• Әдебиет
  • 26 Қаңтар, 2017

Ой орманы.Ақын Қадыр Мырза Әліге арналған жыр жинағы хақында

Қадыр Мырза Әліні о баста қалың елге ақын ретінде танытқан көлемі алақандай ғана «Ой орманы» атты өлеңдер жинағы болатын. Иә, оған дейін бүлдіршіндерге арналған оншақты кітабы жарық көріп, сәл кейінірек олар «Күміс қоңырау» деген бір томдыққа айналған еді. Ол өз алдына бөлек әңгімеге арқау боларлық жайт.

Иә, жұпынылау болып шыққан шағын кітаптың атауы айқайлап тұрды! Кітаптың да, жекелеген өлеңнің де атау, тақырыбын қоюдың хас шебері Қадыр ақын сонау 1965 жылы жарық көрген жинағына тегіннен-тегін «Ой орманы» деп ат қоймаған болатын. Кейіннен осы кітапқа енген өлеңдердің әрқайсы дерлік бір-бір жинаққа жетерлік жүк арқалап тұрғанына көз жеткіздік. «Ой орманы» ақын Қадыр ­Мырза Әлінің болашақта жазылатын өлеңдерінің бағдармаласындай болды. Қазақ поэзиясына соны жаңалықтар әкелуді негізгі мақсат тұтқан ақынның ішкі дайындығы ғаламат еді. Қадыр ақын өлең өлкесіне еркін еніп, жарауы жеткен жүйріктей көсілте шапқаны баршаға белгілі ғой. Жүйе-жинақтар бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Қолымызды жүрек тұсына қойып әділін айтар болсақ, Қадыр ақынның бүкіл шығармашылығы жаңашылдыққа толығымен ерекшеленеді. Анабір кездердегіше айтсақ, ол – новатор дәрежесіне көтірілген дарабоз дарын. Ал жаңаға кім қызықпайды? Қадыр Мырза Әліге еліктеушілер көбейді. «Еліктегеннен солықтаған жаман» деген сөз бар. Десек те, бұдан қазақ поэзиясы ұтты. Қадыр ақынның әсері күшті болды. Ол өз өлеңдерінде ойшылдық пен сыршылдықты одақтастыра білу арқылы төл поэзия­мызды тың белеске шығарды. Дарқан дарыннан алда жүрген ағалар да, ізіне ерген жас буын да от алып, өлең өлкесін құлпырта түсуге күш салды. Ақындардың бір-біріне өлең арнауы қазақ топырағында Абайдан басталса керек. «Көкбайға» деген өлеңді көзіқарақты оқырман біледі деп ойлаймын. Ақын ақынға неліктен өлең арнайды? Бір сөзбен айтқанда, мойындағандықтан! Ал әрқайсы өздерін дүр санайтындар өзгеге мойынсына бермейді ғой. Ақын Қадыр Мырза Әліге алпыс шақты қаламгер өлеңдерін арнапты. Бұл туындылардың негізгі бөлігі баспасөз беттерінде, кітаптарда жарияланса, бірқатары ақынның жеке мұрағатында сақталған. Республикалық «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры мен Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы басшылығының өтініші бойынша, арнау өлеңдерді жинастырып, кітап етіп шығаруға кіріскен едім. Бұл бағытта «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес мырза қолдау көрсетті. Кітап өте аз таралыммен 2015 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрді. «Абыз ақын – Аңыз ақын» деп аталған арнау өлеңдер жинағын шығаруға Қадыр ақынның аталас інісі Құсайын Бақтиярұлы демеуші болды. Мың алғыс оған! 2015 жылдың 6 қаңтарында Оралда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Бұл шараға облыстың зиялы қауым өкілдері жиналды.

Қадыр ақынмен шығармашылық байланыста болған қаламгерлер, аралас-құралас болған дос-жарандар, етжақын туыстар сөз алып, арнау өлең­дер жинағының шығуына өте риза екен­дік­терін білдірді. Республикалық «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Дөнеділ Қажымов құттықтау сөз сөйлеп, Қадыр ақын шығармашылығын насихаттауда зор белсенділік көрсетіп жүрген бір топ зиялы қауым өкіліне Қадыр Мырза Әлі атындағы медальді табыс етті. «Абыз ақын – Аңыз ақын» арнау өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың «Дарабоз дана бауырым» деген өлеңімен ашылып, ақжайықтық талапкер ақын Мәлік Бердалиевтің «Ақын қазасына» атты өлеңімен жабылады. Кітапқа енген Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Оразақын Асқар, Нұрлан Оразалин, Серік Тұрғынбеков, Махмут ­Абдрахманов, Рафаэль Ниязбеков, Исраил Сапарбаев, Шөмішбай ­Сариев, тағы басқалардың өлеңдері Қадыр ақынға деген зор құрметті білдіретін терең тебіреністерге толы. Фәниден бақиға көшкен Қадыр ақынның мәңгілік өмірі басталды. Ақ Жайық атырабында ақын өлеңдері кәрі-жастың аузында жүр. Білем деушілердің айтуларына қарағанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері бойынша соңғы 25 жылда Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығындай орын ірге көтермепті. Бұл жайт тек Батыс қазақстандықтар үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін абырой және мақтаныш болса керек. Мәңгілік елге лайық мәңгілік ақын Қадыр Мырза Әліге арналған «Абыз ақын – Аңыз ақын» жыр жинағы Қазақстан Республикасы аумағындағы кез келген үлкенді-кішілі кітапханаларда, тіпті әрбір үйде болуы лайық деп ойлаймыз.

Айтқали НӘРІКОВ, ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы медальдің иегері Орал

22409 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы