• Руханият
  • 17 Наурыз, 2017

Баланың бесігі – кең дүниенің есігі

Бесікке бөлеп бөбегін, Шөките қойып шүмегін Бауырсақ шайнап жегізген...

І.Жансүгіров

Қазақ «балалы үй – базар, баласыз үй қу мазар», «бесіксіз үйде береке жоқ» деген аталы сөздерін бекер айтпаған. Ата-бабамыз сәби дүниеге келісімен-ақ бесікке бөлеген. Ал қазіргі балалар бесікке жатпайды, бесік жырын естімейді. Ғасырдан-ғасырға жалға­сып келе жатқан бесік қазіргі кезде жаңаша тербелмелі ­кереуетке ал­масуда. Үлкендер бесікке жатқан баланың жөргегі таза, аяқ-қолы түзу өседі, жылы жатады, оянғанда керіліп, созылып жақсы жетіліп, тез өсуіне ықпал етеді деуші еді. Қазіргі жастар сәбидің тазалығы үшін аса алаң­дамайтын көрінеді. Себебі қазір күндіз-түні кигізетін дайын памперс бар. 

Енді «бесік» сөзінің шығу тарихына тоқталсақ. «Бесік» сөзінің шығу төркіні туралы әртүрлі пікірлер кездеседі. «Бесік» атауы­ның шығуына байланысты тілші-ғалым Ә.Нұрмағамбетов былай дейді: «Нәресте жататын төсекті ана тілімізде «бесік» деп айтатынын білесіздер. Қазақтармен туыс саналатын якут, сары ұйғыр, т.б. халықтар тілінде бұл сөз түбірі «би», «пе», «бээ» болып келеді де, мағынасы «тербету», «әлдилеу» деген түсінік береді. Ал осы түбірлердің біріне, әсіресе «бээ» тү­біріне өз тілімізге тән жұрнақ қоссақ, «тербету» мағынасын беретін «бесік» сөзі пайда болады. Егер бізге «бесікті» тербеу, қозғау, қимылдау, шайқау қажет болса онда қазақтың «без», «безек» немесе «безік» болып, бертін «з» дыбысы қатаң «с» дыбысына ауысып, «бесік» болып қалыптасса керек. Бұл – біздің бірінші жорамалымыз. Екінші ойымыз: бесіктің жасалу жолына қарай, оны құрайтын негізгі бес ағашқа байланысты «бес уық» сөзінен де туындауы мүмкін. Олай дейтініміз, қазақ халқы негізінде бесіктің екі түрін тұтынған. Оның ерте пайда болған түрі «аспалы бесік» деп аталады. Аспалы бесіктің жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзірлеу үшін бес тал, жуандығы біркелкі, жұмыр талдар болса болғаны. Ондай бесікті көшіп-қону кезінде уықтап құрап жасай салу әбден мүмкін жай. Кейін келе бес уық – бесық – бесік болып қалыптасып кеткен тәрізді. Қалай айтсақ та, қазақтың бесік деген сөзі саханың немесе сары ұйғырдың сөзінен шықты деу көкейге қоның­қы­рамайды. Сондықтан «бесік» атауы­ның шығуы әлі де болса терең зерттеуді қажет ететіні даусыз». Бесіктің нақты қай уақытта пайда болғаны әлі зерттелмеген. Бесіктің пайда болуы жайында аңыз бар. Аңыз бойынша бесік Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында дүниеге келген деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғайды екен. Ол 150 жыл жасап қай­тыс болыпты. Дүниеден қайтқанын естіген қытайлар бір күнде келіп, оның орманын өртеп жібереді. Бір күні Айдаһардың сәбиі жылай беріпті. Әйелі екеуі не істерін білмей қи­на­лады. Емші-тәуіптерді жағаласа да, баласы жылауын тоқтатпайды. Қызының жылаға­нына шыдай алмай далаға шығып кетеді де, Құдайдан медет тілейді. Бір уақытта қызының дыбысы шықпай қалады. Үйіне жүгіріп келсе, қызының жанында ақ киімді бір кісі отырады. Ол жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Айда­һар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді. Түнімен қисық ағаштарды құрастырып отырып, бесікті жасап шығады. Бесіктің жасалу жолдарына тоқ­талайық. Бесікті жасау үшін қолданы­ла­тын негізгі шикізат – ағаш. Ағаш – өңдеуге қолайлы, өрнегі мен бітімі өте әсем, жеңіл өңделетін шикізат. Ағаш шеберлері жасайтын заттың сапасына, түріне қарай ағаштың көптеген түрлерін пайдаланады.

Сәбиін бесікке салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағында тербелген. Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштың біріне айналыпты. Бесіктің пайда болуы туралы аңыз осылай баяндалады. Бесікті емен, мойыл, үйеңкі, қарағай, боз тал, қара тал, самырсын, қайың, терек және т.б. сапалы ағаштан жасайды. Бұл жөнінде қазақ этнографы Х.Арғынбаев жазған еді. С.И.Руденконың «Очерки быта северо-восточных казаков» атты еңбегінде: «Шеберлер табиғи ортаның ерекшеліктеріне қарай икемделіп, өзі мекендейтін жердегі шикізатты қолдануға тырысады. Моңғолиядағы қазақтар мекендейтін аймақтарда емен, мойыл, үйеңкі, ағаштары жоқтың қасы болғандықтан, ағаш шеберлері боз тал, қара тал, самырсын, қайың, терек сияқты ағаш түрлерін кеңінен пайдаланады. Моңғолиядағы ағаш шеберлері ағаштың «ұрысын» жиі қолданады» деп сипаттаған. Қазақ халқы бесікті қасиет тұтқан. Сондықтан ұрпағына мұра етіп қалдырып отырған. Ырым бойынша бос бесікті тербетуге болмайды және бесікті бала өмірге келген соң ғана сатып алу керек. Шебердің айтқан бағасына алған жөн деген де ырым бар. Кей жағдайда бесіктің екі жақ басында немесе арқалығында қыздырылған темірмен салған таңба кездеседі. Бұл баланы алғаш рет бесікке саларда немесе нәресте ауырып қалған кездері жасалады. Бесікті Армения, Грузия, Ауғанстан, Тәжікстан, Шешенстан, Дағыстан халықтары да қолданады. Осы орайда бесіктің Кавказға қалай барғаны жөнінде мына бір тарихи дерекке зер салсақ. Қазақтың бесігін Кавказға қыпшақтар апарған деген дерек бар. Атақты мұсылман географы Әбілқасым ибн Хордадбехтің 846-847 жылғы «Жолдар мен елдер кітабында» қыпшақтар жайлы мәлімет көрсетілген. ­Географ қыпшақтарды VIII ғасырларға жататын түрік тайпаларының бірі деп келтірген. ХІ ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтар Дешті Қыпшақ мемлекетін құрды. Осы кезден бастап айналасындағы басқа аймақтарға жақындады. Хорезм, Византия, Венгрия, Солтүстік Кавказға дейін жетті. Бесіктің Ауғанстан пен Тәжікстанға баруы осы кезден басталса керек. Соңғы кезде ғалымдардың «Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүгірмейді, аяқ-қолы қисық болады» деген пікірлерімен мен өз басым келіспеймін. Мұның барлығы бекер айтылып жүрген әңгіме. Керісінше, бесікке бөленген бала алаңсыз ұйықтайды. Бұл жөнінде Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінде жақсы айтып кеткен. «Педагогика ғалымдары бала бөлеуге атымен қарсы. Баланың дұрыс өсуіне, қаны жүруіне, асы сіңуіне кесел деп дәлелдер көрсетеді. Бұл дәлелдердің салмақты екендігіне талас жоқ. Бірақ қазақ тұрмысы көзінен қарағанда, бөлеуден безуге бола қоймас. Көшпелі абыр-сабыр тұрмыста бөлеудің пайдасы да болып шығар. Әңгіме – бөлей білуде. Тас қылып бөлеп тастасаң, қанын тоқтатпақ түгілі жанын да шығарып аларсың» дейді ұлт ұстазы. Медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Естөре Оразақов: «Шындығына келетін болсақ, баланы құндақтап орағаннан гөрі бесікке жатқызғанның пайдасы көп. Баланы құндақтап орағанда оны қайта-қайта шешіп, жаялығын ауыстырып тұру қажет болады. Ал жаялықты ауыстырған сайын нәрестенің денесіне суық тиіп, ауырып қалуы қаупі басым. Бесікте жатқан нәресте таза, жылы әрі тыныш ұйықтайды. Сондықтан баланы бесікке бөлеу кеңінен қолданыс табуы қажет» дейді. Соңғы кезде заман талабына сай деген желеумен базарда сатылатын бесік түрлі-түсті бояумен жасалғандығын кездестіріп жүрміз. Көрер көзге әдемі көрінгенімен, бояудың құрамында химиялық қоспалар болғандықтан, ол бала денсаулығына зиянын тигізбей қоймайды. Жас отбасы бесік алатын кезде осыны да ескергені жөн. Қорыта келе айтарым, бесік – ұлттық құндылық бастауы. Ол тек тұрмыстық бұйым ғана емес, дені сау ұрпақ өсірудің маңызды құралы болып табылады. Ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда қазақ әйелінің рөлі ерекше екендігі түсіндіруді қажет етпейді. Олай болса бесікті аялайық. Әлдиін тербетіп, бесік жырын айтатын аналарымыздың қатары көбейсін деп тілейік.

Камила Ғалымқызы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының әдіскері

8526 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы