• Тарих
  • 09 Ақпан, 2017

Жала мен нала

RafatРафат ӘБДІҒҰЛОВ

Негізінде көркем прозаның көлеміне қарай тақырыбы мен көтерген мәселелері де қамтылған кейіпкерлер шоғыры мен уақыт кеңістігі аясында да өзгеріп отыратыны белгілі. Сонда да қатып қалған шарт жоқ, болжаусыз заңдылық бойынша өрбитініне қырағы үңілу үстінде көзіміз жете түседі. Жұмабай Шаштайұлының «Біздің заманның Аяз биі» романында кеңестік кезеңдегі Қазақстанның облыстық, аудандық аумақтағы өмірін, кеңестік, партиялық орган айналасынан дамытып, бұл ортаны көріп, білген жазушының көзімен суреттеледі. Бұл тақырып тосын ой, реалистік ұстаныммен берілгендігімен бағалы. «Жаңғырық» романы қазақтардың қалаға келуі, қалалық қазақ пен қазақ интеллигенциясының қалыптасуы әлеуметтік һәм психологиялық тұрғыда талданған. Бұл екі шығармада да кейіпкерлердің сюжеттік, фабулалық құрылымдардың, сан алуан тақырып байланыстарының әртүрлілігі арқылы ерекшеленеді.

Жұмабайдың әңгіме, повестерінде бірден көзге түсетін жай ықшам қолтаңба, көбіне туыстық тығыз байланысы бар көркемдік мәселені алып, тақырыпты терең талдауға бейімдігі. Шағын, шағындау жанрда әдеби оқиғаны алып жүру үшін кейіпкер құрамын, оқиғалық элементтерді шақтауға тура келетіні бар. Автордың «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны», «Өмір ертегісі», ­«Есбай тігі», «Қоңыр», т.б. әңгіме, повестері қазақ ­классикасына еркін қосылған дәстүрлі эпикалық проза. Шығарма сюжетінен, кейіпкер әрекетінен пайымдайтын суреттеу әдісімен жазылған шығармаларды осы тұрғыдан қарағанда «Жала мен нала» повесі оқшаулау тұр. Онда қамтылған уақыттың аясы кеңдеу, бірнеше шегіністер бар, әртүрлі деңгейде көркемдік қажеттілікке орай қысқа, штрихты түрде берілген кейіпкерлер тобы мен повесть сюжетінің жылжуына ілесе отырып баяндаушы қайта-қайта оралып, тереңдетіле түсетін образдар бар. Алғашқы топ образ ретінде статикалық тұрғыда алынып, тікелей авторлық баяндауда берілген. Олай болатын себебі көркемдік мақсат осындай деңгейді талап етіп тұр. Екінші топтағы образдар тобында қалыптасқан, анықталған мінез, психологияны өзгеру ағымында емес, қайта оралған сайын жаңа қырларын аша түсу мақсатында көркемдік жұмыс атқарылған. Бұл тұрғыда повестегі ­Досаев, Әбдібай образдарын айтуымыз керек. Ал автордың бақылауында ең ұзақ жүрген, өзгерістері, кейіпкерлік, адами эволюциясы мұқият бағаланған, қатал, реалистік талдаудан өткен образ – Райыс образы. Бұл талдаулар шығарманың көркемдік талаптары мен көлемдік мөлшеріне сай берілген. Жұмабайдың әңгіме, повестерінде көп кездесетін кейіпкерлік жүйе жас пен кәрінің, әке мен баланың қарым-қатынасынан өрбиді. «Жала мен наладағы» он бес пен жиырманың ортасындағы бала мен кәрі әке, «Шал мен жылқыдағы» 20 мен 40-тың маңындағы балалар мен кәрі әке, «Есбай тігіндегі» жиырманың үстіндегі бала мен кәрі әке, т.б. мысалдар. Әрине, кейіпкерлік схема ұқсас болғанмен әрқайсысындағы тақырып, айтар ой, көркемдік шешім басқа. «Жала мен нала» повесінің экспозиция­сында мұғалімдік оқуды бітірген жігіт өзі оқыған мектепке жұмысқа келеді. «Қанша туған мектебі болса да жатырқаушылық сезімнен арыла алмай, қолапайсыз селтиіп тұр. Ай-шай жоқ, ішке кіріп баруға да дауаламайтын тәрізді жүрегі лүпіл қағып, тынышсыз соқты. Осы үйдің табалдырығын алғаш аттаған шақтағы бірен-саран жағдай еміс-еміс есінде. Санасының терең түкпірінен еңселі де зәулім, самаладай жарық ғимарат қылаңытқан сәтте, ыстық бір нәрсе көкірегін желпіп өткендей болды. Туған мектебіне он жылдан кейін қайтып оралып отырған беті екен бұл». Кішкентай азат жолда повесть кейіпкерінің «... жатырқаушылық сезімнен арыла алмай, қолапайсыз селтиіп тұруы, ішке кіріп баруға да дауаламайтыны, жүрексінетіні...» кейіпкер психологиясынан хабар береді. Повестегі кейіпкер образдары негізінде анықталған, статикалық қалыпта берілген. Өзгеріс, даму барысында берілген осы жас мұғалім образы. Осындай мінездеу, суреттеу, баяндаулар шығарманың өн бойында әлденеше рет көрініп, образ – кейіпкердің жан дүниесін аша түседі. Повесте уақыттық жағынан басты кейіпкердің мұғалімдік кезін қамтитын негізгі бөлім мен кейіпкердің оқушылық кезін қамтитын үлкенді-кішілі екі шегініс бар. Повесть оқиғалары негізінде мектеп пен басты кейіпкерлер – Райыс пен Әбдібайдың үйінде өрбитіндіктен негізгі мекен мектеп, мектеп адамдары жайлы қажетті деңгейде айтылу керек. Дәлме-дәл дерлік көлемде айтылған. «Екінші қабаттағы директор кабинетіне баруға оқтала бергені сол еді, мұғалімдер бөлмесінің есігі жайлап ашылып, ар жақтан бір топ кісі сау етіп шыға келді. Бұл оларға, олар бұған таңырқаса қарасты. Зәуреш апайы өңін әлі бермегенге ұқсайды, ал Санат пен Жылқыбек ағайлары боз бас болып үлгеріпті. – Ал қартаймай көріңдер енді. Өзің оқытқан балаң өзіңмен бірге жұмыс істеген соң-ақ, ақсақалдыққа мойын бұрған деген осы. Бәрінен бұрын жетіп келген апайы қолын алып, қатты сілкіледі. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берсе де ешқандай артық-ауыс әңгімеге бармайтын қаталдау кісінің емен-жарқын қалпына сенер-сенбесін білмегендей, бұл бір сәт аңырып қарады. Зәурештің шарасы үлкен көзінен сыншылдықтың баяғыдан таныс байыпты уытын сезді. Санаттың сүзіле қарағандағы жанарына ұялайтын жылы нұр қараторы кескініне іркілген шаршаңқылықты елетпей жіберетін секілді. Осы ағайының әзіл-қалжыңға үйірсектігінен бе, «химия қиын, ашиды миың» болса да бұлар әйтеуір жалықпайтын. Ал мына Жылқыбек ағайының қақ-соқпен онша ісі жоқ, кіріп келіп дереу бойлықтар мен ендіктерді, құрлықтар мен мұхиттарды түсіндіре жөнелетін. Ол жағынан келгенде бұл қасиеті институт мұғалімдеріне қатты ұқсайтынын кейін барып ойлаған еді... Бір жайды сарыла ойлап, соның түбіне жете алмаған кейіппен өтіп бара жатқан Сабыр кенет қалт тоқтады. Әйнектің ар жағындағы қоңыр көздеріне жылы нұрды молынан ұялатып, езуіне қуақы күлкі үйірді... Сабыр бұған бүкіл денесімен бұрылып, бір уақ сазара қадалды. Бала кезінен етене таныс осы момақан пішіннің селт етіп лезде сергектікке көшетін болмысында қандай құдірет барын кім білсін, Серік екеш Серікке дейін директор десе сымдай тартылып, сыптай болып тұра қалатын. Сөйткен кісінің мысы қай жерінде. Байыптап қараса, аққұба дөңгелек кескінінен жып-жылы жуастық аңқиды. Әлденені айтуға оқталғанда аузын шүйіріп, мысқылшыл қалыпқа көше қоятын тұрысының өзінде кісіні баурап әкететін ерекшелік бар. Қоңыр даусын соза әндетіп шығарады. Ондайда реңі күреңіте шымырлай жөнелетінінен бұл әйтсе де әжептәуір жатырқап тосылады екен. Шағын шығармада алатын орнына, әрі қарай повестің сюжеттік желісіне қатыспауына орай шағын көлемде аздаған суреттеумен, авторлық баяндаумен берілген танымды образдар шыққан. Повесте майдангерлер портреттерінің қатары, Досаевтың бейнесі, Райыстың мінезі мен ішкі азабы шығарманың өн бойында әр түрлі суретте әлденеше рет қайталанады. Шығарманың көркемдік қысымын өсіре, көтере берудің ұтымды әдісі. Райыстың әкесі көбіне үйдің алдында отырады, кейде үйге кіріп бара жатады. Повестің негізгі бөлігінде жер бедерінен үйдің жанындағы төбешік қана суреттеледі. Көңіл күйіне қарай Әбдібай бірер рет соның үстіне шығады. Бірде жұмыстан келе жатқан Райыс сол төбешікке көтерілген кезде әдетте есіктің алдында отыратын әкесін көре алмай жүрегі су ете қалады. Тоңмойын, томырық мінездің жібіп, өзгере бастаған нүктесі осы төбешік сияқты. Баланың көзімен әке бейнесі көп рет беріледі: «Үйіне тақаған кезде жалғандағының бәрін мансұқ етіп, есіктің алдында осылай қарекетсіз отыруға өмір бақи бекінген сыңайдағы әкесін көрді... Қараторы жүзі сұрлана күреңіткен Әбдібайдың қос шырағына ызбар ұялай қалды. Әкенің салыңқы ажары ойдан әбден сарылып, қажып сансыраған сияқты көрініп кетті... Баяғы орнынан тапжылмай әкесі отыр екен. Оны көрген заматта көңілі алып ұшқан тағатсыз күй кешті». Автор әке образын үнемі бала ойы арқылы береді. Повесте даму, өзгеру үстінде ­суреттелген образ – бала образы. ­Автор кейіпкерінің өзгеру эволюциясын үнемі естен шығармай, әке ­образын сол деңгейден суреттейді. Бала көзімен берілген тағы бір әке образы: «Бір кезде әкесі орнынан сүйретіле көтерілді. Еңкіш бойын қинала жазғанда қарауытқан кескінінен манағы ашу-ыза әлі толық сейіліп болмапты. Кенет бұл отырған жаққа жалт бұрылып, одырая қарағанда әлпетінде бір ойдың ұштығына жетпей сансыраған селқостық қана қалыпты. Әке жүзіне ұялаған мұндай кірбіңді көріп отырғаны осы секілді сасқалақтап қатты абыржыды. Арқасы шымырлай мұздаған бұл есіктен екі бүктеле шыққан әкесінің қоянның жонындай күжірейіп кеткен жотасы мен біраз уақыт сембеген күрк-күрк жөтеліне дейін ет жүрегін езіп, елжіретіп жіберетін аяулы нәрсесіндей сезінді. Осы сәтте әке өмір бақилық әке, ал өзінің маңдайына бала болып қалу несібесі жазылғандай көрініп кетті». Райыс Досаевтың майданға қатыспай, тылдағы әскерде болғанын ауылдас үлкен кісі Ақбергеннен естиді: «Қара бұжыр қапсағай денелі Ақберген зор бітіміне келіңкіремейтін жіңішке даусын оқыс шаңқ еткізіп шығарып: – Ей, ол Досаев бәріміз Тәшкенде тамақ асыраған жоқ па едік... Иә, ол кезде соғыстан Әбекеңнің бір келіп кеткені рас. Әй, «бірақ сонда Әбекеңе бір кәдік болды-ау» деген. Бар бәле сол «кәдікте». Кейін сол «кәдік» жалаға, күдікке, налаға айналған. Осы «кәдікті» әкесінен сұрағанда Тәшкенде болғанын, жалғыз інісінің ауыр жараланып келгенін естіген бетте ауылға сұранып, жарадан өлген інісін жерлеп қайтқанша біраз күн кешігіп оралғаны үшін соғыс уақытының заңымен сотталып, айып батальонына жіберілгенін айтады. Ұзақ жылғы күдікке повестің соңында осылай соңғы нүкте қойылады. Әкесі ­ауырып әскери госпитальға түсіп, құжаттарын сұратқанда шешесі сандықтың түбінен бір бума қағаз әпереді. Бір құжаттан ­«Ниетбаев Әбдібай айып батальонының құрамында болып, Висла өзенінің маңайындағы бекіністі алуға қатысқан шайқаста ерлік көрсетті. Соған байланысты оған бұрынғы офицерлік капитан атағы беріліп, өзінің құрамасына жіберілді» деген жазуды оқиды. Автор көркемдік мақсатта шығарманың рухани лебі басылмас үшін бұл детальді ең соңғы бетте берген. Бала Райысты ауылдастары кішкентайында капитанның баласы дейтін. Ол мақтаныш көретін. «Жала мен нала» повесі қазақ прозасындағы оқшаулау, тосын тақырыпты көтерген шығарма. Автордың өз шығармалары ішінде де өзгешелеу, өз ойын негізінде кейіпкердің іс-әрекетімен беретін, сырт көзбен қарап тұрғандай болатын Жұмабай мұнда өз ойын, адами бағасын тікелей баяндау арқылы да жеткізеді. Повесть автордың алғашқы прозалық шығармаларының бірі, жылдам, әрі тез жазылған дүние. Повесте басты кейіпкерді оқушылық кезге апаратын бірі көлемді, екіншісі шағындау екі шегініс бар. Екінші шегіністе Райыс көшедегі екі әйелдің әңгімесінен әкесін жұмысынан алып тастағанын естиді: «Қақсал әйел сол жерде әдейілеп тұрып... «– Өңкиген немеге сауап болыпты, ол не елге, не өз басына жақсылық жасамай ақыры тағынан тайған екен ғой, – деді. Сонда бұл не ілгері жүрерін, не кейін қайтарын білмей бір орнында қатып қалды». Әйелдің айтқан сөзі повестің оқырман алдына қойып отырған басты сұрағының бірі. Орыс әдебиеттануында 100-150 жыл бұрын жазылған шығармалардағы табиғат, құрылыс суреттеріне қарап нақты географиялық нүктелерді анықтау, көркем образдың, тіпті типтік образдардың прототиптерін анықтау мысалдары көп. Қазақ әдебиеттануында Мұхтар Әуезов шығармашылығына қатысты әуезовтанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, ­Талатбек Әкімовтердің жұмыстары бар. «Жала мен нала» жазылғалы бері де талай жылдар болды. Осы тақырыпта біраз ізденістер жасаған едік, бірталай деректер табылды. Әлгі «кәдік», айып батальонына қатысты бір құжаттың мәтіні:

Справка Настоящая справка дана (аты-жөні) в том что, что он определением Военного ­трибунала ­войсковой части Полевая почта 02907 за ­проявленные им ­боевые заслуги освобожден от отбытия наказания по приговору ВТ Ферганского гарнизона Средне-Азиатского Военного округа по ст. 125 п и д УК УзССР и в соотстветствии с Указом Президиума Вер­ховного Совета Союза от 26 февраля 1943 года, приз­нан неимеюшим судимости.

Командир войсковой части полевая почта 02907 майор Юстиции И.Лихачев.

Астында мөр қойылған. Бұл құжатқа қарағанда айып батальонына жіберу туралы үкім 1943 жылдың 26 ақпанында шыққан. Үкім неге Ферғанада шығарылған ­деген сұрақтың жауабы кейін кездейсоқ табылды. Әбдібай прототипінің ауылдасы Степанов Иван деген кісі Ферғанада Әбдібайдың прототипімен кездесіп бірге болыпты. Сондағы командирлер дайындайтын қысқа мерзімді курстарға майданда ауыр жараланып госпитальдан шыққан әртүрлі деңгейдегі офицерлерді оқуға жібереді екен. «Петлицасына қарасам капитан, гвардеец белгісі, бірнеше жауынгерлік наградалары бар, өзі тағы да аға офицерлік курста екен. Біраз күннен кейін жоқ болып кетті. Ондай ауыс-түйіс болып жататын. Бір күні әскери трибунал болады деп бәрімізді плацқа тұрғызды. Бір кезде Әбдібайды айдап келе жатыр. Сымының белдігі жоқ. «За самовольное оставление части в военное время приговаривается к расстрелу» деген приговор оқыды. Соңғы сөз берді. Айыбымды қанмен жууға рұқсат беріңдер деді. Ақылдасуға кетіп, қайтып келіп бірнеше рет жараланғанын ескеріп айып батальонына кескенін айтты. Соғыс кезінде жаралану орден, медальдан жоғары бағаланатын. Мен өзім СМЕРШ-те, әскери милицияда болдым. Білемін, ол кезде документсіз Ферғанадан Алматы жаққа жете алмайсың. Қайтқанда біраз уақыт кешігіп, Ферғанаға бір-екі күндік жол қалғанда ұсталса керек деп Иван қария айтып еді. Кейінірек тағы бір құжат табылды.

Боевая характеристика

Гвардии капитан (аты-жөні) 1914 года рождения зачисленный в батальон приказам ВТ Ферганского гарнизона ОК/ЗФ от 20.03.44 на два месяца за время пребывания в 38 ОШБ с 22.06.44 г. По 7.08.44 г. В должности пом. командира взвода со взводом форсировал р.Нетта и Августовский канал. Принимал участие в отражении контратак немецко-фашистских войск. В боях контужен. Командир 1 стрелковой роты капитан Ю­дичев. Командование 38 отдельн. Штраф. батальона ходатаиствует об освобождении тов. (аты-жөні) из штрафного батальона с восстановлением в офицерских правах, военном звании, со снятием судимости и возможным использованием в должности гв. капитана командира стрелкового батальона.

Приказ 2-го №86. От. 9/ІХ 44 г. Командир батальона подполковник Коваль Начальник штаба майор Осташный.

Құжаттың астында «11 сентября 1944 г.» деген жазу бар. Құжатты 25.09.44 датасымен 330 атқыштар дивизиясының командирі полковник Гусев бекіткен, дивизия мөрі қойылған. Соғыс бітуге жеті ай қалған кез. Соттылық толығымен алынған, капитан атағы берілген. 18.02.45 жылы капитан атағында екенін көрсететін де құжат бар. Соғыс бітуге 2-3 ай қалған кез. 25.06.45 ж. капитан атағында госпитальға ста­ционар­лық емдеуге жіберілгені туралы құжат та сақталған. Соғыс біткеннен кейін бірнеше айдан кейін елге әскери дәрігердің әкелгені ­жайында дерек бар. Повестегі «кәдіктің», күдіктің бәрі елге келгенде басталған сияқты. Досаевтардың неше түрі болды ғой. Әбдібайдың өзі де ізденбеген, қуынбаған сияқты. Басқа салды – жүре берген. «Өңкиген немеге сауап болыпты, ол көксау не елге, не өз басына жақсылық жасамай ақыры тайған екен ғой тағынан» деген жеңіл ауыз әйелдің елеусіз жерде тұрған сөзі повестің ең ауыр сұрағы, байқағыш оқырманның ойланатын, жауап іздейтін жері. Автор осы сұрақты қойып, шешімін оқырманға қалдырыпты. «Елге» деген сөз соны айтқан желбуаз әйелдің теңі емес болғанмен осы мағыналас сөз Әбдібайдың өміріне қатысты талай рет айтылған болу керек. Тағы да шығармашылық зертханаға оралсақ, «Жала мен нала» жарық көргеннен кейін талай ескі көз қариялармен сөйлескен едік. Әбдібайдың әкесі орта шаруа ғана болғанмен белсенділер көрсетіп, «сигнал» түсіріп, НКВД алып кетіп содан оралмапты, 1932 жылы шешелерінің күшімен қырғыз еліне жетіп, аман қалыпты. Оқуға түсу үшін аты-жөніне өзгеріс енгізіпті. Финдермен соғыстың алдында әскерге алынып, сонда алғаш жараланыпты. Неміспен соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, оннан біреу ғана тірі қалатын штрафбатты басынан өткеріпті. Елге келгеннен кейін повесте суреттелген «кәдік» пен күдік басталыпты. Көлденең көк атты айтқан «не елге, не өз ­басына жақсылық жасамай» деген сөзге қалыпты. Бір басына тым ауыр сын-салмақ неге сонша үйіп төгілген. Зейнет жасына дейін ұзақ жыл колхоз бастығының шаруашылық істері бойынша орынбасары, қой фермасының, сиыр фермасының меңгерушісі болған адамның тұрмысы шамалы, қойы бес-оннан, сиыры бір-екіден аспапты. «Не елге, не өз басына жақсылық жасамай» өмірі өтіп бара жатыр. Колхоздың парторгы, ең жақын досы қанша рет шақырса да партияға да өтпепті. Өкпе ме әлде басқа ма? Әйтеуір кек емес. Повестегі Әбдібайдың кекшіл боларлықтай қайраты жоқ. Не өзі алмаған, не басқаларға бермеген. Қорқыныш па, мінез бе, қиын сұрақ. Повесть қиын сұрақ қойып отыр. Автор шығармасында мүмкіндігінше шындықтан ауытқымай қатал, реалды баян жасаған. Жас жазушы кейіпкеріне жаны ашып жұмсартып жіберетіні бар ғой. Ондай жоқ. Өзіне де, өзгеге де жақсылық дегеннің мәні сан қырлы. Ел негізінде пенде ғой. Пендешілік әңгіме. Осы тақырыпты Жұмабайдың «Аспанқора» повесіндегі Атан мен Қасым ­Жомарт параллелінен кездестіреміз. Қасым Жомарттар әр ауылда дерлік өмір сүрді. Типтік бейне десе де болады. Әбдібай типтік бейне емес, бірақ болған, болуы мүмкін жаратылыс. Осындай жаратылысты, тосын тақырыпты кезінде жас жазушы жақсы деңгейде, қажетті көркемдік әдіспен сәтті алып шыққан. Оқырманды ойлануға, рухани жұмысқа жетелейтін дүние тудырған.

3086 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы