• Мәдениет
  • 10 Наурыз, 2017

Сан қырлы сазгер

Ежелгі Торғай өлкесінен шыққан композиторлар аз емес. Солардың бірі де, бірегейі  – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының Құрметті азаматы Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбек. Өнер тарланының бүкіл мағыналы өмірі өзі туған Торғай топырағында өтіп келеді. Торғай облысы екі рет тараған кезде талай мәдениет пен өнер саңлағы Астана мен Алматыға,  Қостанай мен Көкшетауға амалсыз қоныс аударып кеткен кезде де Жүкең өзі туып-өскен өлкеден қозғалмады. 

Өзін мәртебелі қалаларға шақырған достарына рақметін айтып, ұлы бабасы Шақшақ Жәнібек жұртын қоныстандырған атамекенде тұруды өзіне мақсат етіп қойды. Атақты бабасы құдды «Ей Жұмағали, менің атымдағы үйіңді қалай қиып кетесің? Сен Торғай өлкесінің ары мен ұяты сынды сегіз қырлы, бір сырлы, әмбебап өнер иесісің! Сен кетсең еліңе кім рухани азық болады? Жеріңе кім темірқазық болады?!» дегендей көрінді. Жүкең амал жоқ ойланып қалды. Ақыры Торғай топырағынан қозғалмауға ниет етті. Бұрын Аманкелді ауданында комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы, ауатком төраға­сының орынбасары болып жемісті қызмет жасаған оны 1970 жылы ашылған Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, кейін тұтас қазақ руханиятының көсемі болған Өзбекәлі Жәнібеков Торғай өлкесі мәдениет басқармасының халық шығарма­шылығы мен мәдени қызмет көрсету орталы­ғының директоры етіп тағайындатып, үлкен іске қосты. Кейін С.Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық музыкалық драма театрының, облыстық филармонияның директоры болып, өлкенің мәдениеті мен өнерін өркендетуге зор үлес қосты. Өз-аға оны әрдайым қолдап, қамқорлық жасады. Ұлттық руханияттың жай-күйін жадынан бір шығармайтын Өз-ағадай кісінің бұл қолдауы Жұмағали Сүлейменұлының жанын салып жұмыс ­жасауына жол ашты. Ал 1990 жылы Торғай облысы екінші рет ашылғанда Жүкең өлкенің мәдениет басқармасының бастығы болып тағайын­дал­ды. Бұл жолы ол облыс өнері мен мәде­ниетінің және айтыс өнерінің дамуына көп тер төкті. «Шертер» ұлт аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі, әнші-композитор Ғалымжан Құрманов пен жезтаңдай әнші Ғазиза Жүмекенованың – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, дәулескер күйші Анар Мұздаханованың – республикалық ­«Дарын» жастар сыйлығын, айтыскер ақын Қонысбай Әбілдің – ­Қазақ­­станның халық ақыны, тағдыры таң­ғажайып күйші Айтбай Мұздахановтың – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атақтарын иемденуіне ықпал етті. Сол жылдары Торғай облысында Қалибек Деріпсалдин, Бүркітбай Бекетов, Игілік Бейсенбаев, Отар Нұрманғалиев, Жадыра Құтжанова, Әлфия ­Орманшина, Мырзағали Нұрғабылов, Сайлаубек Сайділдин, Жұмаділ Қалиев және басқа да айтыскер ақындар шоғыры шықты. Солардың бәрінің елге танылуына Жүкең мұрындық болды. Табиғатынан халық музыкасынан нәр алған, өнерпаз болып жаралған Ж.Өмірбек бірнеше музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Актерлігі де ешкімнен кем емес. Оның мағыналы өмірінің көп жылдары билік саласында өтті. Мұның белгілі дәрежеде жақсылықтары болуымен қатар, өзінің шығармашылығының дамуына ке­дергісі де болмай қалған жоқ. Жүкең бірақ бұған өкінген жоқ. Торғай өлкесі өнер иелерінің халыққа танылуына бар күш-жігерін жұмсап, қызмет еткенін бақыт санады. Әрбір өнерпаздың хал-жағда­­йы­на жа­нашырлықпен қарады. Облыс басшыларына барып, өнер иелерінің жағдайын айтып, оларға үй де, атақ та алып берді. Сондықтан Жұмағали Сүлейменұлын Торғайдың барлық өнерпаздары әлі күнге құрмет тұтып, аға деп сыйлап, ақсақал деп ардақтайды. Осының айқын айғағы – жақында Арқалық қалалық әкімдігі Ж.Өмірбектің жасының 75-ке, композиторлық жолы­ның басталғанына 50 жыл толуына орай шығармашылық кешін өткізді. Бұл кешті Астана мен Алматыдан, Қостанай мен Ақмола облыстарынан, Түркістан қала­сынан келген әдебиет пен мәдениет, өнер қайраткерлері және Торғай аймағын­дағы Аманкелді, Жанкелдин аудандары және Арқалық қаласының өнер сүйер қауымы тамашалады. Қазақстанның Халық ақыны ­Қоныс­бай Әбіл ағасына деген ыстық ықыла­сын өлеңімен өрнектеп жеткізді. Мерейтой иесін Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік және Халықаралық М.Шолохов, М.Қашқари, В.Пикуль атын­да­ғы сый­лықтардың лауреаты Сәбит Досанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ­Қой­шығара Сал­ғараұлы құттықтап, табыс тіледі. «Мен Жұмағалимен бала күнімнен бірге өстім. Ол менен бар болғаны екі жас қана кіші. Ол бала кезінен ән мен күйге өлердей ғашық болатын. Өнерге деген осы ­махаббаты оны қазақ өнері мен мәдениетінің ірі тұлғаларының біріне айналдырды. Сол махаббат Жүкең комсомол, партия, кеңес саласында басшылық қызметте болғанында да толастамады. Жұмағалидың әндері қазақ музыка өнеріне қосылған табыстар десек қателеспейміз. «Азамат керек өзіңдей» деген әні Өзбекәлі Жәнібековке қойылған тамаша ескерткіш деп білемін. Жұмағали – үлкен дарын. Оған алдағы уақытта да зор табыстар тілеймін» деді Сәбең. Ж.Сомжүрек, Ә.Әбілтай, С.Ещанов, Ақмола облысы Жарқайың ауданының әкімі А.Қалжанов, Аманкелді ауданының әкімі Н.Өтегенов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Қ.Тынымбайұлы, Арқалық қалалық мәслихатының хатшысы С.Тасмағанбетов, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Ғапбасұлы құттықтап, сый-сияпаттарын жасады. Облыстық мәслихат хатшысы С.Ещанов Ж.Өмірбекке облыс әкімі А.Мұхамбетовтің құттықтауы мен бағалы сыйлығын табыс етті. Ө.Жәнібековтің қарындасы, Түркістан қаласындағы этно-педагогикалық кол­лед­жінің директоры Айғаным өзі үшін Өзекеңнің іні-досы Жұмағали ­Сүлей­менұлының адамгершілік, азаматтық қасиеттері үлгі-өнеге екенін айтып, Өз-ағаның есімін Торғай елінде мәңгілікке қалдыруға байланысты көп еңбек сіңіргенін атап көрсетті. Шығармашылық кеште композитор Ж.Өмірбектің күйлері күмбірлеп, әндері шырқалды. Кеш соңында Ж.Өмірбек өзіне көрсетілген құрмет үшін облыс, аудан басшыларына, әдебиет пен өнер қайраткерлеріне ыстық ықыласын білдірді.

Хамитбек МҰСАБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

1782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы