• Тарих
  • 02 Маусым, 2010

Қосшағылдан Берлинге дейін

Тағылымды тағдыры бар осы бір азамат туралы республикамыздың кешегі мықты тарихшысы, академик, кезінде Қазақстанның Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі туралы монографиялық еңбектер жазған, осы тақырыптағы ең білгір маман ретінде танылған марқұм Манаш Қозыбаев ағамыз сонау 1968 жылдан бері жазып келді. Алғашқысы – сол кездегі айтулы оқиғалардың бірі саналған - комсомолдың 50 жылдық тойына арналып жазылған “Қазақстан коммунисі” (бүгінгі “Ақиқат”) журналында жарияланған мақаласы еді. Онда ғалым ағамыз Жылыой перзентінің әлемге апат әкелген фашистік құзғындардың ұясы – Берлинді алудағы ерлігін атап өткен-ді. Мұндай пікірін М. Қозыбаев соңғы шыққан “Равнение на коммунистов. Комсомол Казахстана в годы Великой Отечественной войны” деген (Б. Рахматуллинмен бірге жазылған еді) кітабы мен 1980 жылы жарық көрген “Ұлы ерлік” атты кітапшасында да дамытты. Ал Р. Қараманов деген кім еді? Енді сол жөнінде әңгімелейік.

Тағылымды тағдыр Рақметолла Естебайұлы Қараманов 1909 жылы есімі Жем-Атырау өңіріне кеңінен таныс болған белгілі би, атақты Дәден бидің шәкірті, Мәтжан сынды билердің замандасы Естебай би Елемесұлының отбасында, қасиетті Жылыой жерінде дүниеге келді. Оның туған жерін ескіше “Жем-Атырау” болысындағы 13-ші ауыл” деп атаушы еді. Рақметолла 1923-1929 жылдары сонау Ойылдағы мектепте оқып, алты сынып көлемінде білім алып шығады. Жас жігіт өзінің еңбек жолын 1929 жылы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастады. Аталмыш жұмыста 1931 жылға дейін болған ол сонымен бірге үлкендердің арасында сауатсыздықты жою ісіне де үлкен үлес қосты. Бұдан кейін Рақметолла әскер қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін әскери қызметте болды. Тоғыз айлық полк мектебін бітіріп, кіші командир болған Р. Қараманов 1935-1937 жылдары КСРО-ның Моңғолиядағы сауда өкілдігінің бақылаушысы болып, жұмыс істеді. Осы жылдардың фотосуреттері балаларының қолында бар. 1937 жылы әскери қызметтен босаған ол туған жеріне оралып, 1942 жылға шейін Жылыой аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор болды. Майдандағы машақат Өз жазбасын Рақаң былай деп бастапты: «1941 жылғы 22 маусым күні ертеңгі сағат 10-дар шамасында Қазақ КСР Халық Комиссарының орынбасары П.Г.Мищенко аудандық қаржы бөлімінің қызметкерлерімен кеңес өткізіп отырған. Кенет телефон шыр ете түсті. Соғыс басталғанын хабарлап, митингке шақырып жатқан аудандық партия комитетінің қызметкерлері екен. Сол бойда ентіге басып, клубқа беттедік. Қосшағылдағы клубтың арқа бетінде жел боратып әкеп үйген, биік құм төбе болатын, сол жерге көп адам жиналып қалыпты. Митингті аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М. Айтмұқанов ашып, неміс фашистерінің тұтқиылдан шабуыл жасағанын хабарлады, фа­шизмнің өз ордасында талқандалатынын айтып, еңбекшілерді ерлік еңбекке шақырды. Сөйтіп, ғаламат соғыс басталып кетті... ...Мен бұрын армия қатарында болған адаммын, сондықтан да майданға аттану кезегімді күтудемін. Біраз мезгіл бұл үмітім болмады...» Рақметолланың бұдан кейінгі төрт жылы тағы да әскер қатарында өтті. 1942 жылдың маусым айында майданға шақырылған Р. Қараманов 1943 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік-Батыс майданда атты әскер құрамында ерлікпен шайқасты. Осындай бір шайқаста ауыр жараланған жас командир мамыр айына дейінгі уақытта Тарасовка қаласындағы гос­питальда емделеді. Қайтадан жауынгерлік сапқа тұрған Рақметолланы енді майдан талабына орай жаяу әскерлер қатарына қосады да, оны 4-Украин майданындағы атқыштар ротасының старшинасы етіп тағайындайды. «Ержүрек башқұрт жігіттерінен сөйтіп айырылыстым, – деп жазды батыр майдангер. – Башқұрттар ақ көңіл, ұйымшыл, ержүрек жігіттер еді. Кейіннен бұл дивизия 16-шы гвардиялық дивизия атағын алды». Өмірлік тәжірибесі мол, 1939 жылдан бастап коммунистік партияның мүшесі болып табылатын Қараманов Рақметолла 1943 жылдың қазан айында батальондық партиялық ұйымдастырушылардың үш айлық курсына жіберіледі. Оның бұдан кейінгі өмірі 1944 жылдың қаңтар айынан бастап 1946 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта алғашқыда 3-Украина майданының, кейін 1-Беларусь майданының құрамында күрес жүргізген 266-атқыштар диви­зиясының 1008-полкіндегі 2-батальонның өмірімен біте қайнасты. Алғашқысында ол осы батальонның взвод командирі болып тағайындалған-ды. Ал 1943 жылғы қазан айындағы бір ұрыста батальонның партиялық ұйымдастырушысы қаза болады да, Рақаң осы қызметке тағайындалады. 1944 жылы Қызыл тулы Запорожье дивизиясы атанған атқыштар дивизиясының Одердегі ерлігі сол заманның айтулы қолбасшысы, маршал Г.К.Жуковтің “Естеліктер мен ойлар” кітабында ерекше атап көрсетілген болатын. Ол былай деп жазды: «Осы бір ұрыстар үшін 1008-ші атқыштар полкіндегі 1-ші батальонның барлық солдаттары, сержанттары мен офицерлері ордендермен және медальдармен марапатталды. Батальонның командирі М.А.Алексеев пен батальонның партиялық ұйымдастырушысы аға лейтенант Құлинұр Үсенбеков Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ие болды. 266-шы атқыштар дивизиясының 1008-ші және 1010-шы атқыштар полктері сарбаздардың жаппай ерліктері үшін ІІІ дәрежелі Суворов орденімен марапатталды» (Маршал Г.К. Жуков. Воспоминания и размышления. В трех томах. Том третий. 8-е издание. М., издательство АПН, 1987, 189-шы беттен аударылды). Осы Одердегі ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін Жылыой батыры бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Айтпақшы, бұл жерде оның жоғарыда маршал тілге тиек еткен қырғыз перзенті, батыр майдангер Құлинұр Үсенбековпен дос болғандығын атап өткен жөн. Жаңылмасам, 60-шы жылдары болса керек, жылыойлық белгілі қаламгер ағамыз, марқұм Бақытжан Бозданұлының Рақаңның онымен жазысқан хаттары туралы жазылған, Құлинұр Үсен­бековтің фотосы берілген мақаласы шықты. Рақаң, міне, осындай батырлармен бірге тізе қоса шай­қасқан, бірақ тиісінше еленбеген қаһарман еді. Берлинді алған батырлардың бірі Осы бір ұмытылмас шақтар туралы майдангер 1970 жылы аудандық “Ембі” (қазіргі “Кең Жылыой”) газетінде “Қосшағылдан – Берлинге” деген жазбаларын жариялаған еді. Онда ол Берлинге шабуыл қарсаңындағы жайды айта келе, былай деп жазды: “...Бір күні батальонға жап-жас кіші лейтенант келді. Батальон командирі алматылық майор Дейкин деген жігіт еді, ол батальонда үш қазақстандық болдық деп жүрді. Бұл жаңа келген жігіт жерлесім Мәденов Кенжебай екен, ол взвод командирі болып тағайындалды”. Алайда 24 сәуірде Берлинде болған бір шайқаста әлгі алматылық Дейкин қазаға ұшырайды да, батальонды басқару капитан Н.В. Бобылевке жүктеледі. Соғыстың ең қиын, кескілескен жағдайда өткен жерінің бірі сол кездегі фашизмнің астанасы – Берлин қаласы болғандығы тарихтан белгілі. “...Ұмытпасам, – деп жазды одан әрі Р.Қараманов, – 28 сәуір күні Бобылев екеумізді полк штабына шақырды. Басқа бөлімдерден де өкілдер келген екен. Полк командирі қаланың көшелері мен орамдарының әр бөлімшеге бөліп берілгенін айта келіп, біздің батальонның өз міндетін жақсы атқарып келе жатқанын және біздің маңдай алдымызда Рейхстагтан кейінгі маңызды екінші орын – Берлин Ратушасының тұрғанын айтты”. Ең ақырғы, шешуші шайқасқа батальон коман­дирі мен партиялық ұйымдастырушы жауынгерлерді жан-жақты дайындады. Ол кезде, әсіресе, үгіт пен насихат мәселесіне жете мән беретін-ді. Н. Бобылев пен Р.Қараманов та қапысыз әзірленді. “Ратушаға шабуылға, – деп еске алды отставкадағы гвардия аға лейтенанты Қараманов, – біздің батальон және Алексеев бастаған 1-батальон әзірленді...Таңертеңгі сағат 7-де артиллерия Ратушаға оқ атты, танктерге еріп біз де шабуылға шықтық... Екі сағатқа созылған көше ұрысынан кейін батальонның екінші ротасы Ратушаға лап қойды, бірінші болып төменгі қабатқа Мәденовтің взводы енді. Полктің 1-батальоны да көше беттен шабуылға шықты. Біздің батальонның жауынгерлері түгелге дерлік ішке еніп, бірінші қабатты босаттық. Әр бөлме, бұрыш үшін қызу ұрыс жүрді... Комбат Бобылев екеуміз бірнеше солдатпен бір бөлмеге ене бергенімізде іштен немістер оқ жаудырды. Менің ординарецім жараланды. Комбаттың бір құлағын оқ жұлып кетті. Бобылев оған қарамастан қарсы келген неміс офицерін жағасынан алып, жерге басып жатты, біз қалғандарын жайғастырдық. Бұл мекемені қорғаушылар СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты... Ратушада бір генерал, үш полковник және басқа көптеген офицерлер қолға түсті. Ратушаға ту тігілді...” Міне, ғалым-тарихшы М.Қозыбаев сүйсіне жазған тамаша ерлік осылай жасалып еді. Аталмыш ерлігі үшін Рақметолла 10 мамыр күні Қызыл Ту орденін алды. Бұл оның үшінші жауынгерлік ордені болатын, оның біріншісімен Рақаң 1944 жылы марапатталған-ды, онысы жауынгерлік Қызыл Жұлдыз ордені еді. Бейбіт өмірдің де қаһарманы 1946 жылы әскерден босаған майдангер Р.Қараманов туған жеріне – Жылыой ауданына оралып, абыройлы еңбек етті. 1954 жылы ауыл шаруашылығын көтеруге қатысқан жиырма бес мыңшылардың қатарында Сталин атындағы ұжымшарға жіберіліп, шаруашылықтың алға шығуына күш жұмсады. Жылыой, Есбол, Мақат аудандық қаржы бөлімдерінің бастығы, жоспарлау комиссиясының төрағасы, ірі шаруашылықтың кемел басшысы болған Рақметолла Қараманов өмірінің ақырына дейін халық құрметіне бөленіп өтті. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол 1986 жылы қайтыс болды. Бүгінде қала атанған Құлсарыда оның атын алған көше бар, жыл сайын осы ауданда оның атындағы спорт турнирі үзбей өтіп келеді. Рақметолла Қараманов өнегелі әулеттің де басшысы болып еді. Жары, бүгінгі күні шөберелерін көріп отырған, 1922 жылы туған Сұлтанқызы Секер апамызбен бірге Мұрат, Жалғас, Темір, Еркін, Кенжеғали, Мақсот атты арыстай алты ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда оны осылардан өрбіген немере-шөберелер де зор мақтаныш тұтады. Рақаң – ондай мақтанышқа толығымен лайық азамат, тарихи тұлға! Оның есімі мен ерлігі Қазақстан Республи­касының «Халық қаһарманы» жоғары атағын алуға әбден лайық! Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ, өлкетанушы-тарихшы АТЫРАУ

4152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы