• Мәдениет
  • 10 Наурыз, 2017

Ниетіміз неге бұзылды?

Қай заманда да адамның пейілі мен ниеті арқылы оның кісілік келбеті айқындалған. Дарқан көңілді, пейілі кең, өзегі таза адамда ашкөз тойым­сыздық, қара басының ғана қамын ойлау секілді ұсақ, пендешілік мінез болмаған. Осы сөзімізге бар мен жоқты, аш пен тоқты, адалдық пен сатқындықты басынан кешірген көне тарих куә. 

Енді өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі заман адам­да­рының пейілі мен кісілік келбеті қандай деген сауалға жауап іздеп көрелік. Рас, нарық заңында бәрі есепке құры­латыны, қаржы басты рөл ойнайтыны, ақша араласпаса ешнәрсе бітпейтіні анық. Алайда кейбіреулер тек мен ғана алсам, мен ғана ішсем, өзім ғана байысам деп ниетін де, пейілін де бұзып алған жоқ па? Бәлкім, жаппай ашкөздік пен дүниеқұмарлық, қарақан бастың ғана қамын ойлау мына замандағы кейбір құндылықтардың өзгеруінен шығар? Мәселен, қаладағы саудагерлер тауарын қоятын орынға таласып шу шығарса, ауылдағы ағайын мал жаятын өрісі үшін қызыл кеңірдек боп жатады. Үлкен күре жолдарда, кептелісі көп шаһар ішіндегі даңғылдарда тағы да жанталас. Біріне-бірі жол бермей,«өзім-өзім» деп өңмеңдеген жұрт. Сонда әлгі адамдардың пейілін бұзған не? Өршіген өзімшілдік пе? Әлде көздің құрты дүние ме? Мүмкін, қолдағы мансаптың, я болмаса ұрлап жиған арам байлықтың буы шығар? Бұны адам мінезінің, оның ішінде қолында мансабы бар, ел тағдырын шешетіндер ойының бұзылғаны демеске шараң жоқ. Ниеті жаман пенде ешқа­шан өз халқына адал қызмет ете алмайды. Және ондайлар өз кемшілігін қателік деп түсінбейді де. Тіпті оны адами жүрекпен мойындап, қоры­тынды шы­ға­руды ойламайды да. Бірақ уақыт деген әділ сыншы бар. Кеңірдегі кеңіп кеткен бүгінгі кейбір ашкөз мансаптылардың жазасын күні ертең әйтеуір бір берері анық. Ал енді сіз бен біздің, ағайын мен туыстың, бауыр мен бауырдың, көрші мен көршінің арасындағы ықылас пен ниеттің дәл қазіргі жайы қалай? Егер аталған қасиет дұрыс болса, мал бітіп, жалданған бауыр өзінің үлкендігін ұмытып, бауырынан безер ме еді? Кейбір ағайындар бес-он малдың жайылымы мен шабындық үшін үшін бірімен-бірі дүрдараз болуға дейін бармас еді ғой? Уыздай жастар да тек өзін ғана ойлайды. «Бәрі тек өзім үшін» деген қағида. Сонда Қазақ деген дарқан халықтың ізет, имандылық, инабат, кішінің үлкен алдындағы парызы мен қарызы табанға тапталғаны ма? Бұл дерт уақытша ма, әлде осымен кетеміз бе деген ойлар мазалайды. Неден тарылдық? Ниетіміз неге бұзылды? Бұл ­заманнан ба? ...Қазіргі адам психология­сы мен бүгінгі күннің өзекті мәсе­лелеріне қатысты әр саладан қозғар әңгіме аз емес. ­Айтайын ­деп айтпайсың. Бәрін бастан кешіп, көзің көріп, өзегің өртенген соң тыңдар құлақ бар ма деп ой тастағың келеді. ­Шерхан ағамша айтсам, бұл да «бір кем дүние»...

Айтақын ӘБДІҚАЛ, ақын

16429 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы