• Тарих
  • 13 Мамыр, 2010

ӨМІРІН ӨШПЕС ДАҢҚ ӨРНЕКТЕГЕН

d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2-9-d0bcd0b0d0b9

Биылғы Жеңіс мерекесі бұрынғыдан ерекше тойланды. Тіпті ТМД көлемінде жоғары деңгейде атап өтілді деуге болады. Бұл да, бір жағынан, қатары жылдан-жылға селдіреп келе жатқан сонау отты жылдардың куәгерлері – ардагерлерге көрсетілген асқан құрмет болса керек. Одан қалса, Елбасы Жарлығымен тәуелсіздік алған еліміздің Қарулы Күштері құрылғанына да он сегіз жылдың жүзі болып қалыпты. Бұл күн де – Отан қорғаушылар күні, тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын, қорғаныс қабілетінің мықтылығын білдіретін тарихи күн.*** d0bad0b0d181d18bd0bc-d0bad0b0d0b9d181d0b5d0bdd0bed0b2«Бейнесі қалған жатталып». Бұл – «Халық қаһарманы» атағын ең бірінші болып иемденген партизан-жазушы, хас батыр Қасым Қайсеновтің ақын Жұмағали Саин жайында айтқаны. Сөзсіз, ел үшін қан майданның қасіретін көрген ерен ерлер ұрпақ санасында сақталады. Жуырда бұл қағида тағы бір мәрте дәлелденді. Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай Өскеменнің қақ төрінен қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновке қоладан бюст қойылды.

Мүсiннiң салтанатты ашылу рәсiмiнде облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев: «Қазақтың нары атанған, сол бiр сұрапыл соғыста алғашқылардың бiрi болып партизандық қозғалысты бастаған жерлесiмiз Қасым Қайсеновтің ерлiгi ерекше. Қауiп пен қатерге толы партизандық соғыста жанын сала күрескен Қасым аға артына өшпес iз қалдырып кеттi», – деп орынды атап өтті. Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауда­нында дүниеге келген. 2006 жылы 30 жел­тоқсанда 89 жасқа қараған шағында ауыр науқастан өмірден өтті. «Табиғаттан асқан мүсінші, суретші жоқ қой. Біздің жақтың тауы да, тасы да, ағашы да өзінше ерекшеленетін. Керегетас, Секіртпе, Сандықтас деген сияқты атаулар көп. Шіркін, туған Жер-Ана!» деп тебіреніпті естеліктерінде Қасым Қайсенов. Енді тау тұлғалы батыр бейнесі де «Біздің ел соғысқа қарсы. Бізге баянды бейбітшілік керек» деп қаһарман тілегін қайталап тұ­ратындай көрінеді. *** Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойды. Гүл шоғын қою рәсімінен кейін жиналған қауым сұрапыл соғыста қаза тапқан Қазақстан жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң еліміздің мемлекеттік Әнұраны әуеледі. Салтанатты шара Республикалық Ұлан сарбаздарының ел Президенті – Қазақстан Қарулы Күш­те­рінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында салтанатты шеру жасап өтуімен әрі қарай жалғасты. Салтанатты рәсімге Парламент Сена­тының Төрағасы Қ.Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов, Премьер-министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы А.Мусин, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орын­ба­сары Н.Нығматулин және де Үкімет мү­шелері мен өзге де ресми адамдар қатысты. *** Елбасы Ақордада мерекеге орай бірқатар соғыс ардагерлерін және әлеует құрылымдары­ның қызметкерлерін мем­лекеттік наградаларымен де марапаттады. Әскери погондарды табыс ету рәсімі резиденцияның «Алтын залында», мемлекеттік наградаларды табыс ету рәсімі «Мәрмәр залында» өтті. – Мен қазір жоғары әскери атақ пен шендерді тапсырғалы тұрмын. Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылық құрамындағы бірнеше сардар бүгін генерал атағына ие болып отырғанын айрықша айтқым келеді. Қарулы Күштеріміз – бүгінде татулықты ту еткен халқымыздың берік қорғаны, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың се­німді тірегі. Айбынды әскеріміз, қырағы қорғаушыларымыз бар кезде халқымыз бейбітшілік баянды болады деп сенеді, – деді Елбасы құттықтау сөзінде. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін аман-есен жетіп, Алланың шапағатына, мемлекеттің құрметіне бөленіп отырудың өзі үлкен бақыт. Өйткені ардагерлердің дені қазақ тәуелсіздігінің куәсі болды. Ал бүгінгі күні Қазақстанның қай жерінде де ардагерлерге зор құрмет пен қамқорлық жасалып жатыр. Сол қамқорлықтардың барлығы – ардагерлердің соғыс кезінде көрсеткен ерлік­теріне сай ұрпақтардың құрметі мен сый-сияпаты. Қалай десе де, ұрпақтар сабақтастығы, яки баланың атаға деген құрметі осылай болуы тиіс. *** Айтулы күнге орай Тәуелсіздік сарайында салтанатты шара өтіп, «Ерлік пен бірлік – дәстүр сабақтастығы» атты мерекелік концерті жалғасын тапты. Қазақстанның Мемлекеттік туы сахна төріне көтеріліп, байтақ елдің көгілдір байрағы әскери әуенімен асқақтай желбіреді. Қазақ елінің Әнұраны ойналып, тәуелсіздік рухымен жігерленген қарт майдангерлер мен әскери мәртебелері мемлекеттік наградалармен толықсыған жас сарбаздар сымдай тартылып, қазақ даласын асқақтатқан сазды қосыла шырқады. Бұл ретте Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков көпшілікті қос мерекемен құттықтай келіп: – Отан қорғаушылар шеберліктерін жылдан жылға арттырып, әртүрлі ха­лықаралық жаттығуларда жоғары жа­уынгерлік даярлықтарын көрсетуде. Мықты елдердің әскерлерімен тең екенін айғақтап, басымдықтарын дәлелдеуде. Қа­зақ­стан халқы Қарулы Күштеріне сенеді және мақтан тұтады, өйткені армия – мемлекет қорғаны, бейбітшілік тірегі. Ал өз Ота­нына, Елбасына адал қызмет ету – әрбір әске­ри қызметшінің қасиетті борышы. Біздің армия Отанға, Елбасына адалдығын сақтай отырып, алға қойған тапсырмаларды орындауға әрқашан дайын деп сендіремін, – деді. Кеш соңында сарбаздарға тамаша әуен сыйлаған өнерпаздарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан себет толы ықылас гүлі тарту етілді. *** Президент Нұрсұлтан Назарбаев ма­мырдың 9-ы күні Ресей астанасы Мәс­кеуде өткен Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған әскери шеруді тамашалады. Қызыл алаңдағы шеруге Ресей Федера­циясы Қарулы Күштерінің жауынгерлері­мен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттердің, атап айтқанда, Қазақстан, Әзірбайжан, Арме­ния, Беларусь, Украина, Қыр­ғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның Қа­рулы Күштері­­нің әскери бөлімдері, сондай-ақ антигит­лер­лік коалиция бойынша одақтас ел­дердің – Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Польша мемлекеттерінің әскерлері де қатысты. Парадты Қазақстаннан арнайы барған Ұлы Отан со­ғысының бірқатар ардагерлері де тамашалады. Дайындаған Кәмшат ТОЙЛЫБАЕВА

4726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы