• Ақпарат
  • 02 Наурыз, 2017

Бірлескен жобаларды талқылады

Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Росатом» мем­лекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді. Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде кездесуге қа­тысу­шылар атом энергетикасындағы бірлескен жобаларға қатысты мәселелерді, сонымен қатар ресейлік атом компаниясының Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы мәселелерін қарастырғаны айтылған.

Ресей мен Қазақстанның уран саласында ынтымақтастық орнатуының маңызы зор. Өйткені әлемдегі уран қоры мол әрі уранды көп өндіретін алғашқы төрттікке Канада, Австралия, Қазақстан және Ресей кіреді. Сонымен қатар «Franсе Press» агенттігі де 26 ақпанда Иранның Атом энергиясы қызметінің басшысы Али Акбар Салехидің мәлімдемесін жариялады. А.Салехи Иранның алдағы 3 жылда Қазақстаннан 950 тонна уран концентрантын алуды жоспарлап отырғанын айтқан. Оның 650 тоннасы алдағы екі жылда екі партиямен жеткізілсе, қалған 300 тонна концентрант үшінші жылы алынады. Уран кені байытылғаннан кейін қайта Қазақстанға жөнелтіледі екен. А.Салехи Ираннан санкцияны алып тастау бойынша әрекеттің бірлескен жалпы жоспарын іске асыру бойынша комиссия құрамындағы алты мемелекеттің бесеуінің (АҚШ, Франция, Германия, ҚХР және Ресей) келісімін алғанын, енді тек Ұлыбританияның жауабын күтіп отырғанын жеткізген. Егер осы мәселе шешімін тапса, уранды өндіру мен байыту Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастардың да маңызды бағыты болмақ. Жалпы Қазақстанның уранына қызығып отырған шетелдер көп. Қазiргi кезеңде бәсекеге қабiлеттi, экспортқа бағытталған салалардың бiрi ретiнде уран өнеркәсiбiн басымдықпен дамыту Қазақстанның индустриялық стратегиясының аса маңызды бағыттарының бiрiне айналды. МАГАТЭ деректерiне сәйкес барлық барланған әлемдiк кен қорларының 19%-ы Қазақстанның жер қойнауында жинақталған. Қазақстан Республикасындағы уран қорларының бiрегей ерекшелігі сол – олардың 75%-ы жер қыртысында қышқылданатын кен орындарында шоғырланған екен. Кен орындарының мұндай түрi әлемде өте сирек кездеседі және ол ең озық, арзан әрi экологиялық тұрғыдан қо­лайлы жер астында ұңғымен сiлтi­лендiру тәсiлімен игерiледi. «Nuсlеаr Association» және «Nuclear Energy Institute» деректерiне сүйенсек, ядролық энергетиканың даму жағдайы қолайсыз болғанның өзiнде 2020 жылға қарай реакторлардың қажетсiнуi 60000 тонна уран мөлшерiнен төмендемейдi. Игеру тұрғысынан табиғи уранның барланған бiршама арзан қоры, ядролық отын циклының жеке сатылары бойынша айтарлықтай ғылыми-өндiрiстiк әлеуетке ие Қазақстанның әлемдiк уран нарығында жетекшi орын алуына толық мүмкіндігі бар.

Сейілбек МҰСАТАЕВ, шолушы, саяси ғылым докторы

3934 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы