• Әдебиет
  • 23 Ақпан, 2017

Суреткерлік өрнектері

Қазақ әдебиетінің тарихына XIX ғасырдың 70-жылдары жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде «Чика – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестерімен жүлдегер атанып, әдебиет әлемінде жарқ еткен Молдахмет Қаназ – суреткерлік талантымен танылған көрнекті жазушы. Танымал қаламгердің тіршілік қозға­лы­сындағы үндестік пен қайшы­лыққа, түсінісумен қақтығысуға толы өмір шындығын өрнектеген шығармалары («Сонар», 1973; «Жер кіндігі», 1975; «Арна», 1975; «Ақтайлағым-ай», 1984; «Құм қойнау», 1984; «Армандай алыс жағалау», 1988; «Жаңбырлы жаз», 1991; «Қияндағы күн нұры», 1993; «Жанқожа», 2001; «Чика – Дабылдың баласы», 2002; «Кек: Тарихи драма және хикаяттар», 2009) – жазушының суреткерлік дүниетанымын миллиондаған оқырмандарына танытты.

Балалар әдебиетінің әлемдік клас­си­калық дәстүрі бойынша жазған («Чика – Дабылдың баласы», «Ақтайлағым-ай», «Қияндағы күн нұры», «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балалары») повестерінде қазақ ауылдарындағы балалардың тұр­мыстық-әлеуметтік қарым-қатынас жүйе­сіндегі әрекеттері реалистікпен суреттелген. Повестердегі кейіпкерлер әлемдегі барлық халықтардың тірші­лі­гіндегі психологиясы үндес балалар. «Чика – Дабылдың баласы» повесінде екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде ата-анасы өлген жетімді (Бақытжан-Чика) бауырына басқан, сол ісімен соғыс қасі­ретін жеңген, адамзат қауымына ортақ адамгершілік-имандылық ұялаған қа­зақ ауылының гуманистік болмысы дараланған. «Ақтайлағым-ай» повесінде төрт түліктің төлін аялап өсірген қазақ ауылы ұрпақтарының мейірімге, ізгілікке толы жан ділі әлемінің айрықша сезімтал, нәзік болмысын бала кейіпкердің түйенің ақтайлағының сойылуынан шошынған психологиялық хал-ахуалын суреттеумен ұғындырады. Соғыс жылдарында ер-азаматтар әскерге кеткен кездегі қазақ ауылының бас көтерері болып қалған ана-әже­лер­дің немерелеріне, жасөспірімдерге, қыз-келіншектерге бас-көз болғандығы, мектеп ғимараты болмаса да ауыл адамдарының үйлерін сабақ оқытуға арнаған мұғалімдер қызметі, жүдеп-жадап отырған ауыл адамдарының қорадағы малын ұрлаған қаныпезерлік, жоғалып кеткен малды иесіне қайтаратын адал пейілділік,т.б. – қазақ ауылындағы тіршілік тынысы «Қияндағы күн нұры» повесіндегі бала кейіпкер Ералының ­баяндауымен суреттелген. Қазақ ауылдарының XX ғасырдың 40-50 жылдарындағы тұрмысы, ондағы ересектердің де, балалардың да өзара қарым-қатынасы мәдениетінің өзіндік сипаты, көршілес ауыл балаларының біресе татулықпен, біресе қақтығысумен өтетін өмір шындығы, т.б. «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балалары» повесінде баяндайды. Бала кейіпкерлердің (Қожаберген, Шәкет, Тымақбай, Бөлеген тапқыш, Ерболат, жалқау Жанғазы, Ботабай, Нұрғали, Әзен,т.б.) бал дәурен балалық шақ кезеңіне тән бір-бірімен алысатын, жұлысатын, жасырынатын, т.б. ойындары да тартымды баяндалған. Балалардың сан алуан ойындары ортасында олардың иттері (Алыпсоқ, Майлыаяқ), т.б. қайталанбас қызықты сипаттарымен ­суреттелген. Әдеби ертегілер – әлем әдебиетіндегі классикалық дәстүрлі туынды. Жазу­шының балаларға арналған әдеби ерте­гілеріне табиғаттағы тіршілік иеле­рінің (адамдардың, құстардың, аңдардың, түліктердің, т.б.), жәндіктердің – бәрінің де өзара сабақтас, тағдырлас өмір болатын философиясы арқау етілген. Ертегі-новелланың кейіпкерлері Жаужұмыр аңшы мен әйелі, олардың Аққанат ару қызы мен оның жары Сусамыр азаматтық шынайы махаббаты. Аққанаттың аялауымен тіршілік қозғалысындағы мөлдір бұлақтың ағуы, Қызылнар, бұлдырық, сауысқан, қызғыш құс , қаз, т.б. адамның аялы қолымен ғана қозғалыста болатын шындығымен танылады. Жазушы – адамдардың арманда­рының қиялдаумен өрістеуін негізге ала отырып, өмірдің шындық оқиғаларынан көркемдік ойлаудың көріністерін жинақтап түйіндейтін суреткер. ­Молдахмет Қаназдың бала батыр ­Бидас, оған өтініш айтқан, тапсырма берген анасы Әлима, қасқыр, түлкі, қария, тасбақа, әже, Жайбасар Майтабан бастаған сарбаз­дардың (сұңқар, бозторғай, құ­мырсқа, суыр, трактор) бірлескен іс-әрекет­терімен теңізді, бұлтты, т.б. жалмап жұтқан аждаһа Асаталаттан есе қайтарылады. Ертегі-повестің идеялық-композициялық желісінде табиғаттағы адамдардың, аңдардың, жәндіктердің, өсімдіктердің (сексеуіл, дүзген, т.б.), таулардың, даланың, бұлттардың, ға­рыш­тық-ғаламдық кеңістіктегі жанды денелердің және заттардың бәрінің де бірімен-бірі сабақтасқан, бір-біріне нәр беретін үйлесімді тіршілік қозғалысының бұзылуының зардаптары айыпталады. Ертегі-повестің басты кейіпкерлері бала батыр Бидас – қазіргі заманғы табиғаттың экологиялық апаттарына, дағдарыстарына қарсы күресуші жаңа буын өкілдерінің көркем жинақталған бейнесі. Ал Асаталасат – адамзат өркениетінің бұрынғы-соңғы жетістіктерінің бәрін жалмап жатқан қазіргі заманғы аждаһа-ғаламдастыру экологиялық апатының жинақталған бейнесі. Ертегі-повестері жеті көзді аждаһа Асаталастың өзендерді (Қоғалы өзені, Дархан дария, Мұңбұлақ), Көкшулан теңізді сіміріп салғаны, аспандағы бұлт атаулыны жұтқаны – бәрі де бүкіл табиғатты құрсаулап қамтыған қазіргі заманғы экологиялық дағдарыс әлемінің көрінісі. Жазушының повестері – дәстүрлі прозаның көркемдік талаптары аясында жазылғандығымен ерекшеленеді. Повестердің тақырыптық арқауы – қазақ ауылының тұрмысы. «Құмқой­нау» повесінің басты кейіпкерлерінің (Тоға­нас қария, Құланбай, Сабалақ, Тайқара, ферма бастығы Мұхамет­шәріп, ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы Тортай, т.б.) – тіршілік қозғалысындағы қазақтың ата-бабалық жолын ұстанудағы ұстанымдары мал баққан кәсіби іс-әрекеттері – бәрі де әрі қайшылықты, әрі үндес өмір шындығының күрделі бол­мысы сипатымен бейнеленген. Повестің композициясындағы әлеумет­тік психологиялық желі – адамдар қарым-қатынастарындағы жақсылық пен жамандық тартысының реалистік шындығы. Повесть құрылысындағы қойшылардың бейнеленуінен жылдың барлық мезгілдерінде де көшумен жүретіні, жазғы аптапта да, қысқы аязда да малдың амандығын, өсіп-өнуін қамтамасыз ететін бейнетті еңбек сипатын көреміз. Повесть кейіпкері Тоғанас қария – малын жақсы бағуы арқылы абырой биіктігіне көтерілген халықтық тұлға. Оның қара жорғасын баптап, бәйгеде жүлдегер болғаны, сол жорғаны еркіндігіне бос жіберіп алып, ақырында жоғалтып, ең соңында сол атты иеленіп, машиналарына тиеп алғандардан өз ­малын өзі танып ала алмағаны ­нанымды. Боранда машинасы бұзылып далада қалған ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Тортайды, оның жүргізушісін үйіне әкеліп сауықтыруы, артынан бұған дейін үйіне қонақ боп келгенде нәпсіқұмарлығы жирендірген Тортайға кешіріммен қараған Тоғанас мінезінің қазақы ірілігі аңғарылады. Повесть кейіпкерлері Мұхаметшәріп те, аудан басшыларының бірі Тортай да, совхоз директоры да – барлық абыройды да, атақты да жыл он екі ай уақытын малды бағумен өткізгендер шопандар арқылы көрінетіні – тіршіліктегі соған ұқсас адамдарға тән сипат. Повестің көркемдік түйіні – фәни дүниедегі саналы ақыл-ой иесі адам­дардың бәрінің де өздерімен аралас-құ­ралас жүрген адамдардың қитұрқы қылықтарына да, тұтқиыл келген ажал құрығына да төзімділікпен шыдас беретін психологиялық хал-ахуалын оқырманға сезіндіру. Әрбір қазақтың ұлттық жан діліне тән өзінің ата-бабаларының, ата-анасының, өзінің кіндік қаны тамған туған жерін, атамекенін кіндігі санайтынын бағалау. Туған ауылындағы жақсылыққа, шынайы өмір сұлулығына жаны қас, әпербақан, көркеуде пасықтардың қырсықтарын басып-жаншып қарсы тұратын адал, ақкөңіл, қайырымды, жаны сұлу, дарқан адамдардың мол екендігі де шығарманың поэтикалық мағыналы астарларымен сезіледі. Жазушы Молдахмет – адамдардың сан алуан қуанышқа да, қасіретке де толы тағдырларының әлеуметтік болмысын психологиялық сипатымен бейнелейтін қаламгер. Жан дүние әлеміндегі асыл қасиеттер (мейірім, қайырым, жомарт, мәрт, кешірім, еңбексүйгіш, т.б.) және жексұрын сұрқиялықты (екіжүзді, қыз­ғаншақ, күншіл, сатқын, мансапқор, пайда­күнем, тұр­лаусыз, т.б.) көркем шындық поэтикасымен бейнелеудегі суреткерлік-ойшылдық, қайраткерлік-сыншыл­дық шеберлігі көркем прозалық әңгіме­лерінен, повестерінен байқалады. Жазу­шының әңгімелеріндегі жаратылыс кеңістігіндегі барлық тіршілік иелерінің әрқайсысына тән өзіндік тағдыры, түйсік, ұстаным болатыны дәлелденеді. Жазушының «Ескі қыстау» әңгіме­сіндегі Төрткөз қаншық туған топыра­ғы­нан ешқашан ажырағысы келмейтін тіршілік иелеріне тән қасиет иесі. Әлем әдебиетіндегі анималистік тақырыптағы туындылар дәстүрімен жазған жазушының «Ит өлім» әңгімесінде иесі Антонина Григорьевна кемпірдің сүйікті қандені Димкасының иесі өлгеннен кейінгі тұрмысқа еш көндіге алмай, сол бұрынғы үйінің алдында суықта иесін күте-күте қатып өлгенін оқимыз. Әңгіменің түйіні – «Итті иесі­мен қинасын» атты қазақ мақалының шындығын дәлелдеу. Жазушы Молдахмет Қаназдың ит туралы көркем әңгімелерін оқып отырып, қаламгердің өмір, тұрмыс қозға­лы­сындағы адам мен оны қоршаған тіршілік иелері тағдырларын қақтығыстарымен, қайшылықтарымен сабақтастыра өрнек­теген суреткерлік ұстанымын сезінеміз. Жазушының барлық әңгімелерінде де жеке адамдардың тұрмыстық-әлеу­меттік ортадағы өзіндік мінез-құлық психологиясының даралана мінезделуі айрықша назарға алынады. Әңгімелердегі кейіпкерлердің адамгершілік-имандылық қасиет­терінің тұрмыстық қарым-қатынастар жүйесіндегі танылуы, өзара қақты­ғыс­тары, үндестіктері өмір сүру философиясы заңдылықтары аясында суреттелген. Жазушының «Кек» атты тарихи драмасы­ның тақырыптық арқауында XIX ғасырдың 1845-1865 жылдарында Сырдария өзенінің төменгі ағыс атырап­тарындағы Қазалы бекінісі мен Қызылқұм өңіріндегі Қазақ халқының ұлттық-азаттық көтерілісі оқиғалары алынған. Әрқайсысы жеті көріністен тұратын екі актілі тарихи драманың сахналық қойылымға лайықталған құрылымындағы негізгі тартыс-қақтығыс – Ресейдің отаршыл билеушілері мен батыр, би Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісшілері арасындағы оқиғалар негізінде суреттелген. Жазушының осы «Кек» тарихи драмасы – Қазақ хандығының азып-тозып, ақырында XIX ғасырда Ресей патшалығы отарлық құрсауының біртіндеп күшейіп, сол отаршыл зымиян саясатқа көнбеген халық қарсылығын танытатын туынды. Пьесаның бас кейіпкері Жанқожа орыс отаршылдарына, Қоқан озбырларына, жергілікті опасыздарға (В.И. Перовский – Орынбор генерал-губернаторы; В.В.Беглов – Ырғыз бекінісінің бастығы, полковник. Орыс отаршылдары, итаршылары-көзқамандар, сатқындар: Елікей – старшын, орыс армиясының полковнигі, Бабажан сарт, Жанғазы сұлтан, Дәрімбет би, Сейіл, Мұхамедхасан - Мұхамед-шафих Ахмерұлы – Орынбор шекаралық комиссиясының кіші тілмашы) қарсы халық қозғалысын бастап, талай рет шешуші шайқастарда жеңіске жеткендігі пьеса көріністерімен дәйектелген. Тарихи драма сюжетінің шарықтау шегінде Жанқожа батырдың орыс отаршылдарының аярлықпен ұсынған сыйлықтарынан, атақтарынан бас тартқаны, отаршылдармен ымыраға келген ел ішілік арам ойлыларға ырық бермегені сахналық көрініс оқиғаларымен танылады. Тарихи драманың көркемдік-идеялық түйіні – би, батыр Жанқожа бастаған халық ерлері рухының мәңгілік сақталатынын дәлелдеу. Пьеса соңындағы тұлпар Көкешкіні іздеген Жанқожаның, оған жауап ретінде тұлпарының кісінеген дауыстарының қосыла өріле естілуі арқылы жазушы мәңгілік Тәуелсіздік, еркіндік іздеген Ұлы Дала Еліне тән асқақ романтикалық, қаһармандық рух сарынын сезіндіреді. Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ әдебиетіне өзінің көркем прозадағы әңгімелерімен, повестерімен, «Кек» тарихи драмасымен ұлттық рухани құндылық қазынамызға мол үлес қосқан көрнекті жазушы-суреткер Молдахмет Қаназ шығармашылығы қазіргі және болашақ оқырмандарының эстетикалық дүниетанымын тереңдеткен тағылымымен болашақ ұрпақтарға да рухани қызмет ете береді.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор

16440 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы