• Тіл
  • 08 Қаңтар, 2009

Құжаттар мемлекеттік тілде ғана жүргізілуі тиіс

Кеденшілер ұйғарымы осындай Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департамантінде «Кеден саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» атты тақырыпта басқосу өтті. Негізінде бұл жиынды өткізу жөнінде жоғарыда аталған департамент басшылығынан ұсыныс түсіп, олар қаржылай демеушілік көрсетті. Басқосуды Іле аудандық әкімдігіне қарайтын мемлекеттік тілді оқыту орталығы ұйымдастырды. Жиында Іле ауданы әкімшілігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Жұмәділ Серянов, Алматы қаласы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Бижомарт Қапалбеков, осы орталық қызметкерлері Меруерт Әбілдаева, Сәрсенбай Құлманов, Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Сұлтан Жарқынбеков сөз сөйлеп, кеден саласында мемлекеттік тілде іс жүргізудің қалай жүзеге асып жатқандығына, қазақ тілін дамытуда қандай кедергілер кездесіп отырғандығына тоқталды. Және тілдің қолдану аясын кеңейту үшін қандай шаралар атқару қажеттігі жөнінде пікір алмасты. Негізінде Кеден бақылау департаментінде осындай жиын осымен екінші рет өткізіліп отыр. Осы шараның басы-қасында жүрген мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Салима Жұмамұратованың айтуынша, бұл басқосуды өткізудегі басты мақсат: жиналғандарды кеден саласындағы жаңалықтармен, аударма жұмысымен, тілді оқытуға арналған әдістемелік кітаптармен, оның авторларымен таныстыру, қазақ тілін оқып-үйретуде қандай кедергілер кездесіп отырғандығын білу және осы саланы қазақ тіліне біржола көшіру жолдарын талқылау. Сол себепті департамент мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде пікір алмасу үшін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының, аудандық әкімдік қызметкерлерін шақырды. Шындығын айтқанда, мемлекетімізде кеден, заң, банк жүйесінде іс-қағаздар кейінгі уақытқа дейін тек орыс тілінде жүргені жасырын емес. Тек соңғы 3-4 жылда ғана іс-қағаздар екі тілде жүретін болды. Сол себепті көптеген мекемелер арнайы аудармашы ұстап отыр. Кеден саласына арналған тілді оқыту кітаптары, терминологиялық оқулықтар, сөздіктер кейінгі жылдары ғана шыға бастады. Қазіргі таңда осы саланың жаңа терминдері терминкомда бекітіліп жатыр. Мәселен жақында Алматыдағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы кеден саласындағы іс қағаздарының орысша-қазақша нұсқасын, жаңа терминологиялық сөздікті дайындап шығарды. Бұл жөнінде басқосуда авторлардың өздері кеңірек мәлімет берді. Электрондық нұсқасын да көрсетті. Сонымен қатар, компьютер арқылы жаңадан ашылған тілді оқытуға арналған порталмен таныстырды. Бұл портал арқылы тілді үйренем деген кез-келген адам, мекеме, тіл оқыту орталықтары жылына 20 мың теңге төлеп, интернет арқылы дәріс алуына болады. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы кеден саласына арналған жаңа әдістемелік оқу құралдарын да қызметкерлерге ұсынды. 2007 жылдың наурыз айында ашылған Іле аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығы осы жоғарыда аталған жаңа оқу құралдарын, порталды сатып алған. Себебі қазір осы орталықта Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері қазақ тілін оқып жатыр. Нақтырақ айтсақ, былтыр тек департаменттің өзінен 20 адам оқыса, биыл 32 адам, сонымен қатар осы мекеменің «Қорғас», «Қаужат», «Кеген», «Талдықорған» шекарасындағы кеден бекеттерінде жұмыс істеп жатқан қызметкерлер де жергілікті жерден мұғалімдерді келісім-шартпен жалдап, қазақ тілін игеруде. Сонда барлығын қосқанда, биыл департаменттен 120 қызметкер тілді меңгеру үстінде. Кеден бақылау комитеті Департамент қызметкерлерінің тілді меңгеруіне 2006 жылы 2,5 миллион теңге бөлсе, 2007 жылы 1 миллион теңге аударған. Қаржы қызметкерлердің қазақ тілін оқып-үйренуіне жұмсалды. Осы жұмыстың барлығы Алматы облысы кеден бақылау департаментінің бастығы Е. Артықбаевтың тікелей қадағалауында. Департамент қызметкерлерінің 85 пайызы қазақ ұлтының өкілдері. Ал соның 60 пайызы төл тілінде еркін сөйлесе, 20 пайызы қазақ тілінде таза сөйлей алмайды. Қызметкерлердің басым бөлігі қазақ тілінде ресми терминдерді қолдануда қиындықты бастан кешеді. Сол себепті де олар жоғарыда аталған орталықта қазақ тілін оқытудың жаңа әдісімен, әдістемелік оқу құралдарымен кеден саласына қатысты терминдерді игеріп, дәріс алуда. Облыстық Кеден бақылау департаменті кадрлармен жұмыс бөлімінің бастығы Шайдулла Қожахметов іс қағаздардың 75 пайызы қазақ тілінде жүретіндігін айтып өтті. Бұйрықтар, ресми құжаттар ең алдымен қазақ тілінде, одан соң орыс тілінде дайындалады. Алайда ресми бланкілер екі тілде шығатындықтан, көпшілік қазақша аудармасын қолданбай орыс тілінде сілтеме жасап толтырады. Одан соң сараптамалық анықтамаларды дайындаған кезде сандар, пайыздар, салыстырмалық көрсеткіштер көбіне орыс тілінде жазылады. Жиынды өткізудегі мақсат та кеден саласында іс қағаздарын, қарым-қатынас тілін толығымен қазақ тіліне көшіру жолдарын анықтау десек қате айтпаған болар едік. Бүгінгі уақытта кеден департаменті қызметкерлері үшін жұмыста тек қазақ тілінде сөйлесіп, барлық құжаттардың ана тілімізде толтырылуына қол жеткізу басты міндет болып отыр. Ал осыған кедергі болып тұрған мәселе ретінде ең алдымен қызметкерлердің қазақ тілін сауатты түрде меңгере алмай отырғандығын айтуға болады. Екіншіден, департамент еліміздегі әртүрлі фирмалармен, ЖШС-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ал олардан іс-қағаздар негізінде орыс тілінде жетеді. Сол себепті департамент ҚР «Тіл туралы» заңындағы «құжат қай тілде келсе, сол тілде жауап беру керек» деген талабын ескере отырып, орыс тілінде жауап беруге мәжбүр. Осында қазақ тілін дамыту шараларымен айналысатын Ажар Керімбаева бұл жөнінде былай дейді: «Тіл заңындағы осы бапты өзгертіп, құжаттар тек мемлекеттік тілде жүру керек деп жөндесе дұрыс болар еді. Сонда тек бізде емес, кез-келген мекемеде қазақ тілі жүз пайызға қолданысқа түсіп, дамиды. Сонымен қатар әрбір мекемеге қызметкерді жұмысқа қабылдарда қазақ тілін білу деңгейін, өз саласында мемлекеттік тілде терминдерді қаншалықты білетіндігін, сауаттылығын тексеріп барып алса, тіліміз де дұрыс жолға қойылып, тамырын жаяр еді. Қазақ тілінде бітірген мамандарды көбірек тартқан жөн. Өкінішке қарай, қазір ондай талап жоқ»,- деді. Расында да тіл мәселесі –қоғамыздағы ең өзекті, көкейтесті мәселеледрдің бірі. Тіл кез-келген ұлттың ұлылығын, ерекшілігін көрсетеді. Қазір мемлекеттік тілдің ахуалы жөнінде әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ. Ана тілімізді дамыту үшін ең алдымен,мемлекеттік қызметке,жалпы кез-келген жұмысқа мемлекеттік тілді білмейтін адамды қабылдамау керек . Сондай талапты төтесінен қою қажет. Бірақ қазір бәрі керісінше болып отырғандығы белгілі. Ана тілінде екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын азаматтарымыздың билікте, жоғары лауазымды қызметте отырғандары да жасырын емес. Ал осы мәселені шешпей, тілдің болашағы да бұлыңғыр болып қала береді. Іле ауданы мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Салима Жұмамұратова бұл жөнінде былай дейді: «Әрине әрбір мекемеде іс-қағаздарын бірден қазақ тілінде жүргізіп кету қиын. Себебі әр саланың өзіндік терминдері, сөз тіркестері, ерекшеліктері бар. Кеден саласы да қазір осы қиындықты бастан өткізіп отыр. Алайда кеден бақылау департаменті осы қыиындықпен күресіп, қазақ тілін дамытудың жолдарын қарастыруда. Соның дәлелі ретінде біздің орталыққа қаржы бөліп, қызметкерлерін оқытып жатқандығын айтуға болады. Олардың ішінде қазақ, орыс, түрік, ноғай-татар ұлтының өкілдері бар». Мұнымен қоса бұл мекемеде қызметкерлерге арналған қазақ тілі кабинеті бар. Жиын сонда өтті. Онда қазақ тілінде арнайы сатып алынған оқу-құралдары, кеден саласына арналған сөздік, анықтамалар сақталған. Департамент басшылығы бұл кабинетте қызметке байланысты әдістемелік сабақтарын өткізіп тұрады. Тағы бір айтып кететін нәрсе, департамент арнайы аудармашы ұстап отырған жоқ. Қазақ тілінде іс қағаздарын қызметкерлердің өздері дайындап, аударады. Ал сол құжаттардың қазақ тіліне дұрыс аударылуы ұйымдастыру және бақылау бөлімінің аға маманы Ажар Керімбаеваға жүктелген. Ол департаментте қазақ тілінің қолдануына, дамуына жауап береді және әр бөлімнің мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде пайдаланып жатқанын бақылап, ай сайын сараптама жасап отырады. Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті кадрлармен жұмыс бөлімінің бастығы Шайдулла Қожахметов : «Біздің мекеменің қазақ тіліне көше бастағанына 3 жыл болды. Негізінен жұмыста іс-қағаздарын мемлекеттік тілді жүргізіп, бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Алайда әлі де қызметкерлеріміздің барлығы толығымен қазақ тілінде сөйлейді деп айта алмаймын. 2009 жылдан бастап департаменттегі барлық жедел жиналысты, кәсіби біліктілікті дамыту сабақтарын, ақпараттық сағатты, жоспарды тек қазақ тілінде өткізейік деп отырмыз. Ендеше келешекте мемлекеттік тілге түгелдей көшеміз деп ойлаймын »- деді. Іле ауданы әкімдігі қызметкерлерінің пікіріне сүйенсек, жергілікті «Филипп Моррис» секілді бірқатар ірі фирмалар іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізіп, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіріп отырған көрінеді. Жергілікті «Тіл» оқыту орталығының директоры Салима Жұмамұратова да «Бізге мемлекеттік тілді меңгеру ниетімен оқу-әдістемелік сабақтарын алу үшін көптеген мекемелер сұраныс беріп жатыр. Қазір келісім-шартпен жұмыс істейтін 3 білікті мұғалім бар. Алдағы уақытта тағы бірнеше мұғалімдерді жұмысқа алайын деп отырмыз»,- деді. Бұл орталық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға жатады. Мұндай орталықтар Алматы облысы бойынша шамаман 11 ауданда бар. Оларды Облыстық Тіл басқармасы, облыстық әкімдік қаржыландырады. Мұнда облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер тегін оқытылады, ал республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер ақылы дәріс алады. Негізінде мемлекеттік тілді оқытудың 4 курстық бағдарламасы бар, бірақ қазір қатысушылар тек 2 бастауыш курста оқып жатыр. Жиын сонымен қатар кейбір аударма сөздер төңірегінде пікірталас өтті. Мәселен сынып, пайыз сөздерін, компьютердегі мышканың тышқан деп аударылғаны дұрыс емес деген пікірлер де айтылып қалды. Мышканы «тінтуір» деп аударсақ әлдеқайда дұрыс болатындығына тоқталды. Рас кейбір қазақ тіліндегі аударма сөздердің , термин сөздердің қате аударылып жүргені белгілі. Аударма төңірегіндегі дау-дамай да жетерлік. Ал тілді меңгеру үшін терминдер, сөздер дұрыс аударылуы қажет. Не болмаса дәл аударма табылмаса, сол тілде қалдырған жөн. Департамент басшылығы алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық жағдайды жасамақ. «Қорғас» кеден бекетінің аға маманы Нұрғанат Қасымов « Ана тілім алға ұстаған айбарым» атты жалынды өлеңін оқып, отырған көпшілікті рухтандырып жіберді. Әрине, кеден саласында осындай тілге жанашыр, тіл қадірін білетін азаматтарымыздың жұмыс істеп жатқаны қуантарлық. Қазіргі таңда көбімізді толғандырып жүрген мәселе – тіл тағдыры екені бәрімізге де аян. Ұлттық болмыстың негізгі белгілерінің бірі – мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселелері төңірегінде шешілмеген проблемалар көп. Біз кеңсе ісін сауатты түрде мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алуымыз қажет. Сондықтан төл тілімізді өзінің алтын тұғырына қондыру –Қазақстан Республикасының әрбір азаматының сол тілде таза сөйлеп, ойын жеткізе алуы деп түсінгеніміз абзал. «Тіл туралы» заңның 4 бабында « Мемлекеттік тіл- мемлекетіміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекет басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарының тілі» делінген. Сондықтан мемлекеттік қызмет бабында тілді ауызекі сөйлеу деңгейінде ғана білу жеткіліксіз, жеке тұлғалармен, заңды тұлғалармен ресми іскерлік қатынасты, қызметтік хаттар және тағы да басқа ақпараттармен алмасу құжаттарын тек қазақ тілінде жүргізуді игеру әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті болуы тиіс. Яғни мемлекеттік істің барлық салаларында қазақ тілі өз мәртебесіне лайық қоданылуы керек. Ал бұл жиын мақсатына жетіп, ұйымдастырушылар айтылған мәселелер бойынша белгілі бір қортындыға келді. Алдағы уақытта оның нәтижесін де көреміз. Майшығулова Мира

5749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы