• Мәдениет
  • 10 Наурыз, 2017

Қайраткер өмірінен сыр шерткен

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дейді белгілі тәмсіл. Соңғы жылдары халқымыздың қайраткер ұлы, біртуар тұлға Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірі мен қызметіне деген қызығушылық артып келеді. Заман ауысып, құндылықтар өзгерген бүгінгі күні қарапайымдылық пен ұлылық, тазалық пен адалдық қасиеттері бір басында тоғысқан тұлғаға тәу ететін бір мекен – Алматыдағы Д.Қонаевтың мұражай-үйі.

Жуырда «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымы аталмыш мұражайға бас сұқты. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Д.Қонаев тұрған бұл үй 2002 жылдан бері мұражайға айналған. Қарапайым шаруа баласының әлемге танымал деңгейге жеткеніне дейінгі өмірі мен қызметінен сыр шертетін мұражай жәдігерлерінің құндылығы бірден көзге түседі. Әрбір заттан тұлға тектілігі танылатындай. Мұндағы Димаш Ахметұлының жеке заттары, кітаптары, үй жиһазы, сыйлықтар мен басқа да әралуан жәдігерлер көз тартады. KonaevКелушілерді құнды дүниелермен та­ныстырған мұражай қызметкері Бақтөре Манатбеков қайраткердің өмірі мен қызметінің әр кезеңіне тоқталып, мұ­ра­жай жәдігерлерінің тарихын әсерлі баяндап берді. Қонаевтың отбасы, ата-анасы туралы деректерден басталған бұл әңгіме алғашқы еңбек жолы, тұңғыш жетістіктері туралы құнды құжаттармен жалғасады. Қара­пайым жұмысшылықтан бастаған ол республикамыздағы ең жоғары қызметті иеленгенге дейін тау-кен, ғылым салаларында өзінің бар күш-жігері мен қажыр-қайратын аямай, адал еңбегімен көзге түскеніне оның түрлі марапаттары дәлел. Бос уақытында аңшылықты серік еткен Д.Қонаев құралайды көзге атқан мерген болған екен. Сол сәттердің куәгеріндей сол кездегі аңшы мылтықтары мен түрлі қару-жарақ жиынтығы аяулы қолдың табын сақтап әйнектің ар жағында тұр. Өзі сатып алған қарулармен қатар мұнда Куба Президенті Ф.Кастро, Л.Брежнев берген мылтықтар мен Елбасы Н.Назарбаев сыйлаған жәдігер де бар. Бақтөре ол кісінің атып алған аң етін балалар үйіне өткізетінін де айта кетті. Қызмет барысымен шетелдерді аралаған сапарында сыйға берілген түрлі кәдесыйлар көздің жауын алады. Мұнда Дінмұхамед Қонаевтың жеке басының қадір-қасиеті де әсер еткені анық. Әсіресе аса құрметті адамға ғана сыйланатын дәстүрлі киімдегі жапондық қуыршақ осы елдің императорының атынан келген құнды дүние. Сондай-ақ Үндістан Премьер-министрі Индира Ганди мен оның әкесі Джавахарлал Неру сыйлаған ұлттық рәміздік мүсіндер де олардың Д.Қонаевқа деген құрметін білдіреді.Konaev-1 Қайраткердің кең де жинақы жұмыс кабинетінде бес мың кітап бар және оның бәрін Д.Қонаев кезінде мұқият оқып шыққан екен. Осы кабинеттегі жұмыс үстелінде «Өтті дәурен осылай» және «От Сталина до Горбачева» атты кітаптарының өз қолымен жазған қолжазбасы орын алған. Бір қабырғаны жартылай алған оттықтар топтамасы – Қонаевтың қызы­ғушылығы жайлы сыр шертеді. Мұнда Ұлы Отан соғысы жылдарында сыйлыққа алған керосин оттықтан бастап, «Нокиа» компаниясының соңғы үлгідегі оттығына дейін бар. Ал осындағы музыкалық ойнатқыштың қасындағы дискілердің арасында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрі мен халқымыздың өнер туындылары бар. Сонымен қатар әлемдік классикалық және эстрадалық шығармалар көзімізге шалынды. Мұражайға сапар серіктестік қызмет­керлеріне зор әсер сыйлады. Әрбір ­жә­ді­гердің жанында жеке аялдап, Қонаев тұлғасын одан әрі тани түскендей бол­дық. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас дирек­торы Ж.Кенжалин ұжым атынан қонақтарға арналған кітапқа лебіз білдірген пікір қалдырды.

Дина имамбаева

1706 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы