• Әдебиет
  • 23 Ақпан, 2017

«Қызы едім Тастанбектің атым Сара...»

Сараның өлеңдері бізге қаншалықты толық жетті және олардың өлеңдік дәрежесі әдеби өлшеммен қай деңгейде екенін айта алмаймын. Бірақ өнерлі жан ретінде аты бүкіл қазақ даласына жеткеніне кәміл сенімдімін. Оның бір көрінісі қызымыз өнерлі болсын деп, Сараның құрметіне атын қою. Әрі бұл қазақтың дәстүрінде әріден келе жатқан ілтипаттық сыйластық үрдіс. Осы дәстүрдің қаулап көтерілген бір кезеңі орта мектептің әдебиет бағдарламасына «Біржан мен Сараның айтысы» енгізілген уақыт деп топшылаймын. 

Айтыстағы хрестоматиялық: «Қызы едім Тастанбектің атым Сара, Ішінен ер Қаптағай шықтым дара. Он үште домбыра алып сөз сөйлегем, Келемін бір сүрінбей жалғыз қара» деген жолдардан қазақ даласының бір қиырындағы ақын, өнерлі жанның бейнесі көрінеді. Халқымыздың өнерліні сыйлаған, сөзге тоқтаған қасиетін тарихтан білеміз. Оның үстіне Біржан сияқты «Үш жүзді әнмен қырған мұзбалақты» мойындатқан Сара бейнесі, қазақ қызының өз басын бағалата білетін салмағын, өнер жарысында терезесін тең ұстай алатын тәрбиесін, тауып айтқан сөзге тоқтай білетіндігін көрсететін сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаны елестетсе керек. Осы жерде қазақ мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген, өз кезінде мәдени өміріміздің барлық саласында пікірін белсенді түрде білдіріп өткен қайраткер Ілияс Омаровтың пікірінен үзінді келтірейін: «Осы аталған барлық өлеңдерге (Сараның өлеңдерін айтады) тән бір стиль бар. Сөз байлығы, сөз құрау тәртібі фольклорлық, болмаса ескі ақын-жыраулардың сарынына келмейді. Өлеңдері мүдіріссіз сұлу, «бос сөзбен былғанбаған» мәнерлі, мағыналы. Көптеген өлеңдерінде дүниелік көзқарасы кең екендігін, көп нәрсені аңғарып, көп түсінетіндігін көруге болады. Сараның Абай өлеңдерімен таныстығы жөнінде дерек жоқ. ­Дегенмен, Сара өлеңдерінде Абайдың сарыны бар сияқты. Сараның өзі айтқандай қағазға түспеген соң көптеген өлеңдері ізсіз кеткені анық, бірақ та Сара өлеңдері әлі тегіс жиналып болған жоқ. Ел есінде қалған өлеңдерін құмнан жиған алтындай, ерінбей-жалықпай жинаған жөн. Сара – қазақ халқының аса ірі ақыны, аяулы қызы». Бұл әсер Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы шыққаннан кейін жаңа қарқын алды. Ал көрерменнің қабылдауына бірден-бір оң әсер еткен – Күләш Байсейітова. Сара – хан қыздары Жібек немесе Ақжүніс емес, тағдыры талқыға түсіп тәлкек болған ­Хадиша мен Ажарға да ұқсамайды. Бұл Күләш шығармашылығында кездескен қазақ қыздарының бәрінен өзге оқшау бейне. Сара – күні бүгінге дейінгі ұлттық операмызда халықтан шыққан, халықтың ойын айтатын тұңғыш азамат, өнерпаз қыз. Ендеше, әрі соны образ жасау керек, әрі халықтың көңіліндегі Сараны ұмытпау керек. Сонымен, опера «Біржан-Сара» аталып, ­премьерасы 1946 жылы 7 қарашада өтті. 1949 жылы композитор Мұқан Төлебаев, режиссер Құрманбек Жандарбеков, суретші Анатолий ­Ненашев, ­солистер: Күләш Байсейітова, Шабал Байсекова, Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали ­Досымжановтар осы опера үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл жерде Күләштің Сараға қатысты шын шығармашылық көрегендігін, тек орындаушы әнші емес, өзі жасаған бейненің неғұрлым толыққанды болып шығуына назар аударатын суреткерлігін айтпақпыз. Мұқан Төлебаевтың операда Біржан әндерін пайдаланғанын жоғарыда да айттық. Оның үстіне Біржан орындайтын арияларды дауысы әрі күшті, әрі әдемі Байғалиға арнап жазғаны музыка тарихынан белгілі. Ендеше үлкен шабыттан, тынымсыз еңбек пен ғажап дарыннан туған Біржан партиясының айшықты болуы заңды. Ал Сара ше? Операда Сараның: «Ей, Біржан, жасың үлкен, өзің аға, Қымбаттығым белгілі білсең баға. Қамысты терең көлдің сұқсырымын Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға» дейтін тәкаппар сөздеріне сай, немесе: «Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ, Ербиер елсіз тауға шыққандай-ақ. Жиенқұл күжірейіп келер ме екен, Он мата арқасына тыққандай-ақ» дейтін трагедиялық мойындауларын жеткізетін музыкалық сурет бар ма? Бар. Оны опера сахнаға шыққан алғаш­қы қойылымда да, кейініректегі талдаушылар да қайталап, атап көрсетті. Шын мәнісінде толыққанды опера болғандықтан ол театрда үздіксіз жүріп келеді. Опера 1973 жылы Алматыда өткен Шығыс елдері халқының музыкалық бағдарламасына енгізілді. Осы мерекеге келген әр ұлттың өнерпаздары бағдарламадағы шығармалардың көркемдік деңгейіне өз пікірлерін білдірді. Соның ішінде чех композиторы Л.Железный қазақ операсын, басқа ұлттық мәдениеттің өкілі ретінде қатысқан композиторлардың, оның ішінде чех Б.Сметананың «Проданная невеста» классикалық операсымен үндестіре қарап, бұл операны, яғни «Біржан-Сараны», «Әлемнің қандай сахнасына қойса да үлкен табысқа ие болады» деп атап көрсетті. Бұған операның либреттасын жазған филолог ғалым, академик, айтыстың ерекшелігін жақсы білетін Қажым Жұмалиевтің өлшеусіз үлес қосқанын ескеру керек. Атағы әлдеқайда жоғары Біржан мен Сараны тең дәрежеде көрсетуде әдебиетшінің қазақ тұрмысындағы сөздің орнын, қасиетін жетік білуі жетекшілік еткен деп ойлаймыз. Соған сай операның стилистік ерекшелігінде әннің, әншіліктің басымдылығы, халықтың қабылдауына игі әсер еткен фольклорлық музыканың орынды қабысуы шығармаға шырай беріп тұр. Осылардың бәрінің басын қосып, тыңдаушыға жаңа операның өз дәрежесінде жетуіне әсер еткен Күләш Байсейітованың сахнада жасаған Сара бейнесі. Сараның музыкалық образының сәтті шығуы соншалықты, әдетте жеке концерттерде операдан айтпайтын Күләш Сараның ариясын тұрақты айтатын болды. Академик Ахмет Жұбанов болса: «Қазақ совет музыкасының үздік жетістігі болып табылатын операның тууы, тек Біржан мен Сараға ғана емес, композитор Мұқан Төлебаевтың өзіне де лайықты ескерткіш» деп атап көрсетті. Солай. Сараға да лайықты ескерт­кіш. Ең алғаш сахнаға Күләш кейпін­де шыққан Сара содан бері қазақ әншілерінің қаншасының танылуына, ізденуіне, шеберлік шыңына көтерілуіне үлес қосты. Күләштің тікелей қолдауымен, қамқорлығымен қатысқан Шабал Бейсековадан кейін Роза ­Жаманова осы образбен өз шығармашылығының биік дәрежесін көрсетті. Розаның сымбатты, нәзік әрі тәкаппарлау, іштей бай, дауысы қуатты Сара әншінің тағы бір қырын танытты. Алғашқы қойылымнан тұп-тура 30 жыл өткенде бір кезде Біржан болып шырқаған Байғали ­Досымжанов енді режиссер ретінде операны жаңартып қойды. Мұнда ол Біржан мен Сараның халық өнерімен тығыз байланысты екеніне, жәрмеңкенің қызған кезінде бұлардың сахнаға шыға келуі халықты жалт қаратып, ­назарды өнерге аударуына екпін түсіреді. Өзі әнші болғандықтан әншілердің мүмкіндігіне ерекше мән беріп, олардың тиімді жағын көтеруге зер салады. Соның арқасында дауысы күшті, мінездік бейнелердің шебері Сәуле Құрманғалиеваның, классикалық сопрано Рахима Жұбатырованың, біртоға қазақы Алма Оспанованың, өжет те ­батыл Тоқтар Әдетбекованың Саралары сахнаға шығып, қазақ өнерінде әрқайсысы өзінше із қалдырды. Кезінде опера Уфа театрында қойылды. Ал, қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының спектаклі Москвадағы онкүндіктерде табыспен көрсетілді, Германияның астанасына гастрольмен барды. Мәскеудің үлкен театрында қою жұмыстары қолға алынған. Бірақ бұл ­шаруа саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты тоқырап қалды. Ал жүзеге асқан қойылымдардың бәрінде Сара образына айрықша назар аударылады. Ол – бір кезде Күләш атап көрсеткен Сараның Біржанмен тең түсіп отыратын салмағы. Біржанның образын ашудағы тікелей рөлі. Әрине, бұл орындаушылардың еңбегі. Соңғы кезде Сара бейнесімен шыққан Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық дәрежеде танылған әншіміз Нұржамал ­Үсен­баеваның еңбегін де атап айту керек. 1984 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның соңғы курсында оқып жүргенде Б.Досымжанов үлкен сенім артып, қайталап қойған «Қыз Жібек» операсында басты партияны айтқан, сонысымен ұлы Ғабеңнен (Ғабит Мүсірепов) бата алған Нұржамал, сахнадағы сан алуан образдардың қатарында Сараның да өзіндік бейнесін жасады. Нұржамалдың сазды әрі күшті дауысы, нағыз сұлуларға тән құба талдай бой бітімі, сахналық пластикасы, әншілігіне сай артистік дарыны бүгінгі тыңдаушыларға сүйкімді Сараны алып шықты. Сондықтан да жаңадан ашылған «Астана Опера» театрында қойылған «Біржан-Сарада» жетекші партияны Нұржамал Үсенбаеваның айтуы заңды деп ойлаймыз. Біз бұл жерде Ресейдің халық артисі, әдейі шақырылған режиссер Юрий Александровтың шешімін, сахналық ізденістерін, оқиға мен кейіпкерлер туралы түсінігін, тіпті Біржан мен Сараны сахнаға атпен шығарған экзотикалық (1946 жылғы алғашқы қойылымда бұл бізден қалған көрініс еді) тәсілін де талқыламаймыз. Олар бұл әңгіменің ауқымында жоқ. Бірақ Нұржамал-Сара өз орнында, өз дәрежеде. Нақтысы бүкіл операның жетекшісі Сара-Нұржамал болып шыққан. Мынадай жалындаған махаббат иесі, көз тартар сұлу, бұлбұлдай әнші әрі ішкі толқынысы, үміті мен трагедиясы лыпып көрініп тұратын Сараны көріп тұрып өлуге Біржан­ның (режиссердің шешімі бойынша өлді деген Біржан тірліп кетеді) шынымен де дәті бармас еді. Біз ақын Сараның музыкалық өнердегі бейнесін, Ахмет Жұбанов, Ілияс Омаровтар көрсеткендей лайықты бейнесін, сол арқылы қазақ өнеріндегі қалдырған ізін байқатуға тырыстық. Жоғарыда аталған әншілердің шығармашылығындағы Сара бейнесі, сөз жоқ, ақын қыздың бүгінге, келер күндердерге қалдырған ізі деп білеміз. Әркім ­Сараны өз тануы бойынша сипаттаса, өз өнерінің жеткенінше бейнелесе Сараның да соншалықты қыры, сыры, кейінгі ұрпаққа танылды деп ойлаймыз. Уақыт өткен сайын бұл із айқындалып, сан тарау жолдармен жан-жаққа тартып барады. Сара бейнесінің ақын-жазушылар шығарма­шы­лығына еткен әсерін, одан туған әдеби шығар­маларды топтастырған «Сара саңлақ» атты жинақ 2014 жылы «Жазушы» баспасынан шықты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың ақберен ақын қызы Фариза Оңғарсынованың алғы сөзімен шыққан бұл кітапты құрастырушы белгілі журналист, жазушы Шәрбану Бейсенова. 1980 жылы «Тордағы тоты» деген атпен шыққан өлеңдердің шағын жинағынан («Жазушы» баспасы шығарған) кейін тура 30 жыл өткенде оқушы қолына тиіп отырған жинақ, шын мәнінде Сараның саңлақ екенін дәлелді. Құрастырушының айтқанындай, кейінгі ұрпақтың Сара аруағы алдындағы құрметін, біршама өтелген қарызын айғақтайтын кітап қалың оқушы қауыммен жүздессе құба-құп болар еді.

Сара ЛАТИЕВА, мәдениеттанушы

6135 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы