• Руханият
  • 30 Наурыз, 2017

АБЗАЛ АНА

Аманғали Бердалин – Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Қарабұтақ өңірінің тумасы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Шевченко кеңшары орнында өндірістік кооператив құрылып, төрағалыққа баламалы әдіспен осы Аманғали сайланған-ды. Жас маман негізгі міндетті атқара жүріп, ауылдастарының жағдайын бір сәт естен шығарған жоқ. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры болғанда да таратылған аудан орталығының тірлігін шашыратпауды ойлады. Сонысымен жұртқа жақты. Аудан әкімінің орынбасары, кейін аудан әкімі қызметін жауапкершілікпен атқарды.

Көрші Хромтау ауданына әкім болып ауысқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бұрынғы Әйтеке биге қарағанда жаңа өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Халық саны айтарлықтай көп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған, темір жол бойында, өзге ұлт өкілдері де баршы­­­­лық. ­­­­­А.Бердалин қала мен ауылдарды ­аралап, жағдайға біршама қанықты. Ең ­бастысы – тәртіпті сүйетін, тапсырманы уақытында, сапалы орындайтын кадрлармен жұмыс істеу керек. Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету арқылы олардың іскерлігін, кешегі қиын кезеңдерде бұқараны ортақ мүддені жүзеге асыруға сіңірген еңбегін жастар санасына сіңірген дұрыс. Осы ниетпен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы төралқасынан келген хатты түсіністік­пен қабылдады. Аудан әкімі А.Бердалин өзінің орынбасарларын, тиісті мекеме басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерін шақырып алып, пікірлескенде Хромтау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері, Елбасының, облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған Мәриям Жұмағалиеваға 80 жасқа толуына байланысты лайықты құрмет көрсету ­шаруасы бір арнаға тоғысты. Шынында Мәриям Төреғалиқызы – өмірдің әрқилы сындарынан сүрінбей өткен жан. Өнегелі отбасында өсіп, жоғары педагогикалық білім алған ол еңбек жолын Ырғыз ауданында мұғалімдіктен бастайды. Отағасы Елтай Базарбаевтың қызмет бабымен Новоресей (қазіргі атауы – Ж.Қ.) ауданына қоныс аударуына байланысты былайғы ғұмырын осында өткізіп, өркен жайды. Кредиков орта мектебінің үлгілі ұстазы, Жұмағалиеваның еңбегін аудан басшылығы бағалай білді. Бірінен соң бірі екі мектепке директорлық етті, селолық кеңес атқару комитетінің төрағасы болды, шаруашылық партия комитетінің хатшылығына сайланды, кәсіптік-техникалық училищеде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Мамандығы жөнінен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ол қайда қандай қызмет атқарса да ұлағатты әке-шеше тәлімімен қасиетті ана тілі­мізді, тәрбиелік тағылымы зор ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттаудан, жеткіншек ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбие­леуден жаңылған жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «Қазақ тілі» қоғамы шаңы­рақ көтергенде жерлестері Хром­тау аудандық ұйымының төрайымы қызметіне бірауыздан ­М.Жұмаға­лиева­ны сайлады. Содан бері ширек ­ға­сырдан асты – Төреғалиқызы бая­ғыша турашылдығымен, туған елге сүйіспеншілігімен, адамдармен тіл табысу шеберлігімен жұртшылық сенімін ақтап келеді. Өңірде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы ұлғайса, жер-су, елді мекен атаулары қазақшаға бет бұрса, қазақ тілінде білім беретін және тәрбиелейтін мекемелер көбейсе, сөз жоқ, мұның бәрінде кейіпкеріміз қосқан үлес мол. Өмір тақтайдай тегіс жол емес, әр тұста бұралаң-соқпақтар кездеседі. Оның үстіне «мәңгі тұрады» ­деген кеңестік жүйе күйреп, жаңа, еркін қоғамға көштік. Мәриям Төреғалиқызы жары Елтайдан, азамат болып, шаңырақ көтерген үш ұлынан мәңгілік көз жазып қалды. Мұндай ауыр қасіретке қарсы тұру керектігін абзал ана түсінді. Жылап жүріп, аяулыларына кесене тұрғызды, мәрмәр тастан ескерткіш белгі қойды. Қажырлы ана, мемлекеттік тілдің шы­найы жанашыры Мәриям ­Жұмаға­лие­ваға құрмет көрсету кеші Хромтау қаласындағы кәсіптік колледждің еңселі ғимаратында, салтанаттар залында өткізілді. Қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген басқосуда әр ұлттың өкілі – облыс және ­аудан орталықтарынан, ауылдардан келген қонақтар мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ән шырқады, жыр арнады. Мазмұнды бейнефильм Төреғалиқызының өмір жолынан мағыналы мағлұмат берді. Кеште аудан әкімі Аманғали ­Бердалин құттықтау хат тапсырып, сый-сияпат жасады. Әкімнің уақытын бөліп, шараның ­басынан соңына дейін отыруы көпшілікті риза етті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев пен Мұғалжар аудандық ұйым төрағасы Құралбай Байсұлтанов та арнайы ат арытып келіп, тарту-таралғысын ұсынды. ­Кредиковка орта мектебінде оқып, бітірген шәкірттері атынан сөйлеген Баянғали Құлтаевтың, 93 жастағы жеңгесі Кәмила Өмірзақованың, «Қазақ тілі» қоғамының Дөң тау-кен байыту комбинатындағы бастауыш ұйымына ұзақ жыл төрағалық еткен Нысанғали Молдашевтің және т.б. шынайы әңгімесі қатысушылар көңі­лінде еңбекке, ұлтжандылыққа, адам­герші­лікке құрметті еселей түсті. ­Ауданды үзіліссіз алты жыл басқарып, облыстық басқарма басшылығына жоғарылаған Аязбай Османғалиев ардагерге құттықтау хаты мен бағалы сыйлығын жіберген екен. Кеш соңында мерейтой иесі Мәриям Төреғалиқызы тебіреніп тұрып, аналық алғысын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Сейітмағанбет Шілманов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Елеуітов, аудандық білім бөлімі мен Хромтау кәсіптік колледжінің еңбек ұжымдары аталған шараны ұйымдастыруда көп еңбек сіңіргендігін атап өткен жөн.

Ж.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Ақтөбе

1206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы