• Тіл
  • 02 Маусым, 2010

Сауатсыздық па, санасыздық па?

Әдетте оқымаған адамға «сен мұны неге білмейсің» деп ренжудің өзі орынсыз. Ал дап-дардай жоғары оқу орнын бітірген адам өзінің не сөйлеп тұрғанына мән бермей, өзі туып-өскен, өзі өмір сүріп жатқан елінің оңы мен солы қайсы екенін айыра алмай, алысты – жақын, жақынды – алыс деп шатып-бұтып тұрса ше? Оқымаған сауатсыздан оқыған сауатсыз жаман екеніне сонда көзіңіз жетеді. Әсіресе, қазақ телерадиожурналистері әлемде болып жатқан жаңалықтар мен соңғы хабарларды оқып отырғанда әуелі қазақ тілін орысшаның аударма тіліне айналдырып отырғанына кейісең, одан әрі жаңағы алыс пен жақынды айыра алмайтынына, сөйтіп, не сөйлеп отырғанына мән бермейтініне күйінесің. Мысалы, қазақ журналистері Филастин (Палестина) мен Израиль туралы хабар беріп отырып, «Таяу Шығыс жанжалы», «Таяу Шығыста жағдай шиеленісіп тұр» дейді. Нағыз ойланбай сөйлеу дегеніміз осы. Өйткені бұл елдер бізге ешқандай да таяу жатқан елдер емес. Олар мен Қазақстанның арасы – пәленбай мыңдаған шақырым.

Екі ортада талай-талай арқыраған асау өзен, төбесімен аспанды түрткілеген таулар, құлан өтпес, құс ұшпас құмды шөл жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, біздің журналистер айтып жүргендей, бұл елдер Таяу Шығыс болмақ түгіл, Шалғай Шығыс та емес. Олар Қазақстанның ешқандай шығысында жатқан жоқ. Оны анықтау үшін аса сауаттылықтың қажеті жоқ, тек саналы адам бір сәт «осы мен не деп тұрмын» деп ойланып, Жер шарының жағрапиялық картасына сәл ғана көз тастаса жетіп жатыр. Сонда ол өзі Таяу Шығыс деп тұрған елдердің ешқандай да таяуда емес және қазақ елінің ешқандай шығысында да емес, оңтүстік-батысында жатқанын көрер еді. Қазақстанның ең таяу шығысы – Қытай мен Моңғолия. Ал әлгі мемлекеттерге «таяу шығыс» деп еуропалықтар ат қойып алған. Өйткені Еуропа мен бұл елдердің арасы нағыз шығыс елдеріне қарағанда әлдеқайда жақын. Олар да, орыстар да сондықтан Камчатка, Сахалин, Владивосток жақтарды Қиыр Шығыс, яғни алыс шығыс деп атайды. Және әлгілерді «Таяу Шығыс», бірі «Қиыр Шығыс» деп аталсын деген ешқандай халықаралық келісім де жоқ. Тек жеті жұрттың тілін білу керек, басқа ұлт, басқа ел атаулының көңілін табу керек дегенді миына сіңіріп, тоқып алған қазекемдер ғана орыс газеттері мен орыс телеарналары қалай айтса дәл солай қазақшаға аудара салады. Өйткені біз «әлдеқалай болып кетпесін», «бәледен аулақ», «тек жүрсең тоқ жүресің», «әліптің артын бағайық» деген сияқты адамның рухын түсіріп, еңсесін езіп тұратын шалажансар-фәлсафасымақтарды жиі басшылыққа аламыз. Алла кешірсін, кейде өз қандастарыңның сол телеарналардан, баспасөзден сөйлеген сөздеріне қарап отырып, осы қазақ тіпті біреулерге тәуелді, кіріптар болмай жүргісі де келмейтін сияқты ма, қалай деген де ойға кетесің. Әйтпесе, қазақ журналистерінің ылғи «кәрі құрлық», «жаңа дүние», «тұманды Альбион» деп ешнәрсенің байыбына бармай, не сөйлеп тұрғанына мән бермей ділмар­ситынына не жорық? Бұл жерде де басты кінә батысеуропалықтар мен орыс «братан­дардың» айт­қанын қайталаудан болып отыр. Ол былай: баяғыда Христофор Колумб Шы­ғыс елдерінде шай-шекер, жібек мата, ащы бұрыш пен сарымсақ, ең бастысы, хан сарай­ларының аяғының астына дейін алтын төсеп тастайды екен дегенді естіп, солай қарай саяхатқа шығып, ақырында кемесінің тұмсығы батыстағы Америкаға келіп бір-ақ тірелгенде де соны білмей, Индияға –Үндістанға келдім деп ойламай ма? Содан бері бұл құрлықтың жергілікті халқы әлі де «индеецтер» немесе америкалық үндістер деп аталады. Бұл да – тарихи үлкен қиянат. Міне, содан бері еуропалықтар Американы «Жаңа дүние», «Жаңа құрлық» деп, ал Еуропаны «Кәрі құрлық» деп атайды. Бұл да орта ғасырларға шейін ешқандай ілім-білімі болмаған еуропалықтардың не сауатсыздығы, не Американы біз аштық деген саясатшылығынан туындаған сөз болатын. Шындығында, Америка ешқандай да «жаңа дүние» емес. Оған Колумбтан әлдеқайда ертеректе арабтардың, қытайлардың табаны тигені тарихтан белгілі. Бірақ ол бүгінде аса көп айтыла бермейді. Демек, біздің журналистеріміздің, саясаткерлеріміздің орыс ақпаратшылары не айтса соны қайталай салуын не сауатсыздық, не өз көзқарасының жоқтығы деуге келіңкірейді. Ал сауаты төмен, өз пікірі, өз көзқарасы жоқ адамдар қашанда әлдеқайтіп кетемін деген ой басынан кетпейтін секемшіл, жалтақ болады. Иә, қазір жер-су атауларының көпшілігі Батыстың тілінде айтылып, жазылып жүр. «Средиземное море» дегенді қазақшаға сол күйінде аударып, «Жерорта теңізі» дейміз. Мейлі, солай дей берейік. Бірақ бұл теңіздің бұрынғы көне атауы «Ақ теңіз» екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл – бір. Екіншіден, олай атайтындай бұл теңіз Жер-анамыздың қақ ортасында жатқан жоқ. Жердің ортасына одан гөрі Қара теңіз әлдеқайда жақын жатыр. Бұл да – еуропалықтардың ықпалымен жасал­ған қателік. Әрине, мұның бәрі – халықаралық деңгейде шешілуге тиісті мәселе. Тек алдағы уақытта егер азат Қазақстан өз картасын, жер шарының картасын қазақ тілінде шығарып жатса, ескерілетін жәйт. Мұндайда Каспий теңізі ежелгі атауларының бірімен, ал қазір бұрмаланып жүрген Мысыр, Филастин, Ләбән, Шам (Ливан, Дамаск, Сирия) және басқа толып жатқан атауларды қалпына келтіру ескерілсе, ұрпақтың тарихаттық көзқарасы қалыптасып, өткен заманаларға терең ойлы­лықпен қараған болар еді. Өйткені біз қазір қай нәрсеге де ұлттық төл көзқараспен, саналылық таразысына салып қараудан айырылып қалдық. Сенбесеңіз, қараңыз: қазір қазақ газеттерінен, теледидардан «аспан асты елі» дегенді жиі оқып, жиі естиміз. Бұл да – кейбір сауатсыз, еліктегіш журналистердің орысша Қытайды «Поднебесная» дегенінен со күйінде ала салған «олжасы». Осы сөзді айтып, жазып отырған журналистің «Ау, жер бетіндегі халық, мемлекет атаулының бәрі сонау түпсіз тұңғиық көк аспанның астында жатқан жоқ па?! Әлде Қытайдың төбесіне төңкеріп алған жекеменшік басқа бір аспаны бар ма еді? Осы орыстар да аузына келгенін айта салады екен» деуге жетесі жетпеуін кімнен көресіз? Оны айтасыз, жақында қазақша газеттің саяси жаңалықтар жазылған бағанасынан «Күншығыс» айдарымен беріл­ген қысқаша жаңалықты көріп қалдық. Сөйтсек, «Күншығыс» деп отырғаны Жапония екен. Бұл да – «Страна восходящего солнцадан» алынған «олжабай» сөздер. Жалпы, біз, қазақтар, бүгінде ата-ба­бамыздың «жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен» деген аталы сөзінен адасып қалған ұлтпыз. Біз қазір орыстар не айтса соны со күйінде дұға сөзіндей қабылдап, іш десе ішірткідей іше салуға әбден дағдыландық. Осыдан біраз бұрын «в Сирии выпал русский снег» деген шағын мақаланы «Сирияда орыс қары жауды» деп аударып басқанды да көрдік. Қазір қазақтар «орыс аспаны», «орыс шайы», «орыс наны», «орыс қысы», «орыс махаббаты» деген есалаң сөздерді де жиі қолданады. Осының бәрі – біздің «орыс ұлы халық» деген құлдық санадан арылмай қалғанымыздың белгісі. Ал жер-су, ауыл-қала атауларын жазғанда «Талдықорғанның қасына Талдыкорган, Қостанай – Костанай, Ақтөбе – Актобе, Ақтау – Актау, Көкшетау – Кокшетау деп бір әріпке бола сонша жазу жазатынымызды қандай жағымпаздыққа жатқызуға болады. Егер орыс адамы «ғ»-ны, «қ»-ны, «ә»-ні айтуға тілі келмесе, келтіруге ниеті болмаса, біз неге оның көңілін аулап, неге оның ыңғайына жығыла кетуіміз керек. Әлде Кос­танай демей Қостанай десек, Актау, Аксай демей Ақтау, Ақсай десек, олар басқа жаққа адасып кетер деп қорқамыз ба? Әншейінде бір ауылдың, бір көшенің атауын өзгертуге көп ақша кетеді деп жылап қоя береміз. Ал бір әріпке бола әлгіндей тұтас жер-су, қала, ауыл, тау, қыраттардың атауын шұбыртып қайта жазып шығуға ол жазылған темір, қаңылтыр, ағаш, матаға, әртүрлі бояуларға қанша шығын кететінімен жұмысымыз жоқ. Басқаның көңілін тапсақ болды. Бұл көңілшектік Қазақстанның кез келген шаһарының көше атауларының жазылуынан да көрініп тұр. Сонда дейміз-ау, Құрманғазы көшесі дегеннің жанына Курмангазы, Мұқановтың жанына Муканова, Алтынсарин дегенге «а» әрпін қосып Алтынсарина деп жазбасақ, орыстар не басқалар құжынаған қаланың ішінде адасып, айдалаға қаңғырып кетер деп қорқамыз ба? Міне, біз, қазақтар, осылайша қазір басқа бір ұлт өкілі түшкірсе де, кекірсе де, жөтелсе де, «жә, рахым Алла» деуге дайын тұратын болдық. Айтпақшы, қазекем қазір түшкірген адамға бұрынғыдай «Я рахым Алла» немесе «Жә, рахым Алла!» демей, орыстардың «Будь здоров» дегенін аударып, «Сау бол!» дейтін болды. Ал атам қазақ «Сау бол!» дегенді қоштасар сәтте айтуға қолданатын еді. Қазір телеарналарда Түркиядан әкелінген телехикаялар жүріп жатыр. Білетіндер бұлар түрік халқының өмір салтына, үрдіс-дәстүріне, ислами мәдениетіне жат, әдейі бүлдіргі ниетпен жасалған дүниелер деп те жүр. Ол сөздің көп ретте рас екеніне сол фильмдерді көріп отырып көз жеткізгендей боласың. Міне, осыларда кейіпкерлер түрік тілінде «Аллаға шүкір», «Алла жар болсын», «Алла қаласа» дегенін көмескілеу болса да құлағың шалып отырады. Бірақ оны қазақша дубляж жасағандар Алла демей, «Құдайға шүкір, Құдай жар болсын» деп сөйлейді. Бұлар сонда Алла деуге кімнен қорқып, кімге ұнамай қаламын деп тұр? Әлде мұсылман атаулыға еуропалықтар жауып жатқан «террорист», «экстремист» деген атқа қаламын деп қорқады ма, білмейміз? Бірақ осы күнгі көп­теген қазақта әлде саяси қорқақтық, әлде са­наның күңгірттенуі, әлде ұлттық намыстан айы­рылып қалу сияқты бір дерт бар екені рас. Мырзан КЕНЖЕБАЙ

22059 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы