• Тіл
  • 10 Наурыз, 2017

«Әліппе» мен «Ана тілі» қайтарылатын болды

«Ана тілі» газеті осы мәселе ­туралы алғашқылардың бірі ­болып: «Әліппемен» қоштасқаннан не ұттық?» деп мәселе көтерген еді («Ана тілі» газеті, 17-қараша, 2016 ж.). Күн тәртібіндегі мәселенің мән-жайын білмек болып, ­ми­нистрлікке хат та жолдаған ­болатынбыз. «2016-2017 оқу жылынан бастап Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, жаңартылған мазмұндағы бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспары бойынша «Сауат ашу» пәні атауына сәйкес оқулықтың аты да «Сауат ашу» болып өзгертілді» деген ресми жауап та алғанбыз. Халық қалаулылары да бұл ­мә­селеге батыл араласып, Парла­мент­тің биік мінберінен айтты. «Іші толған қайшылықтар. Бала деңгейі ескерілмеген. Бұған ата-ана да, мұғалім де, қоғам да наразы» деген Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жуырда осы мәселеге қайта оралып, «Талап мынау, мұны өзгертесіз. Бүкіл интеллигенцияның талабы. «Сауат ашу» дегеннің атауын құртыңыздар. «Әліппені» бізге қайтарып беріңіз!» деді. Иә, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дейтіндей емес. Мәселе ұлтымыздың болашақ ұландарына қатысты болып отырған соң ата-аналар да, қоғам да бұл жайттан тысқары қала алмайтынын байқатты. ­«Қо­лың­дағы әсем кітап «Әліппең» – аяулы ана тіліңнің мөлдір бастауы, білім шыңына жол ашар ақылшың» деп Елбасының сөзімен ашылатын «Әліппеден» бас тартқанымыз әр қазақ баласын ана тілінің мөлдір бастауынан қол үздіргеніміз емес пе. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Бар кітапқа бас болған, Әліппе – ғылым анасы. Әліппеден басталған Даналықтың данасы» деп жайдан-жай жырламаған ғой. Ал «Ана тілі» оқулығымен бұған дейін мыңдаған, миллиондаған бүлдіршіндер білім алды. Жүректеріне, саналарына «Ана тілі» деген қасиетті ұғым мәңгілікке ұялағанының өзі неге тұрады. «Ана тілін» біліп өскен, соның құдіреті арқылы тәлім-тәрбие алып ержеткен сәбилерден өз елінің ­патриот ­азаматтары шықпайды дегенге сенбес едік. Таң қаласыз, біз әбден жүйеге түсіп орныққан дүниелерді өзгертуге неге әуес тұрады екенбіз? «Әліппе» мен «Ана тілі» шетелдің қай оқулығынан кем еді? Сонымен, министрліктің айт­қан уәжі бойынша, баланың жас-шамасына, ойы мен зердесіне лайық­талып, тәжірибелі ұстаздардың қаты­суымен жасалған пәннің тағдыры қайтадан қаралмақ. Бұл туралы ­министр Ерлан Сағадиев депутаттар алдында ресми мәлімдеді. «Әліппе» болады. сосын бірінші сынып ана тілге көшеді. 0-сыныпта «Әліппе» болады. 19-жылдан бастап, бірақ пилот ретінде биыл басталады» деді. Ал Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Коммуникациялар орталығындағы жуырда өткен брифингте «Әліппе» де, «Ана тілі» оқулығы да оқытылатынын хабарлады. Ал Мектепке дейiнгi және орта бiлiм департаментiнiң директоры Жаңыл Жонтаева «Сауат ашу» пәнi атауының «Ана тiлi» деп өзгеретiнiн жеткiздi. Көкейде тағы бір сауал пайда болды. Тек атауы өзгере ме, әлде алынып тасталған пән, яғни оқулық тұтас күйінде қайтарыла ма? «Сауат ашу» бір қайнауы ішінде жатқан шикі дүние екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, оны әзірге қоя тұрып, «Әліппе» мен «Ана тілін» бәз баяғы қалпында қолданысқа қайта ендіруге тиіспіз.

Дәуіржан Төлебаев

7751 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы