• Тіл
  • 01 Желтоқсан, 2016

Жанашыр

Әдетте, түймедейін түйедей етіп көрсетіп қалуға тырысатындар аз кездеспейді. Ал дабыра етпей ақырын жүріп-ақ қаншама игілікті істі,тіпті кішігірім бір ұжым атқаратын жұмыстарды бір өзі атқарып, қатарымызда жүрген кейбір жандар еңбегін байқай бермейтініміз де өкінішті. Біз әңгімелегелі отырған белгілі журналист, кейінгі сыртқы саясат ведомствосындағы еңбегінің өзі арнайы әңгімелеуге тұрарлық Болат Жәмкенов осылардың соңғысынан. Өз басым Бөкеңді өткен ғасырдың сонау 80-ші жылдарынан, Қазақ телевизиясында бірге жұмыс істеген кезден бастап білемін. Кейін бізді өмір толқыны сан тарау жолдарға салып, алғашқыда мен «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналына, ол кино саласына қызметке кеткен едік.

Осы жылдар ішінде заман қаншама өзгеріп жатса да Бөкеңнің бойынан өзгермейтін бір нәрсені байқадым. Ол қашан кездессең де бірқалыпты күйде көрініс беретін биязы мінезі. Сонан соң туған тілімізге деген айрықша жанашырлығы. Әрине, қазақ тіліне бәріміздің де жанымыз ашиды ғой. Бірақ қазақ тіліне байланысты ушығып тұрған мәселелерді дәл Бөкеңдей жүрек арқылы қабылдау екінің бірінің қолынан келе бермейтін тірлік деген ойдамын. Мен Бөкеңнің «Егемен Қазақстан» газетінде (6.02.2008) жарияланған «Жүректегі жүк. Мемлекеттік тілде іс жүргізу оңалмай, тіл тұғырына қона алмайды» деген проблемалық зерттеу мақаласын оқығаннан кейін осындай тұжырымға келдім. Мақалада айтылған мәселелер жөнінде бірқатар ғалымдар, тіл жанашырлары пікір айтса, академик Рымғали Нұрғалиевтің: «Егер кешегі ЦК болса осы мақала жөнінде арнайы қаулы шығарып,орындауға міндеттеген болар еді...» дегенін де естідік.Айтса айтқандай, өкініше орай,сол көтерілген түйіткілдердің көбі әлі де шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, Б.Жәмкенов мақалада айтылған сол көкейкесті мәселелердің кейбірін сыртқы саясат ведомствосында біршама атқара алды. Бұрын тікелей Мәскеудің ықпалында болып, қазақша іс жүргізу, кітап шығару тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алынған ҚР Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен 2001 жылдан бергі оншақты жыл беделінде қазақ тілінің қызметтік қажеттілігіне байланысты 7 кітап шығарған екен. Осының бәрін ол мемлекеттік тіл басқармасындағы күнделікті қарбалас жұмыстан тыс уақытын пайдаланып әзірлепті. Оның бесеуі сыртқы саясат, дипломатия саласында мемлекеттік тілді өркендетуге арналған, әрқайсысы 400-500 беттік көлемді-көлемді сөздік-анықтамалықтар (Астана, «Фолиант» – 2004ж., 2006 ж., 2007ж.) болса, Қазақстан дипломатиясы саласындағы тұңғыш іргелі еңбек, белгілі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді «Преодоление» кітабын қазақ тіліне қазақы ұғымға жақын, жатық етіп тәржімалауының өзі жеке тоқталуға тұрарлық. Әсіресе, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың басшылығымен Б.Жәмкенов құрас­ты­рып, 2013 жылы «Атамұра» баспасы­нан жарық көрген, әрқайсысы 530, 574 беттен тұратын «Орысша-қазақ­ша-ағылшынша және Қазақша-ағыл­шынша-орысша» үш тілдегі екі томдық дипломатиялық сөздіктер жөнін­де ерекше тоқтала кеткен жөн. 10 мың дана таралыммен шығып, дип­ло­маттарымызға, Қазақстанда аккре­дит­телген шетел елшіліктеріне, мем­ле­кеттік органдарға, студенттерге тара­тылған бұл еңбек мемлекеттік қыз­мет­шілер тарапынан да, дипломаттар тарапынан да, аудармашылар тарапынан да жылы қабылданып, ілтипатқа бөленді. Халықаралық деңгейдегі ғалым, филология ғылымының докторы, ­профессор Жұмағали Әбуевтің мына бір пікірін келтіргенді жөн көрдік: ­­­­­­­­­­«...Сөздіктер әзірлеу аса күрделі, екінің бірінің батылы бара бермейтін қиын жұмыс. Қазағымыздың әлгі «инемен құдық қазғандай» дегені осыған келеді. Өзі сөздік құрастырып көрмеген адамға бұл жұмыс қажетті сөздерді жинап, құрастырып бере салу сияқты, оп-оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ мүлде олай емес. Бұл – ғылым, бұл аса мол тәжірибе мен білімді әрі төзімді қажет ететін іс. Мұны мен АҚШ-та (Нью-Йоркте), Англияда (Лондонда) «Ағылшын және түркі тілдерінің сөздігін» (ағылшын және түрік, түркімен, әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр) шығарған өз тәжірибемнен білемін. Әлемдік сөздіктер құрастырудың озық үлгілеріне зерделей үңілмей болмайды. Ал үш тілдегі сөздіктің жұмысы тіптен күрделі. Демек, Б.Жәмкеновтің осы сөздіктерді әзірлеу жұмыстарымен үш жарым жылға жуық табан аудармай отыруы да бұл еңбекке қаншалықты үлкен жауапкершілікпен қарағандығының айғағы. Әр беттен ізденіс ізін аңдайсыз. Аудармашылық, қаламгерлік тәжі­рибесі мол әрі сыртқы саясат ведомствосында біраз жыл қызмет істеп, бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген жоғары білікті маманның қолтаңбасын бірден аңғарасыз...» Айта кетейік, министр Қ-Ж. Тоқаев­тың алғы сөзімен алғашқы «Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу сөздік-анықтамалығы» (2004ж.) жарық көруі мұнда әжептәуір жаңалық болған. Б.Жәмкеновтің бұл сөздікті дипломаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне лайықтап жартылай оқулық түрінде әзірлеуі кітап қажеттілігін арттыра түсті. Сөздік әр дипломаттың үстелінде жататын, нағыз көмекші құралына айналды. Ал кейінгі сөздіктерінде сөз-термин қорын барынша молайтып, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қазақша атауларын нақтылап, кеңей­те түскен. Б.Жәмкеновтің Тіл коми­тетінің өтініші бойыша әзірлеген «Қазақша-орысша және орысша қазақша халықаралық терминдер сөздік-анықтамалығы» 3000 ­данамен республиканың барлық Тіл басқармаларына таратылды. Автор бұл сөздікті де ешбір қаламақысыз, тегін әзірлеп бергенін білеміз. Мен өзім де біраз жыл Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­ты Аппаратының Редак­ция­лық-баспа бөлімінде қызмет ете жү­ріп, Б.Жәмкеновтің сөздік­терін дипло­мат­тардың, ғылым докторла­ры­ның, Президент Әкімшілігіндегі, Парламент Сенаты мен Мәжілісі Аппараттарындағы тіл мамандары қатысқан талқылауларға қатысқан кезімде Бөкеңнің сөздік жасау барысында көп ізденгенінің, соның нәтижесінде бұрын аударылмаған ондаған халықаралық терминдер мен сөз тіркестерінің, шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың қазақы ұғымға жақын баламасын тауып, олар­ды әлгіндей мұқият талқылау-сарап­таудан кейін, Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминкомнан өткізіп, қолданысқа енгенінің куәсі болған едім. Жоғарыда айтқанымыздай, ­Бө­кең­­нің туған тіл тағдырына қатысты өзіндік көзқарасы мен жанашырлығы өт­кен ғасырдың 70-шы жылдарының басында басталған тәрізді. Өткен жылы Президент күніне орай орталық газеттерде («Ана тілі»,«Айқын») Бөкеңнің «Неге қазақша сөйлемеймін, қазақ емеспін бе?!» атты мақаласы жарияланды. Аталған мақаласында автор Қазақ радиосында тілші болып жұмыс істеп жүрген кезінде Қазақстан Магниткасы атанып, атағы жер жарған Теміртауға барып, радио тілшісіне қазақша сұхбат беретін бір басшы таппай қиналғанын, ақыры сол кездегі Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, болашақ Президенттің жас тілшіге әлгіндей сөздерімен демеу бергенін келтіреді. Мақаланың мына бір жолдарына назар аударайықшы: «Бірде ақын Кеңшілік Мырзабеков «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») атынан мен Қазақ радиосы атынан комсомолдық екпінді құрылыс – Жәйрем кен-байыту комбинатында Тілшілер қосынын ашуға тапсырма алып, қазақы қаймағы көп бұзыла да қоймаған, Қаныш Сәтбаев сияқты ұлы тұлғалар ізі сайрап жатқан Жезқазған өңірін араладық. Алайда мұндағы өндіріс орындарында да, тіпті өздері де өлең жазатын Садық Асатов, Кәкімбек Салықов, Қайролла Қанафин сияқты азаматтар басқаратын ұжымдардың өзінде де бас қосу – ­жиналыс атаулы тек орыс тілінде өтетінін көріп еңсеміз түсіп, көңіліміз құлазып қайтқанбыз... Қазақ тілін тежеу – әсіресе қазақ тілінде жазатындар үшін соғып тұрған қан тамырын тежеумен бірдей екенін сезінетін­біз. Мұны сол тұста болашақ Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың да бізден кем сезінбе­гені кәміл. Бұған жаңағы Теміртаудағы кездесуімізде айтқан сөздері, ал еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап мемлекеттік тілді күн тәртібінен бір түсірмей келе жатқаны дәлел». ...Бөкең жас кезінде ғалым болуды армандаған екен. Отбасы жағ­да­йы­­­на байланысты біраз жыл Шет ауда­нының «Босаға» кеңшарында малшы-жұмысшы болып, ара-тұра Қарағанды шахтасында істеп еңбекте ысылған, онымен қоймай, сол тұстағы республиканың маңдайына біткен жал­ғыз университет Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп келген жас маманды аудандық комсомол комитетіне қызметке де шақырған. Алайда Б.Жәмкеновті туған тіл тағдыры көбірек ойландыратын еді. – Бірде университеттегі ұстазымыз Мәлік Ғабдулин таланған тарихымыз, берекесі кеткен діліміз бен дініміз төңірегіндегі сауалдарымызға қысқа-қысқа жауап бере тұрып, әшейінде өте биязы мінезді, тіпті білмейтін адам Кеңестер Одағының батыры деп те ойламайтындай қарапайым жан, тіл мәселесіне келгенде дүр сілкінген Көкшенің көк қыранындай кенет бойын тез ширатып: «Ана тіліміздің біржола құрығанын не аяғынан қайта тік тұрғанын көру бүгінгі ұрпақ мына сендердің пешенелеріңе жазылған. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Күресу керек!» деп қайталағаны көкейімнен кеткен емес. Аға буын басқа ұстаздарымыздың да дәл осындай күйде, ниетте екенін түсінетінбіз. Мен өзім журналист ретінде тіл проблемасын жазып бақтым. Ештеңе шықпады. Содан соң бос сөзден нақты іске көштім. Жаңа бағдарламалар жасап, кітаптар шығаруға, ауқымды ұжымдарда сабақ беруге кірістім. Қазір де сол, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгіме арасында... Айтса айтқандай, мұны біз Бөкеңнің бүкіл еңбек жолынан көреміз. Лауазымды журналистік қызметін сырып қойып, 80-ші жылдардың басында «Қазақ киносын қазақ тілінде түсіру» бастамасымен кино саласына ауысуы да соның айғағы. Сірә, қазақтілді қаламгерлерді қатыстырмаудың амалы болар, тікелей «Мосфильмге», сондағы Госкиноға бағынышты «Қазақфильмде», тіпті деректі фильм­дер шығаратын бірлестіктің өзінде қазақ тіліндегі сценарийлер қабылданбайды да, қазақша түсірілмейді де екен. Бөкең Қазақстан Журналистер одағының көмегіне жүгінуге бекінді. «Нартай Бекежанов» атты деректі фильмнің тең автор­лығына Одақ төрағасының орын­ба­сары, белгілі қаламгер Мадрид Рысбековті шақырған соң ба­рып сценарийі қабылданды (реж. С.Махмұдов). Бұл көп жылдан кейін алғаш рет қазақша түсірілген фильм еді. Киностудия басшылығы растаған қолымыздағы құжатта Бөкеңнің ұлттық рухтағы 18 деректі фильмнің сценарийін жазып, 200-ден астам деректі және көркем фильмдерді қазақ тіліне тәржімалағаны көрсетілген. Деректі фильмдер режиссері Орал Жүнісов: «Орыс тіліндегі мәтіні оқуға жалықтыратын фильмдердің өзін Б.Жәмкенов аударғанда олар мүлде құлпырып кететін. Тіліміздің небір жауһарларын естіп сүйсініп отыратынбыз. Кино – аса қуатты идеология құралы болғандықтан, «Советтік Қазақстан» киножурналынан бастап, барлық деректі, көркем фильм атаулы ең алдымен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде қаралатын. Жұртшылық назарын көбірек аудару үшін Б.Жәмкенов қазақша мәтіндерді бұрын өзімен бірге істес болған Әнуарбек Байжанбаев, Мырзабек Қуатбеков, Сауық Жақанова сияқты ең таңдаулы дикторларды шақырып оқыттыратын. Ақырын жүріп-ақ, аса көп іс тындырды ғой» десе, ал белгілі кинорежиссер Жәнібек Жетіруов былай деп сыр шертеді: «Сол Б.Жәмкенов ағаларымыз жүрген кездерді қазір де ризашылықпен еске алып отырамыз. Әттең, сол жақсы үрдіс кейін қаржы тапшылығы тұсында үзіліп қалғаны өкінішті». Болат Жәмкенұлы тіл саласында еңбек ете жүріп «тұңғыш, алғашқы» дегендердің бірсыпыра ащы дәмін татқан адам. 1989 жылы «Тіл туралы заң» қабылданысымен киногерлерге алғаш рет қазақ тілінен сабақ бере бастады. Бір қызығы – сол алғашқы сабақты партком хатшысының қатысуымен, қадағалауымен өткізгені есінде... Кейін белгілі кинорежиссер С.Әзімовпен бірге «ҚР Президентінің телерадиокешенін» алғаш құруға жәрдемдесіп, қазақ редакциясының жетекшісі әрі аудармашы, «Нұр Отан» (ол кезде «Отан») партиясының алғашқы қалыптасу кезінде алғашқы Баспасөз хатшысы (1999-2001) әрі аудармашы бола жүріп те, кейін аталған министрлікте мемлекеттік тіл саласындағы қызметінде болсын, қазақ тілінің тұғыры нығаюына күш салды, ара-тұра сол ұжымдарға қазақ тілінен қоса сабақ та берген. Сондағы түйгені мынау: Әуелі қазақ тілін білуге жағдай жаса, үйрет.Содан соң барып талап ет. Демек, мұндағы басты қағидат – тілді ешбір қиындық немесе қысым жасамай үйрету,– деп түйіндейді кейіпкеріміз. Мақаламыздың басында айт­қа­нымыздай, Б.Жәмке­нов­­тің ҚР Сыртқы істер министр­лі­гіндегі мемлекеттік тіл саласында атқарған аса ауқымды іргелі еңбектері ве­домство ­басшылығы тарапынан тиісінше лайықты бағаланды деп айта алмаймыз, әрине. Әйтсе де, сонымен қоса, осы беделді ми­нистрліктегі күнделікті қызметін де мінсіз атқарып, аз жылда қатардағы жетекші маманнан жоғары дипоматиялық дәрежелі кеңесші ­лауазымына дейінгі қызмет сатыларына көтерілгенін де атап өту­дің артықтығы болмас. Б.Жәмкенов «ҚР Мәдениет қай­рат­кері», ҚР Президентінің БАҚ сала­сындағы сыйлығының иегері, Қазақ­станның құрметті журналисі. Қорыта келе айтарымыз, Бөкең өзінің еселі еңбегімен мемлекеттік тілі­міздің аясын кеңейтуге,тұғырын биік­тетуге азаматтық сүбелі үлесін қосып келеді. Бұл ретте қайраткер тұлға­ның толайым табыстары мен жар­қын жетістіктері әлі де көп боларына ­сеніміміз кәміл.

Өткен жылы Президент күніне орай орталық газеттерде («Ана тілі»,«Айқын») Бөкеңнің «Неге қазақша сөйлемеймін, қазақ емеспін бе?!» атты мақаласы жарияланды. Аталған мақаласында автор Қазақ радиосында тілші болып жұмыс істеп жүрген кезінде Қазақстан Магниткасы атанып, атағы жер жарған Теміртауға барып, радио тілшісіне қазақша сұхбат беретін бір басшы таппай қиналғанын, ақыры сол кездегі Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, болашақ Президенттің жас тілшіге әлгіндей сөздерімен демеу бергенін келтіреді. 

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері

2665 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы