• Әдебиет
  • 15 Ақпан, 2017

ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСІМ

Ақтөбе қаласының тұрғыны, әріптесіміз Балнияз Әжниязов жұмыс орныма арнайы іздеп келіп, Кеңес Одағы тұсында Ақтөбе облысының партия-кеңес органдарында лауазымды қызметтер атқарған Есім Құсайынұлы Жаңбыршин туралы шығарылатын кітапқа деректер жинастырып жүргенін айтты. Маған жолығуында мән бар еді: саналы ғұмырын Шалқар ауданында бірнеше ауылдық кеңестерде төраға қызметінде өткізген, аудандық және облыстық кеңестердің депутаттығына сайланған әкем Жұмағали Қабақбаев Есім ағамызбен жақсы сыйласып, араласыпты. Мұның бір айғағы – үйіміздің төріндегі 1954 жылы Мәскеу қаласына Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері Көрмесіне Жаңбыршинмен бірге барғанда түскен фотосуреті. 

[caption id="attachment_41147" align="aligncenter" width="700"]Суретте: алдыңғы қатарда, солдан оңға қарай – Шалқар аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Есім Жаңбыршин, еңбекшілер депутаттары Қаратал ауылдық кеңесінің төрағасы Жұмағали Қабақбаев; екінші қатарда – сол жақтағы адам белгісіз, оң жақтағы – Нойыш Әлжанов. Сурет 1954 жылы түсірілген, Мәскеу қаласы. Суретте: алдыңғы қатарда, солдан оңға қарай – Шалқар аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Есім Жаңбыршин, еңбекшілер депутаттары Қаратал ауылдық кеңесінің төрағасы Жұмағали Қабақбаев; екінші қатарда – сол жақтағы адам белгісіз, оң жақтағы – Нойыш Әлжанов. Сурет 1954 жылы түсірілген, Мәскеу қаласы.[/caption]

Марқұм тікелей басшысы – Шалқар аудан­дық кеңес атқару комитетінің төра­ғасы Есім Құсайынұлы туралы «Байсалды, қандай да мәселені қа­рағанда жан-жақты сараптап, дұрыс қорытынды шығаратын, алдына келген адамды жасына, қызметіне немесе арғы тегіне бөлмей әңгімесін парасатты күйде тыңдап, мүмкіндігінше жәрдем беруге күш салатын» деуші еді. Әріптесіміздің игі ниетін мақұл­дадық. Содан қолымыздағы мате­риал­дарға назар аудардық. Е.Қ. Жаңбыршиннің қысқаша өмірбаяны фотосуретімен «Ақтөбе» энциклопедиясында (2001 жыл, 416-бет), «Байғанин ауданы» (2003 жыл, 164-бет), «Шалқар» (2009 жыл, 115-бет), «Қобда» (2009 жыл, 136-бет) энциклопедияларында жарияланыпты. 1916 жылы Қостанай облысының Преногорьковск ауданындағы Починовка ауылында туған. Қостанай мұғалімдер даярлау курсын бітірген. Еңбек жолын Починовка орталау мектебінде мұғалім болып бастайды. 1938-1948 жылдары Жаңатілек орталау мектебінің мұғалімі, Королев орталау мектебінің директоры, Ұзынкөл аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Ұзынкөл аудандық партия комитеті ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің хатшысы, Введенск аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болған. 1948 жылы Шалқар аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, бұл міндетті 1955 жылға дейін атқарады. Марқұм Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде, кейін Мәскеу қаласында СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып, тәмамдаған. Есім Жаңбыршин Байғанин ауданында аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген. 1962 жылдан 1975 жылы дүние­ден озғанға дейін Қобда ауданында бас­шы­лық қызметтерде болған. «Құрмет белгісі» ор­де­німен, бірнеше медальдармен марапатталыпты. Зерделі оқырман бағамдап отырған шығар, кейіпкеріміз кеңестік қоғамның қалыптастырған қатаң дағдысымен Коммунистік партия жүктеген қандай міндетті де қомсынбай ар-ұятымен адал атқарған. Алланың пәрменінен ешкім қашып құтыла алмайды: Жаңбыршин де, әкем де, олармен бірге қызмет атқарып, араласқан тұстас­тары да келместің кемесіне мінді. Дәтке қуат қыларың – абзал азаматтар соңын­да іс-қимылы түзу ұрпақ қалып, тіршілік көшін іргелі жалғастыруда. Есім Құсайынұлының баласы Қозы-Көрпеш Қазақстан Республикасы Есеп Комитетінің төрағасы болды. Бір баласы Ерұлан Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына жетекшілік етеді. Өзге ұл-қыздары да еліміздің әр қиырында абыройлы қызмет атқарып жүр. Ақтөбе облысының бірнеше аудандарында лауазымды қызметтер атқарған құрдасым Кеңес Абдуллин 1999 жылы Алматы қаласына пойызбен кетіп бара жатқанда Есім ағаның зайыбы Ханшайым анамызбен сапарлас болады. Жарықтық ашық, әңгімешіл адам болса керек, Шалқар ауданында өткізген жылдарын тебірене еске алып, тұрғылықты халық жайлы жағымды пікірлер білдіріпті. Есім Құсайынұлы Шалқарда аудандық кеңес атқару комитетіне үзіліссіз жеті жыл төрағалық етіпті. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарынан кейін елдің енді ғана еңсе тіктей бастаған шағы. Шағын ұжымшарлар, ауыл шаруашылығының негізгі жұмыс­тары көбіне-көп қолмен атқарылады, көліктің түрі – жазда атарба, қыста атшана. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрмағамбет Құлмұхамедов, ауатком төрағасы Есім Жаңбыршин іс басындағы адамдарды қажыған халық жүзін жадыратуға жұмылдырған. Жоғарыда сөз еткен Балнияз әріптесім Шалқар өңірінде бұрын-соңды болмағанын айтып, бірге барып қайтуды өтінді. Әруаққа тағзым ретінде жолға шықтық. Өкініштісі – қысылшаң кезеңде атқа отырған аға-апалар қатары сирепті. Қазіргі көзі тірі ағаларымызды іздеп, үйлеріне бардық. Қуанатының – қайсысы да Есім Құсайынұлын ілтипатпен еске алып, бәлсінбей ойындағысын ортаға салды. Шудабай Тақаев – 91 жаста, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері: – Есім ағамыз ауатком төрағасы болып жүр­генде мен су шаруашылығы бөлімін басқара­тынмын. Бас агроном Әнуар Ғаббасов төрағаның өзіне шақырғанын айтты. Жастық па, аңғырттық па – кабинетінде Жаңбыршин менің аты-жөнімді айтқан сайын отырған орнымнан атып тұрады екенмін. Сірә, о кісінің мысы басқан шығар. «Неге тұра бересің?» деді. Қандай жауап қайырғаным есімде жоқ. Бір уақыт: «Ай, маңдайының бағы ашылмаған водхоз-ай» деді, сірә, әлгі қимылымды ерсі көрген шығар. Ауданда 105 бөгет бар еді, соны дұрыс пайдаланбай келгенімізді сынады. Көп ұзамай су шаруашылығы бөліміне, жол бөліміне, тағы бірнеше мекемеге ауатком ғимаратынан жұмыс кабинеттерін бергізді. Жаңбыршин екеуміздің атпен бөгеттерді аралап, жағдайды өз көзімізбен көргеніміз есімде. Жаны жаннатта болсын, ағамыздың ақыл-кеңестері кейін кәдеге асты. Марқұм мен сияқты біраз жігіттерді жаңа қызметтерге өсірді. Мені мал сою алаңына директор, кейін аудан ұжымшарларының малын қабылдап, ет комбинаттарына жөнелтетін Қарақұдық базының меңгерушілігіне жіберді. Сөйтіп, осы салада табан аудармай отыз жеті жыл жұмыс істедім. Жеке шаруам түзелді, жағдайымыз жақсарды. Жаңбыршиннің бұл жақсылығын қалай ұмытайын?! Қартбай Қабақбаев – 87 жаста, Ұлы Отан соғы­сына қатысушылармен теңестірілген тыл ардагері: – 1954 жылы Алматы малдәрі­гер­лік-зоотехникалық институтын бітіріп келіп, Шалқар машина-мал­шаруа­шылығы стансасында (орыс тіліндегі қысқаша атауы – МЖС) бас малдәрігері болып орналастым. Директор – Ресейдің Куйбышев қаласынан келген Малкиель деген азамат, бас зоотехник Мұстай Өтемұратов. Жоғары білімді жас маманбыз, аупартком мен ауаткомге жиі шақырады. Сонда Есім ағамыздың жүріс-тұрысы, жағымды әңгімелері көкейге қонып, еліктеуге тырыстық. Ашу шақырып, дауыс көтергенін көрмеппіз. Қателігімізге кешіріммен қарап, дұрыс бағыт сілтеді. Әттең, келесі жылы Мәскеуге – Жоғары партия комитетіне оқуға кетті. Дәулетжан Елеусізов – 80 жаста, еңбек ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы: – Есім аға қызмет атқарған тұста біз – балаң жігіттерміз. Әкем Райым анасынан үш жасында, әкесінен бес жасында қалып, жалғыз өскен, соғыс майданына алынып, оралмай қалды. Анам Балсары ер-азаматтармен бірдей еңбек етіп, аупарткомде әйелдер бөліміне меңгеруші болды, «Жаңа жол» ұжымшары орталығының қазығын қағып, бес жыл төрағалық етті. Қатар құрбылары қайратына таң қалушы еді. Сол кісі Жаңбыршинді аузынан тастаған жоқ. «Өз пікірін ашық айтатын, қайырымдылығы мол, жаны жайсаң» дегенін талай естідік. Кейін өзіміз де басшылық деңгейде қызметтер атқардық. Үлкен-кіші замандастар Есім Құсайынұлының адамгершілігін, іскерлігін айтумен болды. Осы сапарымызда аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің тікелей ұйытқы болуымен Балнияз аудандық мұрағаттағы бірқатар іс-қағаздарды, құжаттарды көріп, еркін танысты, бірқатарының көшірмесін алуға мүмкіндік жасалды. Жаңбыршин қызмет атқарған кезеңдегі аудандық партия комитеті мен аудандық кеңес атқару комитетінің ғимараттары ұқыпты қолдардың күтіп ұстауы нәтижесінде әлі күнге кәдеге жарап отырғанын көріп, қуандық. Бірінде көркемсурет лицейі жұмыс істейді, ұжымның жеткіншектер талабын ұштаудағы ізденістері сүйсінтті. Екіншісінде ауданның ауыл шаруашы­лығына басшылық ететін екі мекеме орналасқан. Жаңбыршиндер отбасы Шалқар қаласындағы Октябрь көшесінде (қазір Әйтеке би есімімен аталады) № 49 үйде тұрған екен. Есім Құсайынұлы Мәскеу қаласына оқуға жіберілген соң отбасы Шалқардан қоныс аударады. 1956 жылдан бері бұл үйді ерлі-зайыпты Қоңырбай және Қоңыр Құл­мұханбетовтер иемденген. Отағасы дүниеден озған, 82 жастағы Қоңыр апай өткен кезеңді сағынышпен еске алды. Айта кету керек, бұл сапарда бірге жүрген аудандық ішкі саясат бө­лі­мінің басшысы Қорғанбек Исаевқа деген алғысымыз зор. Сапар соңында аудан әкімі Б. Қаниев қала­дағы үлкен, кең көшелердің бірін Есім Жаңбыршин есімімен атау туралы шешім қабылданғанын айтып, қуантты. Халық құрметі деп осыны айтса керек.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі АҚТӨБЕ

19254 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы