• Тарих
  • 09 Ақпан, 2017

Ұлт ғалымы – Халел Досмұхамедұлы

ДОСМҰХАМЕДОВ Халел (24.4.1883, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмы – 19.8.1939, Алматы) – жоғары білімді дәрігер, Алаш қозғалысының қайраткері, ағартушы-ұстаз, энциклопедист-ғалым. Ресей Ғылым академиясының Орталық өлкетану бюросының корреспондент мүшесі (1924). 1903-09 жылдары Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясын үздік бітірді. 1913 жылға дейін офицер ретінде кесімді әскери дәрігерлік міндетін өтеп, үш жыл оба індетінің кіндігінде болып, Императорлық қола медальмен марапатталды. Орал облысының уездерінде азаматтық дәрігер бола жүріп, мақалалар жазды, «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916) кітабын жарыққа шығарды.

1917 жылғы Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін Орал облыстық және Жалпықазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысты, мамыр айында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысты. ІІ Жалпықазақ съезінде жарияланған Ұлт Кеңесі құрамына сайланып, Алаш қайраткерлерімен бірге халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық, қаражат жинау ісіне күш салды. 1918 жылы наурыз айында Жаһанша Досмұхамедовпен бірге Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізді. Ж.Досмұхамедовпен бірге Орал өңірі қазақтарының ІV съезінде (Жымпиты, 18-21 мамыр) жарияланған «Ойыл уәләйты уақытша үкіметінде», кейін «Алашорданың Күнбатыс бөлімшесі» атанған ұлттық-аумақтық құрылымға басшылық жасады: атты әскер жасақталды, офицерлер даярланды, Самарадағы Комуч үкі­метінен қару-жарақ алынды, Қазақ земство банкі ұйымдастырылды, баспахана іске қосылып, «Еркін қазақ» газеті шыға бастады... Қазәсревкомның 1920 жылғы нау­рыз­дағы қаулысымен Бөлімше таратылып, Жаһанша мен Халел, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов, Беркінғали Атшыбаев «халықтан оқшауландыру» мақсатымен Ресейдің ор­талық губернияларына жер аударылды. 1920 жылы жаздың соңына таман Ташкентке келіп, 1928 жылға дейін басы бүтін ғылыми шығармашылық жұмыстармен айналысты. Әмбебап ғалымның қоғамдық ділгірлікпен жазылған «Табиғаттану» оқулығынан басқа сүбелі еңбектері медицина-биология ілімі аясынан туындайды: үш кітаптан тұратын «Жануарлар» оқулығы, «Шәкірт саулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі», Ю.Вагнердің кітаптарының аудармасы, т.б. Сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы көптеген қоғамдық ғылымдардың негізін қалаушы, классикалық зерттеу еңбектердің авторы. Ол – тарихшы, ол – фольклорист, ол – әдебиеттанушы, ол – лингвист... Ол қазақ руханиятына әдебиетіміздің алмас қылышы Махамбетті «әкеп қосты». Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», «Кенесары-Наурызбай», Абай, Мағжан, Бернияз... Сол бір аласапыран кезеңде осылардың бәрін хатқа түсіріп, тасқа бастыру – Халел маңдайына жазылған ерлік істердің бір парасы, өзіне орнатқан өшпес мәңгілік ескерткіш-белгі. Ол – кәсіби дәрігер, өмірінің соңына дейін негізгі мамандығынан ажырамады. Ол – педагог, қарапайым оқытушыдан тұңғыш жоғары оқу орнының проректорына дейінгі баспалдақтан өтті. Ол – қазақ ғылымын ұйымдастырушы, Білім комиссиясының төрағасы. Ол – баспагер. Ол – редактор, «Сана» және басқа журналдардың ұйымдастырушысы... Өкінішке орай біртуар Алаш арысының бақандай он жылы (1929-39) қуғын-сүргінмен өтті. 1939 жылы 24 сәуірде «әскери трибуналдың үкімімен атуға бұйырылып», 19 тамызда «түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болады» (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 140-143-бб.). Ондаған кітап, жүздеген мақаланың ав­торы, энциклопедист-ғалым Халел ­Дос­мұхамедұлының білім-білігін, ғылыми қа­рымын, қаламгерлік қуатын, ұлтшылдық мұратын, Алаш жұртына аманаттап кеткен өшпес ойларын бір-ақ мақаласынан ойып алып, жаңа заман жастарына ұсынып отырмыз. Мақаланың аты – «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат», баспа бетін көруі – 1925 жыл. *...Қазақтың хандығы рәсім түрде он тоғызыншы ғасырдың ортасына дейін созылса да, шынында Әбілқайырдан бастап қазақтың хандары патша хүкіметінің қолында ойыншық болды. Сондықтан 1731-інші жылдан бергі Кіші жүздің ханға болсын, сұлтандарға болсын, орысқа болсын көтерілістерінің бәрін патша хүкіметіне қарсы көтерілістер деп атау керек. *Елдің қимылын жолға салып, ұйымдас­тырып отыратын көсем керек. Бұндай уақытта құрастырушы көсем шықпаса, елдің қимылы бытырап, шашылып, ұлы мақсаттың орнына уақ пайда туып, ұлы қимыл аяқсыз қалады. Қимылдың көсемі бас пайдасынан баз кешіп, жан-тәнімен көптің тілегін орындауы керек. Ұлы қимылдардың уақытында көптің әлеумет сезімі өте күшті болады. Ел бастаған көсемнің ізі бағулы болады. Көсемнің басқан қадамы, жүрген бағыты көпке жақпаса, халық теріс айналып кетеді. Кешегі мыңды бастаған серке – ертеңгі күні далада жаңғыз маңырап қалады. *Ел арасындағы сөздердің бәрі де Исатайды мақтап, ісін дұрыстап, өлгеніне күйініп, жоқтап сөйлейді. Исатайды жамандаған халық арасында сөз жоқ. *Қазақтың о заманғы әлеуметшілігінің бір түрі ру еді, рулықтан туған батырлар, билер еді. Хүкімет руды жоюға, батырларды, билерді жоюға қам қылды. Ру сезімін бәсеңдету үшін қазақты руға бөлмеді, әуелі бөлімге (шәске), сардарлыққа (дистансияға), местілікке (ауылға – Ә.Ғ.) бөлді, кейінірек үйезге, округке, болысқа бөлді. ...Қазақтың ұлт сезімі, бірлік сезімі бірден-бірге кеміп, бара-бара далада қалды. Бұрынғы билердің орнына атқамінерлер мінді, бұрынғы батырлардың орнына барымташы-ұрылар пайда болды. *Әбден езу үшін хүкімет қазақтың шаруасын күйзелтіп, өнемейін құртуға ойланды. Қазақтың жерін тартып ала бастады. Қазақтың арасына жемқор саудагерлерді айдады. Жұт көбейді. Ел жарлы бола бастады. *Халық аузындағы сөздерге қарағанда ­Иса­тайдың өз басының көпті ертетін қасиеттері болған. Жауда жанын аямады: жауласса қолдың алдында, қашса артында болды. Көптің арызын айтамын деп айып (алпыс атан – Ә.Ғ.) тартты. Халықты аяп, қан төкпеймін деп, Орданы қамағанда алданып қалды. *Халық үшін Исатай үй ішін, туған-туыс­­­қандарын садақаға берді. Екі баласы, бір қатыны соғыста өлді. Екі баласы, бір қатыны жаудың қолына түсіп, айдауда шіріді. Ағайындары шабылды, тұтылды. Тырнақтап жинаған мал-мүлкі, бүтін қара орман дүниесі жаудың қолында қалды. *Билеттеп қазақ жерін қағазға түсіруге (картаға – Ә.Ғ.) ел ішіне бірнеше рет әскерлі кемисиелер жіберілді. Саудагерлердің, көршілес орыстардың не болмаса сұлтан­дардың шағымы бойынша хүкіметке қылмысты саналған қазақтарды жазалау үшін де ел ішіне әскер жиі шығатын болды. Ел ішіне орнаған, ел қыдырған хүкімет әскері қазақтың арасындағы қатынасты кемітіп, қазақтың бірлігін жоюға себеп болды. Әскерден сескеніп, оза көшіп, кең жайыла алмай, жайлы қыстаулықты емін-еркін қоныстай алмай, жазы-қысы үркумен болып, қазақтың малы жұтқа шалынғыш болды.

Ғарифолла ӘНЕС, профессор

2797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы