• Әдебиет
  • 09 Ақпан, 2017

Cарбалаевтар сабақтастығы

Сынның сарбазы

Айналсаң да ағалап, Жалынсаң да жағалап. Бетке бірден айтады, Бар-жоғыңды бағалап! (Тақырыптың тұздығы)

Сарбалаев дегенде, әрине, алды­мен қазақтың белгілі сыншысы Бақыт Сарбалаев­тың есімі ойға оралады. Бұлай болуы заңды да. Себебі, ол әдеби ор­таға тым ерте танылды. Сыр бойындағы жоғары оқу орнына білім іздеп келген жас өрен алғашқы дүниелерімен-ақ ел-жұртты елең еткізді. Бір күні оның көлемді сын мақаласы ол тұста жұрттың қолы жете бермейтін «Лениншіл жастың» өзінде басылды. Соңына «Бақыт ­Сарбалаев, ­Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пе­дагогикалық институтының бірінші курс студенті» деп қол қойылған бұл жарияланымды көзі қарақты оқырман қалт жіберген жоқ. Өйткені, сол кезде «Лениншіл жас» онсыз да үтір-нүк­тесіне дейін оқылатын. Оқуға жаңа түскен балауса талант үшін бұл айтулы жетістік еді. Бүкіл жұрттың ­назар аударған себебі, «Өлең салмағы жүрекпен өлшенеді» деген осы көлемді дүниені әдеттегідей астаналық сыншы емес, айдаладағы Қызылордадағы мұғалімдер дайындайтын оқу орнының есігін енді ғана ашқан ботатірсек боз­баланың жазғанына байланысты еді. КазГУ-де оқып жүрген кезімізде осы мақаланы көру үшін Пушкин атындағы кітапханаға барғанымыз есімізде. Жалғыз біз емес, студенттердің біразы жабыла іздейтін. Өйткені, бірінші ­курсында жұртты таң қалдырған өреннің алғашқы жетістігін зерттемекке кім-кім де құштарлық танытатын еді ол тұста. Сол «Лениншіл жастың» етектей мақаласының соңына біреу «Болар бала ...» деген рас-ау!» деп баттитып оқшау пікір жазып кетіпті. Бүгінгіше айтқанда, комментарий. Сол кездің өзінде танымал сыншы болып үлгерген Бақыт Сарбалаевқа бұдан артық қандай жарнама керек?! Содан соң бесіктен белі шықпай жатып, анадай елді елеңдеткен сын мақала жазған оның табиғатын тануға ұмтылып, баспадан оқырманға жаңа ғана жол тартқан «Қызыл алмасының» дәмін татып көру үшін кітап сөресіне беттейсің. Дария жағасындағы қаладан ­институт бітіріп, ауылға аттанған Бақыт аға бірер жыл ауылда мұғалім болған соң, Алматыға келіп, өз үйірін тапты. Әдеби ортаға тастай батып, судай сіңіп, көп ұзамай-ақ қазақтың санаулы сыншыларының санатына қосылды. Атақ-даңқты ойламай, күн-түн демей, дамылсыз еңбек етті. Жарасқан ағамның «Өзгелер сынның атағын алады, Сарбалаевқа тек шатағы қалады» деп жырлайтын кезі осы тұс. Оның «Қызыл алма» атты алғашқы сын мақалалар жинағы кезінде қолдан-қолға түспейтін құндылыққа айналып еді. Сол «Қызыл алма» кейін басқа да бағалы еңбектеріне жол ашты. Жалпы, бір кезде әдебиет сыншылары өте беделді болатын. Жаңа кітап жарыққа шықса, жұрт «Не айтады екен?» деп, алдымен солардың аузына қарайтын. Себебі, қазақта ақын-жазушы жеткілікті болғанмен, кәсіби сыншы көп емес-ті. Сол аздың бірі – әдеби шығарманың кемшілігі болса, бетің бар, жүзің бар демей, іреп ­соятын Бақыт Сарбалаев еді. О бастан қалыптасқан қағида бойынша, сыншы деген түрі сұсты, түксиіп жүретін, көп күлмейтін, салмақты да салиқалы адам болуға тиіс секілді көрінетін. Негізінен мінезі тұйық, көңілі түспегенге көп ашыла қоймайтын Бақыт ағамызды да көбінесе осы кейіпте көретінбіз. Оның тағы бір қыры тоқсаныншы жылдардың басында ақпарат кеңіс­тігіне «Ана тілі» газеті шыққан кезде жарқырап көрінді. Рухани әлемдегі айрықша құбылыс саналған басылымды басқарған Жарылқап Бейсенбайұлы өзінің орынбасарлығына Бақыт Сарбалаевты таңдады. Елге танымал екі ағамыз газет редакциясына қарымды жігіттер мен қыздарды тартты. Шығармашылық топ «Ана тілін» ұлттың үніне, зиялылардың бас қоса­тын мінберіне айналдырды. Бұл жылдардағы басылым елдің рухын көтерді, жұрттың санасын оятты. «Қазақ баспасөзінің алтын дәуірі қай кез еді?» дегенде, алғашқы шығармашылық топ шығарған «Ана тілі» газеті де ойға оралады. Тыңнан жол тауып, өзгеше өрнек салған Бейсенбайұлының берекелі жолы мен Сарбалаевтың сара соқпағы оқырманды ұлттық руханият әлемінің биігіне бастады. Бақыт Сарбалаев кейін «Қазақ елі» газеті мен «Сын» журналын шығарып, осы басылымдарға басшылық етті. «Қазақ елі» шетелдерде тұратын қазақтарға арналды. Бұрын осы міндеттерді атқарған, төте жазумен шығатын «Біздің Отан», «Шалқар» газеттері жарық көріп тұрған еді. Жаңа газет осы үрдісті жалғастырды. Оның «Қазақ елі» деп аталуы да бекер емес-ті. 1944-1956 жылдарда дүниежүзі қазақтарына арналған журнал осындай атпен шығып тұрған екен. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басылымы жеті мың данамен басылып, Өз­бекстан, Қытай, Моңғолия, Түркия елдеріне жіберіліпті. Кейін қаржы тапшылығына байланысты газеттің жұмысы тоқтап қалды. Содан соң ол тағы бір жобаны қолға алды. Қазақстан Жазушылар одағы «Сын» әдеби-көркем сын журналын шығарып, оның билігін Бақыт Сарбалаевқа тапсырды. Бұл сыншы Сарбалаевтың нағыз оңтайына келетін сүйікті ісі еді. Ол жаңа қызметіне құлшына кірісті.

Тілдің тілекшісі

Көрген емес ұсақтап, Көңілінің түсі – аппақ. Күлімсіреп тұрады. Керекуді құшақтап! (Тақырыптың тұздығы)

Тегінде, біз өзімізге табиғаты таныс Бақыт Сарбалаевқа жақындау болуымыз керек-ті. Жас алшақтығы бар, сыншылық сесі бар, әйтеуір жанына жолай бермейтінбіз. Сөйтіп, аралас-құралас болудың реті келе қоймады. Оның есесіне тағы бір Сарбалаевпен жақынырақ таныстық. Бұл таныстық кейін аға мен іні арасындағы достық қарым-қатынасқа ұласты. Тілші ғалым Жақсыбай Сарбалаев Бақыт ағаның туған інісі екен. Сыр бойының перзенті Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде қызмет істепті. Бұл өңірге біраз еңбек сіңірген соң, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне ауысқан. Ол Астанаға бір жиынға қатысуға келгенде кездейсоқ жолықтық. Өмірі­міз­де бірінші рет жүздесіп тұрғанымызға қарамастан, күнде сөйлесіп жүрген ескі танысымыздай еркін көсіле жөнелді. Бақыт ағамның томаға-тұйықтау көрінетінін, көбіне-көп өз ойымен өзі оңаша жүретінін айттық қой. Ал мына Жақсыбай өте бауырмал екен. Жалғыз менімен емес, сол жиынға келген жұрттың бәрімен төс қағысып, құшақтасып амандасып шықты-ау деймін. Жаңа танысқан әріптестерін жанына жинап алып, ешқайсысын жатырқамай, бар әңгімесін айты-е-е-еп отырды. Тіпті бәрімізді бірден Кереку өңіріне шақырды. «Жазда Баянауылға келіңдер, Мәшһүр Жүсіп атамыздың басына апарамын!», – деді. Ілгеріректе Мәшһүр Жүсіптің кесенесінде болғанымыз бар-ды. Екі ғасырдың тоғысында «Хабар» агенттінің «Көзкөрген» жобасы бойынша әйгілі ақын туралы бағдарлама әзірлеу үшін келгенбіз. Бірақ жаны жайсаң жақсы ағамен бірге арнайы барып аралағанның жөні бөлек екен. Павлодар университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Жақсыбай Сарбалаевты бұл аймақтың үлкен-кішісі түгел білетін көрінеді. Тіпті өзі туып-өскен Сыр бойында мұн­дай танымал емес шығар. Кездескен жерде жұрт онымен қоғадай жапырылып, амандық-саулық сұрасып жатады.

Cарбалаевтар  сабақтастығы Келер жылы Жақсыбай ағамыз уәдесінде тұрып, Мәшһүр Жүсіп Көпеев­тің кесенесіне бастап барды. Алдымен Жаңажол ауылындағы қара шаңы­раққа ие болып отырған Мәшһүрдің ұрпағы – Қажымұқан ағамыздың үйіне аялдадық. Қажекең Жақсыбайды жақсы таниды екен. «Мен мал соя берейін. Сіздер апамды жолбасшы етіп, Мәшекеңнің басына бара беріңіздер», – деді ол. Апам дегені – өзінің анасы, Мәшһүр Жүсіп атамыздың келіні Нұрила Тәшқызы. Мен бұл кісіні білетінмін. Екі-үш жыл бұрын «Хабардың» жоғарыда аталған бағдарламасы үшін арнайы сөйлетіп, таспаға жазып алған едім. Сөзге шешен адам. Әңгімені ағылып-төгіліп айтады. Өңіріне микрофон іліп, белгілі бір орынға отырғызып қойғанымызға қарамастан, ауық-ауық тұрып кетеді. Қайсар мінезді Нұрила апа қиын-қыстау кездің өзінде атасының рухын қызғыштай қорыған. Енді міне, Жақаңның арқасында тағы да жолықтық. Ол кісі бізді әйгілі ата­мыздың кесенесіне өзі бастап апарды. Көкірек кеніші қазынаға толы кейуана бұл жолы тағы да біраз сыр шертті. Сол жылы Жақсыбай ағамыздың арқасында Баянауылды түгел шарладық. Жасыбай мен Сабындыкөлге түстік. Қалың қазаққа танымал жақсылар мен жайсаңдар шыққан ауылдардың бәріне аялдадық. Сұлтанмахмұттың зиратына барып тағзым еттік, мұражайы­на келіп, көп мәліметке қанықтық. Өз басым ақиық ақынның ауылына бұрын да келгенмін. Алғашқы сапарда әң­гімелескен бір ағамыздың былай дегені есімде қалыпты: – Ілгеріде мектеп оқулығында үнемі жарияланатын Сұлтанмахмұттың «Шықай менен Шағала, Қойың кетті бағана. Тепең-тепең етесің, Қойыңа қашан жетесің?» деген бір шумақ өлеңін білесіңдер ғой. Мынау таудың арғы бетінде сол Шықай менен Шағаланың ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Арнайы барсаң, бірқатар Шықаевтар мен Шағалиндерді кездестіруге болады. Ал Жақсыбай ағам ақынның жүрген жерін өзі көргендей етіп суреттейді екен. «Міне, қарашы, мынадай әдемі жерде Мәлике екеуі серуендеп жүрмеуі мүмкін емес. Құдай біледі, Троицкіге кетерде тура осы жолмен аттанған шығар». Жақаңның әңгімесі Сұлтанмахмұтпен ғана шектелмейді. Одан әрі Жаяу Мұса өлеңдерінің тарихын баяндайды. ­Содан соң Шоң серіктестігінің ел біле бермейтін ерекшеліктеріне тоқталады. Аймауытов болып ақтарылады, ­Шанин болып ширығады, Байзақов болып термелетеді, Марғұлан болып тебіренеді. Соның бәрін жүрегіңе жеткізе жөнімен айтып отырғанда, Сыр бойы перзентінің баяғыда-ақ Баянауылмен бауырласып кеткеніне қапысыз сенесің. Ал өзінің негізгі тақырыбы тіл білімі, оның ішінде сөзжасам мәселелері қозғалса, кеңінен көсіледі. Одан өзі зерттеген конверсия тәсілінің жай-жапсарын баяндап, миыңды толықтырады. Конверсияны дамылсыз қаузай­тын­дай реті бар. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт­тық университеті жанындағы маман­дандырылған кеңесте «Қазақ тіліндегі конверсия мен адъективация» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған еді. Ізденген тақырыбын одан әрі дамытып, докторлық диссертация қорғамақшы болған. Диссертациялық кеңестің мерзімі бітіп қалуына байланысты ол ойы жүзеге аса қоймады. Бірақ өз ортасында орны бар байсалды ғалым ретінде танылды. 300-ден астам ғылыми мақала жазды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленді. Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Ең бастысы, ел ішіне сыйлы болды.

Әулеттің әлеуеті

Сүйсіндіріп халықты, Сөйтіп, өзін танытты. Сарбаладан – бар бала, Сөз өнерін алыпты! (Тақырыптың тұздығы)

Ертіс өңірінде оның дос-жа­рандары жетіп артылады екен. Жүрген жерінде солардың бәрі оған арнап дастарқан жаяды. Сондай отырыс үстіндегі бір қаға берісте жүз грамды жеделдетіп жөнелтіп жіберіп, «Жаңағы соңғы рөмкені Бәтима байқамай қалды-ей», – деп қулығын асырғанына мәз болатын. Сонда қайран Бәтима жеңешем кімнің денсаулығы үшін күйіп-пісіп жүр десеңші?! Cарбалаевтар  сабақтастығыЖақсыбай Сарбалаевты тек той-томалақтың гүлі болып жүретін сауық­шыл адам екен деп қалмаңыз. Өз жұ­мысына талапшыл педагог, қатал декан. Оқу орындарының басшылық қызметінде шыңдалған азамат. Өзі қызмет істеген екі университетке де еңбегі сіңген. Студенттер алдынан кесе өтпейді. Әріптестері қатты құрметтейді. Жақаңның себепші болуы арқылы Павлодар мемлекеттік университетімен тұрақты байланысымыз орнықты. Оқу орнының қабырғасында бірнеше рет болдық. Студенттермен жүздестік, өз саламыз бойынша лекция оқыдық. Үлкен ұлы үйленгенде тойға арнайы барып, қуанышына ортақтастық. Сол күндері оның көңілі көкте шарықтап жүрді. Дастарқан басында өте көңілді отырды. Алып-ұшып, бүкіл жұртты құшағына сыйғызғысы келіп, жан-дүниесімен ашылды. Мұндайда Бәтима жеңешеміз әрі-бері кіріп-шығып жүріп, Жақаңды назардан тыс қалдырмайтын. Оны баладай мәпелеп, жай-күйіне кәдімгідей алаңдайтын. Оларға қарап, отбасындағы бақ-берекенің, жарасымды сыйластықтың үлгісін көргендей болатын едік. Сөйткен Жақсыбай ағамыздан айырылып қалғанымызға да біраз уақыт өтті. Ойға алған жоспарлары көп еді. Бірқатары іске асты, кей­бі­ріне үлгермеді. Бір барғанымызда өзі тұратын үйдің жоғарғы жағынан шағын пәтер алып қойған екен. Оны кітап­ханаға айналдырыпты. Төрт қабырғада кітап толып тұр. «Енді бір рақаттанып отырып жұмыс істемесем болмайтын түрі бар», – деген сонда. Жұрттың қамын көбірек ойлайтын ағамыздың сол кітапханаға қамалып отыратындай уақыты да болмады-ау деймін. «Ана тіршілік бітпей қалды, мына шаруа тағы шықты» деп бар жұмысты өзі тілеп алып, шапқылады да жүрді. Соның бәрін уайымдаймын деп, жүрегіне салмақ түсіріп алды ма, қайдам?! Сөз қонған Сарбалаевтардың көп­шілікке танымал болуы тегін емес. Ділмарлық олардың қанында бар. Өздері ататек етіп алып жүрген ­Сарбала аталары өңірге белгілі би бо­лыпты. ­Заманында жұрттан жақсы­лығын аямапты. Бертінде ашаршылық тұ­сында дүние салған деседі. Өз әкелері Тұр­сынды да ауыл-аймақ «би» деп атаған. Бидің баласы болған соң құрметтегені шығар. Ол кісі елде басшылық қызмет атқарды. Ауыл шаруашылығының өркендеуіне атсалысты. Ең бастысы, балаларын жақсы тәрбиеледі. Адам болуға баулыды. Соның әсері шығар, бидің ұрпақтары бала кезінен бидің сөзін айтуға бейім тұрды. Біреуі әдебиеттің, біреуі тілдің түтінін түзу ұшыруға тырысты. Бәрі де өз саласында беделді маман болып қалыптасты. Бұлардың әулетінде жазу-сызуға әуестігі ешкімнен кем емес тағы бір Сарбалаев бар. Есімі – Төребай. Өзі құры­лысшы. Елде тұрады. Ағайын-туысқа қарайласады. Арасында ептеп өлең жазады. Әрине, екі бауыры секілді әдеби ортаға кең таныла қойған жоқ. Соған қарағанда өлең өргенінен гөрі, кірпіш өргені тәуірірек болуы керек. Енді Жақсыбай Сарбалаевтың отбасына қайта оралайық. Оның үлкен ұлы Елдос әкесінің жолын жалғады. Ол ­Павлодар мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2010 жылы «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы поэзиясындағы азаматтық әуен» ­деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылы­мының кандидаты ғылыми дәреже­сін иеленді. Мәшһүр Жүсіп шығар­машылығына байланысты танымал ғалым Қуандық Жүсіптің жетекші­лігімен бірнеше ­диссертация қорғалған еді. Елдос та сол шоғырдың ішінде. Жас Сарбалаев бұрын көп зерттелген мәселеге өзгеше қырынан келіп, өз байламын айтты. Қазір ол Ішкі істер ми­нистрлігінің Павлодардағы оқу орталы­ғында қызмет істейді. Сол мекемедегі қазақ тілінің туын көтеріп жүрген білікті мамандардың бірі. Сөзі салиқалы, ойы оралымды, мінезі орнықты азамат. Айтпақшы, бұл үйде өнерге таласы бар тағы бір парасатты перзент өсіп келеді. Ол – Жақаңның кіші ұлы Ерасыл. Керекуге барғанымызда қаршадайынан қолына домбыра ұстап, күй тартып отырғанын көретінбіз. Музыка үйірмесіне қатысқан болуы керек, әйтеуір, күйді кәнігі домбырашылардан кем тартпайды. Үйінен өмірі қонақ арылмайтын Жақаң Ерасылды көпшіліктің алдына үнемі шығаратын. Бір ғажабы, бала бәлсінбейді. Ақ домбыраны қолға алып, аяғын айқастырып, жайланып отырып, күйдің бірінен соң бірін төгілте жөнеледі. «Бұл – біздің Сүгір!», – деп сырттай сүйсінетінбіз. Кейін ол кәсіби күйшілердің қатарына қосылып, талай бәйгелерде жүлде алды. Соған қарамастан, өнердің жолын шындап қуған жоқ. Бүгінде өзге мамандық таңдап, сол сала бойынша тереңірек ізденіп, оқуын жалғастырып жүр. Бәлкім, өнерге бір бүйірден қосылайын деген шығар. Сөйтіп, сонау Сыр бойынан бас­тау алған Сарбалаевтар сабақтастығы бүгінде Сарыарқаны тербетіп тұр...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

2162 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы