• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2016

Алмас Орақбайдың "Жұрт" атты көрмесі өтуде

Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі суретші Алмас Орақбайдың «Жұрт» атты жеке көрмесі ашылды.  ХХІ ғасырдың жаңа бағыттарын саралай отырып жазу қолтаңбасына өзіндік жаңалықтарымен келген жас кескіндемеші Алмас Орақбайдыңшығармашылығы ерекше. Оның шығармашылығы үшін әдетке айналған шынайы көркем көріністер емес, керісінше ішкі сұлулықтың бүтіндігін жоғалтып алмаудың себеп-салдарын іздеудегі символикалық актуалды тақырыптар орын алады.     orakbay_1 Орақбай Алмас Еркімбекұлы 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2004 – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжін және 2009 – академияның бакалавр дәрежесін Ж. Қайрамбаев шеберханасында жалғастырып, кескіндеме мамандығын тәмамдайды. 2009-2010 жылдары О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде кескіндеме және сурет пәнінің мұғалімі болып тәжірбиесін шыңдайды. Кейін 2012 жылы халықаралық «Болашақ»  стипендиясы бойыншаАҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Academy of Art University-де магистр дәрежесін қорғайды. 2013 жылдан бастапАстана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Көрмеге 20 кескіндемелік графикалық жұмыстары қойылған. Алмас Орақбайдың көрмеге қойылған туындыларының идеясы мен мазмұнының желісі бірін-бірі жалғастырып, «Жұрт» тақырыбын ашатын тұтас бір ойға бағытталады. Айталық, «Ғұмыр», «Сағым», «Шапан» атты кескіндемелік туындылардың мазмұндары мен композициялық шешімдері ұқсас келген. Мұнда халықтың дүниетанымындағы көнеден келе жатқан ұғымдарының бүгінгі таңда жойылып бара жатқандығына назар аударады. Жұмыстардағы образдалған кейіпкерлердің денесі бояулардың аққан тамшысы немесе қылқаламның сырылған іздері арқылы жүзеге асады да, көненің кейіпін кигендей сағымға ұқсап, ауада ғайып болатын әсер қалдырады. Тарихымызды қорғаштаған ата-бабаларымыз бен ауыр ғұмыр кешкен аналарымыздың рухын сипаттауда оларға құрмет көрсетсе, екінші жағынан олардың бізге аманат қылып қалдырған құндылықтарының «жұртта қалған» жарамсыз заттай тапталып бара жатқандығы суретшіні мазалайды.   Ал «Ағым» атты шығармасынан қоңыр-сары жолақты тік су ағымында тұрған жылқыны көреміз. Оның үстінде жалаңаш денесін жартылай жамылып, ұйықтап жатқан ер адам сұлбаланған. Жіңішке сары сәулелі өзен адамзаттың өмір жолы болса, жылқы – еңбек етіп, сол өмірді кешкені, ал тоңған денесі өз тағдырына жалғыз өзі жауап беретіндігін сипаттауы мүмкін. Бұл жұмысты «Кеш» атты композиция жалғастырып кетеді. Коңырқай фонда малшының қойларымен өзеннен өткен көрінісі меңзеледі. Бірақ мұнда нақты денелер мен кейіпкер жоқ, тек бас бөліктері немесе сыртқы киім пішіндері қиындылармен ғана белгіленген. Сондай ақ «Мамыр», «Шілде», «Тамыз» атты пейзаждары да үйреншікті көріністен алшақтайды. Аталған шығармалар да кең байтақ жердің урбанизацияланып ығысуы, таза ауаның тарылуы, ұлы даланы ғасырлар бойы мекендеген көшпелілерден саусақпен санарлық қана түліктің қалуы сынды мәселелер қозғалады. Айталық, «Шілде» атты кескіндемеде сары егістік алқабында жаны айқайға толы ер адамның жалаңаш сұлбасы, оның артында қара тұман басқан көкжиек берілген. Бұл туынды көрерменді сан-қилы сұрақтарға жетелейді. Көкжиекің түтін басып тұтануы «Тамыз» атты пейзажда да анық көрінеді. Яғни, адам табиғатқа бұрынғыдай тамсанып қарай алмайды. Себебі, табиғаттың бүгінгі жағдайы мүшкіл дегенді білдіреді. Жоғарыда талқыланған туындалардың желісі бойынша, жалпы суретші өзінің туған жеріне, ұлттық дүниетанымға жанашырлықпен қарап, оның бұзылмауына жол бермеуге тырысады. Жұртта қалған барлық қалдықтарды жинап-теріп, постмодернизмнің тілімен өз шығармаларының төріне шығаруға тырысады. Алмас Орақбай «Париж көріністері» топтық көрмесіне, АҚШ-тың  Сан-Франциско қаласындағы «Spring Show» топтық көрмесіне, ҚР Ә. Қастеев ат. Өнер музейінде Ж. Қайрамбаевтың шәкірттерімен «Іздер-2» көрмесіне, «Artfolio» галереясында «Жеті» топтық көрмесіне қатысқан.   Көрме 2016 жылдың 14 желтоқсанына дейін болады.  

17900 рет

көрсетілді

194

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы