• Әдебиет
  • 02 Наурыз, 2017

Жарасымды жалғастық

Ғылым мен техниканың, өнердің қай саласында болса да, ер азаматтармен иық тірестіре қызмет етіп келе жатқан қайсар рухты қазақ қыздарының үлесі аз емес. Кешегі Тұмар ханым мен ­Зарина, Бопанай мен Домалақ ана, Айғаным мен Ұлпан сияқты аналардың ғажайып қасиеттері бойына сіңген, ғылымда да үздік жетістіктерге қол жеткізумен бірге ­аяулы жар, ардақты ана деген мәртебелі міндеттерін мүлтіксіз атқарып, қаншалықты ұлық болса, соншалықты кішік бола алар, дидарласқан адамын талантымен тәнті етіп, айналасына шуағын шашып жүрген қазақ қыздарын қалай мадақтаса да жарасады. 

Қазақ тілі деп аталатын бабалар мұрасы­ның қыр-сырын зерттеп, ғажап та бай тіліміздің мүмкін­діктерін танытып келе жатқан ғалымдар тобының алдыңғы шебінде қазақ қыздарының да үлесі бар екенін мақтанышпен айтамыз. Қазақ тіл ғылымында өзіндік орны бар, өз бойындағы білімі мен қажыр-қайратын ұстаздық, ғалымдық жолға арнап, тілді құрметтеу арқылы ұлтты құрметтеудің ғажайып үлгісін көрсету нәтижесінде қайраткерлік дәрежеге жеткен қазақтың ғалым қыздары Рәбиға Сыздық пен Фаузия Оразбаевалардың есімдері айрықша аталары хақ. Филология ғылымының докторы, академик Р.Сыздық – өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ тіл ғылымында жақұттай жарқ етіп қосылып, күні бүгінге дейін ғылымдағы бағыт-бағдары мен алған асуына, өмірлік принциптері мен адами қағидаттарына қылаудай сызат түсіріп көрмеген бекзат болмысты жан. Ғалым қаламынан туындаған еңбектерінің мәні мен маңызы ерекше болғандықтан, зиялы қауым назарына бірден ілікті. Академик Р.Сыздық еңбектерінің ішіндегі ең шоқтығы биік туындысы– Абай шығармаларының тіліне қатысты зерттеулері. Тілді зерттеуді Алаш ардақтысы Абайдан бастауы да кездейсоқ емес. Бір ғылыми кеңесте ұлы суреткер М.Әуезовтің тілшілер қауымына қарата айтылған ескертпесінен соң, Абай тілі тақырыбы өз иесін айнымай тапқан еді. «Абай қара сөздерінің негізгі морфология­­лық ерекшеліктері» атты кандидаттық, «Абай шығар­маларының тілі» атты докторлық дис­сертацияларының нәтижесі ретінде ұсынылған «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абайдың сөз өрнегі» кітаптары мәдени-рухани қазынамызды байытқан құнды еңбектерге айналды. М.Әуезов «Әдеби мұра және оны зерттеу» еңбегінде: «Тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екенін аңғартты» деп Р.Сыздықтың алғашқы еңбегіне жоғары баға берген еді. Ғалымның тек Абай тіліне қатысты ғана емес, Д.Бабатайұлы, М.Өтемісұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Жабаев, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Әуезовтердің тіліне қатысты зерттеулері де ғылым үшін бағасын жоймақ емес. «Қадырғали Жалаиридың «Жами-ат тауари­ғы­ның тілі», «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіреті» атты моно­графиялары тек қазақ үшін емес, бүкіл түркі жұрты үшін маңызды. Содан да болар академик есімін, ғылыми мәні жоғары еңбек­терін отандық ғалымдар ғана емес, Қырғыз, Қара­қал­пақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Қытай мемлекеттеріндегі ғалымдар ерекше бағалайды. Р.Сыздықтың қайраткерлік қасиетін танытатын тағы бір ерлігі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедов сияқты Алаш ардақтыларын ақтауға қатысты. Ғалымның өз сөзімен жеткізсек, Кеңес дәуірінің қызыл саясаты дәуірлеп тұрған ­заманда, яғни 1977 жылы «Қазақ тіл білімі 60 жылда» атты ғылыми конференцияда: «Идеологиялық тұрғыдан біздің жауымыз ба, жоқ па, оны білмеймін. Ғалым әрі коммунист ретінде шындықты айтар болсақ, ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы – ­Ахмет Байтұрсынұлы» деп ащы шындықты қаймықпай айтты. Осылайша, еңбегін айтпақ тұр­мақ, есімін атауға тыйым салынған Алаш қайрат­керлерінің есімі мәртебелі мінберден қазақ қызының аузынан шықты. Сол заманда ақиқатты қай­мықпай айтуға жасы бар, үлкені бар тілші ғалым­дардың ортасында Р.Сыздықтың ғана жүрегі дауалады! Осыған ұқсас тағы бір ерлігі – 2002 жылы Түркістан қаласында өткен түркі халықтарының конференциясында болды. Конференцияда көтерілген өзекті мәселенің бірі – ортақ тіл, термин мәселесі еді. Тағы да ғалымның өз сөзіне құлақ ассақ: «Ортақ тіл, термин деген не сұмдық? Алдыңғы одақтық ортақтықтан зорға құтылдық емес пе? Ондай қаулы алмаймыз!» - деп келістім. Жұртшылық ду қол соғып жіберді. Айта алмай отырған ғой». Орайы келген сәтте көпшілік көкейіндегі мәселені дөп басып, салиқалы сөз айта білу де ерлік. Ғалым Рәбиға Ғалиқызы осы қасиеттерімен қоса адами қалып, адамгершілік қасиеттері тұрғысынан да жан-жағындағыларын тәнті етіп келе жатқан тұлға. Ол жөнінде ғалымның әріптесі, ізбасар шәкірті, бүгінде өзі де тілші-ғалым қыздардың ортасынан озып шығып, Р.Сыздықтың ізімен қайраткерлік дәрежеге жеткен филология ғылымының докторы, профессор Ф.Оразбаева: «Адамгершілік пен ғалымдықты үнемі қатар алып жүру принципі Рәбиға Ғалиқызының өмірлік ұстанымы іспетті. Ғұмыр кешуді адамдар жанына ізгілік нұрын шашу, айналасына қуаныш, бақыт сыйлау, ұрпақ тәрбиелеу, ұлтыңды шексіз сүю деп жанының бүкіл өмірімен ғибрат алуға болады» деп жазады. Расында да, қазақтың өр рухты ақындарының бірі Қ.Аманжолов Рәбиға апайға арнап айтқан: «Көп туса қазақ дәл Сіздей қызды....» деген өлең жолдарын замандастарының да, әріптестерінің де шәкірттерінің де арада жарты ғасыр өтсе де, өзгеріссіз қайталай бергісі келетіні тектің асылдығы, рухтың тазалығы мен биіктігі деп аталатын қасиетті ұғымдарда жатса керек. Өз кезегінде академик Р.Сыздық: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай қазақтың қалың еліне еңбегі мен кісілік бейнесін таныта түсер, таныта берер ұл-қыздарымыз аз емес. Осындай әріптесімнің бірі, белгілі ғалым, жақсы ұстаз, жаны сұлу жайсаң жан, профессор Фаузия Оразбаева. Филолог ғалым, әдістемеші ұстаз, өзі тұрғылас әйел затының үлгісі, үш перзенттің анасы, ардақты азаматтың қосағы» дей келіп, өмірде өзінің үлгісін алған әріптес сіңлісі, тіл және педагогика ғылымында, қоғамда өзіндік орны бар қазақ қызының ғалым және қоғам қайраткері ретіндегі, ұстаз, әйел, ана, жар ретіндегі көрген, естіген адам сүйсінетін тамаша қасиеттерін тарата айтады. Біз де өз кезегімізде тіл ғылымындағы қазіргі орта буынның көшбасшысына, жас буынның үлгі тұтарына айналған қайраткер тұлға туралы өз пайымдауымызды қысқаша баяндайық. Тіл білімінде синкретизм (синкреттену) деп аталатын құбылыс бар. Грек тілінен аударғанда бірігу, қосылу деген ұғымды білдіретін бұл атау бір формада бірнеше мағыналарда берілуі деген мәнді білдіреді. Түбірлер тарихы синкретизмінен басталатын бұл ұғым тіл деңгейлерінің біразына тән. Ал қолынан бірнеше іс, өнер келетін жеке тұлғаны ­«бесаспап», «әмбебап» деп жатады. Ал бұл бесаспаптық ғалымның бойына, әсіресе тілшілер қауымында шоғырланса, оны «синкретті тұлға» деп атаудың біздіңше, еш айыбы жоқ. Тіл білімін үйрету үшін, үйрену үшін, алдымен тілдің теориясын білу керек, екіншіден оны қалай оқытуды білу қажет десек, Ф.Оразбаева, алдымен «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім синонимиясы» деген тақырыпта кандидаттық, содан соң әдістемеден «Тілдік қатынас пен қатынас әдісінің ғылыми-теориялық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Осылайша тіл ғылымы мен әдістеме ғылымы синкреттелді. – «Тілдік коммуникацияның негіздері», «Тіл­дік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты еңбектері қазақ тіл ғылымының өзіндік тіл жаңа­лығымен, көтерген проблемасы, оны шешудегі ғалым­ның ұстанымдары жағынан да сонылығымен ерекшеленді. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, мемлекеттік тілді қай тұрғыдан оқытқан дұрыс деген сауал туындаған кезде әлемдік озық тәжірибелерді зерделеу нәтижесінде пайда болған – тілді қатысымдық тұрғыдан оқыту идеясы ­сананы селт еткізер жаңалық болғаны рас. Әлемдік тәжірибе демекші, соңғы жылдары орыс тілі, не орыс тілі арқылы шетелдік тәжірибені, теориялық-практикалық тұжырымдарды орынды-орынсыз пайдалану ісі белең алып бара жатқаны да бар. Ал ғалым Ф.Оразбаеваның ұсынған теориясы әмбебеп қағидаттармен бірге ұлттық құндылықтарды басшылыққа алуымен ерекшеленеді. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынасты, тілдік тұлға мен қатысымдық тұлғаны қарама-қарсылық бірлікте алып, оның адам санасына, ойлауға, сөйлесім мен таңбаға қатысты қарастыру арқылы тілдік қатынас ұғымын концептілік деңгейге көтереді. Осы теорияның көшбасшыларының бірі ретінде ғылыми айналымға енгізген жаңа терминдері – оқылым, жазылым, айтылым, таңдалым, тілдесім, т.т. қазақ тілінің сөздік құрамын байытуға қосқан ғалымның жеке үлесі деп бағалауға болады. Жоғары оқу орындарына арналған Мемлекеттік білім беру стандартты, типтік бағдарламалардан бастап, мектеп оқулықтары, мемлекеттік тілді оқып-үйренушілерге арналған 36 кітаптан тұратын кешен сияқты жауапты әрі күрделі жұмыстардың басында Фаузия Шамсиқызының есімі тұруы кез­дейсоқ құбылыс емес. Оның үстіне республика­мыздың түпкір-түпкіріне қазақ және орыс тілдерінің теориялық мәселелері мен әдістемесіне қатысты ғылыми кадрлар даярлайтын докторлық диссертациялық кеңестің ауқымды да, жауапты жұмысын қосыңыз. ҚР Білім және ғылым министр­лігі өткізген оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттер дайындау жөніндегі конкурста «Білім» мамандығы бойынша «Қазіргі қазақ тілі» атты ұжымдық оқу құралы үздік деп танылып, қазір еліміздегі бүкіл жоғары оқу орындары студенттерінің сұранысына жауап беріп отырғандығын атап өту керек. Ал республикалық басылым беттеріндегі тіл, тәрбие, қоғамдағы маңызды оқиғаларға қатысты білдіріп жүрген сұхбаттары мен мақалаларының да маңызы жоғары. 1998, 2005, 2011 жылғы Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидаттардан мемлекеттік емтихан қабылдау комиссиясының мүшесі болу мәртебесіне ие болған жалғыз қазақ қызы! Әрине, ғалым еңбегі елеусіз қап жатқан жоқ. Бірақ атақтан гөрі абыройды, даңқтан гөрі адамгершілікті өмірлік ұстанымы етіп алған жан үшін оның құны аса маңызды болмауы ғажап емес. Тұла бойынан тектілік пен бекзаттықтың, қарапайымдылық пен парасаттылықтың лебі есіп тұратын, еңбекқорлық пен ізденімпаздықтың, жан сұлулығы мен рухани байлықтың жылы ұясы іспеттес осы бір қазақтың ардақты қыздарының, қазақ тіл білімінде қайраткерлік дәрежеге жеткен қос майталман ғалымының абзал қасиеттері бүкіл қазақ қыздарына жұғысты болғай!

Тыныштық ЕРМЕКОВА

18176 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы