• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2017

Кенже бала қарашаңырақты құлатпас болар...

Марқұм Ұшыға апам (әкемнің апасы) «заман өзгерді» дегендерге қарата: «Мәселе заманда емес, адамда. Ай да орнында, Күн де орнында. Қадым за­ман­нан бергі қалпында, өзгерген ештеңесі жоқ. Өзгерген адамдардың пейілі ғана» деп айтып отырушы еді. Ойлап отырсам, шынында да барлығы адам­дардың пейіліне байланысты екен ғой. Әйтпесе, ғасырлар бойы ха­лық­пен бірге жасасып келе жатқан дәстүрді тәрк етуге не себепші болады дейсіз?..

Кенже бала туралы ой аракідік болса да біздің мидың қатпарында да «атой» салып жатушы еді. Бұл туралы Салтанат Қажыкен «Ана тілі» газетінде жарияланған «Кенже» атты мақаласын­да орынды мә­селе көтерген. Өзекті өртейтін мәселе бол­ған­нан кейін өз пікірімізді ортаға салған жайымыз бар. Біреу келісер, біреу келіспес, ұлттық дәстүрді заманның жамбасына салып беру негізі дұрыс емес. Қазақты құртатын – «онда тұрған ештеңе жоқ!» Ұлттың өзіндік «менінің» жойылуы осындай немқұрайдылықтан бастау алады. Жоғарыда аталған мақалада сөз болғандай кенже баланың ауылдағы қарашаңырақты жұртқа тастап, қалаға кетуі бір әулеттің шаңырағының ғана емес, тұтас бір халықтың қарашаңы­рағының шайқалуына себепкер болатынын байқай бермейтіндейміз. Ұлттың ұстыны әдет-ғұрпы, дәстүрі емес пе? Темірқазық-ұстынынан ай­­рыл­ған мемлекеттің шаңырағы шай­қалмағанда не істейді?!. «Бәрі майданға кетті» деген сияқты бүгінде жастардың бар­лы­ғы қалада жүр сабылып. Алайда бақытын қаладан іздеген кенжелер­дің, бабаларының жолын мансұқ еткен балалардың бәрі бірдей бақыт құшағында жүр деп айту тағы қиын. Қарашаңырақ – әулеттің әрбір мүшесінің жылы ұясы, балалық шағының баламасыз белгісі, әке-шешесінің мейіріміне бөленіп, еркелік атау­лы­ның ізі қалған құтты мекен. Сол қара­шаңы­рақтың қо­жа­йыны – кенже ұлдың «бас-басына би болғандардан» абыройы әлдеқайда жоғары. Өйткені ол шаңыраққа темірқазық болып отырған тұлға. Қарашаңырақтан қанаттанып кеткендер туған оша­ғына деген ерекше сағынышпен оралып, сол кенжеге деген риясыз көңілін, ризалығын сездіреді. Атадан қалған дәстүрді ұлықтап отырған кенженің қадірі қазақ үшін қашан да бөлек болатыны сондықтан. Біз «онда тұрған ештеңе жоқ!» деу арқылы соңғы кездері ұлттық дәстүрімізден қол үзіп бара жатқан тәріздіміз. Одан қала берді уақыттың ыңғайына, әлеуметтік ахуалға ұлттық дәстүрді оп-оңай жығып бере саламыз. «Ауылда жұмыс жоқ, қалаға ағылмағанда қайтеміз» деп ақталамыз келіп. Ал шын мәнінде ұлттық дәстүр әлеуметтік жағдайдан әлдеқайда жоғары тұратыны хақ. Бабалар дәс­түрін ұлықтаған ұрпақ тіршілігін қайта соған қарай бейімдейді, кей кезде жеке басының асқаралы арманын құрбандыққа шала отырып, қара­шаңырақтың қадірін асқақтатады. Конс­титуцияда көрсетілмеген, ең­бек кодексінде еленбеген, алайда қа­зақтың өрені орындауға тиіс жазыл­маған заң бұл. Ал біз заман осылай болса қайтеміз енді дейміз. Қалада қаптап жүрген кенже балаларды көр­генде ақиық ақын Жарасқан Әбдіраштың «Кенже бала» атты өлеңі ойға оралады. Өлеңнің мазмұны төмендегіше. Әкесі әлдеқашан дүние салып, анасының қазасына ауылына барады ақын. Аналарын соңғы сапарға аттандырып, алыстан келген ағайын жолға жиналады. Сонда кенже баланың айтатыны бар ақын ағасына: ... Көңілімді кемпір-шал сезетін-ді, Кең дүниені қиялым кезетін-ді. Ошағы үшін осынау шаңырақтың Өз кеудемде сөндірдім өз отымды! «Шаңырақтың ошағы үшін» «кеудедегі өз отын сөндіру» бүгінде екінің бірінің қолынан келе ме?! Ұлт­тық дәстүрді ұлықтаудың клас­сикалық үлгісі бұл. Бәлкім, ­ауыл-ауылдарда әлі де бар шығар тұтас әулеттің ошағын өшірмеймін деп кеу­десіндегі жалынды тұншық­тыр­ған кенжелер. Ендеше, соларды жиі тілге тиек етсек керек-ті. Шалғайдағы ауылда қалған кенже баланың да басқалар сияқты жай­лы тіршілікке, қала тұрмысына аңсары аумайды дейсің бе? Ауғанда қандай! Алайда бала кезінен санасына сіңірген, ол аттап өте алмайтын бір заң бар. ...Шыдатты салт, Бәріне шыдатты әдеп. Жетер ме едім әлі де мұратқа көп. Көз жұмарда кемпір-шал тағы өтінді: «Шаңырақты қалай да құлатпа!» Қырқына шыдаған кенже бала әке-шешенің соңғы аманатына қалай қиянат жасайды?! Қара­шаңырақты иесіз қалдырғаны – ең үлкен қия­наттың көкесі. Сондықтан да көкейде күм­бірлеген мақсат-мұратының бәрін жиып қойып, шаңы­рақты ұстап қалады. Қазақтың қазақтығын сақтап, баба аманатын алдыңғы ұрпаққа табыстайтын осындай кенжелер аман болсын, қатары сиремесін дейміз. ... Ертеңіне – Апайым, Мен және Аға – Әрқайсымыз аттандық әр қалаға... Қақпа алдында қол бұлғап қала берді, Қала берді кемсеңдеп... Кенже бала... Жарасқан жырлаған кенже ба­ланың кешегі кейпі осындай. Бүгін де бар ондайлар. Ал «заманның жағдайын» алға тартып, қаладан екі қолға бір күрек іздегендердің де мейманасы тасып жүр деп айта алмаймыз. Шалғайда иесіз қалған қарашаңыраққа іштей болса да алаңдайтын болар. Ұлттық дәстүрді ұлықтамаған ұрпақтың ұшпаққа шығуы, түп тамырынан қол үзген халықтың ісі өрге басуы қиын түбінде. Түйіндеп айтқанда, кенже бала қара­шаңырақты құлатпас болар...

Ғабит МҮСІРЕП, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

19517 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы