• Тұлға
  • 15 Желтоқсан, 2016

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ

Биыл Алаштың ардақтысы, әлемдік деңгейдегі қоғамдық қайраткер Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы елімізде кеңінен атап өтілді. Жақында ғана Қарағанды қаласында «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өтті. Оны Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ашып, жүргізіп отырды. Жиында баяндама жасаған тарих ғылы­мының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымының кандидаты, доцент Ербол Тілешов, саясаттанушы Берік Әбдіғали, ҚР Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақосов, ақын Бақытжан Тобаяқов, шет елдерден келген қонақтар, қазақстандық ғалымдар Әлихан Бөкейханның қайраткерлік, тұлғалық қасиеттері жөнінде кеңінен сөз қозғады. Жиында сондай-ақ ұлы тұлғаның немере інісі Нұрым Бөкейханов та сөз сөйлеп, ­арнау өлеңін оқыды. Басқосуда Қарағанды қаласындағы Ленин көшесіне, қаладағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру жөнінде ұсыныс айтылды. Ұлт көсеміне қатысты тағы бір игі шара өткен сейсенбіде Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада болды. Осында белгілі журналист, әли­хантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» және «Әлихан Бөкейхан. Аманат» атты қазақ және орыс тілдеріндегі төрт томдық кітабының тұсаукесері өтті. Бұл шараны тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналис­тика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев жүргізіп отырды. Сөз сөйлеп, пікір білдіргендер бұл туын­дылардың маңызын айта келе, моног­рафиялар авторының қажырлы ісіне ризашылықтарын білдірді.

Нұркен ЖАНДАУЛЕТҰЛЫ

1381 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы