• Мәдениет
  • 26 Қаңтар, 2017

ЭКСПО тарихына арналды

Астанада өтетін Халықаралық EXPO көрмесінің ашылуына да небәрі санаулы уақыт қалыпты. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Астана EXPO-2017 – «БОЛАШАҚТЫҢ ҚУАТЫ» тақырыбында әсем безендірілген, мазмұнды кітап көрмесі ашылды. 

Көрменің ашылу салтанатында жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, филология ғылымының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбеков, ақын Бақытжан Тобаяқов, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары Әлия Қожабекова және «EXPO-2017» көрмесінің билет операторының ресми өкілі Виталий Лю сөз алды. Олар ЭКСПО Қазақстан тарихындағы аса маңызды шаралардың біріне айналып, еліміздің мәртебесін көтеруде, экономикасы мен мәдениетін дамытуда басты рөл атқаратынын атап өтті. Көрменің мақсаты – Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихын таныту, әлемдік деңгейдегі ірі шараны жарқын беттерге айналдыруға үндеу; елорда қонақтары мен кітапхана оқырмандарын ЭКСПО тарихымен таныстыру; Сонымен қатар ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының көрме қарсаңындағы жобалары туралы әңгімелеу. Шара «ЭКСПО тарихы», «Астана ЭКСПО-2017», «Қазақстан», «Болашақтың қуаты» атты төрт бөлімнен тұрды. Сөрелерге 400-ден аса кітап қойылды. Олардың ішінде «Лондоннан Астанаға дейін халықаралық көрме тарихы» атты Бүкіләлемдік көрмелер тарихы туралы үш томдық кітап бар. Бірінші том 1851-1933 жылдарды, екіншісі – 1935-1968 жылдарды, үшіншісі – 1970-2017 жылдар аралығын қамтыған. Көрменің музыкалық бөлімінде кітапхана маманы Бекзат Смағұловтың орындауында екі ән шырқалды. Біріншісі – халық әні «Балқадиша». Бұл туындыны 1925 жылы Париж қаласында өткен ЭКСПО көрмесінде әйгілі әнші Әміре Қашаубаев орындаған екен. Кітап экспозициясының ашылуы оқырмандар мен шетелдік қонақтардың Қазақстан, EXPO туралы тереңірек білуге, елімізде өткізіліп жатқан оқиғаларға белсенді қатысуына, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге және өз еліне деген мақтаныш сезімдерін оятуға септесетіні анық. EXPO қонақтарын қазақтың жазба тарихымен және кітаптармен таныстыру мақсатында 2014 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Кітап мұражайы ашылды. 2016 жылы Кітапханада «Қазақстан Республикасының 2017 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күнтізбесі» шығарылды. Күнтізбеде ерекше орын «EXPO-2017» көрмесіне берілген. Бұл еңбекте сан алуан материалдар, сонымен қатар Бүкіләлемдік көрмелер тарихы, EXPO-ның негізгі хронологиясы, EXPO-ның шығу тарихы және «Астана. EXPO-2017 «Болашақтың қуаты» бойынша ақпараттар берілген. Бүгінде кітапханада Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құру жұмыстары жүргізілуде, жаңа орталық ЭКСПО қонақтарын қазақтың және әлемнің басқа да халықтарының тарихи-мәдени салт-дәстүрлері туралы құнды ақпараттардан тұратын тарихи-ғылыми маңызы ерекше кітап ескерткіштерімен таныстырады.

А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

2555 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы