• Тарих
  • 13 Мамыр, 2010

Ғасыр-ғұмыр

d0b3d0b0d181d18bd180-d0b3d183d0bcd18bd180«Максим» пулеметінің алғашқы атқышы болған орыс қызы менің досым еді. Ол жау қолынан қапияда қаза тапты. Сол орыс қызы атқан пулеметті мен ата алмайды деймісің?» - дегенде Мәншүктің көзінен қас дұшпанына деген кектің ұшқыны жалт берген еді. Бұл – Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аяулы қызы Мәншүк Мәметованың жалынды сөзі болатын. Мұны сонау 1941-45 жылдардағы сұрапыл, сұм соғыста талай фашистің көзін жойған қаһарман қазақ қызының Отан үшін болған қан майдандағы бейнесін өмір бойы жадында ұстап келген майдандас досы – Күрішбек ақсақалдың аузынан естідік. Фашист басқыншыларынан Невель қаласын азат ету үшін Изочи станциясында болған кескілескен күресте талай неміс әскерін сұлатып, ерлікпен көз жұмған Мәншүктің әрбір сөзі де, істеген іс-әрекеті де – бәрі-бәрі көз алдында. Соғыс жайлы естеліктерін естіп қайту үшін Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылында тұратын Күрішбек атамызға арнайы барған едік. 99 жасқа келсе де белі бүгілмеген ақсақалды біз дөң басында қой бағып жүрген жерінен кездестірдік. Қуана қарсы алған атамыз өз өмірінен сыр шертті. Ұстаздық еткен жалықпай...

Күрішбек Көжекбаев бұрын­­ғы Жетісу губерниясы, Жар­кент уезі, Ынтымақ болысын­дағы Тоғызбұлақ ауылында 1912 жыл­дың мамыражай мамыр айында дү­ниеге келген. 1930 жылы Тоғызбұлақ­тағы жеті жылдық мектепті тәмам­даған соң Алматыдағы 6 айлық мұғалім­дер даярлайтын курсқа келеді. Осы курсты бітірген соң өз ауылындағы сауат ашу мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Сол күннен бастап Алматы облысының Кеген, Ұйғыр аудандарының әр мектебінде мұғалім, мектеп меңгерушісі қызметтерін ат­қарады. Күрішбектің шәкірт тәрбиелеп, ұстаз атануына әкесі Көжекбайдың көп көмегі болса керек?! Жоқ, Көжекбай ақсақал өзі мұғалім болған емес. Бірақ ол кісінің жүрегінің түкпірінде ұстаздыққа деген ізгі арман жатқандай еді. Сондықтан да болар, ол кісі ұлдары Күрішбек пен Әділбектің білім алуына үлкен мән бергендігі?! Сондықтан да болар, шаруасын ысырып қойып, ұлдарының қолында ұстаған қағаз-қаламын көріп, көзайым болып, ме­рейінің өсетіндігі?! Ақжарқын әке көңіл десеңші, олар­дың қыңыр-қисық жазуына қарап-ақ: «Мына жазулардың әде­місін-ай, шамасы, менің балаларым оқымысты, білімді болады-ау», – деп жұбайы Бекжанға қарап, мәз-мейрам болатын. Сол кездің өзінде әке жүрегі ұрпағының алдағы күнін сезген-ау, шамасы?! Айтқандай-ақ, қос қанаты – ұлдары білім алып, елдің алды болып, ұстаздық қызмет атқарады. Сұрапыл соғыс басталғанда Кеген ауданында мектеп меңгерушісі болып жүрген кезде соғысқа аттанған Күрішбек атамыз соғыс аяқталған соң да елге оралып, өз қызметіне қайта кіріседі. Шәкірт тәрбиелейді. Жүйелі де жемісті жұмыс істейді. Сан шәкіртке тәлімгер ұстаз, рухани әке атанады. Көптеген жылғы еңбектен соң 1972 жылы Күрішбек атамыз құрметті еңбек демалысына шықты. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде озық еңбек етуде. Әділдік туын тіккен күн

Тағдыр – таразы. Кейде бір басы үстем болса, келесі жолы екінші басы... Тағдыр тауқыметі мол тар жол, қыл көпір. Сәл ауытқасаң, екінші қайта орнығуың екіталай. Бірақ кейде тағдыр жадыра­ған жаз да болады. Тек сол тағдыр салған талай сын сағаттан сүрінбей өту адам баласының маңдайына жазылған-ау, әу баста-ақ. 1933 жылы Ораз Жандосов ау­данға бірінші хатшы болып келді. Ә дегеннен-ақ елгезек, пысық көрінген Күрішбекті бірінші хатшы жанына жақын тұтады. Біраз уақыт жолдас, сырлас болады. Екеуі де ел жайын, жер жайын әңгіме ететін. Халықтың мұңын сөз ететін. Аштықтан қырылған боздақтарды ойлап, егілетін. Бірақ сол халқымыздың біртуар перзентінің бірі Ораз Жандосов сталиндік жасынның жалынынан жапа шегіп, нақақтан-нақақ отқа түсті. Бұл жалын тіпті сонау түкпір ауылда жүрген Күрішбекке де жетті. Райымбек ауданындағы Шырғанақ жеті жылдық мектебінде меңгеруші болып жүргенде оның да қолына кісен салынып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. «Ораз Жандосов – халық жауы. Жапонияның агенті» деген сынды сан айып тағылған Ораздай жаны жайсаң ағаның құр­бан болатынын естігенде тұла бойы қалшылдап, еңіреп жылаған еді. Сол сәттен бастап бұл да халық жауы атанды. НКБ-ның «шаш ал десе, бас алатын» әзірейілдері күн сайын тергеуге алып, мұның да көзіне көк шыбын үймелетуді мақсат етті. Әр күн сайын «Сен түн баласы Ораз Жандосовтың қасында болып, елді азғырдыңдар, сталиндік идеяға қарсы қойдыңдар» деп ығыр етті. «Тіпті екеуің аңға шығады екенсіңдер, оның тауда Жапониямен байланыс жасайтын штабы бар екен ғой» деді де. Қорқытты, үркітті. Бірақ азғана уақыт ішінде ағасындай қамқор, құрбысындай сырлас, мұңдас болған аға жайында бір ауыз қиянат сөз айтқан емес еді. Тіпті тас болып, қасарысып алды. Ақыры екі айға жуық уақыт өткен соң баз біреулердің қамқорлығы ма, әлде мұның кінәсіз екендігін аңғарған болар, ақыры босатты. Осылайша өзінің ұстаздық өміріне қайта оралды. Мәншүктің жалғыз арманы

1941 жыл. Елдің еңсесін сұм соғыс тү­сір­ді. Жетім қалған бала, жесір қалған ана. Ел басына күн туған сол заманда ерлеріміз соғысқа аттанып, еңкейген кәріміз бен еңбектеген жастар жер тырмалап, тылда еңбек етті. Елін қорғау ер-азаматқа міндет болғандықтан Күрішбек бауыры Әділбек екеуі де майданға кетті. 1941 жылдың желтоқсан айында Алматыға келген ол жаңа құрылған 100-атқыштар дивизиясының құрамына кірді. Барлаушылар ротасына қабылданды. Штаб бастығы майор А.Тарасов еді. Алғаш Мәншүкті де осы жерден көреді. Бұл жайында Күрішбек атамыз: «Мәншүк сол штабтың №4 бөлімшесінде қызмет ететін. Әскерге келгендер туралы мәліметтер жинайтын. Ал мен сол бөлімшеде аға сержант болғандықтан Мәншүкпен күнбе-күн кездесіп тұрамын. Мен әрқашан Мәншүктің бойынан ерлік, өрлік, батырлық сынды ер-азаматқа тән мінездерді жиі аңғаратынмын. Ол өзін қай ортада да еркін ұстайтын, әзілқой еді. Ортадағы жалғыз қыз болғандықтан да оны біз де қадірлеп, сыйлайтынбыз. Ол солдаттарға келген хаттарды үлестірер кезде әрқайсысымызға шарт қойып, сол шартты орындасақ қана ауылдан келген сәлемдемелерімізді ұсынады. Сонда бірімізге ән айтқызып, бірімізге би билетіп, бірімізге әзіл айтқызып жатады. Кейде Мәншүк екеуміз сырлас құрбыша әңгіме шертеміз. Мен кейде өзімсініп: «үйленсең тойыңа шақырасың ба?» деп те қоямын. Сондай кезде Мәншүк ойланып отырып: «Әуелі соғыс бітсінші. Содан соң бәрі де жақсы болады. Жар құшып, бала сүйерміз. Ана болып, нәресте бағу – менің басты арманым. Әже атанып, немерелерімнің ортасында солардың бақытын тілеп отырсам ғой...» – деп біраз үнсіз қалып, өзімен-өзі қиялға да берілуші еді. Жүзі де бал-бұл жанып кетеді. Сәлден соң біреу түрткендей селт етіп: «Әуелі мына соғыс бітсінші. Содан соң бәрі де жақсы болады», – деп өз-өзін жұбатып та қоятын». Сол кездегі Мәншүк бейнесін еске алған болар, қазыналы қарт сәл күрсініп, үнсіз қалды. Аздан соң әңгімесін қайта жалғап: «Алматыда алты айдан аса жатып, біздің дивизия әбден жасақталды. Соғыс тәсілдерін үйрендік. Осылайша 1942 жылы тамыз айында соғыс даласына аттанып, Мәскеуге бет алдық. Оншақты күндік ұзақ сапарды артқа тастап, Бабушкин қаласына жеттік. Мұнда да біраз жаттығу жасадық. Ақыры біздің дивизия 1942 жылдың қазан айында нағыз соғыс алаңына кірдік. «Молодой путь» елді мекенінен басталған ұрыс бүкіл Калинин облысын жаудан бір-ақ азат еткенше созылды. Мұнан соң 1943 жылдың қаңтарында генерал В.В.Еременконың бұйрығымен Велики-Лук қаласы үшін ұрысқа қатыстық. Мұнда біраз аялдап қалдық. Себебі немістер бұл қалада бекіністі мықтап орнатқан екен. Дегенмен біздің әскер өзінің көзсіз ерлігінің арқасында жеңіске қол жеткізді. 35 мыңнан аса неміс әскерін тұтқынға алдық. Әрине, мұндай майдан кезінде Мәншүкпен бұрынғыша емін-еркін әңгіме-дүкен құра алмадық. Тек ұрыс біткен сәттерде көріп, амандасып жүрдік», – деп өткен күндерге біраз тоқталып өтті.

Күрішбек ата бүгінде Жамбылдың жасына келіп, ауылға сыйлы ақсақал болды. Соғыс жылдары атақты Жамбылмен дәмдес болғанда: «Ата, жүз жасаңыз» деген оның сөзіне езу тартқан ақын: «Рахмет, айналайын! Өзің де жүз жаса» деген еді. Міне, сол Алладан шын тілеген ізгі тілек орындалды. Күрішбек атамыз соғыстан соң Құдай қосқан қосағы Қалишамен бақытты ғұмыр кешті. Балалы болды. Бүгінде немере, шөберелерінің ортасында бәйтеректей мәуелі. Тіпті 99 жасты еңсерсе де, бір сәт тыным тауып отыра да алмайды. Қырға шығып қой бағады, тіпті аула тазалап қыбырлап, жүргені. Иә, соғыстың сұсын көрген көнекөз қарияның ұрпаққа берер ұлағаты мол, айтар ақылы дария теңіздей. Бізбен қоштасып тұрып: «Айналайын, сендердің елеп-ескеріп отырғандарыңның өзі бізге бір ғанибет. Біз көрген күнді сендер көрмеңдер!» деп қош айтысты. Біз де ішімізден «Әумин! Айтқаныңыз келсін!» деп қария үйінен алыстай бердік. 1943 жылдың қазан айында Невель қаласы үшін қанды қырғын болды. Осы майданда талай боздақ көз жұмды. Талай жас қыршын кетіп, талай ана мен бала көз жасын көл қылды. Әсіресе, Изоши станциясы үшін болған ұрыс екі жаққа да оңайға соқпады. Бұл жайды Күрішбек атамыз былай еске алды. «Бізге қалайда осы станцияны алу қажет болды. Себебі станция немістер иелігіне өтсе, жағдайымыз күрт төмендейтін еді. Сол арқылы бүкіл теміржолды қиып, барлық байланысты үзіп, Ресейге, Орал тауларына қарай ентелеуді олар да алдына мақсат етіп қойған білем, бар күш-жігерлері мен қаруларын жұмсады. Осындай күн-түн демей болған ұрыс алаңынан шыққан бір сәтте Мәншүк екеуміз тағы да кездесіп қалдық. Ол осы кезде өзінің оққа ұшқан «Максим» пулеметінің атқышының орнына шығатынын айтты. Мен оның ержүректігіне таңғалдым әрі ондай қауіпті іске қимадым да. Бірден оған «Штаб бастығы келісті ме?» деген сауал тастадым. – Алғашында көнбеген, бірақ үшін­ші мәрте алдына қайта барғанымда ке­лісімін берді. Енді ертең «Максим» пу­леметі менің қолыма тимек, – деп езу тартты. – Бекер істегенсің, – деп қобал­жуымды жасырмадым. Жұлып алған­дай ол да: – Жоқ, Күрішбек Көжекбаевич, мен өзім сұрандым. Себебі «Максим» пулеметінің алғашқы атқышы болған орыс қызы менің досым еді. Ол жау қолынан қапияда қаза тапты. Сол орыс қызы атқан пулеметті мен ата алмайды деймісің? – дегені. Жүзінде жауына деген ыза-кек айқын байқалып тұрған еді. Мен мұндай ызаға булыққан, өз-өзіне аса сенімді Мәншүкті бірінші рет көріп тұрғандай болдым. Баз баяғы жүзінде күлкі үйіріліп жүретін Мәншүк емес. Біраздан соң ол маған қарап: – Біртүрлі саусақтарым дірілдеп тұрған сынды. Жүрегім де алып-ұшып тұр. Бірақ көңілімде ешқандай да алаңдаушылық жоқ, – деді де, – Соғыс та бітер, аман-есен үйге оралармыз, – деп тағы да өзіне басу айтты. Кетіп бара жатып, қайтадан бірнәрсе ұмытқан адамша ойланып тұрып: «Күрішбек, қош-сау бол, менен елге сәлем айтарсың», – шығып кетті. Мен әп-сәтте абдырап, не айтарымды да білмей қалдым. Тек ол шығып кеткен соң ғана «Мәншүк, аман бол. Жаудың көкесін көзіне көрсет», – деп қайталап айта беріппін. Изоши станциясы .үшін болған ұрыс аптаға созылды. Жеңіс туын біресе немістер алса, біресе біздің әскерлер желбіретті. Осы қырғында ерекше ерлігімен көзге түскен қазақтың өрімдей қызы Мәншүк еді. Мергендігін де паш етті. Төрт-бес күн ішінде жүздеген жау солдатын жайратты. Бір ұққанымыз, Мәншүк пулеметті бас-көзге қарамай ата да бермейтін, ең ұрымтал, ұтымды сәтті күтіп жататын. Осындай ыңғайлы сәт туған шақта «Максим» пулеметі сарнап қоя беретін. Осылайша Невель қаласындағы Изоши станциясы үшін болған шайқастың ақырғы күні де жетті. Бұл күнгі ұрыста екі жақтың да адамдары сиреп қалған. Бірақ артқа шегінуге болмайды. Тапсырма сондай. Осы сәтте жауға оқты қарша боратқан «Максим» пулеметі үнсіз қалды. Осы сәтте бәріміз де «Отан үшін, Мәншүк үшін алға!» деп лап қойдық. Рота командирі маған «Максим» пулеметі орналасқан жерге дереу жетуімді тапсырды. Алып-ұшып келсем, жансыз дене. Жүрегім селт ете түсті. Мина жарықшағы қыздың кеуде тұсына тиіпті. Денеден аққан қан да киімінің бір жақ өңіріне жұғып, ұйып қалыпты. Денем қалтырап кетті. Мәншүктің жансыз денесін құшақтап, өкіріп жібердім», – деп Күрішбек қария сөзін сәл ірікті. Байқаймын, көзінен жас та ыршып кеткен. Мәншүктің өлімі кеше ғана болғандай көз алдында тұр. Осылайша ерлікпен қаза тапқан Мәншүк денесін ұрыс аяқталған соң Невель қаласына жерлейді. Сол қаланың орталық көшесіне Мәншүктің атын береді. Мәншүк қайтыс болған соң да Күрішбек ақсақалдың жорығы жал­ғаса береді. Соғыстың соңғы нүктесін Берлинде қойып, Г.К.Жуковтің қол астындағы атақты Тартуский дивизиясында қызмет етеді. 1946 жылы елге оралады. Соғыста ерлік көрсеткен Күрішбек Көжекбаев атамыз «Ерлігі үшін» медалі Новый Сокольников қаласын жаудан азат еткені үшін, «Даңқ» ор­дені 1944 жылы Брест қаласында болған шайқаста ерлік көрсеткені үшін берілген.

Күрішбек ата бүгінде Жамбылдың жасына келіп, ауылға сыйлы ақсақал болды. Соғыс жылдары атақты Жамбылмен дәмдес болғанда: «Ата, жүз жасаңыз» деген оның сөзіне езу тартқан ақын: «Рахмет, айналайын! Өзің де жүз жаса» деген еді. Міне, сол Алладан шын тілеген ізгі тілек орындалды. Күрішбек атамыз соғыстан соң Құдай қосқан қосағы Қалишамен бақытты ғұмыр кешті. Балалы болды. Бүгінде немере, шөберелерінің ортасында бәйтеректей мәуелі. Тіпті 99 жасты еңсерсе де, бір сәт тыным тауып отыра да алмайды. Қырға шығып қой бағады, тіпті аула тазалап қыбырлап, жүргені. Иә, соғыстың сұсын көрген көнекөз қарияның ұрпаққа берер ұлағаты мол, айтар ақылы дария теңіздей. Бізбен қоштасып тұрып: «Айналайын, сендердің елеп-ескеріп отырғандарыңның өзі бізге бір ғанибет. Біз көрген күнді сендер көрмеңдер!» деп қош айтысты. Біз де ішімізден «Әумин! Айтқаныңыз келсін!» деп қария үйінен алыстай бердік.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

3757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы