• Әдебиет
  • 12 Қаңтар, 2017

Білікті дәрігер, өнегелі жан еді...

Тұрар Қойшығараұлы Көкеевтің есімі еліміздің денсаулық сақтау саласына жақсы таныс. Оны әріптестері «Қазақстандағы қан-тамырлар хирургиясының негізін салушы» деп біледі. «Хирург болу жұмыста кешкі алтыға дейін ғана жалғасатын кәсіп емес, ол күні-түні жұмыста болу деген сөз» деген ұстанымға өмір бойы адал болып өткен Тұрекеңнің фәни дүниеден бақи дүниеге көшкені жанымызға батты. «Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді» дейді ғой атам қазақ. Саналы ғұмырында айналасына мейірім шуағын төгіп, соңынан көптеген білікті шәкірттерін тәрбиеледі. Қаншама науқастарға шипалы емін дарытты. Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келіп, өмір белестерінің сан түрлі соқпақтарынан өткен ардақты азамат таңдаған кәсібінің шын шебері болып қызмет етті. Медициналық жоғары білім алған соң, алғашқы еңбек жолын туған жерге өтер парызы ретінде Жамбыл облысы Талас ауданынан бастады. Кейін Алматыға оралып, аспирантураға оқуға түсті. Атақты профессор Михаил Иванович Брякиннің шәкірті атанып, елімізде әлі кенжелеу дамыған қан-тамырлар хирургиясын игеруге белсене кірісті. Жалпы Тұрекеңнің өнегелі қасиеттері, адамгершілік ізгі істері туралы көп айтуға болады. Кеңес одағы кезінде қазақтың дарынды ұлының мойындала қоюы да қиын іс еді ғой. Бірақ соған қарамастан Тұрар Көкеевтің біліктілігін Кеңес одағы аумағындағы әріптестері мойын­дап, жоғары баға беретін. Ерен еңбегінің арқасында мемлекеттік деңгейдегі марапаттауларға да қол жеткізді. Атап айтқанда, хирургия саласына сіңірген еңбегі үшін 1970 жылы «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі, 1981 жылы Қазақ КСР Президиумы Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен «Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы табыс етілді. Ал 1997 жылы Т.Көкеевке қан-тамырлар хирургия­сын біліктілікпен ұйымдастырып, басқара білгені үшін және хирургия кадрларын даярлауға сүбелі үлес қосқаны үшін елімізде тұңғыш рет А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының «Құрметті профессоры» атағы берілді. 2011 жылы хирургтердің Халықаралық конгресінде «Алтын медальмен», ҚР Дәрігерлер қауымдастығының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталды. Құртқа Тәуіп атындағы қоғамдық академияның академигі болып сайланды. Алматы, Жамбыл облыстарының «Құрметті азаматы» атанды. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универси­тетінің интернатурасы мен резиден­турасының хирургиялық аурулар кафедрасында мамандарды тәрбиелеуге сүбелі үлесін қосты. Т.Көкеев қазақ тілінің де үлкен жанашыры болды. Оны нақты ісімен де дәлелдеп, Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қазақ тілінде медициналық оқулықтар жазды. «Госпиталды хирургияның таңдаулы дәрістері», сондай-ақ 5-6 курстарға арналған хирургия саласы бойынша 2 монография, 15 оқу-әдістемелік құралдары кеңінен танымал әрі сұранысқа ие. Үлкен-кішіміз «Тұрар аға» деп сый­лап, құрметтеуші едік. Ақыл­шы­мыз еді. Жұмысқа байланысты көп мәселеде кеңесіне жүгінетінбіз. Бар білгенін ортаға салатын. Ізба­сар­ларына жол көрсетіп отыратын қайраткер тұлға еді. Сондай ыстық, қимас шақтардың бәрі енді көңілімізде ғана сайрап тұратыны сөзсіз. Алланың дегеніне шара бар ма. Жаны жаннатта болсын. Артында қалған ұрпақтарына Алла ғұмыр берсін деп тілейміз.

Амангелді ИБАДІЛДИН, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің профессоры, «Хирургия №2» кафедрасының меңгерушісі

2109 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы