• Қоғам
  • 02 Наурыз, 2017

Байланыс әлеуеті арта түспек

Үкімет үйінде Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жұмыстарға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Ақпарат және комму-никациялар министрі Д.Абаев министрліктің осы бағытта атқарған жұмыстарына тоқталды. Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды қолдану арқылы мемлекеттік қызметтерді оң­тай­ландыруды тапсырған болатын. Оның ішінде «Ашық Үкімет» арқылы билік пен халық арасында «кері байланыс» орнатуға және өзекті мәселелердің ұтымды шешімдерін табуға болатыны айтылған. Осыған орай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өз жұмысының бір басымдығы ретінде Қазақстанда ұялы байланыс және ғаламтор сапасын жақсартуды қолға алды. Министрдің айтуынша, 2017 жылдың соңына дейін республика бойынша 200-ден астам радиожиілікті станса бой көтеретін болады. «Бұл жоғары сапада цифрлы телерадио хабарларын таратуға мүмкіндік береді. Босаған жиіліктерді ұялы байланыс операторларына береміз» деді Д.Абаев. Бүгінгі күні барлық облыс орталықтарында 4G стандартты мобильді интернет іске қосылған. Алдағы уақытта еліміз бойынша ұялы байланыс және мобильді интернет сапасы бұдан әрі жақсаратын болады. Министрдің деректері бойынша алдағы үш жыл ішінде шамамен 1300 ауылға оптикалық-талшықты желі тартуды қарастыратын жобалар іске асырылады. Сөйтіп, ауылдық жерлерде тұратын 2 миллионнан астам қазақстандыққа жоғары жылдамдықты ғаламтор қолжетімді болмақ. Тұрғындар ғаламтор арқылы кез келген ақпаратты алып, бейнебайланыс және тағы басқа онлайн-режимдегі мүмкіндіктерді пайдаланатын болады. Әсіресе ауыл жастары үшін ғаламтордың көмегі ұшан-теңіз екені белгілі. Олар үшін әлемдегі жаңалықтармен қатар озық білімді игеруге кең жол ашылады. Ал ғаламтордағы теріс пиғылды сайттар мен жат көріністерге алаңдаушылыққа қатысты Д.Абаев «Балаларды қадағалау – тек мемлекеттің ғана емес, ата-аналардың да жауапкершілігі. Олар өз балаларына қандай да бір шектеу белгілегені жөн» деп жауап берді. Бұдан былай ауылдықтар да «Электронды Үкімет» қызметін пайдалана алады. Бұл олардың цифрлық технологиялардың көмегімен мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау және ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейте түспек.

Д.ХАЛЫҚ

1127 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы