• Әдебиет
  • 08 Қаңтар, 2009

Алашия

Қазақтың ұлттық рух ұраны «Алаш» болғаны бiздiң бәрiмiзге белгiлi. Ал оны жаңғыртуға тырысқан қазақтың ардагер ұлдары Алаш Орда партиясын құрып, тәуелсiз демократиялық Алаш мемлекетiн құруға талпынғаны 20-шы ғасырдың басы. Бiрақ бұл тұста ұлттық рух ұраны ретiнде Алаш ұмыт болғалы 1,5 ғасырдан астам уақыт өтiп кеткен болатын. Оны Алаш партиясын құруға талаптанған ардагер аталарымыз бiлдi ме, бiлмедi ме, бұл бiзге беймәлiм. Жалпы ұлттық рух ұранның қашан, қалай ұсақтап, ру-тайпалық ұранға айналғанын, сонымен бiрге қазақ халқының бiртұтас ұлт ретiндегi бiрлiгi ыдырауға түскең болса, ең алғаш оған кiм себепкер болғанын бұл к е з ге де й i н ешк i м сөз етк е н емес. Қазақтың жалпы ұлттық жауынгерлiк ұраны болған «Алаш» менiң пайымдауым бойынша, б.з.д. 6-7 ғасырларда Ақтеңiздегi (Жерорта) Кипр аралына алшындар мен арғындардың, қыпшақтардың өз туын тiгiп, Алашие аралы деп атауы кезiнде дәуiрлеген. Содан былай қарай ол халықтың жадынан шықпаған. Әр кезде әрқилы аңыз-әпсанамен толығып, өңi айналып отырумен бiзге жеткен. Менiң бала кезiмде бiздiң ауылдың қарттары бiр-бiрiне: «Әй,мен сенiң алдашың емес, алашыңмын ғой» дегендерiн естiгенде, «Алдашы» деген не?» деп сұрағаным есте. Алдашы жаналғыш деген сөз екен! Негiзiнде «Алаш» сөзi алаша сөзiнен шықты деген әшейiн долбар болу керек. Алаша хан деген де сол сияқты. Алаш мағынасы әрiден келе жатқан А-Шино, яғни Ашина дегеннен, яғни қазақшасы Ашынаға тiрелуi бек мүмкiн. «Табынатын тотемi А-Шино» деп Лев Гумилев Ашиналарды өзiнiң «Хунну» (Санкт-Петербург, 1993. «Древние тюрки», Москва 1993) кiтаптарында атай тұра, қытай деректерiнде Гун мен Хунның, немесе Хуннудың бiрнеше ғасыр жоғалып кетiп, аталмай қалатынына таңданатыны бар. Сол кезде ат-есiмiн өзгертiп, олар батыс Еуропаға шабуыл жасаған болар дейдi ол. Негiзiнде ол болжам да дұрыс шығар. Бiрақ сол қытай деректерiнен табылмай қалатын бұл халық Ақтеңiздегi Кипр аралына Алашие деген ат берiп, бiр-екi ғасырдан кейiн атамекенге қарай үдере көшуi мүмкiн ғой. Оған себеп – сол тұста Таяу Шығыста бiрнеше жүз жылға созылған крестiлер жорығы өтпедi ме? Крестiлерге жергiлiктi ұлттар мен тiзе қоса отырып бiрнеше мәрте тойтарыс берсе де түбiнде тыныштық көксеген ата-бабаларымыз атажұртқа кайтқан болу керек. Олар менiң болжамымша алшындар мен арғындар, қыпшақтар және де iшiнара басқа да тайпалардан құралған, Қыпшақ атын жамылған бабалар болуы керек. Осы жерде сол замандағы түрiк тайпаларының жалпы атауы неге «Қыпшақ» аталды деген сауал туады. Тегiнде Қыпшақ деген сауал туады. Тегiнде Қыпшақ деген сөз «Құп-Сақ» деген екi сөзден құралған сияқты. Жауынгерлiк ұраны әрине «Алаш!». Әрқилы ру-тайпадан құралған, арғы түбi Саққа барып тiрелетiн дала жұрты «Құп!» деген сөзбен ымыраласып, «Құтанттасып», әуелi «Құп-Сақ» аталып, келе-келе Үндестiк заңына орай Қыпшаққа айналған деу қисынға келетiн сияқты. Ендi «Құт-анттасудың» дәстүр-салты өткен ғасырға дейiн сақталып, достасу-бауырласу үшiн екi адам саусақтарынан қан шығарып, оны қымызға, сүтке тамызып iшу арқылы бiр-бiрiн қорғау үшiн жандарын аямасқа ант еткенi талай рет жазылып та жүр. «Құдандалы» деген сөз де содан шыққан. Ал әлгiдей анттасқандар б.з.д. 2-3-шi ғасырларда Рим империясына, Византияға да шабуыл жасағаны, «анти» деген сөзден «антидемократия, антихалықтық, антиәлеуметтiк» т.б. көптеген қарсылықты мағына беретiн сөз туғызғалы не заман. Сол «ант» аталатын ұлтпен қатар еуропалықтарша этруски аталатын да жауынгер тайпаның отырықшыларға маза бермегенiн ежелгi тарихтан оқимыз. Әлгi анттар Құп-Сақтардың бiр тобы болса, этрускилердi мен олардан бұрынырақ барған отырықшы, үйтiрекшi деген атауға жақындатамын. Бұл екi сөзге де еуропалыктардың тiлiн он бұрасаң келмейдi. Ежелгi тарихи мәлiметтерде әлгi ұлыстарды латынның iшiне сiңiп кеттi деп Энгельстiң өзi жазады. Сол арқылы ол ұлттардың толық ассимиляцияға ұшырауын дәлелдеген. («История древнего востока», Москва «Высшая школа» 1979). Осы кiтаптың карталарына зер салып отырсаңыз, қайран қаласыз. Б.з. дейiнгi ХV ғасырда кiшi Азияны мекендеген көптеген тайпалардың iшiнде Алаш жұртының тiлiне өте ұқсас атаулардың болуы өз алдына, осы кiтапқа берiлген тарихи картаның 5-шi және 9-шы бетiндегi Жерорта (Ақтеңiз) теңiзiнiң шығыс бетiндегi Кипр аралы о. Алашия деп екi рет берiлген. Бұл алаш жұртын ауызға алуға тыйым салынған кезде шыққан карта екенiн ескерсек, Алаш атауының еуропалықтар ұғымында да ғасырлар бойы жасап келе жатқанына куә емес пе?! Егер Ақтеңiзге Алаш жұрты бармаса, оны қоныс етпесе, Алаш аралы деген атау қайдан пайда болады? Демек, Алаш деген сөз төркiнi Алаша ханмен де, алапес боп туған ұлмен де ешқандай қатыссыз екен. Олай болса, Алаш атауы қытайлар шежiре еткен Ашина, А-Шино, кызыл бөрi ұрпағымыз деп атайтын түрiк тайпаларының оның iшiнде Алшын, Арғын, Қыпшақ (Құп-Сақ) тағы басқа «күннен туған» түркiлердiң Ақтеңiз-Жерорта теңiзiне дейiн жетiп, қоныс алғанына және жауынгерлiк рух ұранын шақырғаны күмән туғызбайды. Алаш әлгiндегi қытай аңыз шежiрелерiн қойғанда, ақ найзаның ұшы, ақ семсердiң сұсымен жауға шапқан бабаларымыздың «Алды аш!» деп өжет жауынгерлерiне айқайлауынан да шығуы ғажап емес. Оны ауыл қарттарының «Алдашы» дегендi «жаналғыш» деп түсiндiруiнен де ұғуға болатындай. Аталып отырған тарихи картада, бiр таңданарлығы алшын iшiндегi рулар атына жақын атаулар барын еске алғанбыз. Мысалы, Алшы, Аккад, Хет дегендей. Көптеген жер атаулары да түркiше. Егер түркiлер ерте заманда ол жаққа аяқ баспаған болса, әлгiндей атаулар қалай туады? Қазiргi түрiктердiң ата-бабасы ең әрi болғанда 8-9 ғасырларда барды деп жазылып жүр. Ендi осынау Алаш елiнiң бiрлiк ұраны Алаштың бiртұтас қазақ елiнiң жауынгерлiк ұранынан қай кезде, қалайша ұсақтап, ру-тайпалық ұранға айналғаны бiзге беймәлiм екен. Менiңше, қазiр шежiрелерде жазылып жүрген ру-тайпалық жауынгерлiк ұрандар Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан көп кейiн пайда болған сияқты. Өйткенi адайлардың «Бекет ата», албандардың «Райымбек», шектiлердiң «Бақтыбай», кетелердiң «Майлыбай», т.б. ру-тайпалық ұрандар зерделей зерттеп отырсак, ХVIII ғасырдың орта шенiнен бермен қарай пайда болғанын көремiз. Сонда «Алаш, Алаш!» деп бүкiл қазақ жұртын жорыққа шақыратын жауынгерлiк ұран ең соңғы рет қай кезде айтылды? Қай кезде ұмыт бола бастады? Не болғанда да Алаш ұранының ұмытылып, ұсақталуы ұлтымыздың бiрлiгi тоза бастауының кезеңiне дөп келген. Сонда бұл ұлық, рух ұранын жойылту қай кезде, не себептен үрдiс алды? Оған кiмдер мүдделi болды? деген сұрақтар тууы заңды. Тәуелсiздiктiң алғашқы кезеңiнде ұмыт болған бiраз тойлар тойланғаны есте. Соның бiрi Қанжығалы Бөгенбай батырдың туғанына 300 жыл атауымен өткен. Оған отызыншы жылдары марқұм болған Олжабай Нұралинның Абылай мен Бөгенбайды дәрiптеген жыры кiтап боп басылды. «Олжабай Нұралыұлы шығармалары. «Шартарап» Алматы, 1995. кiтабы да шықты. Осынау екi кiтапта «Сабалақ-Абылай хан» деген дастан басылған. Ақын оны 1929 жылы Тайсойған құмында, Гурьев облысында жаздым дептi. Олжабайдың Ойылдың Ақшатауында, Жыланды ауылында жазғаны сол жылы екен. Осы дастанында Олжабай ақын Абылай 1734 жылы Аягөзде өткен қазақ-қалмақ соғысына қатысты, Абылмансұр-Сабалақ сол соғыста «Абылайлап» ұрандап, содан бүкiл үш жүзден жиналған батырлар әлгi сөздi қайталап, жауды жеңдi дейдi. Сонда бiрер сағаттың iшiнде бүкiл үш жүздiң қазағы өздерiнiң жалпы ұлттық жауынгерлiк ұранын «Абылайлауға» айырбастаған болып шығады. Осыған сенуге бола ма? Менiңше, сенiмсiздеу. Өйткенi үш жүздiң қазағы «Алаш» ұранды болғаны дәл бүгiнге дейiн айтылады. Бұл жалпы ұлттық жауынгерлiк ұранымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқанының дәлелi емес пе? Ендеше, оның жауға қарсы соғысқан бiрер күн iшiнде ұмыт болып, ру-тайпа ұрандарына орын босатып, бiрлiктi ыдыратуға түсiруiне, қалай дегенде де, рас болса, кiнәлi Абылай-Сабалақ болып шықпай ма? Әлде 0лжабай ақын бұл дастанды қуғында жүрiп, тапсырыспен жазды ма? Қазақтың тарихы Кеңес үкiметi орнасымен-ақ бұрмалана, өңi терiс айналта түскенi шындық қой. 1929 жылдары бай-манаптар тәркiленiп, өздерi айдау жазасын өтеп жүрдi. Бөгенбай батырдың ұрпағы елiне беделдi болыс болған Олжабай ақынның жазасын жеңiлдетемiз деген уәдеге бола тарихты осылай бұрмалауы мүмкiн бе? Егер Аягөз соғысында Абылайдың бабасының атын ұранға айналдырып, батыр аталуына сенсек, бүкiл бiр ұлттың ұранын, яғни «Алашты» оп-оңай «Абылайға» айналдырды дегенге де сенуiмiз қажет қой. Бiрақ бұл зерделеп ойлаған кiсiнi сендiрмейдi. Бiздiң ұлттық ұранымыздың қожырап, ру-тайпалыққа ұсақтауы Қазақ елiнiң дағдарысқа ұшырауына орай сияқты. Дағдарыс, яғни жалпы ұлттық тоқырау қай кезде болды? Менiңше, әрқилы сылтаумен Ресей империясының атамекенiмiздi жаулап алуы ұлттың тұтастығы жойылуына соқтырды. Бұрын қазақтың ортақ атажауы жоңғар қалмақтары мен ойраттар болса, ендi қазақ бақайшағына дейiн қаруланған орыс империясының тұрақты әскерiмен бетпе-бет қалды. Халық тығырыққа тiрелдi. Балапан басына, тұрымтай тұсына дейтiн заман туды. Орыс империясының басқыншылығына қарсы қазақ бiрiгiп соғыса алмайтын дәрежеге жеттi. Өйткенi жерiмiз аймақтарға бөлiнiп, губернаторларға тәуелдi болды. Осының салдарынан жалпы ұлттық жауынгерлiк ұраннан айырылдық. Бiрақ оны Аягөз соғысында батырлык көрсеткен Сабалақ бiр сәтте жоққа шығарды деген ертектi халық санасына сiңiру қажеттiгi туды. Неге? Өйткенi 20-шы ғасырдың басында Алаш атымен пайда болған бостандық үшiн күрескерлердiң идеясына күйрете соққы беру қажет едi. Ол соққыны империя өз атынан беруi халық наразылығына соқтыруы мүмкiн. Сондықтан оны Орта жүздiң ханына таңу қазақты сендiруге оңай. Бiр жағынан Абылайды мақтағансып, екiншi жағынан оның ұлттық ұранды жоюшы, бiрлiктi ыдыратушы ретiнде тарихта қалғаны жөн. Орыс басқыншылығына қарсы азаттық соғыстары үш жүздiң батысында ғана бiржарым ғасырға созылғаны белгiлi. «Үйренiскен жау – атыспаққа жақсы» дейтiн мәтел сол заманда туды. Жоғарыдағы ру-тайпалық ұрандар сол ұлт-азаттық соғыстарында айтылғанын атақты жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында келтiрген. Әуелi бiрер адам «Алаштап» шапқанда, соңы «Бекет ата», «Бақтыбай», «Майлыбай», «Дөйт», т.б. ұсақ ұрандарға ұласатынын жазушы дәл берген. Демек, ол кiсi ұлттық ұранымыздың қай кезде, қалайша ұсақтағанын жете бiлген. Ұлы жүз қазақтарының ұзақ уақыт бойы Қоқан хандығының қоластында болуы, Орта жүз қазақтарының Кенесарыға дейiн отаршылдыққа қарсы бас көтермеуi де ортақ ұран Алаштың ұмыт болуына әсер еттi деу қисынды. Кенесарының отаршылдыққа қарсы соғысы Кiшi жүз жерiнде де жалғасып, Кене ханның жергiлiктi халықтың ар-намысына тиiп, әр түн сайын жас қыз талап етуiне орай қуылып кеткенi де тарихи шындық. Егер ол жергiлiктi елмен ымыраласа күрескенде, азаттық соғысы түбегейлi жеңiске жетпегенмен, отарлаушылыққа бiразға дейiн тосқауыл қоюы мүмкiн едi. Сонымен ғасырдан ғасырға жалғасқан Алаш ұранын Абылайға айырбастап, оның ұмыт болуына соқтырған Сабалақ-Абылай деген акын сөзi әншейiн империяның идеясына үн қосқандық, дақпырт деуге негiз толық. Империялық саясат кеңес үкiметi орнаған соң да жойылған жоқ. Басқа мәнге ауысты. Лениннiң «дүниежүзiлiк революция» деген шовинистiк ұраны оның өзi «Патшалық Россия – халықтар түрмесi» деген қағидасын бiр сәтте жоққа шығарды. Бiздiң эрамызға дейiнгi ХV ғасырдың өзiнде Ақтеңiз (Жерорта) ортасындағы аралға Алаш атауын берген бабаларымыздың рух қоздырғыш Алаш ұраны сөйтiп, Ресей империясының отарлаушылығы кезiнде ұсақталды. Ру-тайпалық мәнге ие болды. Оны жағымпаздықпен, күнкөрiсiне орай санадан аластап, бұрмалаушылыққа ұшыратты. Бiз бүгiн дүние жүзi мойындаған тәуелсiз елмiз десек те әлi күнге жалпы ұлттық жауынгерлiк ұраны жоқ елмiз. Оны ендi Алаш етуге ешкiмнiң де зауқы жоқ. «Уралап» жүрмiз. Олжас оны бiр замандағы қыпшақтардың ұраны десе де ол бiзге жат, орыстың ұраны. Сондықтан Тәуелсiздiк туына қоса ұлттық ұран да қажет! Құрал Тоқмырзин

6212 рет

көрсетілді

305

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы