• Руханият
  • 23 Ақпан, 2017

Таңдауымыз – жұрттық жолы

Айналамызға бір сәтке болсын,  саналы оймен және шынайы көзбен  қарау­ды ұмытпау керекпіз. Расымен де, болашақтың қамын  жеп,  ел тағ­дырына шынайы алаңдайтын күн туды. Өйткені болашақтың  ұлы керуені намысы от шарпыған жігерлі елдің асқақ рухымен жалғасын табады. 

Қазіргі қоғам өз бойындағы осындай құндылықтарды жоғалтып алды. Еліктеушіліктің арқасында, жат мәдениеттің жетегіне еріп кеткен халқымыздың санасын улап жатқан жат дүниелердің болашағымыз үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіне алмай келеміз. Жаға ұстатар жағдайлар орын алып жатады. Бірақ бұлармен күресудің орнына, керісінше, бір-біріміздің ­бойымыздан кемшілік іздеп, өз-өзімізді тереңге тартып барамыз. Көгілдір жәшіктің ажырамас бөлігі болып кеткен азаматтарымыздың да қатары артып келеді. Сол жәшіктен күні бойы көретініміз шетелдің түрлі сериалдары. Осыдан алып жатқан үлгі-өнегеміздің өзі көп дүниенің қасиетін жоғалтып жатыр. Ақиқатына келсек, алып жатқан бас бәйгелеріміз, өткізіп жатқан дүбірлі додаларымыздың барлығы дерлік қазіргі және өткен тарихтың еншісінде қалатын дүние екенін ұмыт­пағанымыз абзал. Ал ел бойындағы өр мінез бен мұқалмас жігер – болашақтың дара жолын салып, іргесін қалар басты құндылығымыз. Әлемді таңдандырғымыз келсе, қазақ­тың қазақылығына жат дүние­лерге барып немесе өзге жұрттың таң­сығына еліктеместен, іргесі берік бірлігімізбен, асқақ армандары­мызбен, жалынды да жігерлі рухы­мыз­бен мойындата аламыз. Оған дәлел ретінде, Сарыарқаның бойына тұнған сазды әуенді әлем жұрт­шы­лығына жеткізіп, тамсандырып жүрген Димаш Құдайбергенов. Қазақ­тың атын паш етіп, талай аза­мат­­тарды селт еткізген сері жігіттің бар болмысы халқының шын риза­шы­лы­ғының арқасында биікке көтерілуінде. Өмір бәйгесінде қазақ атты ­алпауыт елдің асқақ айбынын танытуға бар күшімізді жұмсасақ, ұлттық тәрбиенің шын құнын бағалай алатын боламыз. Міржақып Дулатов: « ...бүгінгі қазақ елі екі жолдың тарауында тұр. Біреуі –құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы». Иә, біз жұрттық жолдың көшіне бет алып, керуенімізді ұлы мұратқа жалғадық. Жұрттық жолдың қандай болатынын әлі де болсын түсінбегендейміз. Бұл – ана тіліңді шетке ысырып, өзге тілде сөйлегенді мақтан көру емес, өз дәстүріміздің қадірін түсінбей жатып, жат елдің мәдениетіне қызығу емес. Жас сәбиді көзін ашқан сәттен-ақ бесік жырының әдемі әуенімен өсіру, әженің ертегісімен тәрбиелеу. Осы уақытқа дейін ата-бабамыз қадірін жете түсініп, бізге аманат еткен рухани байлықтарымыз қазақ еліне Тәуелсіздікті тарту етті. Тіліміздің наркескендей өткірлігінің арқасында, рухымызды оята алдық. Дәстүріміздің асқақтығының арқасында Алты Алаштың ортақ арманын тоғыстыра алдық. Қандай жағ­дай болмасын ұлы көшіміздің ұлы мұ­раттарының ұшқынын өшіріп алмау керекпіз. Ата-бабамыздың ал­дында мәңгі борыштармыз және ауыр аманатты арқалап жүрміз. Аманат­қа қиянат жасауға әсте болмайды. Күнделікті жаңалықтардан адам сенгісіз жағдайларға куә болудамыз. Тіпті сол жағдайларға етіміз үй­реніп кеткендей аса таңданыс біл­дірмей-ақ қабылдайтын болдық. Тамшы тама-тама теңіз болады. Ал енді қоғамдағы сол жағдайлардың көбі дерлік ұсақ және елеусіз жағдайдай көрінгенімен, түптің түбінде үлкен бір рухани құлдырауға алып бармасына кім кепіл? Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, қазақтың қамын қазақ жемесе өзгеден күткен жақсылығымыз өзімізге қайта айналып келіп үлкен соққы болып тиер. «Жат жұрттық ешқашан да жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады, түбі тыныш болғай» деген сөзді Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» романынан оқыған ем. Қазіргі қоғамда болып жатқан келелі істер мен игі бастамалар ел болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан да әрбір қадамымыз бен іс-әрекетімізге үлкен жауапкершілік танытайық.

Тілеген КӨГЕРШІН АЛМАТЫ

1963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы