• Тарих
  • 10 Наурыз, 2017

Ұлт қайраткері –Мұстафа Шоқай

1925 жылдың соңында Қазақстанға И.Сталиннің арнайы тапсырмасымен басшы болып Ф.Голощекин келді. «Кіші Октябрь» саясаты қарқынды жүргізіліп, байлар мен ауқаттылар тәркіленді, ұлтшылдар қуғынға түсті, алапат ашаршылық ­басталды. Ресми БАҚ «Бәрі жақсы!», «Дамып, гүлденіп келеміз!», «Жасасын!.. Жасасын!..» деп ұрандатудан бір танбады. Осындай сын сағатта қызылдардың «қызыл қырғын» саясатын Еуропа төрінде отырып аяусыз әшкерелеген, «күн көсемнің» өзін абыржытқан, алғашқы және соңғы саяси мұғажыр қазақ – М.Шоқай болатын. Мұстафа Шоқай – Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, оппозициялық публицист, редактор, саясаткер. 

1910 жылы Ташкентте гимназияны, 1917 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіреді. 1916 жылы Ә.Бөкейханның ұсынысымен Ресей Мемлекеттік Думасындағы Мұсылман фракциясының бюросына мүше болып, хатшылық қызмет атқарады. Түркістандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің себеп-салдарын тексеруге қатысып, Тәшкен, Самарқан, Әндижан қалаларын аралайды. Қара халықты қынадай қырған патша итаршыларын анықтап, Мемлекеттік Думаға арнайы петиция да ­дайындайды. Ақ патшаны тағынан тайдырған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін қуана қарсы алады. 16-21 сәуір аралығында Тәшкенде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының І съезіне қатысып, төралқа мүшесі болып сайланады. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. І және ІІ жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. 1917 жылы 28 қарашада Қоқанда өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше ІV съезінде Түркістан (Қоқан) автономиясының Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметтің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен соң оның орнына Түркістан Мұхтариятының басшысы болып М.Шоқай сайланды. Алайда Қоқан қаласын большевиктердің басып алуына байланысты М.Шоқай шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіге барып, мәжіліске қатыспақшы болғанда Колчак әскерилері тарапынан тұтқындалды. Сәті түсіп, қамаудан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге өтті. Тбилисиде тұрақтаған екі жылында «Вольный горец» және меньшевиктік «Борьба» газетіне атсалысты, украиндықтарға тиесілі «На рубеже» журналына, түркілік «Шапақ» газетіне редактор болып, басшылық жасады. Әйтсе де ауқымын кеңейткен кеңес үкіметі Тбилисиде де орнап, М.Шоқай амалсыз Түркияға өтті, одан әрі Францияға барып тұрақтады. Алаш қамын жеген, тіптен барша Түркістанды бір тудың астынан көрмек болған қажырлы қайраткер қарымды қаламымен шекараның арғы бетінен Ұлығ Түркістанның барша халықтарын бірлікке шақырды; большевиктердің Түркістандағы «бөліп ал да, билей бер» саясатын тас-талқан қылып сынады; қолдан аштық ұйымдастырған тоталитарлық билікті әшкереледі, коммунистердің солақай саясатын (кәмпеске, ұлттық-аумақтық межелеу, Алаш арыстарын қудалау, т.б.) өркениетті әлем жұртшылығына паш етті. 1925 жылы мамырда И.Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне хат жолдап, «Ақ жол» газеті мен жер ауған париждік М.Шоқайдың арасынан идеялық бірлік көріп, қалайда олардың үнін өшіруді талап етті. 1940 жылы неміс әскері Парижді басып алғанда М.Шоқай бірнеше ай концлагерьге қамалды. Түрмеден босаған оны неміс командованиесі түркістандық соғыс тұтқындарынан жасақталмақ болған Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Алайда ол Берлиндегі «Виктория» ауруханасында жұмбақ жағдайда қаза тапты, сондағы мұсылман зиратына жерленді. Алашшыл күрескер күллі түркі-мұсылман жұртының қамын жеп, «Тұтас Түркістан» идеясын талмастан насихаттады, қашанда жалпытүркілік мүддені бәрінен жоғары қойды. Отанынан жырақ жүріп, кеңестік биліктің отаршылдық сипатын анық таныған, бостандық жолындағы азапты күреске бар саналы ғұмырын арнаған Мұстафа Шоқай – түркі халықтарының тарихында ерекше орны бар, жаңа сапалы биікке көтерілген ұлтшыл қайраткер. Ол бірнеше тілде жазылып, ондаған томды құрайтын оның шығармашылық мұрасында азаттық аңсаған түркі халықтарының асыл арманын, болашаққа жетелейтін Алаш аманатын айтып кетті. *Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп-дамиды, жемісін береді. *Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. *Тіл – халықтың перзенті. *Ұлтшылдық идеясы – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді. *Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз. Мәскеудің «азабынан» құтылып, ұлт-азаттығымызға тезірек қол жеткізетін бірден-бір дұрыс жол – түрікшілдік жолы. *Ұлттық еркіндік пен азаттыққа талпыну – табиғаттың болмай қоймайтын заңы тәрізді нәрсе. *Әрбір түркістандықты өз ұлттық құқығымыз үшін күреске шақыру, әрбір түркістандықты білім және құралмен күресе білетін болуға үндеу – біздің борышымыз. *Адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды қайта табу үшін де білім керек. Біз, түркістандықтар, орыстану дәуірін артқа тастап, ұлтты құтқару күресін жүргізіп жатқанымызды естен шығармайық. *Түркістанда ұлттық қозғалысты тудырған екі түрлі себеп бар. Оның біріншісі – Түркістан халқы орыстардан мүлде басқа ұлт екендігі. Екіншісі – Түркістанның ұлттық экономикасының мүддесі Ресейге қарсы екендігі. *Кеңестік ұлт саясаты бізді «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастады. *Бұл күнде біздің бір ғана жолымыз бар. Ол – ұлтты құтқару жолы. Біздің мұратымыз – ұлттық тәуелсіз Түркістан. *Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды... Біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің қожасы бола алады. *Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бірдеме болып өсіп келе жатқанын неге көрмейсіңдер?!. *Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады. *Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенеміз. *Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады. *Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады. *Түркістанның рухани, саяси болашағы – Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр. *Біздің күресіміздің түп мағынасы – жер үшін күрес. Түркістанның ұлтарақтай жері де ешкімнің отары болуға тиіс емес. *«Мемлекет аппараттарын ұлттандыру» жүзеге асырыла қалған күннің өзінде біздің тіліміз өз жерімізде екінші орынға ығысады. Бұл ретте біздің ана тіліміз «ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың» рөлін ғана атқаратын болады... *Ұлттың зиялысы деп кімдерді айтамыз? ...Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіреді.

Ғарифолла ӘНЕС, профессор

2097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы