• Руханият
  • 13 Мамыр, 2010

Көзбен көргендерден...

Адам өмірінде небір қызықты жайттар кездеседі. Қызылорданың Шиелісіндегі аймаққа белгілі Оқшы атаның мешітінің ашылуына байланысты «Қазақ Елі» газетінен бір тілшінің баруы міндеттелді. Атқа жеңіл Телпекбай – мен жөнелдім баяғы. Күн өте Шиеліге де жеттім. Қолымда қолтырауын терісінен жасалған қарақапшық. Бөтен жер, бөгде адамдар. Тілшінің алғашқы бассұғар адамы – қалай дегенде жергілікті жердің әкімі. Түс әлеті. Жан-жағын түрлі-түсті шеңбер кіреукелеген сұлу күн қызу қуатын жерге төгіп тұр. Тістеп-тістеп алады. Тау самалды Алматыдан келгенімді біліп қойғандай, тегі. Қол орамалыммен терімді сүртіп, «Бисмиллаһымды» аузыма алып, «аудан әкімшілігі» деп жазылған тақтаға көзімді тастадым.

1. Шиеліге шүлдірлемей бар Кең зал. Анандай бұ­рышта еден сүртіп жүрген бәкене бойлы, талдырмаш келіншек маған жалт қарады да, жүгіре басып кеп, басын изей амандасты. – Здравствуйте, – деймін. – Аким у себя? – Ол кісі әлгінде ғана облыс әкімін қарсы алуға кеткен. Келіншек қазақша сыңғырлап тұр. Мен орысша бұрқылдаймын кеп. Бейтаныстың жүзіне ұрлана көз тастасам, біздің ұлттың өкілі емес сияқты. Көздері қысық, шашы бұйра, қалай дегенде үнінде бір ерекшелік бар. Өзі тым сүйкімді. Жүзі айдай аппақ. Қызығып кеттім де: – Вы кореянка? – деп сұрадым. Мен де бір қызық адаммын. Баяғыда Мінуәр деген досым әскерден келгенде қазақтың қызыл қоңыр бауырсағын сұқ саусағымен көрсетіп: «Это что ли баурсак», – деген ғой. Өтебайдан Шөтебай өтіп кетті деген осы. «Ағай, мен осы Шиелінің кә­рісінің қызымын ғой», – деді келіншек. Менің ойыма әлі де ештеңе кіріп шығар емес. – До свидания, – деймін ғой қимай қоштасып. – Есен болыңыз, – дейді кәрістің сұлу келіншегі. Сабақты ине сәтімен болмай, әкімді кездестіре алмай, сыртқа шықтым. Күн күйіп тұр. Сексеуілдің сөлін сығып алатындай аптап. Баяғыда бала кезімізде аптап ыстықта бақа­йың байқаусызда құмға көміл­ген сәтте, ыршып бір кетуші ек қой. Бір-екі шоқаңдап алып, құйрығыңа отыра қалып, күйген аяғыңды көтеріп үбілемесең, міне, бәсің. Бала күнімді есіме түсірді ғой мына ыстық. Сөйткенше дәл жанымнан әлде­не гүрілдеп, селк еттім. Үйдей КамАЗ. Шопыр шіркін бапта­ған «тұлпарын» төрт керегенің көлеңкесіне «демалтуды» жөн көріпті. Артқа шегіндіріпті. «Мұның не, зәремді ұшырдың ғой» деп дігірлеуге аз қалдым. Алпамсадай бұйрабас орыс жігіті мені місе тұтпай, бас-аяғыма тінте қарап алды да, алға беттеді. Мұндайда жер мен көктің бәрі нұрға шағылысып жымыңдап, жыпықтап, күмбезді айналдыра ілген шырағдандарға ұқсап кетпей ме? Бетімді қалқалай ілгері адымдадым. – Әй, дорогой, вас можно, – дедім. Бұйрабас маған керенау бұрылды да, қасқыр көрген бұқадай сүзіле қарады. Жақтырмаған сыңайы бар. Бұл екі ортада мен де ол шіркінді: «Бәсе, бұлардың бәрі осындай. Қазақты менсінбейді», – деп Тес­кентау өткізіп жібердім. – Где мешит Оқшы ата? – дедім (орысшамның түрін қара). – Е, солай деңіз. Былай қараңыз, – деді бұйрабас орыс­тың жүзі жылып (менің орысша сөйлегенімді жақтырмаған екен ғой). – Анау көшені кесіп өтесіз де, тура әуез мектебінің тұсынан бір-ақ шығасыз. – Как переводится слов әуез? Ауезов что ли? – дедім таңырқай қарап. – Сізге түсіндіру қиын болды-ау, өзі. Музыка мектебі дейікші, халықаралық тілде, – деді ол. Басымды изедім. – Міне, сол жерден жаңадан салынған мешіт көрініп тұр. – Спасибо! До свидания! – Сау болыңыз, – деді бұйрабас шопыр. Пай-пай. Қазақ десең, өзіңе тиеді. Мемлекеттік тілді алға сүйрейтін тілшінің түрін қараңыз. Шындығында, Шиелі­де жұрттың бәрі қазақша сөйлей­ді. Барлық жазу қазақ тілінде. Ең аяғы көшелердің атына шейін... Нағыз қазақ елінде жүргендей­сіз. Иә, Шиеліге барсаңыз, мен сияқты елдің шырқын бұзып шүлдірлемеңіз. 2. «Балдею»... Ата сақалым аузыма шық­қанда Шиеліде орысша сөйлеп алжассам, ана бір-екі қызбен айтысуым соның қарымтасы деп ұғыңыз. Көрге түскенше көресіні көретінің анық. Сүйегімізге сіңген әдет пе, өзіміздікін өгейсітіп, басқанікін басымызға шығаратынымыз бар ғой... Бірде мүйіз, бірде киіз қыс. Сезімнің құшағынан айырыла алмай келемін. Бәріміз де ауыл­да туып, қалада оқып, сонда тұрақтап, сонан соң барып, уақыт өте сағынатынымыз жалған емес. Олай ететінің бар, ауылыңнан қарыс адым шықпа, маңдай теріңді төгіп еңбек ет, оты­мен кіріп, күлімен шық. Бірақ «бетпақ» тіршілік айдауы­ңа жүріп, айтқаныңа көне ме? Ауылыңа жасаған жақсылығың – сағынатындығың ғана. Шетелдік автобус жер апшысын қуырып келеді. Алдымда ақбурыл сақал, киіктанау, қырмұрын, сопақша бет, масаты көк тақия киген қарт отыр. Ол да әлденеге асығулы. Шамасы бұл да мен сияқты «балам, сен қайда болсаң, мен сондамын» деп «өлең­деткен» біреу-ау, шамасы. Одан арыда қызы мен ұлын жанына отырғызып, мәз-мейрам, жасы отыздың мол ішіндегі қара торы сүйкімді келіншек. Балаларын қаладағы интернатта оқытып, демалысқа ауылға алып келе жатқанға ұқсайды. Қызының да, ұлының да ауылды «тінтіп», бар-жоғын сұрағанын құлағым шалып қалған еді. Шопыр жігіт әлгі бір сәт­ке дейін радиолардан жас ән­шілердің әндерін айтқызып болып, ауыл қарасы көрінген бетте атақты «Ауылым» әнін асқақтатып қоя бергізді. Кеуде­міз көтеріліп, желпініп қалдық. Әншінің әуеніне бірен-саран қосылғандар да кездесті. Адам­дардың қуанышты бір сәті. Сөйткенше артқы жақтан бә­ріміздің шырқымызды бұзған, оспадар күлкі естілді. – О, балдею я, – деді әлгі қыздардың бірі. Оған екіншісі қосылып, бізге одырая қарады. Байқауымызша, ауылда туып, қалаға жетіп, уақытынан озып, «қалалық» атанғандар. Тамаша әуенді жақтырмаған сыңайы бар. Құлақ салсам, екі сөзінің бірі – рок, рэп. Киімдері де алба-жұлба, бірдеңе. Бірі – тегене төс, түйе балтыр, шолақ дамбал. Екіншісі де шалбар киген, сып-сида. Бет-жүзін опалап, қастарын қылдай етіп сызғандар, түге. Көнектен үрік­кен көк дөнендей осқыры­нып, екі езуі кебістей созылып, көздері жалт-жұлт етеді. Ешкім­нен именетін түрі көрінбейді. Жан-жағына мысықкөздене қа­райды. Бетімен кеткендер, түге. Әйтпесе, қазақы ортада әйел заты орысша шүлдірлеп, ернін түр­шүйтер ме еді? Сөйткенше қыздар тағы ду етті де, баяғы «балдею» тағы да естіліп қалды. Ендігі жерде шыдаудың жөні жоқ. Жандарына жеттім. Шиеліде аузымның күйгені бар, «шабуылды» сақтықпен бастадым. Аз-маз әңгімеге тартып, сөз­дің бір ыңғайында: – Қыздар, сендер атақты орыс ақыны Пушкиннің «Поп және балда» деген атақты өле­ңінен хабарсызсыңдар ма? – деп сұрадым. – Орыс сыныбын бі­тіргендерің көрініп тұр. – Не читала, – деді бірі. – Не помню, – деді екіншісі. – Поптың кім екенін біле­сіңдер ме? – Да, ол церковьте работает. – Ал Балда ше? Екеуі бір-біріне қарады. – Өзіңіз, скажете... – Балданың қазақшасы «миғұла, меңіреу» дегенді біл­діреді. – Вы что говорите... – Туған ауылымыз туралы ән шырқалғанда балдеть еткен өздерің емес пе. – Кешіріңіз, – деді тегене төс қыз. – Өзіме де обал жоқ, – деді шалбар кигені. – Дұрыс болды. Мына қыз­дарың қазақша сайрап тұр ғой, – деді қарт мырс етіп. – Ұят-ай... Шәкен Күмісбайұлы

3447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы