• Ақпарат
  • 23 Ақпан, 2017

Атқарар жұмыс ауқымды

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – өзіндік зерттеу жүргізу дәстүрімен ерекшеленетін, зияткерлік әлеуеті күшті, қазақ тіл білімі мен түркітанудың өзекті ғылыми мәселелерін заманауи деңгейде шешуді қамтамасыз ете алатын ғылыми-зерттеу мекемесі.

Жуырда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 2016 жылы атқарған жұмыс нәтижелері және алда тұрған міндеттері туралы жұртшылық алдында жария есеп беру жиыны өтті. Жиынға ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, тіл білімі саласының ғалымдары, ұжым қызметкерлері қатысты. Басқосуды аталған институт басшысы, филология ғылымының докторы, профессор Ерден Қажыбек кіріспе сөз сөйлеп ашты. Мұнан соң институт директорының орынбасары Анар ­Фазылжанова өткен жылы атқарылған жұмыстарға және алдағы уақытта жүзеге асырылар міндеттерге кеңінен тоқталды. Институт қазір қолға алып отырған үлкен жұмыс, бұл – қазақ тілінің ұлттық қорын жасау және әзірлеу. Бұл күнде аталған қордың отыз миллион сөз қолданысынан тұратын бастапқы жобасы жасалды. Жүз миллион сөз қолданысы көлеміндегі қазақ тілі мәтіндерінің электрондық корпусы жиналды. Институт қызметкерлерінің ең басты арқа сүйей­тіндері – мемлекеттік гранттар. Олар – басты қаржы көзі. Алайда тіл мәселесі тек осы институтқа ғана қатысты болмауы керек. Тіл саясаты, терминология, ономастика, тіл мәдениеті және басқалар мемлекеттің де көңіл бөлетін салалары. Сол себепті қаржы жайы тек грантпен ғана шектеліп қалмауы тиіс, Үкіметтің тиісті шешімдері арқылы да қаржыландыру мәселесін шешуге болатыны жиын барысында сөз болды. Жиында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов, Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Нұргелді Уәли, Экономика инстиутының директоры Әзімхан Сатыбалдин, академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, академик Әбсаттар Дербісәлі, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастары және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құсайын Рысалды, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры Фаузия Оразбаева сөз сөйлеп, институт ұжымының алда атқарар жұмыстарына табыс тіледі.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

1786 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Ұлттық музей байқау жариялайды
Келесі мақала Ел болашағы – жастар

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Алтынай

13 Тамыз, 2020

Тіл мәселе барлығымзға ортақ болғандықтан оны бірлесе шешкеніміз дұрысырақ.

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор