- Тіл
- 20 Мамыр, 2010
Қазақ тілін білу – парыз әрі міндет
Үкіметтің кезекті отырысы болды. Онда қаралған мәселе – Қазақстанның «Ел бірлігі доктринасын» іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспары. Көпшілік жақсы білуі тиіс, осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында «Ел бірлігі доктринасын» әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Онда бұл құжаттың қоғамның бұдан былайғы дамуының негізгі бағыттарын айқындайтыны, осындағы басты тұжырымдар 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енгізілетіндігі атап көрсетілді.
Өткен жылдың қазан айында болған Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында аталған құжаттың алғашқы нұсқасы жиналғандарға таныстырылды. Жиынға қатысқан Елбасы бұл мәселеге ерекше мән берді. Сол себепті доктрина жобасын жан-жақты талқылап, мұқият ой елегінен өткізуді, оны жетілдіру мақсатында жұмыс комиссиясын құруды тапсырды. Доктрина жобасы қызу талқыланды. Оған қоғамдық ұйымдар, жұртшылық белсене қатысты. Нәтижесінде 500-ден астам ұсыныстар келіп түсті. Доктринаны дайындау кезінде олардың дені ескеріліп, назарға алынды. Биылғы жылдың сәуірінде Қазақстан Ассамблеясы кеңесінің отырысында доктринаның пысықталған нұсқасы тағы да талқылаудан өтті. Сөйтіп, ол осы жолы бірауыздан мақұлданды. Құжат Елбасы тарапынан да толық қолдауға ие болды. Міне, енді маңызды құжатты жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспарын бекітудің кезегі келді.
Үкімет отырысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады. Баяндамашының сөзінде айтылғанындай, биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары үш тараудан тұрады. Олар «Бір ел – бір тағдыр», «Тегі басқа – теңдігі бір», «Ұлт рухының дамуы» деп аталады. Бірінші тарауда ел бірлігі мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға баса көңіл бөлінген. Ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауға мән беріледі. Доктринаны қолдау үшін ақпараттық медиа-жоспар әзірленген. Бірқатар институттық шаралар белгіленіп отыр. Мәселен, ақсақалдар кеңесі, діни тақырыптарды насихаттауға арналған әдістемелік кеңес дегендей. Этносаралық қатынастар мәселелерін талқылайтын сарапшы-журналистер клубы, діни көшбасшылар кеңесі өмірге келмек. Осы орайда Қазақстан ЮНЕСКО, Өркениеттер альянсы, Еуропа кеңесі, Ислам конференциясы ұйымы, Араб мемлекеттерінің лигасы секілді дінаралық, этникааралық және мәдениетаралық үндестікті дамытуды көздеген халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтпекші. Екінші тарауда әрбір қазақстандық азаматтың өзін-өзі таныту үшін бірдей мүмкіндік беру жағы қарастырылған. Яғни әлеуметтік маңызды бағдарламалар кешенін жасау мақсат етілген. Олардың қатарында 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығына қатысты ұлттық жоспарды, 2010-2014 жылдар аралығындағы Қазақстанды индустрияландыру картасын, «Нұрлы көш» сияқты маңызды құжаттарды атауға болар еді. Мұнымен қоса «Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасын, «Дипломмен – ауылға» жобасын да әлгілердің қатарында тілге тиек етуге болады. Үшінші тарауға келсек, мұнда мәдениет, тіл және дәстүр ұлттық бірліктің негізі ретінде қаралады. Осы тарауда ең басты мәселе ретінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту жайы сөз етілуі өте құптарлық. Тіл жайына тоқталған министр биылғы жылы мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Ел асыға күтіп жүрген қазақ тіліндегі телеарналардың биыл ашылатындығын да көпшілікке жария етті. Қазақ тілін меңгеруге шешуші басымдық берілетінін, мемлекеттік тіл рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы болып табылатынын тілге тиек еткен министр доктринаға сәйкес мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстанның әрбір азаматының парызы мен міндеті болуы керектігін айқын жеткізді. – Егер қазақ тілін меңгеру бұған дейін әр азаматтың өз еркі, табиғи ұмтылысы болып келсе, енді бүгін доктринаның ақырғы нұсқасында ол мүлде басқаша тұжырымдалды және бұдан былай мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір қазақстандықтың парызы мен міндеті болып табылады – деді министр. Үкімет отырысын Премьер-министр Кәрім Мәсімов қорытындылады. Ол Доктринаның Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясымен үндестігін, сондықтан да әр министрлік, әр министр жоспарда көрсетілген іс-шараларды бұлжытпай орындау керектігін атап көрсетті. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған Доктрина іске асуы тиіс. Сол себепті Үкімет мүшелері арнайы есеп беріп отырады. Шараның орындалуы тікелей бақылауымда болады, – деді Үкімет басшысы. Бірліктен асқан байлық жоқ. Олай болса, «Ел бірлігі доктринасы» ел бірлігіне қызмет етуі тиіс. Нұркен Жандәулетұлы
4243 рет
көрсетілді0
пікір