• Қоғам
  • 08 Қаңтар, 2009

Көргенiм өзбек киносы

Тебендей өзiң болғанмен, теңiздей көрiп тамсанам» деп тебiренiптi Саршолақ шайыр өзi туған Шалқар өңiрiндегi шап-шағын ғана Жомарт көлi туралы. Сол айтқандай қазақ киносы туралы зәуде бiр жылы сөз ести қалсақ та жанымыз жылып, жүректегi азды-көптi тоң жiбiп, балмағыз бiр күйге түсетiнiмiздi несiн жасырайық. Неге бұлай болғанымызды түсiндiру үшiн әңгiменi қазақ киносының тарихатынан бастамасаң болмайды. Сондықтан оны көршi елдiң бүгiнгi осы саласымен салыстырудан әрi аттамай-ақ қойсақ та болатын сияқты. Иә, өткен жылы Сарыағашта болдым. Бiр аңғарғаным жергiлiктi қазақтар өзбек мәдениетiн кереметтей құрметтейдi екен. Солар ала-тақиялы ағайындардың жұрт аузына iлiккен өнерпаздарының (актер, артистерiнiң) қай-қайсысын да түстеп танып, қай кинода, қандай рольде ойнағанына шейiн лайын тамызып әңгiмелеп отырғанын көргенде, әрi қызықтым, әрi қызғандым, қазекемнiң бәсекешiлдiгi шығар, әйтеуiр мұнда қалталы қазақтар қыз ұзатып, келiн түсiрсе, тойға Ташкенттен әртiс, киноактерлер шақыру да үрдiске айналған. Өзбек әшулә (өлең) айта бастаса болды, қазақтың жiгiт-желең, қыз-қырқындарынан бастап жасамыстарына дейiн ұршықтай үйiрiлiп билей жөнеледi. Жергiлiктi қазақтардың ауызекi сөйлеу үрдiстерiнде өзбек ырғағы (интонациясы) басым екенiн бұрын да аңғаратынмын. Сондай-ақ олар «Өзбекфильм» киностудиясы шығарған үлкендi-кiшiлi фильмдерге әуес. Әуес деген бергi жақтағы сөз, алда-жалда өзбек киносы басталса, iшкен асын жерге қояды. Бұлар неге сонша құмартады екен деп, DVD дискiде сатылса, бiр-екi киносын өзiммен бергi ала барған компьютерге салып тамашалағым келедi. Сатылады екен. Сатылмақ түгiлi кез келген жерде қаптап тұр. Арзан. Он-онекi кино жазылған бiр дискi 4500—5000 өзбек сомының төңiрегiнде. Қазақ пұлына шаққанда айналасы 450-500 теңге. Содан көре бастайын. Алғашында тiлiн толық түсiне алмай бiраз қиналдым. Қайта көрдiм. Қайта тамашаладым. Бiр-екi күннен соң сол баяғы дүңгiршекке қайта барып, тағы қандай киноларын бар? – деп сұрадым. Сатушы қыз күледi. «Аға, бәрiмiз де осылай әсте-әсте «өзбек» болғанбыз», — деп қояды. Өнерден азды-көптi хабарым бар. Бiз көрген «Фатима мен Зухра», «Ойын», «Сүйiнiш», «Бақыт үшiн миллион», «Егiздер», «Жалғыз», «Жұлдызсыз аспан» секiлдi кинолары көрермендi, қарапайым адамгершiлiк қағидаларын қарапайым ғана көрiнiстермен жалпыға ұғынықты етiп насихаттау арқылы баурап алады екен. Абай айтпақшы «Мұнда жоқ алтын иек, сары-ала қыз». Бәрi өзбек халқының өмiрiнен, ұлттық дәстүр-салтынан алынған кәдiмгi таныс жәйттер. Сөйте тұра, ешкiмдi жалықтырмайды, тiптi тартымды дерлiктей дүниелер. Әлбетте, арзан күлкi, жасанды жылауық көрiнiстер де баршылық. Әйтсе де көрермендерiне, әсiресе, өзбектердiң өздерiне қатты ұнайтыны көрiнiп-ақ тұр. Бұл жердегi мақсатымыз өзбек өнерiн, өзбек киносын насихаттау емес. Айтпағымыз, әшейiнде орта Азияның барысына айналып барамыз деп күпсiнетiн бiздiң қазекең, қазақ киносы әлемдi бағындыра бастады деп, жыртылып, жарыла жаздайтын «Қазақфильм» басшылары осыған қалай қарайды екен? Шынында да осы бiздiң кино саласында солар айтқандай «Әлемдi бағындыра бастаған» қандай-қандай дүниелерiмiз бар? Олар өзбек киносы бiздiң базарларды жаулап алғанын бiле ме екен? Ақиқатын айтсақ, адам санасына кiтапқа қарағанда мәдениет пен өнердiң музыка, кино сияқты салалары тiкелей, жедел әсер ететiнi рас. Ал, құлағы өзбек музыкасын, өзбек әуезiн тыңдауға, көзi өзбек киносын тамашалауға дағдыланып кеткен оңтүстiктiң қазақтарына өзбекке бүйрегiң бұрады, өзбекше араластырып сөйлейсiңдер, дастарқандарың өзбекше жайылады деп ренжу де орынсыз. Яғни, бұл жақта өзбектiң ұлттық идеологиясының нышандары басым. Бiздiң шонжарларға, шонжарлар тұрмақ ауыл, аудан, облыс деңгейiндегi жандайшаптарға қазақтың ұлттық идеологиясынан, ұлттық педагогика бүгiнгi ұрпақты ажыратып тастадық-ау десең, саған текекөздене қарайды. Ендi бiрнәрсе десең «ұлт араздығын қоздырушысың» деп ұстатып жiберуден тайынбайтыны бетiне шыға келедi. «Надан, бейшара-ай!» — дейсiң iштей. Өзбектер 16 жылдан берi барыс та, қасқыр да боламыз деп күмпiлдеген жоқ, олардың киногерлерi де өз ұлты үшiн, өз ұлтының дәстүр-салтының мерейi үстем тұруы үшiн қызмет етумен келедi. Әрине, Ислам Каримовты жек көретiндер оларда да жетерлiк. Бiрақ, құдайшылығын айту керек, ол туралы өзбектерде «ол еуропашыл, батысшыл, католикшiл» деген бiрауыз сөз жоқ. Сондықтан да олар тәуелсiз ұлттық өнер жасап келедi. Бiз ше? Жер-жаһанға жар салған «Көшпендiлерiмiз» анандай болды. Сөйте тұра, «керемет жасадық, әлемдiк прокатқа шығатын болдық» деп бiреулер газеттiң бiрнеше нөмiрiне құлаш-құлаш мақала жазады. Тiптi, фильмнiң әнебiр тұсын пәленшекемнiң айтуымен түсiрдiк деп мақтанғанын да көрдiк. Олар ұялудың орнына ұлы жұмыс бiтiргендей қанасына симай, тасып-төгiледi. Әрине, «Көшпендiлерге» деп бөлiнген де алынған мол ақша түгелдей алаяқтарға, кемталап режиссураның жемтiгiне айналды дегендерге сенгiң де келмейдi. Онда бiздiң шаруамызда жоқ. Тек, осы фильмде «Жұлдыз туды» деген ұранды сөздi естiгенде тiксiнiп қалғаным рас. Бұл Таураттан алынған сөз сияқты. Бүкiл фильмнен осы күнi қазақ арасындағы Ислам дiнiне, мұсылманшылыққа iрiткi салмақшы болып жүрген тәңiршiлдiк (тенгризм) иiсi аңқып тұр. Бұл – кейбiреулердiң тапсырмамен жасаған iсi болуы да мүмкiн-ау деген ойға кеттiк. Фильм аяқталғанша домбыраның дың еткен бiр дұрыс даусын естiмедiк. Сонымен... Сонымен, егер «Көшпендiлерге» бұйырған қыруар қаржының ширегi өзбек не қырғыз киношыларының қолына түссе, қандай ғажап дүниелер жасар едi дейсiң iштей. Иә, олардың қолын жоқшылық қысып отыр. Жасаған Иемiз қазақ жерiне осынша байлық пен бақ берген екен. Соның қадiрiн бермей, ақша десе ит көрген ешкiкөзденiп шыға келетiн дертке душар болдық. Мүмкiн, бiрден аспандағы Айды аламын деп, Голливуд боламыз деп елдi дүрлiктiрмей-ақ, көршiлерге күлкi болмай-ақ әуелi өзiмiздiң топырағымыздағы бүгiнгi проблемаларды, ұлттық мәселелерiмiздi сөз ететiн, ойландыратын әрi қарапайым, әрi арзан, ұғынықты да тартымды дүниелерден бастауымыз керек шығар? Әттең бұл орайда да «Қазақфильм» киностудиясын ұлттық дәстүрдi, ұлттық сананы жете бiлетiн, әрi бiлiмдi, әрi таза қазақы азамат басқармай iстiң iлгерi басуы... Әй, қайдам?.. Айпақшы, осы «Көшпендiлердi» әлгiндей түсiргендердiң әрқайсысы қазiр әр терiнiң пұшпағын илеп жүр. Бiреуi театрға бастық болды. Оның театрға не қатысы барын бiз бiлмеймiз. Соны түсiне алмаған театр ұжымы да, көрермен де үнсiз. Баяғыда өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын партия һәм кеңес қызметiнiң ортақолдау қызметкерi бiр-ақ күнде Мәдениет министрi болып шыға келгенде ел осылай үнсiз қалған. Есесiне репитицияны «Тренировкамен» шатыстыратын министр келгенде ұлардай шуладық. Алматыға осындай әрi-сәрi оймен қайтқан басым келе -сала кино туралы әртүрлi басылымдарды қарайтын әдет тауып алдым. Сондағы ойым – бәлкiм, қателесетiн шығармын, мүмкiн менiң бiлгенiм қырықтың бiрi ғана шығар деген күдiк қой баяғы. Бiрақ, аса қателесе қоймаған секiлдiмiн. Мұның бәрi бұрыс болса, төрелiгiн жұрт айтар.

9711 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы