болған жас мемлекеттің шаңырағын көтерісіп, уықтарын бекітуде Әбіш секілді халықшыл, мемлекетшіл «ісмерлер» өте қажет еді. Сөйтіп, Әбекең мемлекет ісінде де біліктілік, бірегейлік қабілет-қарымын танытты. Бұл жөнінде Елбасы да кезінде былайша ризашылық сөзін білдірген болатын: «Менімен сапарлас болған серіктерімнің ішінде Әбіш Кекілбайұлы есімін ерекше атаймын. Әбекең қай қиырға салсам да, қиядан көрінді, қай тереңге салсам да бойлап та, ойлап та шыға білді. Ойымдағының орайын тапты, қай істе де қайраткерлік пен ерлік-жігердің үлгісін көрсетті». Тіл жөніндегі айтқандары да көңілді дөп басатын. Біз ­Ахмет Байтұрсынұлының, Ғұмар Қараштың, Халел Досмұха­мед­ұлының, Міржақып Дулатов­тың тілге байланысты ой-тұжырым­дарын қалай үлгі тұтсақ Әбіш Кекілбайұлының да тіл туралы толғамдарын басты бағдар етіп алсақ қателеспейтініміз анық. Ол сәулелі сөздер қандай? Кейбірін ғана атап өтейік: «халықтардың мәдени ерекшелігін белгілейтін ең қуатты тарихи, психологиялық, тілдік үш фактордың ішіндегі ең айқын көзге түсетіні де – тіл», «ана тіліңді құрметтеу – басқалардан артық тұрудың құралы емес, туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиіс», «тіл теңдігі жоқ жерде халықтар теңдігі жоқ, халықтар теңдігі жоқ жерде әлеуметтік әділет орнайды дегенге өз басым сене алмаймын»... Зиялы қауым кезінде Әбекеңнің Парламент мінберінде тұрып, өзге ұлт өкілдеріне қарата айтқан мына сөзін де ұмытпаған болар: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, тө­рімізді ұсынғанда, тартыңқы дас­тарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыз­да­рыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап едік?!». Елдің, тілдің жанашыры ғана осылай айта алады. Әбіш аға өмірден өткенде жер-дүние күңіреніп кеткендей болды. Қайғы туған еліне, жұртына қатты батты. Сөз зергерлері елдің басына түскен ауыр қазаны қара сөзбен де, жыр шу­мақ­тарымен де егіле, тебірене жеткізіп жатты. Солардың бірі жазушы Дулат Исабеков «Әбіш барда арқамызда үлкен бір қорған бардай сезілетін еді» деп жазды. Рас. Шын сөз. Әбішті халқы қорған тұтатын. Дүлей дауыл, бет қаратпас боран тұрса «Біздің Әбіші­міз бар ғой» деп арқаны кеңге салатын, үрке қоймайтын. Әбішті тудырған, жарық дүниеге әкелген халық – біз бақыттымыз деп жатырмыз. Сонымен бірге халқының сүйіспеншілігіне бөленген, есімін ұлт тарихына, бәлкім адамзат тарихына өшпестей жазып қалдырған Әбіш ағамыз да бақытты! Ұлтымызды Әбіштей сүйе білейік! Елге Әбіштей қызмет ете білейік!

Нұрперзент ДОМБАЙ

17097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы