• Әдебиет
  • 23 Желтоқсан, 2016

Бас ием, бапкер Дүние!

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болыпты. Қоғамымызды қайта құру жылдарындағы халқымыз әрқилы келеңсіздіктер мен қиындықтарға бойындағы бар күш-жігерімен төтеп беріп, парасаттылық пен бірлігін, елге, жерге деген зор сүйіспеншілігін сақтай отырып, өзінің ерен еңбегінің, жарқын қуатының арқасында бүгінде елеулі игіліктерге жетіп, биік белестерді бағындыра бастады. Менің де қазақ қызы, ана, жар, ақын ретінде, жұртымызбен бірге басымнан өткізген жан ышқыныстарым мен ұлтыма деген ынтызарлығым өлең болып өріліп, кітаптарыма енген еді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында 1991-2000 жылдар аралығында жазылған жырлардан топтама ұсына отырып, өткенімізді саралап, келешегіміз бейбітті де жарқын болсын деген ізгі ниетпен,

Автор.

ХАЛҚЫМА

Тұншығып тағы жыладым, Булығып кеуде ызаға. Елімнің мұңын тыңдадым, Қарсы алып таңды бозала.

Халқым-ай менің, кінәмшіл, Қалқасын қимас қинайтын. Қорыққанынан құдайшыл, Әруағын, бірақ, сыйлайтын.

Бөтенді көріп жақындай, Бауырға басын имейтін, Нашымен сөйлеп нақылдай Тірлікке қолы тимейтін.

Күйетін отқа ел үшін, Қадірін достың білетін. Сарсаңға салып серісін, Өкініп сосын жүретін. Байыптап көрмей мін, сырын, Өзгеге елтіп, ентіктің, Қырық бір қарыс қырсығын Арқалап қалдың меншіктің.

Билікке құмар қарағым, Кез туды кәсіп меңгерер. Биіктен жанса талабың, Боларсың әлі-ақ кемеңгер.

Береке, құтың қолыңда , Ұйқыдан енді ояндың, Жігер, күш шалқып бойыңда, Ездікті келді қояр күн.

Халқымның күні жоқ жырсыз, Жүрегі күйден жаралған. Айтпайды қазақ орынсыз, Рухы сөзден нәр алған!

Найзамен баба қорғаған Елімнің ерен егесі, Кемелдігіңді паш етер Ғасырың болсын келесі! ӘЙЕЛ МОНОЛОГЫ

Дүрелеген дұшпандарға дес бермей, Азулының айбатынан сескенбей, Ар жолымда ақ жауындар жарылқап, Өтсем деймін еш пендеге кектенбей.

Тартысы көп, айтысы көп өмірде, Шырылдаумен қанша жүрек сөнуде. Сыбағамды алмадым деп еселеп, Кейбіреулер Құдайды да сөгуде.

Бар жақсылық келе бермес бір басқа, Әр пейілге арналады жыр басқа. Кезегімен келіп тұрар қайғы, бақ, Күндеріңе көгереңдеп күл шашпа!

Ұлы күрес жүріп жатыр санада, Көңілдер де түсіп біраз сабаға. Қуат берші, қасиетті нұрлы күн, Адамзаттың ақ тілегі – Анаға!

* * * Ашыл, күнім, ашыл, Дидарыңнан шашыл. (Халық ертегісінен)

Ашыл, күнім, ашыл, Нұрыңменен шашыл! Аңқаулықпен өткен Кей сәтімді жасыр!

Жоқ секілді қасым, Етпе ешкімге масыл, Келер екен қашан Маған кездер асыл!

Жаным мұңлы қазір, Сырқат көңіл, жазыл, Тәтті еді қандай, Өзің айтқан әзіл.

Арғы жаға жасыл, Суға құлап лашын, Толқын келіп көмді, Оның тамшы жасын..

* * *

Мен болсам ғұмыр-әдеппен, Пір тұттым адам баласын, Достасып сұлу сонетпен, Емдедім жанның жарасын.

Самалын жұттым сан кештің, Жұлдызды түнде жұбандым, Ақпанда әппақ қар кештім, Жақсылар үшін қуандым. Айлы жаз көрдім сиқырлы, Алаулап күйдім Күн – нұрға, Ардақтап туған ұлтымды, Тәрбие бердім ұл-қызға.

Өмірім мәнді, мәнсіз бе, Өтінде заман – құйынның, Демеу боп жүрдім әлсізге, Тәңірге ғана сыйындым.

Салмақты салып жақынға, Ажарсыз айла еткем жоқ, Асқақтық тән деп ақынға, Айдарымнан жел ескен жоқ.

Пыр-пырлап ұшты қол бұлғап, Қырғауыл-арман, қызыл шоқ, Жанарым енді құп-құрғақ, Ынтықтық қалды ызың боп...

* * * Айбаты өктем, күн-ғұмыр, Азабыңды енді бермеші, Баса алмаған ынтығын, Мен де бір Тәңір пендесі.

Жалқы мұң кетсін ескірген, Құрысын надан құрған тор, Құтты боп бағым кеш келген, Құдайым берсін иман жол.

«Айласыз айбат еткенмен, Жетпейсің ешбір жеңіске, Кесірін тартар кектенген, Санасыздармен шегіспе».

Баулыған осылай парыққа, Шұғыла төгіп, сүйіне, Ғашық еткен жарыққа, Бас ием, бапкер Дүние! * * * «Сіз - бізі» мол салтанат, Болмысыңнан айныма, Шаттық құшқан шартарап, Жол бермеші қайғыға.

Ынтызармын пәктікке, Ойлағым жоқ мұң жайлы, Иіп шексіз мәрттікке Жер тәні де бусайды.

Ығысады ызғар да, Лебіздерден шуақты, «Сіз – бізіміз» тұрғанда Көркем дүние қуатты! Еліме

Салмағы артып мысыңның, Тірегім болшы, туған ел. Мен де бір өршіл қызыңмын Өзіңмен өсіп, буған бел.

Көктемін құшқан көкірек, Қалыпты қыстан қысылып, Құрдымға кетіп көп тілек, Желтоқсан желі ұшырып.

Санамды сыздан құрғатып, Шабытым шалқып шалқарда, Қиырда сырлы үн қатып, Жүргенім сенің арқаңда.

Алақан толып нұр, баққа, Адымың жатса күн аттап, Ұлы күн туар ұрпаққа, Жігерің тасып, жыр қаптап!

Тәж киіп лағыл шуақтан, Күн санап өскен алыптай, Өзіңе сеніп қуаттан, Жүзіңді жүзге қарытпай!

Мұң-шерін Армен жуған ұлт, Сындарлы, дана, қайырымды, Сенерім сенсің, туған жұрт, Көрмейін енді қайғыңды!

1484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы