• Әдебиет
  • 02 Наурыз, 2017

Түркиялық әріптестер – «Қазақ газеттерінде»

«Қазақ газеттері» ЖШС-іне қарасты басылымдардың еларалық байланыстары жылдан-жылға нығайып келеді. Жуырда бауырлас түрік елінің қабырғасы 1453 жылы қаланған ең ежелгі жоғары оқу ордасы – Ыстанбұл университетінің журналистика факультетінің деканы, профессор, ғылым докторы Ергүн Иолджу мен осы факультеттің кафедра меңгерушісі, доцент, ғылым докторы Өнур Акиол «Қазақ газеттері» ЖШС-нің қонақжай шаңырағында болды.

Шетелдік әріптестермен болған кездесу барысында «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин серіктестік құрамындағы басылымдардың өткені мен бүгіні, көтеріп келе жатқан көкейкесті тақырыптары турасында әңгімелеп берді. «Жаһандану заманындағы ақпарат нарығының заңы қатал, бәсекесі қатаң, мұның өзі журналистерімізден ілкімділікті, қаламгерлік шеберлік пен жаңа, өскелең үрдістерге ұмтылысты талап етуде» деп атап көрсетті ұжым басшысы. Қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат құралдарының хал-ахуалын және мазмұндық-мағыналық бағыт-бағдарын тілге тиек еткен республикалық «Ақиқат» және «Мысль» журналдарының бас редакторлары Аманхан Әлім мен Аяған Сандыбай, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим түбі бір түркі елдері қаламгерлері бірлігінің қажеттігіне тоқталды. Түркиялық журналист-ғалымдар «Түркі әлемінің медиаорталығын» ашу мәселесін көтеріп, бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлеріндегі білім беру бағдарламаларын дамытуды және ғылыми байланыстарды жолға қою қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмасу да маңызды. Түркия Республикасының «Мевлана» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын жобаларға қазақстандық әріптестердің қатысуы күн тәртібінде тұр. Бұл орайда Ыстанбұл университетінде «әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы» ашылса, Қазақ ұлттық университетінде «Түріксой» кафедрасы шаңырақ көтерді. Басқосуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, осы факультеттің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлы сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Ал факультет ұстаздары Шарипа Нұржанова мен Гүлнар Мұқановалар тілге тиек етіліп отырған игі шаралардың келешегіне көз жіберді.

Нұрлыайым ДАНАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің докторанты

1346 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы