• Әдебиет
  • 01 Желтоқсан, 2016

Заманауи қалашық бой көтермек

Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазақ инновация университеті» қалашығы салынатын болды. Қалашыққа облыс орталығының «Бозарық» шағынауданынан 150 гектар жер бөлінген. Қала құрылысы және сәулеті жөніндегі кеңесте университет қалашығының жобасы әлдеқашан талқылаудан өтіп, бекітілген. Мұнда үш бағытта, яғни медицина, химия-технология, жоғары бизнес мектебі бойынша мамандар даярланатын болады. Болашақта бой көтергелі жатқан оқу орнының жобасымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаманы оң бағалады.

«Қазақ инновация университеті» қалашығының құрылысын белгілі кәсіпкер, меценат, облыстық мәсли­хаттың депутаты С.Сейітжанов қолға алған. Бұған дейін де бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылған Шымкент инновация­­­­­лар және технологиялар колледжінде ­­­­9 кәсіптік бағыт бойынша мыңға тарта студент білім алуда. Әр дәріс­хана заманауи әдістемелік құрал-жабдықтармен жарақталған. Студенттер «Стандарт Цемент» зауытында, «RixosКhadisha» қонақ үй кешенінде, «SMG Greenhouse Profit» ЖШС-ның жылыжайында өндірістік тәжірибеден өтеді. Дип­лом алған соң да осы компанияларда жұмысқа орналасып, еңбек ететіндері көп. Себебі колледж қабырғасынан қонақүй шаруашылығына қажетті сервистік қызмет көрсету мамандарымен қатар тағам өнеркәсібі, ­агроном, өндірістік техникалардың бағдарламашысы сияқты кәсіби ­мамандар түлеп шығады. Оңтүстік өлкесіне жылыжай шаруа­шылығымен танымал «SMG Greenhouse Profit» кәсіпорны екі гек­тар алқапқа қызанақ пен қиярды голландық әдіспен өсірсе, тағы да екі гектар алқапта көкөністің бұл түрлерін түрік технологиясы қолданылады. – Бұдан бөлек 0,25 гектар тұқымбағымыз бар. Онда қияр мен қызанақ көшеттерін өсіреміз. Ал жылыжайдан аптасына 29-30 тонна өнім жиналады. Оны Ресейдің Омбы және Екатеринбург қалаларына жөнел­тудеміз, – дейді серіктестіктің бас директоры Ділмұхамед Сейділдаев. Тассай ауылында орын тепкен жылыжайда түгелге дерлік жергілікті тұрғындар қызмет істейді. «Ауылымызда жұмыс жоқ еді. Цемент зауыты, жылыжай салынып, жұмыс орындары ашылып, табыс тауып жатырмыз» дейді еңбеккерлер. Құрылтайшы кәсіпкердің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы кешенінің көлемін тағы да 4 гектарға ұлғайту көзделіп отыр екен. Бұл қосымша жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес серіктестік өз өнімдерін енді Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына да жеткізуді қолға алмақшы. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында ­жылыжай шаруашылықтарын дамыту ісі қарқынды жүргізілуде. Қазір өңірде 5950 жылыжай бар. Олардың жалпы көлемі 1021 гектар. Бұл республикалық көрсеткіштің 87 пайызына тең. Сонымен қатар «Стандарт ­Цемент» ЖШС-нің өнімдері де жоғары сұранысқа ие әрі нарықта цемент бағасының тұрақтануына өзіндік ықпалын тигізіп отырған бірден-бір кәсіпорын. Бұл өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. тонна цемент шығаратын Қазақстандағы ірі зауыт. Кәсіпорында экологиялық талаптарды сақтайтын заманауи құрылғылар орнатылған. Қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірместен сапалы цемент өндіріп келеді. Бүгін­де 1100-ден астам адам еңбек ететін компанияда жыл сайын жұмыс орындарының саны артып отыр. Ең бастысы кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне өз үлестерін қосуда. Болашақ қалашықтың жобасымен танысқан аймақ басшысы «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген мешіт құрылысына да көңіл аударды. Бір мезетте 8 мың адамды қабылдай алатын мешіттің құрылысына 12 гектар жер бөлінген. Онда мешіт ғимаратынан бөлек, медресе, кітапхана, неке қию және мәжіліс залдары, асхана салынады. 1200 көлікке лайықталған автотұрақ та мешіт аумағын тарылтпай, ауласының кең болуы үшін үш қабаттан тұратын жер асты кешен ретінде жобаланған. Мұны өте тиімді жоба деп бағалаған облыс әкімі мешіт айналасын көріктендіруге, көркейту ісіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Кәсіпкердің бизнестің жауап­кершілігі аясында атқарып отырған мұндай игілікті істері құптауға тұрарлық. Айта кетейік, «Қазақ инновация университеті қалашығы» аумағында көп­қабатты тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар салынбақ. Сонымен қатар жобаның ішінде кітапхана, оқытушылар үйі, студенттер үйі және өзге де ғимараттар бар.

Жәмила ЖАЙЛАУБЕК

Шымкент

1253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы