• Мәдениет
  • 15 Ақпан, 2017

ПЕЙІЛ ТҮЗУ БОЛСЫН ДЕҢІЗ...

Халқымызда «Пиғылы жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «Пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер аз емес. Адамның пиғылы оң болса, оның ісі де оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетеді, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын алады. Оған ешкім күмән келтірмейді.

Сондықтан халқымыз «жақ­сы пиғыл жақсы сөзден бастала­ды», «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «пиғылы терiс хан iс етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер» деп теріс баға берген екен. Қазіргі кезде ел арасында: «адамдардың пейілі тарылып барады», «кей жастарымыз жаман­дық атаулыға әуес», «ниетімізге не болған?» деген сөздерді естіп қаламыз. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық. Көп­шілікті уыздай жастардың пейіл тазалығынан жұрдай боп бара жатқандығы алаңдатады. Оған себеп те бар. Қарапайым ғана мысал. Күн сайын бәріміз көріп жүрген жолаушылар көлігіндегі санасыздықтың мына бір кө­рінісін алайықшы: автобусқа мінген жас жігіттер мен қыздар шалқайып отырып алып, қасында тұрған қарт адамға кішілік ізет көрсетіп, орын ұсынуды ойламайды. Бір-бірі­не жәрдемдесу, қол ұшын беру ­аза­йып барады. Күнделікті өмірде құлағымыз шалып қалатын оқи­ға­лар: арбау, кісі өлтіру, тонау секілді жа­ғым­сыз жаңалықтар. Жоғалып жат­қан адамдардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Пәтер алып беремін деп тұрғындардан ақша жымқырған алаяқтар да же­тер­лік. Бұрын қазақтар ­әке-­ше­шесін қарттар үйіне бермеуші еді. Ел арасында ондай әңгіме тараса халық дүрлігетін. Қазір бәрі өзгерді. Сәл бірдеңе болса, үйдегі қарияларды қарттар үйіне қарай жетектей жөнелетін ­жастар пайда болды. Қайсыбірін айтайық, ел арасындағы осын­дай келеңсіздіктерді көріп жүре­гің ауырады. Қоғам қатыгезденіп бара ма, жоқ әлде адамдардың пе­йі­лі тарылып, пиғылы бұзылды ма? Тү­сініксіз... «Қазақ» деген дар­қан халықтың тәлім-тәрбиесі, ізгілік, инабат мектебі, кішінің үлкен алдындағы ілтипаты мен ізеті қайда қалды? Қазір қарап отырсаңыз, қо­лында билігі бар адамның кейбірі мүмкін болғанның ­бә­рін алдымен өзі үшін жасап, қармап, ұрлап, тығып, ­жинап қалуға құмар. «Қызметтен кете қалсам, қамданып дайын оты­райын» деген ой-пиғылды ұстан­ғандар иемденетін жері, мінетін көлігі, пайдаланатын қаржысы, айналысатын жеке шаруасы, бәрі-бәрін қазірден бастап, алдын-ала «реттеп» алмай тынбайды. Ондай басшылар әруақытта бірінші кезекте елдің емес, өзінің және өзіне ең сенімді «төңірегінің» жеке ­шаруаларын қолға алады. Ел тағдыры соңғы кезекке қойылады. Бұны адамдар пейілінің бұзылғаны демеске шараң жоқ. Әрине, бәрі емес… Осындай теріс пиғылды адам­­дардың қоғам үшін келтірер залалын айтпаса да түсінікті. Қамшының сабындай қыс­қа ғұмырда тек жеке бастың қамын ойламай, өзге жандар­ға жәрдемдесуге, жақсылық жасауға тырысайық.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

24356 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы