• Әдебиет
  • 02 Наурыз, 2017

«Бір әнін қазағымның салып кетсем...»

Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы «Өлмейтұғын ұлы ағыс» атты жаңа жобаны қолға алып отыр. Жоба тұсаукесері белгілі ақын, әнші, сазгер, Халықаралық «Алаш» және А.Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, Саха (Якутия) Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынай Оразбаеваны еске алуға арналған «Бір әнін қазағымның салып кетсем...» атты әдеби-сазды кешімен ашылды. Басқосу ақынның өрелі де батыл ой-толғаныстарға толы азаматтық поэзиясын кеңінен насихаттауға арналды. 

Кешті ақын Нармахан Бегалыұлы жүргізіп отырды. Алдымен «Ғұмырдария» хабары мен «Бір әнін қазағымның салып кетсем...» атты слайд-шолу ұсынылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркінбек Тұрысов, Ілескүл Оразбайқызы, Хализа Сағынбекова және Қабылбек Төретайұлы, Орынбасар Қуандықов және басқалар әсерлі естеліктерімен бөлісті. Кеш барысында М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемле­кеттік университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері ақын өлеңдерінің желісімен «Іңкәр жүрек әуені» атты әдеби композицияны тарту етті. Жол-көлік колледжінің және Ж.Жабаев атындағы №26 мектеп-гимназиясының бір топ шәкірттері ақын жырларын оқыды. Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығында Қазақстан мен Орталық Азия елдері бойынша хатшы қызметін атқарған Тұрсынай талай шығармашылық кеш пен кездесулер ұйымдастырды. Кітап шығаруға атсалысты. Қауымдастықтың С.Михалков, Ф.Кузнецов сынды басшыларымен бірлесе отырып «Казахстан в творчестве русских поэтов» атты кеш өткізді. Сонда орыс ақындарының осы тақырыпқа ­байланысты 200-дей өлеңін тауып, әдеби тұрғыда қос халықты барынша жақындата түскен. С.Досанов, Н.Бегалыұлы секілді қазақ қаламгерлерінің шығармашылық кештерін өткізуге ұйытқы болды. «Ажал айла таптырмас» демекші, қазақтың айтулы ақын қызының өмірден озғанына екі жылдай уақыт болып қалды. «Отырар» кітапханасындағы «Оңтүстік қаламгерлері» атты арнайы бөлмеде қаламгерге арналған бұрыш бар. Онда ақынның кітаптары мен марапаттары орын алған. Оның әдеби, мәдени мұрасы мәңгі жасай бермек.

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА

Шымкент

1011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы