• Әдебиет
  • 10 Наурыз, 2017

Әулием менің ақ әжем

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ

Балалығым қалса да артта кекілді, Аялайтын, аймалайтын бетімді. Ат тұяғын салмай кетсем ауылға, Мені күтіп әжем жүрген секілді.

Соңғы жылдар меңдегенінде қарттық, Сары баласын көп ойлайтын жарықтық. Арман қуып, кетіп едім қалаға, Тастайтындай барлық істі қарық қып.

Бүтінделе қоймаған кез жан-жағым, Бір, екі, үш ай айлықты да алмадым. Ақ әжемді сағындым да пойызбен, Әлі есімде, сыйлық алмай барғаным.

Қандай бақыт қауышқаным бәрімен, Бала күйге ендім сол сәт тағы мен. Тоқсан жасты алқымдаған әжемнің Бір мұңдылық сезіп қалдым әрінен. Өзгерте алмас ешкім тағдыр жазуын, Көршіге айтқан назы есімде әлі күн: «Сары балам бос келіпті, сірә, бұл — Таусылғаны шығар, — депті, — азығым».

Басымды ием, әже, сіздей асылға, Жатырсың-ау, сонау қырдың басында. Осы өлеңді жазып бола бергенде, Жанарымнан құлап түсті жасым да.

Асыл әжем, қымбат әрі бағалы ең, Еркелеген құшағыңда балаң ем. Дәл осылай болатынын білгенде, Әттең, әттең, сыйлық алып барар ем!

Ей, жігіттер, бәріңде де арман бар, Ақ әжесін сағынатын жандар бар! Қартайғанда бала көңіл болатын Ақ әжеңе сыйлық алмай бармаңдар.

2546 рет

көрсетілді

233

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы