• Әдебиет
  • 02 Наурыз, 2017

Cөз төркіні сараланған

Жақында «Арыс» баспасынан ғалым Манасбай Қожанұлының «Мәлім және беймәлім жүз отыз сөз» атты еңбегі жарық көрді. Еңбек қазақ ономастикасының құрамдас бөлігі, өңірлік этнонимдермен генонимдерге арналған және ономастика, этнология мен ­этнолингвистика саласында еңбек етіп жүрген зерттеушілер үшін таптырмас дүние.

Ғалымның аталмыш еңбегіндегі жүз отыздан астам сөздің мән-мағына­сына, шығу төркініне туыстас түркі жұртының және басқа да бауырлас елдердің тілдерімен салыстыра отырып түсіндіруге талпыныс жасауына қызыға қарап, сүйсіне оқып шықтық. Туған тіліміздің осындай күрделі саласында ерінбей еңбек етіп келе жатқан М.Қожанұлының көп жылғы ізденістерінің жиынтығы іспетті еңбегі екені, ә дегеннен аңғарылады. Ел тарихы тіл тарихымен егіз десек, «жер-судың аты – тарихтың хаты» деп таныған халқымыздың ұлттық тілінің ғасырлар қойнауынан келе жатқан мол қазынасының бір саласы өңірлік ­этнонимдер мен генонимдерді тарата зерттеудің арғы бастаулары ертедегі рулық қоғаммен, онан да арғы жалпы адамзаттық мәдениетпен байланысты қаралуы заңды құбылыс. ­Автор осы мақсаттан шығуда аталған еңбекте тарихи тілдік материалдарды ауыз әдебиетінің деректерімен, шежірелік, тарихи жәдігерлердің сан қилы нұсқаларымен, алуан түрлі ғылыми көзқарастармен байланысты саралаған ол, сондай-ақ өңірлік этнонимдер мен генонимдердің өзара қарым-қатынастарын, сол аймақтың мәдениеті мен тарихын, саяси-әлеуметтік жақтарымен бірге, қазіргі ұрпақ үшін тарихи-тілдік-танымдық, тәрбиелік жақтарына да жете мән береді. Тіпті әрбір аталым еліміздің бүгінгі саяси, рухани өміріндегі орнымен, яки елдің елдік рухын көтерудегі қызметімен тікелей байланыста екенін назарда ұстап, оларға қатысты қосымша мәліметтер беруді де ескерген. Мысалы, Қазақ халқының ежелгі тайпаларының бірі – қыпшақ екенін ескерсек, қыпшақ атауын Батыс Еуропа деректерінде ­«коман», ал орыс деректерінде «половцы» десе, венгерлер қыпшақтарды «күн» деп атаған деген көптеген тарихи деректерді келтіре отырып, автор өз болжам-пайымдауында жасаған. Ғалым еңбегінде өңірлік аталымдар (этно-генонимдер) арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткен бабалар өмірінің құпиясын, соны танып-түсіну елдігімізді танудың бір берік тұғыры екендігін таразылауды мақсат еткен. Айталық, елімізде көп айтылса да, әлі күнге жүйесін таба алмай келе жатқан мәселелердің бірі – «Мекенжай тізілімін» жасау. Осы мәселенің қатарына қазақ этнонимдері мен генонимдері тізбесін жасауды да жатқызуға болады. Автордың аталмыш еңбегі кез келген «қазағым, ұрпағым, ата-тегім кім» деп жүрген азаматтарға ой салары хақ және әрбір тарихи деректер мен мәліметтерді жеңіл, қарапайым тілмен түсіндіреді. Асау толқынды Аралдан түлеп ұшқан,туған тіліміздің өзекті мәсе­лелерін зерттеуге атсалысып жүрген тіл жанашыры, ғалым Манасбай Қожанұлының осындай мәңгі жадымызда сақталатын, ұрпақтан ұрпаққа тарту етер асыл қазынамыз – этноним мен генонимдердің тізілімін жасауы – құптарлық іс.

Жұмағали ЕРГЕШБАЕВ, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің қызметкері Астана

16253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы