• Тіл
  • 30 Наурыз, 2017

Шәкірттер жүрегіне ұялаған

Биыл филология ғылымының докторы, профессор, КСРО жоғары мектебінің үздігі Талғат Сайрамбаевтың туғанына 80 жыл толды. Ғалым 1960 жылы Шымкент педагогика институтын бітірген. 1964 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасында оқиды. 1967 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық диссертациясын қорғаған. Еңбек жолын орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болып бастаған Талғат Сайрамбаев 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне конкурспен алынып, өмірінің соңына дейін осы университетте 40 жылға жуық жемісті еңбек етті, ғылымға 40 шәкірт тәрбиелеп қосты. 200-ден аса ғылыми мақала, 15-ке тарта оқулық, оқу құралдары, монография, 15-ке жуық қосымша авторлықпен шыққан әдістемелік еңбектер, сөздіктер қалдырды.

Белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Талғат ағайдың шәкірттері оның өнегелі қырлары туралы былай деп еске алады: Серік Жұмабекұлы: 1976 жылы ҚазМУ-дың дайындық факультетіне тыңдаушы болып 25 бала қабылдандық. Қазақ тілі пәнінен филология ғылымының кандидаты, доцент Талғат Сайрамбаев сабақ берді. Оншақты күннің ішінде кімнің қабілеті қандай екендігі анықтала бастады. Тіпті қазақ тіліндегі жеті септіктің сұрақтарын шатастыратындар да арамыздан табылды. Мұндайда Талғат ағамыз әркімнің осал жерін тамыршыдай тап басады да, қиын түрін оп-оңай тәсілмен түсіндіре салады: «Мәселен, септіктердің сұрағын есте сақтау әдістері мынандай: атау септігінің сұрағы кім? не? қиын емес. Ілік септігі – өзіңе-өзің іштей «кімнің ілігі» деген сұрақты қойсаң жетіп жатыр. Барыс септігінің түбірі «бар» сұрағы – кімге? неге? қайда? (барайын). Табыс септігін «тап» деген бұйрықты бер, кімді? нені? (табайын) деген сұраққа кезігесің. Жатыс септігіне байланысты «жатыр» деген сөзді іштей қайтала, кімде? неде? қайда? деген сұрақ есіңе түседі. Сол сияқты «шық» деген бұйрықты сөз арқылы шығыс септігінің кімнен? неден? қайдан? (шығайын) деген сұрағын табасың. Көмектес септігіне қатысты кіммен? немен? (барып көмектесейін) деген сұрақты қой. Айгүл Шыныбекова: Бірде студентті тақтаға шығарып «Атты атты атты» сөйлемін жаздыртты. Біз аң-таң болып, «Ағай, мұндайда сөйлем бола ма?» деп қалдық. Содан сөйлем талдау басталды. Талдай-талдай осы үш сөзден бүкіл синтаксистегі жай сөйлем түрлерін, бүкіл морфологиядағы сөздердің тұлғалық ерекшеліктерін, бір тұлғадағы осы үш сөздің әрқайсының қай сөз табына жататынын айта-айта бүкіл грамматика ғылымына көзіміз ашылғандай болды. Осындай жұмбақ сөйлемдерді студенттерге ұсыну арқылы ғалым-ұстазымыз бізді тылсымы мол ғылымға тартады, қызықтырады екен ғой. Анар Салқынбай: Талғат ағайдың семинар сабақтарын өткізудің өзіндік әдістемесі болатын. Студенттерді 5-6 баладан топ-топқа бөліп, жеке тапсырмалар беретін. Әр топқа жақсы оқиды деген студентті бас етіп қойып, бір-біріне үйретуді талап ететін. Қойылатын баға ортақ болады деген соң, бәріміз тапсырманы мүлтіксіз орындауға ұмтылатынбыз. Ал ағай сол топтың ішінен ең төмен оқитын студентке сұрақ қойып, соның білген дәрежесімен бағалайтын. Бұл әдіс студенттердің білім деңгейін тез көтеруіне жақсы септігін тигізгені анық. Талғат ағамыздың алдынан синтаксистен дәріс алған студенттің оны білмей шығуы мүмкін емес еді. Талғат Сайрамбайұлының сол кездегі осы әдісі қазір әлемдік әдістеме ғылымында жаңа инновациялық тәсіл ретінде ұсынылып жүр. Жанат Дәулетбекова: Жоғары оқу орны­ның кез келген оқытушысына үлгі болар деген оймен мен Талғат ағаның ұстаз ретінде мынандай ерекшеліктерін атап айтқым келеді. Біріншіден, ол кісі сабақтың бір минутын да ысырап етпей, сабақтың жартысын «студенттерді түгендеумен» немесе басқа бір сабаққа қатысы жоқ сөздермен уақыт өткізу ол кісінің табиғатына жат еді, екіншіден, әрбір тақырыпты жан-тәнімен беріліп түсіндіретін. Қағазға қарап оқу деген атымен болмайтын. Дауысы саңқылдап, биікке қонақтаған қырандай студенттерді бірден өзіне қаратып алатын. Сол биігі мен мақамы сабақтың соңына дейін бәсеңдемейтін. Барынша жинақы, барынша тапқыр, барынша сергек ұстаз тыңдаушыларын да сондай қалыпты болуға ұмтылдыратын. Өз айтқанының студентке жеткені ол кісі үшін аса маңызды болатыны соншалық – дәріс үстінде де бірнеше сұрақтар қойып, оның шын қабылдағанына көзі жеткен соң ғана келесі мәселеге көшетін. Үшіншіден, барлық сабағы «жанды» өтетін. Талғат ағаның дәрістері елдің еңсесін езіп жіберетіндей монотонды қалыпта оқылмайтын. Төртіншіден, үлкен болсын, кіші болсын әр адамның сөзіне ден қойып ықыласпен тыңдай алатын. Дәрістердің арасында не сабақтың соңына қарай құрылымы өзгеше бір сөйлемдерді тақтаға жазып жіберіп, «ал осыған синтаксистік талдау жасап қойыңдар» дейтін. Студенттерге не бастауышы, не баяндауышы көрінбейтін осы «қызық» сөйлемдерден жаңа теориялар шығаратын. Біздің айтқан уәждерімізге бар ынтасын салып тыңдай қалатын. Дұрыс айтпасаң, жетектеме сұрақтар қойып, өзіңе өзіңнің шатасқан жерлеріңді тапқызатын, ал дұрыс айтсаң, одан әрі тереңдете түсіп, ойлануға мәжбүрлейтін. Жоғарыдағы шәкірттерінің естелігі оқытушы-ұстаз Талғат Сайрамбаевтың шәкіртті оңайдан қиынға қарай қалай үйретіп алатынын көрсетеді. Енді Талғат Сайрамбайұлының ас­пиранты не ізденушісі болған шәкіртте­рін тыңдап көріңіз. Бақыт Ақбұзауова: Ұстазымыздың бір ерекшелігі ғылымға деген қарым-қатына­сында еді. Ағай әрі теоретик, әрі практик еді, яғни тілдің қолданыстағы фактілерін, бұрын ғылыми әдебиетте жазылмаған немесе еленбей қалған тұстарын мысалдар арқылы дәлелдеп, содан ғылыми тұжырым жасайтын. Мұның өзі қазіргі тілді зерттеудің озық әдісі – функционалдық тұрғыдан зерттеу болып табылады. Бірақ ағай ізденушілеріне берген тақырыптарына сондай ерекше ат қойып, айдар тағып, мынау «функционалдық» әдіс деп жар салмайтын. Үстірт қарағанда тақырыптары «толықтауыш», «пысықтауыш» сияқты қарапайым болып келгенімен, бұл зерттеулерде ағай тілдің бұрын дәстүрлі грамматикада жазылмаған, ережелерде ескертілмеген тұстарына жетелейтін еді. Маған ұсынылған тақырып – «анықтауыш туралы не айтуға болады» дегенімде – «Анықтауышты бәрі біледі, ал етістік-анықтауыш дегенді естігенің бар ма, мысал жина, сонда өзің түсінесің» деген еді. Байқап қарасам, ешбір әдебиетте жазылмаған, бірақ тілімізде қолданыста жүрген фактілер жеткілікті екен. Жанар Көпбаева: Талғат ағай алғашқы күннен-ақ ғылым жолының ауыр да қиын екенін, кез келген адамның оған қолы жете бермейтіндігін ескертті. Үнемі ізденіс, талмас талап, қажымас еңбек арқылы ғана алға қойған мақсатқа жетуге болатындығын әкелік қамқорлықпен түсіндірді. Ең алғаш ғылыми мақала жазуды тапсырған Ағай оны жақсылап талдап: «Мақаланың негізі – өзің тақырып етіп алып отырған басты мәселең, соған назар аударсаң, көздегеніңе жетесің» – деп ақыл берді. Айнагүл Мұхамеджанова: Ғылыми жұмысымды жазып жүргенімде жетекшім – Талғат Сайрамбайұлының тәлім-тәрбиесін көрдім. Қашанда қуана қарсы алып, үлкен сабырлықпен, ыждағаттылығымен жұмысты тексеріп, ақыл-кеңес беруден жалықпаған ағай мені ғылыми жұмыс жазудың әдіс-тәсілдеріне әбден машықтырған еді. Америка жазушысы Э.Хаббардтың«өз шәкірттерін еңбектен қуаныш табуға үйрете білген ұстаздың мерейі үстем»деген мағыналы ойы – ғалым-ұстаз болмысына сай. Талғат аға шәкірттері мен ізденушілері үшін жағдай жасауға тырысып жүретін керемет жан еді. Біздің ақжүрек ағайымыз шәкірттер зердесіне білімнің, ғылымның нұрын құйып қана қойған жоқ, өз ісімен бізді тәрбиелей де білді. Айман Ментебаева: Біздер, жас мамандар, реті келген жерде ағайдан ақыл-кеңесін алып, білмегенімізді сұрап, білгенімізбен ой бөлісіп, ол кісіні төңіректейтін едік. Соның бірінде де «уақыт жоқ, сабағым бар, бір жерге асығып кетіп барам» демейтін еді. Мұқият тыңдап, ақылын айтып, өзіңді қанаттандырып, арқаңнан қағып кете баратын. Мерейің өсіп, соңынан қарап қаласың. Шындығында, Талғат ағай сияқты адамды жұбатып, жігерлендіре алатын адамдар сирек шығар-ау. Кәдімгідей сендіре айтатыны соншалық – еңсең көтеріліп, тіпті «менің қолымнан келеді екен-ау» деп марқайып қаласың. Гүлімжан Жылқыбаева: Жанында жүріп ағайдың бойынан адамгершіліктің тамаша қасиеттерін байқаушы едік. Ол – қарапайымдылығы, ақкөңілдігі, жайдары мінезділігі, жанының тазалығы болатын. Ең басты қасиеті ұстазға адалдығы еді. Ұстазы М.Балақаевқа деген құрметі әрбір әңгімесінен айрықша аңғарылып тұратын. Кафедрада бір жылдар Талғат ағайдың үш шәкірті қатар жұмыс істедік. Кафедра жанынан «Қазақ тілі» кабинетін ұйымдастырып, оны өзіміздің ұстазымыз Т.Сайрамбаевтың есімімен атауды ұйғарып, ағайдың келісімін сұрағанымыз бар. Сонда ағайымыз: «М.Балақаев атымен атасаңдар келісемін» деген еді. «Сіз өз ұстазыңызды құрметтеп жатырсыз, біз де өз ұстазымызды құрметтейік, рұқсат етіңіз» дегенге келіспеді. Ұстазы М. Балақаевқа деген құрмет өзіне деген құрмет деп ұқты. Бекен Сағындықұлы: Ауыртпалық дегеннің де өзіндік мәні бар. Сол ауырт­па­лықтың бірі желтоқсанның (1986) ызғары десек те болады. Бұл уақыт «қазақпын деп туған ағаларды» айналып өте алмады. Соның бір ұшығы Талғат Сайрамбаевқа тиген-тін. «Неге топ студенттерін алаңға жібересің?» деген желеумен профессорлықтан жай оқытушы деңгейіне түсіріледі. Өз еңбегімен танылып, жылдап жинаған абыройыңды аяқ асты төмендетуге сол кездегі жүйе бар әдісін пайдаланды-ақ. Бірақ Талғат ағаның сағы сынбады. Уақыт тауқыметін төзімді әрі сабырлы мінезімен жеңе білді.

Біз бұл лебізімізде Талғат ағаның ғалымдығы жайлы айтқан жоқпыз, ғылыми еңбектерін талдау нысанымыз болған жоқ. Ағаның ғылымдағы үлесі әлі талай конференцияларға арқау болып, ғалымдар мен ізденушілер арқылы зерделеніп, қазақ тіл біліміне қосқан зор еңбегі құрметпен аталатынына кәміл сенеміз. Бұл тұла бойы кішіпейілділік пен қарапайым­дылықтан жаратылған жанның адами қасиетін келер ұрпақ, болашақ ұстаздар білсе екен, үлгі етсе екен деген ниет еді.

М.Мамаева, С.Ақымбек

16717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы