• Әдебиет
  • 01 Желтоқсан, 2016

«Тауарих хамса»

Әрісі түркі, берісі қазақ халқы ықылым заманнан бастап, өзімен дәрежелес елдерден кем қалмай, өз тарихын, өз мәдениетін шама-шарқынша дамыта білген. Талай тарихи құны зор жәдігер жазбалардың әлем ғылымының алтын қорына қосылуы – соның дәлелі. Сондай еңбектің бірі – бұдан бір ғасырдай бұрын жазылып, 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасынан жарық көрген «Тауарих хамса» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты тарихи мұра. Кітаптың жазбагері (авторы) Құрбанғали Халид 1846 жылы Аягөз шаһарында туған өз перзентіміз. Заты ноғай демесең, қазақ ішіне судай сіңген, сүйегі ажырамас туыс. Содан болар, ол сол замандағы және одан бұрынғы тарихи еңбектерді зерделей келіп, қазақтың қағаберісте қалған тарихнамасын мұқият жазып шығуды мақсат еткен. Бірақ одан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық көзінен тасада ұсталып, ғылыми айналымнан тыс қалғандықтан, оны көп ешкім біле бермейді.

Бұлай дейтініміз, аталмыш кітапты шағатай тілінен (ескі өзбек тілі) Б.Төтенаев пен А.Жолдасов тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1992 жылы «Қазақстан» баспасынан «Тауарих хамса» («Бес тарих») деген атпен шығартты. Әрине, мұндай тарихи танымы мол еңбектің ел-жұртқа ерте танылмай келгені өкінішті-ақ. Енді өкінгеннен гөрі, «Ештен кеш жақсы» деген жұбаныш мәтелді қуат етуге толық негіз бар. Авторы «Шығыстың бес елінің тари­хы» деп атаған бұл еңбек терең маз­мұнымен, айтар ойының нақты­лы­ғымен, баяндау жүйесінің шеберлігімен, тарихи шындықты айтуға ұмтылуымен барынша құнды. Зерттеушінің бұл кітабы, өзінің аты айтып тұрғандай, бес тараудан тұрады. Ол: Бұқара, Алтышар, Қазақ, Моңғол, Шин патшалықтарының ішкі-сыртқы жай-күйін, қарым-қатынасын, тарихын сындарлы сөз етеді. Құрбанғали өз заманында барынша білімдар адам болғанға ұқсайды. Оның әкесі Халид Қазан уезінің Урнаш-Баши деген жерінен шыққан татар саудагері болса керек. Құрбанғали қолжазбаларында оның арғы аталары­ның бірі түркімен болған деген дерек те кездеседі. Құрбанғалидың әкесі кезінде саудамен көп айналысып, қазақ жерін көбірек араласа керек. Халид өмірінің біраз кезін Ташкентте өткізіп, одан 1841 жылы Аягөз өңіріне қоныс аударған. Арада бес жыл өткен соң, Құрбанғали осы Аягөзде дүниеге келеді. Аягөзде Халид отыз жылдай тұрғаннан кейін, Бақты шекаралық аймағына, тағы біраз жылдан соң, Қытай-Шыңжан провинциясындағы Шәуешек қаласына орын тебеді. Құрбанғали ­сауатын 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесінде ашып, кейіннен Семей медреселерінің бірінен дәйекті дәріс алады. Оның медреседе араб, парсы, түркі тілдерін меңгере түсуі болашақта тарихты, әсіресе, шығыс елдерінің тарихын зерттеуіне көп септігін тигізеді. Сол кезде медреседе негізінен діни-схоластикалық пәндердің оқытылуына қарамастан, Құрбанғали қабілеттілігі мен ізденімпаздығының арқасында қоғамдық ғылымдар саласында бел­гілі дәрежеде білім алуға жетіседі. Құрбанғали өзінің ана тілі – татар тілінен басқа ортаазиялық түркі тілдерін жақсы білген, қазақ тілінде де таза сөйлеген. Бұған оның еңбектеріндегі қазақ тілі туралы көптеген ой-пікірлері мен ауыз әдебиетінің үлгілері мысал бола алады. Құрбанғали ресейлік мұсылман­дардың мәдени орталықтарынан алыста жүргеніне қарамастан, өз заманының рухани өмірінен әсте тыс қалған жоқ. Ғалым ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс-түрік тілдерінде шығатын кітап, газет-журналдарды ұдайы жаздырып, алдырып отырған. Әсіресе, ол 1905 жылдан бастап Орынборда айына екі рет татар тілінде шыққан «Шуро» журналының тұрақты оқырманы болған. Осы журналдың редакторы, белгілі тарихшы Риззадин Фахруддиновпен хат жазысып тұрған. Құрбанғали қызметінің ажырамас бөлігі оның саяхаттары болып табылады. Ол әр өлкенің, тұтас елдің географиясы мен топономикасына қатысты қалалардың, бекіністердің, ірі елді мекендердің тарихы ­туралы зерттеулерін негізінен өзінің жеке бақылаулары мен жергілікті тұрғындармен пікірлесуі нәтижесінде және сонымен бірге, жеке аудандар мен қалалардың ішкі өміріне қатысты өзі жинап, құрастырған жылнамалық ­материалдарына сүйене отырып ­жасады. 1897-1898 жылдары Құрбанғали Мекке-Мәдинаға қажылық сапар шегіп, жолшыбай Батыс Еуропаның бірнеше мемлекеттерінің астаналары мен Таяу Шығыстың көптеген қалаларын аралайды. 90 беттен тұратын сапарнамасы мен күнделік-естелігі ­«Тауарих хамсада» орынды пайдаланылған. Бұл сапарнамада этнография мен топономикаға қатысты қызықты мәліметтер мен салыстырулар көптеп кездеседі. Халидтің өз заманында аса білімдар ғұлама болғаны «Тауарих хамсада» анық білінеді және бұл еңбекті жазуға 21жыл уақытын жіберген, Шығыстың бес еліне қатысты көптеген тарихи жазбаларды мұқият екшеп, елеп барып, жаңсақтығы жоқ дәлелді пікірлерге зейін қойғаны айқын аңғарылады. Бар-жоғы Аягөз бен Семейдегі медреселерде оқыған, бірақ білімдарлығымен қатар, бірнеше тілдерді еркін меңгерген ғұлама, кейіннен Шәуешекте өзі де медресе ашып, көптеген мұсылман жастарына араб, парсы, татар тілдерінде білім берген ұлағатты ұстаз болған. Құрбанғалидың бүгінгі ұрпақтары дегенде, алдымен, оның өзі кіндігінен төрт ұл, төрт қыз болғанын айта кеткен жөн. Бұлар негізінен Қазақстан, Қыр­ғызстан және Өзбекстанда тұрып жатыр. Басқасын айтпағанда, Құрбанғалидың кіндік қаны тамған Аягөз қаласында ғана оның 3 неме­ресі мен 9 шөбересі мекендейді. Олардың қолында азды-көпті болса да Құрбанғалиға байланысты тарихи деректер баршылық. Атап айтқанда, Құрбанғалидың шөбересі Сания Тұрсынмұхаметқызы Теңізбаева (қазір Алматыдағы республикалық жасөспірімдер кітапханасының бас библиографы) бұдан он бес жыл бұрын, ұлы атасы пайдаланған екі фарфор тарелканы (тіркеу №200) Аягөз қаласындағы тарихи өлкетану мұражайына сыйға тартқан екен. Ал Құрбанғалидың тағы бір немересі – Аягөз қаласындағы №58 орта мектеп мұғалімі Рақила Халидовада (марқұм) атасының әр жылдарда түскен суреттері сақталуда. Бұл күндері Аягөз қаласында бір көше Құрбанғали Халид атымен аталады. Құрбанғали Халид қазақтың тарихын жазуға не себеп болғанын өз кітабында былайша түсіндіреді: «Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда, жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшімді жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жаздым» деп кесімді пікір білдірген. Ал, найман руының өткен-кеткенін зерттеп, Қазақстанның шығыс шалғайындағы бұл руды еш зерттеуші жазған еңбектеріне кіргізбегенін де айта кеткен. Жазбагердің «Аягөз-туған жеріміз, Найман –жүрген еліміз» деп іш тартуы содан. Құрбанғали бұл еңбегіне Шығыс­тың бес елінің ішінде, әсіресе, қазақ хал­қының тарихын кеңірек баяндауға ты­рысқан. Осы себепті ғалым халқы­мыздың өткендегі өнегелі ісіне көп көңіл бөліп, Абылай жайлы жан-жақты айта келіп, мынадай тұжырымды оқушысының алдына тартады: «Абылай ханның соғыстары қалмақпен болды да, Абылай қалмақ елін Қызылжар, Қарқаралы маңынан, Аягөз өзенінен өткізе қуып, қазақ жерін кеңейткен кісі. Қазақ пен қалмақ ежелден бері атысып, шабысып өтіпті. Көбінесе қалмақ жеңіп отырады екен. Шығыстан жүңке (қытай) әскері келіп, жоңғар хандығын аяқтатқан соң, қалмақ елінің күші азайып, көпшілігі Жөңкенің қорғауына өткен еді, шетте қалғаны қазақтармен қарсыласуға әлсіз болды. Мұндай жағдайда Абылайдың бағы үстем және Ресейден бейғам болып отырған Орта жүзбен қалған екі жүздің кей бөліктеріне үстемдік жүргізіп, бүкіл Қазақстаннан қол жинап, Шыңғыстаудың батыс жағында және шығысында неше рет қалмақты ойсырата шапты» деп Абылай зама­нындағы қазақ халқының біртұтас жауға аттанғанынан хабардар етсе, мұнымен бірге, Абылай әр істің мөлшерін, тетігін дөп басып, болжай алатын көреген, ойлағанын орындай білетін шебер екенін де аз сөзбен жеткізе білген. Жазбагер кітабының қазақ тарихына арналған тарауларында алаш, өзбек, қазақ, ноғай атаулары туралы, жүздер, ұрандар жайында, қазақ пен ноғайдың бірігуі мен бөлінуіне қатысты аңыздарда Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі археологиялық, архитектуралық ескерткіштер хақында, Шыңғыс хан және оның тұқымдары, Асан ата және төлеңгіттер, Орта жүз қазақтарының негіздері қалануы жайында бағалы мәліметтер табуға болады. Қазақстан бойынша топономика­лық материалдарды елдің табиғи және тарихи географиясымен, тілдік ерекшеліктерімен байланыстыра қарастырады. Барынша атап өтетін бір нәрсе, жазбагердің деректер мен оқиғаларды баяндаудағы объективтілігі және оларға көңілге қонымды түсініктеме беруге тырысатындығы. Әсіресе, этнографиялық салт-сана, әдет-ғұрып жайында баяндағанда ол халықтың рухын түсінетіндігін, оның мәдениетін, мінезін сыйлайтындығын, әр халық­тың тарихи тағдыры – өмір сүру жағ­дайы мен тұрмыс ерекшелігіне тығыз байланысты екендігін терең пайым­дайтындығын танытады. Халқымыздың тарихын, мәде­ниетін, салт-санасын, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттей білген Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» кітабы сол кездің өзінде-ақ әділ бағасын алған екен. Осы шырайлы шығарма туралы 1913 жылы «Шуро» журналы кітап жазбагерінің дүниеден өтуіне байланысты жариялаған көлемді қазанамада былайша баяндалған екен. «1910 жылы Қазанда оның екінші кітабы, яғни Шығыс түркілеріне арналған «Тауарих хамса шарқи» деп аталатын «Шығыстағы бес елдің тарихы» баспадан шығып, таратылды. Егер аңыздар мен ескі нанымдарға қатысты жеке элементтерін алып тастаса, бұл кітап шын мәнісінде тамаша еңбек. Онда өте құнды және басқа жерде кездесе бермейтін мәліметтер бар. Бұл кітап жазбагердің ғалымдығы мен адамгершілігі және оның ойы мен ақылының еркіндігін көрсетеді» (Журнал «Шуро», 1913 жыл, 15 наурыз, №6, 163 бет). Айтпақшы, Қ.Халидтың екінші кітабы «Тауарих хамса» болса, оның тұңғыш шығармасы «Тарих-и жәриә-и жадидэ» («Тарихтың жаңа жазбалары») деген атпен 1889 жылы Қазан қаласында түрік-татар тілінде жарық көрсе керек. Көлемі 71 беттен тұратын бұл танымдық мәні басым кітапта ғалым сол кездегі Қытай құзырына қарайтын Шығыс Түркістанның ішкі географиялық болмысына тарихи сипаттама береді, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін суреттейді. Халқымыздың әлі де болса ақтаңдақтары көп тарихы мен этнографиясын оқып-үйрену барлық көне әдеби және деректі шығармаларды іздеп табуды және зерттеуді талап етеді. Себебі, олар әдетте көптеген деректік және жылнамалық мәліметтерді, шежірелерді қамтиды. Міне, осындай деректер қатарына аягөздік Халидтің жоғарыда әңгіме еткен «Тауарих хамса» кітабын ұялмай қосуға болады: Жасамаймын еңбектің, Жемісін көзбен көрем деп. Жасаймын бір қолқабыс, Кейінгіге берем, – деп ақын айтқандай қайта оралған бұл кітап көпшлік қолына тиіп, ойлы оқырман­ның көңіл төрінен лайық орын алғаны нұр үстіне нұр емес пе! Бұл үшін бүгінгі ұрпақ Құрбанғали Халид рухына тағзым етіп, алғыс айтады.

Ғабит Зұлхаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

22796 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы